Мақала. Бақытты отбасы

№30 «Назерке» бөбекжай – бақшасы

МКҚК  психологы

Жанат Баянбекқызы

 

Мақала. «Бақытты отбасы».

Балабақшамыздағы «Ақ — бота» мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушісі Алхан Гүлназдың отбасына арналады.

 

Бақытты отбасын құру – екі жанның қолынан келеді. Біріншісі – отағасы болса, екіншісі отанасы. Яғни, үйдің ері мен әйелі. Ол үшін бұл екі тұлғаның болмысы бүтін, екеуі де иманды, ибалы, ұқыпты, ағайын – туғанға қайырымды, бір – біріне бауырмал, мейірбандