Айналайын, ақ Анам!

БҚО, Жаңақала ауданы, Бірлік ауылы
№5 «Жеткіншек» балабақшасының тәрбиешісі:
Табенова Айгерим Маратовна
8 наурыз мейрамына арналған ертеңгілік
«Айналайын, ақ Анам!»
Ертеңгіліктің мақсаты: Балаларға көктем туралы мағлұмат беру, 8 наурыз бүкіл дүниежүзілік мейрам екенін түсіндіру, отбасындағы ананың орнын, анаға деген құрмет ерекше екенін ұғындыру. Көктем мезгілінің құбылыстарын, анаға қалай көмектесетіндері туралы өз ойларын жеткізу арқылы байланыстырып сөйлеуге талпындыру, сөздік қорын жетілдіру, ойын арқылы ой — өрісін дамыту, қолайлы орта ұйымдастыру арқылы қызығушылығын, белсенділігін арттыру, көңіл-күйлерін көтеру. Отбасына, туыстарына мейірімділік, қамқорлық, кішіпейілділік, адамгершілік құндылықтарына тәрбиелеу, достыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу, эстетикалық талғамын көтеру, әдемілікті сезіне білуге үйрету.
Тәрбиеші: Армысың, ауылымыздың асылдары,
Жайнасын көңілдердің жасыл бағы.
Сіздер үшін әнменен көңілді би
Сіздер үшін мереке шашулары.
— Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар! Ақ жаулықты әжелер, асыл да аяулы аналар! Көктемді қанатына қондырып, жан жылуын көкірегіне қондырып, әйел-аналардың, қыздардың дәстүрлі 8-наурыз мерекесі де келді.
Сіздерді шуақты да құлпырған қызғалдақтай әсем көктемнің алғашқы мерекесі
8 – наурыз халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Тәрбиеші: Ақ тілекті ағытып бір тастайық,
Аналардың мерекесін бастайық.
Көздеріңнен көрем шаттық арайын,
Өтсін солай әрбір күнің, әр айың.
— Ана деген керемет асыл жан ғой. Түн ұйқысын төрт бөліп, шөлдесең шырын беретін, әнін, ертегісін айтып, ұйқымыздан оянғанда жүрегімізге жылу беретін сөздер айтатында осы – Ана емес пе. Бүгінгі аналарға арналған мерекемізді әннен бастасақ… Мейірімді де, сүйкімді аналар мен әжелерге «Ақ мамам» әнін арнаймыз. Қабыл алыңыздар.
Тәрбиеші: Қадірлі аналар көңілі,
Көктемдей жайнап, гүл алсын.
Бақытқа толы өмірі,
Шаттыққа шаттық ұлассын, дей келе аналарға арналған жырдан шашу шашайық.
1- бала:
Аспандағы айымсың,
Бақытыма балаған.
Құтты болсын мерекен,
Айналайын, жан анам.
2- бала:
Ана-өмір шырағы,
Ана-өмір бұлағы.
Бесігімнің жыр әні,
Жүрегімде тұрады.
3- бала:
Мәпелейсің мені анам,
Қолыңдағы құсындай.
Құлпыра өсіп демалам,
Құшағыңда қысылмай.

4- бала:
Әдепті бол деп құлыным,
Жырығымды жамаған.
Қызығымды көрші тек,
Өмір бойы жан анам.
5- бала:
Аналарды сүйеміз,
Сөзін ойға түйеміз.
Әжені де ардақтап,
Әдеппен бас иеміз.
6- бала:
Анам менің аялаған,
Құшағыңнан сая табам.
Қанша жақсы болса- дағы
Сендей ана қайда маған.
Балалар хормен:
Күлімдеп күндей,
Жайнаған гүлдей.
Аман — сау болшы,
Ақ мамам менің.
— Балалар, бүгінгі ертеңгілімізге аналарымыз қатысып отыр, қане олай болса аналарымыздың сендерді қалай еркелететінін тыңдап көрейік.
(Аналар балаларын еркелетіп атайды).
Тыңдаңыздар халайық!
Босқа қарап тұрмайық
Кезегі енді сайыстың
Сұраққа жауап табайық!- дей келе балаларымыздың білгірлігін сынап көрейік.
1. Анаң сені қалай еркелетеді?
2. Аналар мейрамы қай күні болады?
3. Аналар мейрамында ең көп сыйланатын не?
4. Дүниеде не тәтті?
5. Анаң сенің базардан,
Алма сатып әкелді.
Ең үлкенін, дәмдісін,
Саған таңдап әперді,
Не деп барып жеу керек?
6. Ана туралы мақал-мәтел айт.
— Міне, аналар балаларымыздың сұраққа дұрыс жауап бергендерін тамашаладық. Олай болса келесі әніміз немерем деп иіскейтін, қонаққа барса тәттісін ала келетін әжелерімізге арналады.
Ән: «Ақ әжем»
— Өте жақсы, балалар аналар мейрамы тек 8 наурызда ғана тойланбауы керек. Әр күніміз аналар мейрамы болып есептеледі, сондықтанда аналарыңды үнемі сыйлап, айтқанын тыңдап жүріңдер, жарай ма?
— Олай болса, бүгінгі «Айналайын Ақ анам» атты ертеңгілігіміз аяқталды. Қадірлі аналар, көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз аналар мерекесі құтты болсын, әрқашан еліміздің көркеюіне, балаларымыздың жақсы азамат болып өсуіне септіктеріңізді тигізіп жүре беріңіздер. Келесі 2015 жылдың 8 наурызында кездескенше, аман-сау болыңыздар.

 

[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *