БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚАБІЛЕТТЕРІН АРТТЫРУ

демесБАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ  ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚАБІЛЕТТЕРІН АРТТЫРУ

Ақсу-Аюлы селосы

Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияның

бастауыш сынып мұғалімі

Р.У. Демесинова 

БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚАБІЛЕТТЕРІН АРТТЫРУ

Бүгінгі күні мемлекетіміздің өркениетке жету жолындағы

өр талабына тұғыр боларлықтай ұрпақ оқыту, тәрбиелеу ісін

жаңа сапалық өзгерістер деңгейіне көтеруді талап етіп отыр.

Мектеп құрылымында болып жатқан өзгерістер, білім беру мақсаттарының алмасуы, оның дамытушылық сипаттарының бекітілуі, көп нұсқалық оқытуға көшу сияқты мәселелер орындаушылардан шығармашылық бастамалық, жұмыстың жоғары сапасын және кәсібилікті талап етеді.

Болашаққа үміт артқан мемлекет, ең алдымен білім сапасының іргетасын қалайды. Ертеңгі келер күннің бүгінгіден гөрі нұрлы болуына  ықпал етіп, адамзат қоғамын  алға апаратын  құдіретті күш тек білімге ғана тән. Ұлы философ Конфуций: «Оқымай ойлану бос әрекет» деген, яғни  білім ғана биікке жеткізеді.

Мектепті дамыту үшін  жаңа ұғым, жаңа үлгі, жаңа тәсілдер қажет. Жаңа көзқарас  қажеттілігі — өмір талабы. Ақпараттық  қоғамдағы өмір сүру жағдайының аса үлкен жылдамдықпен өзгеруі, оқыту процесін  технологияландырудың уақыт талабына сәйкес келуі үшін шығармашылық жаңа жолдарды іздейді, қажет етеді. Қазақстан білім беру жүйесінде  реформалау немесе «модернизациялау» сипаты дамуда. Оқыту процесін технологияландырудың  басты мақсаты: жеткіншектерді сапалы біліммен қамтамасыз ететіндей оқытудың тиімді жақтарын  жасау, ұлттық білім деңгейін  әлемдік кеңістікке кіріктіру.

Қазақстан Республикасында  білім беруді 2010 жылға дейін дамытудың Мемлекеттік бағдарламасында ақпараттық және коммуникативтік технологияны қолдану  негізгі міндеттердің бірі ретінде қаралған. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқының Жолдауында «ХХІ ғасырда  білімі дамымаған  елдің тығырыққа тірелері сөзсіз» деген болатын  [1].

Демек, біз қадам басқан ХХІ ғасыр жақсы маман, білімді, бәсекеге қабілетті  азаматты талап етуі заңды құбылыс. Оқыту процесінде технологияландыру  негіздерін орынды қолдану, ол үшін   оқу-тәрбие үрдісін түбегейлі өміршеңдету, жаңашылдандыру бүгінгі күннің негізгі талабы болып отыр. Сондықтан, мұғалімдердің жаңа ұрпағы, білім деңгейі жөнінен әрдайым саналып келгендей, біршама емес, әлдеқайда жоғары болуы тиіс.  Жаңа ұрпақты  дамыту жолдары: өзін-өзі өзектендіру, өзін-өзі тану, өзін-өзі дамушы тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталған. Демек, мектеп оқушыларының ғылым, білімнің қоғамдық қажетті деңгейімен қамтамасыз ету, оларды Отандық, ұлттық және әлемнің мәдениет арналарына сусындату қажет. Қазіргі заман талабына бейімделген шәкіртті тәрбиелеу үшін жеке тұлғаға бағытталған оқытуды ұйымдастыру арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыруды  қажет етеді.

Американдық психологтардың анықтамасы бойынша шығармашылық дегеніміз – бұл, тани білу, жаңа бір нәрсені анықтауға ұмтылу және өз тәжірибесін терең түйсіне білу қабілеті. Шығармашылық психологиялық тұрғыдан алғанда, нәтижесінде жаңа материалдық рухани құнды дүние тудыратын әрекет. Ал педагогикалық тұрғыдан алсақ, шығармашылық дегеніміз – адамның белсенділігі мен өз бетінше жұмыс істеуінің жоғары түрі және ол әлеуметтік қажеттілігі мен өзінің ерекшелігімен бағаланады. Ең бастысы, шығармашыл тұлғада шығармашылыққа деген тұрақты қажеттілік, тұрақты сұраныс болып, өз ісіне қанағат табу сезімі болуы қажет. Осыған орай адам идея, жаңалық аштым деп ойлайды, ал шын мәнінде олар адамды ашады деген ғалымдардың пікірінің дұрыстығына көз жеткізе түсеміз.

Сондықтан, баланы бастауыш сыныптардан бастап шығармашылық ойлауға, қалыптан тыс шешімдер қабылдай алуға, практикалық әрекеттерге дайын болуға әкелудің жолдарын көрсету керек. Әр жаңа ұрпақ өзіне дейінгі ұрпақтың қол жеткен жетістіктерін меңгеріп қана қоймай, өз іс-әрекетінде сол жетістіктерді жаңа жағдайға бейімдей, жетілдіре отырып, барлық салада таңғажайып табыстарға қол жеткізеді. «Адам баласы ұшқыр ой, көп ақыл, өткір сезім қайратының арқасында ғылым, білім, өнер тауып, өзгеден үстем дүние жүзінің қожасы болып отыр» — деп, Ж.Аймауытов айтқандай баланың қиялын дамытып, ойын ілгері жетелеуде оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту жолдарын көрсетуде мұғалім басты тұлға болса, оқушылар  ізденеді, білімнің биік шыңынан көрінеді.

Шығармашылық тұлға қалыптастырудағы мақсатым:

  • Оқушылардың қызығушылық деңгейін  кеңейту;
  • Шығармашылық қиялын дамыту;
  • Танымдық қабілеттерін дамыту;
  • Эстетикалық қарым-қатынасын дамыту;
  • Еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу,
  • Ізденушілікке тәрбиелеу;
  • Өзін – өзі тани білу және таныта білуге ынталандыру;

Шығармашылық тұлға қалыптастырудағы  міндетім:

  • Жақсы көңіл күй тудыру үшін назарды бір нәрсеге бағыттау;
  • Үнемі шығармашылық жаттығулар,тапсырмалар беру;
  • Шығармашылық бағытты жүйелі, сапалы түрде қалыптастыру;
  • Шығармашылық — өмір шындығында өзін тануға ұмтылуы, ізденуі, зерттеуі, яғни өзіне сенетін, бойында ұлттық патриоттық, танымдық қасиеттері дамыған тұлға қалыптастыру.

Өйткені  шығармашылық қана қандай түрде, қандай деңгейде болмасын адамға өмірдің мәнін түсінуге, бақытын сезінуге мүмкіндік әпереді. Мұндай күрделі мәселені шешуде үздіксіз білім беру ісінің алғашқы сатылары болып саналатын бастауыш мектептің орны ерекше. Біздің ойымызша, бүгінгі бастауыш сынып оқушыларының кез келгені шығармашылық тапсырмалар шешуді табыспен меңгере алады. Тек ол жұмысқа дұрыс басшылық, шебер ұйымдастырушылық қажет. Осыған орай, ғалымдар жүргізілген тәжірибе барысында, барлық пәндердегі білім мазмұнында оқушының шығармашылық қабілеттерінің дамуы басты нысана болып алынуымен байланысты, оқулықтарда берілген тапсырмалардан басқа өздігінен бақылау жүргізу, қарапайым тәжірибе, эксперимент қою, мәтінмен, сызбамен, суретпен, диаграммамен жұмыс істеу, жекеден жалпыны шығару, жалпыны жекелей қолдану т.б. сияқты оқушыны іскерлікке, дербестікке баулитын, ойлау қабілетіне  түрткі болып, шығармашылыққа жетелейтін, өздігінен ізденіске салатын, айналадағы дүниемен қарым-қатынысқа түсіретін, «жаңалық ашып», оның нәтижесінің «қызығына» бөлейтін әдіс-тәсілдер мен мазмұндық ойындар, қызықты тапсырмалар тұрақты жүргізіліп отырылуы тұлғаның қабілетін дамытып, белгілі бір нәтижеге жеткізетіні анықталуда. Қазіргі таңда шығармашылық тапсырмаларды әр сабақта өтілетіндей ұйымдастыру қажет [2].

Сонда ғана  озық технологияларды пайдаланып өткізген сабақтың дәстүрлі сабақтан көп айырмашылығы бар екенін байқауға болады.

 

 

         Дәстүрлі сабақ        Шығармашылық сабақ
 Сабақтың мақсаты:

● Мұғалім үшін: жаңа сабақты беру, түсіндіру;

● Оқушы үшін: жаңа білімді меңгеру;

 Сабақтың мақсаты:

● Мұғалім үшін: оқушылардың жаңа нәрсеге бағытталған іс – әрекетін ұйымдастыру:

● Оқушы үшін « шығармашылық өнім» ойлап табу:

Сабақтағы іс – әрекет түрі:

● Мұғалім үшін: жаңа сабақты түсіндіру;

● Оқушы үшін: жаңа сабақты тыңдау, есте сақтау;

Сабақтағы іс – әрекет түрі:

● Мұғалім үшін: оқушының шығармашылық іс – әрекетін ұйымдастыру;

● Оқушы үшін: жаңа нысанды зерттеу, құбылысты тану;

Сабақ құрылымы жоспар бойынша өтілуге міндетті. Сабақ құрылымы жағдайға байланысты жоспардан ауытқиды, өзгермелі.
Сабақ тақырыбына көзқарас — кітапта баяндалған идеяға негізделген бір көзқарас. Сабақ тақырыбына көзқарас — мәселеге, мазмұнына түрлі көзқарасы қалыптасады, жаңа ой, идея пайда болады;

 

Оқушының шығармашылық қабілетін дамыту үшін бірнеше шарт орындалу тиіс. Олар:

  • Шығармашылық қабілетін дамытуды ерте бастан қолға алу;
  • Жүйелі түрде шығармашылық әрекет жағдайында болуы;
  • Ойлау мүмкіндігінің ең жоғарғы деңгейіне жету;
  • Оқушының шығармашылық іс — әрекетіне жағдай туғызу;

Оқушының шығармашылық іс — әрекетіне жағдай туғызу дегеніміз — оқушыны ойлай білуге үйрету екені сөзсіз. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіннен шығармашылық қабілетті талап етпес бұрын, оны соған үйреткен жөн. Оқушының зейінін, есін, қиялын, интеллектісін дамыта отырып, ойлау қабілетін, шығармашылық іс — әрекетін жоғары деңгейде көтеруге болады. Оқушының математика сабағындағы шығармашылық қабілетін дамыту үшін әртүрлі деңгейдегі тапсырмалар беру арқылы зейінін, есте сақтау қабілетін, шапшаңдығын, тез ойлап, жылдам жауап беруге үйретуге болады.

Мысалы, бастауыш сынып бойынша математика сабағында Шульте кестесі бойынша бірнеше шығармашылық тапсырма орындатуға болады.

 

5 14 12 23 2
16 25 7 24 13
11 3 20 4 18
8 10 19 22 1
21 15 9 17 6

 

  •   Цифрларды өсу ретімен тауып, атау.
  • Кему ретін атау.
  • Тақ және жұп сандарды өсу және кему ретімен атау.
  • Цифрларды кезектесіп санау. 1, 3, 5, 7…(жұптасып) 2, 4, 6, 8…
  • Топпен жұмыс істеу. Сандарды санату, санамақ, жұмбақ, жаңылтпаш айтқызу.

Оқушылардың байқағыштығын дамытуға арналған тапсырма. Суретте қай мезгілдегі көлеңкелер көрсетілген?

 

 

Сиқырлы үшбұрыштағы бос орынды толтыр. Мақсаты: оқушылардың жылдам есептеу дағдыларын дамыта түсу. (Бір санды  екі рет жазуға болмайды) [3].

 

 

 

Жалпы оқушылардың шығармашылығын  дамытуда «Сын тұрғысынан ойлау» технологиясы мен «Дамыта оқыту» технологиясын тиімді деп есептеймін және сабақтарымда жиі қолданамын. Енді сол жұмыстарымыздың кейбір түрлеріне тоқталып өтейік.

Дүнниетану сабағында «Су. Судың қасиеті» тақырыбын өту барысында оқушыларды топқа бөлемін. Тәжірибелер жасау барысында  оқушылар судың түссіз, мөлдір екеніне, оның ағатынына, жұғатынына, жабысатынына және табиғатта 3 күйде кездесетініне  көздерін жеткізеді де төмендегідей кластер құрастырады:

Сабақты қорыту мақсатында әр топқа тапсырма беремін::

I топ- эссе жазады.
II топ – сурет салады.
III топ — өлең шығарады [4].

Оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулып, олардың белсенділіктерін, қызығушылықтарын, шығармашылық қабілеттерін арттыруда түрлі әдіс-тәсілдерді өз сабағымда қолданып отырамын. Мысалы, әдебиет сабағында:

  • Мәтін, ертегі, әңгімені өз бетінше аяқтау.
  • Ақын, жазушылардың дайын  мәтіндерін басқаша аяқтау.
  • Белгілі мақал негізінде  әңгіме жазғызу.
  • Мәтін бойынша мақал құрастыру.
  • Табиғат құбылыстарына, заттарға және жеке суреттерге қарап жұмбақ құрастырту.
  • Әңгімелерді салыстыру, бөліктерге бөлу.
  • Шығарма, мәтін, ертегі, диалог – ертегі құрастыру. (тақырып, жоспар  бойынша, тірек сөздер арқылы)
  • Шығармадағы әңгімелерге ұқсас оқиғалар айтқызу.
  • Кейіпкерге мінездеме беру, мінездеме жазу.
  • Шығарма бойынша сурет салғызу, ауызша суреттеу, қиялдау арқылы суреттеу,

мүсіндеу.

  • Рөлге бөліп оқыту, образға кіру.
  • Логикалық ойлауын дамытатын ойындармен берілген тапсырмаларды шешкізу

(анаграмма,сөзжұмбақ, ребус)

            Бастауыш сынып  оқушыларының ой — санасын, қабілетін, шығармашылығын дамытуда шығарманы, көркем әдебиет үлгілерін талдаудың әсері мол. Талданбаған шығарма бала жүрегіне жетіп, оны тебірентпейді. 3-сыныпта  «Қамқорлық» әңгімесін өту барысында мәтінді оқып, талдап, сұрақ-жауап алынады..

— Әңгіме кім жайында? (қайырымды, мейірімді бала жайында)

— Екі бала жайында  не айтасыңдар?

Венн диаграммасы арқылы ұқсастықтары, айырмашылықтары, ортақ қасиеттерін айтып жазады.,

 

              

Осы әңгімедегі балапан  торғайдың халін бір  ғана сөзбен қалай суреттеуге болады?

 

Торғай

 

 

 

 

Аянышты                әлсіреген     жарақаттанған     жалынышты

Оқушыларға сұрақ қою арқылы көңіл – күйін, ойын білу:

—  Әңгімені  оқи отыра қандай көңіл-күйді бастан кешірдіңдер? (Жантасқа ызаландық, ренжідік т.б.)

— Енді осы кейіпкерлердің қайсысымен кездескілерің келеді?

— Кездескенде  не деп айтар едіңдер?

— Мәтінді басқаша қалай аяқтар едіңдер? (Мәтінді жалғастыру).

— Осы бойынша  қандай мақал-мәтелдер айтар  едіңдер?

— Қандай сурет салар  едіңдер? (Танграмм, сурет салдыру).

Осы арқылы оқушылардың шығармашылық әрекетінің құмарту, қиялдау, идеяның жарқ етуі, шабыт сияқты кезеңдерін бастан кешетіндей жағдайға әкелуге болады.

            «Диалог — ертегі» құрастырту арқылы оқушылардың ойлау қабілетін, сөздік қорын, тіл байлығын, қиялын дамытуға болады. Оқушы кез келген бір әңгіме-ертегіні ойдан шығарып, бастап кетеді. Ал қалған оқушылар басталған әңгіме-ертегіні бір — бір сөйлемнен ары қарай жалғастырады [5].

Өзімнің іс – тәжірбиемді  қорыта келіп, мынадай түйін түюге болады.

  • Осындай шығармашылық тапсырмаларды пәндерге бейімдеп қолданудан, оқушылардың пәнге қызығушылығы артты.
  • Оқушылардың білім сапасы көтерілді.
  • Оқушылардың логикалық ойлауы, шығармашылық іс — әрекетке қабілеті артты.
  • Оқушылар бір – бірімен ақылдасады, өз пікірлерін айтады, сөздік қорлары, сөйлеу мәдениеті дамиды.
  • Әр мұғалім болашақ үшін қызмет істейді. Ол әр оқушыны жеке тұлға ретінде көріп, оның өміріндегі өз орнын табуына көмектеседі.

Ол үшін жалықпай жаңа инновациялық технологияларды өз сабағымызға  пайдаланып, сонымен қатар оқушыларды мадақтап, ынталандырып отырған орынды. Баланың қиялын дамыта отырып, ойын дамытамыз. Ойы  дамыған шәкіртіміздің танымдық қызығушылығы арта отырып, шығармашылық әрекеті жоғары деңгейге көтеріледі.

            Оқыту — ұрпақтың  білімін, біліктілігін, жинақтаған  тәжрибелерін, үйрету шеберлігін жас жеткіншектерге беру процесі десек, оқыту процесін арттырудың тиімді жолы — білім беру жүйесіндегі инновациялардың қолдану аясын кеңейту.

Білім көзі сарқылмайды, білім жолында зор табысқа жеткің келсе, ізден, ақиқатты ашуға талпын, өмірге өшпес із қалдыр, кең көлемді ойлай біл, өмірге құштар бол [6].

Шығармашылық — бұл адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі қажет. Адам бойындағы қабілеттерін дамытып, олардың өшуіне жол бермеу, оның рухани күшін нығайтып, өмірден өз орнын табуға көмектеседі. Өйткені адам туынды ғана емес жаратушы да. Бұл үлкен жауапкершілік артатын күрделі мақсат. Оны шешу үшін ең алдымен оқыту мазмұны жаңартылып, әдіс-тәсілдің озығы өмірге келуі, олар әрбір азаматтың жеке басының қасиеттерін, қабілеттерін дамытып, шығармашылығын, талантын ұштайтындай болып ұйымдастырылуы қажет. Сонда ғана мектептерден өз өміріне өзгеріс енгізе алатын, өз бетінше өмір сүру жолдарын таңдай алатын, Қазақстан мемлекетінің  болашақ білімді, жаңа тұлғалары тәрбиеленіп шығады.

 

Ә д е б и е т т е р:

  1. Назарбаев Н.Ә. «Жаңа әлемдегі-жаңа Қазақстан», 28ақпан, 2007жыл.
  2. Ерубаева А. «Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін қалыптастырудың негізгі бағыттары мен мүмкіндіктері». Тәрбие құралы,  №4, 2008.
  3. Құрманалина Ш. Х., Сәрсенбаева С. Ш., Өміртаева Р. Қ. «Кестелік қосу және азайту», «Он көлемдегі сандар тақырыбына арналған ойындар».  Математикадан қызықты тапсырмалар, Алматы, «Атамұра», 1997.
  4. Жүнісова. К.Ж, Аймағамбетов Қ.А, Олейник З.Ф «Су. Судың қасиеттері». Дүниетануды оқытудың әдістемесі. Алматы: Атамұра, 1998.
  5. Лукьянова В.А. «Бастауыш сынып оқушыларында оқуға деген қызығушылықты қалай қалыптастыру керек». Сынып жетекшісінің анықтамалығы, №4, 2010.
  6. Қазақстан Республикасында 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы, Астана, 2004.

 

 

[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *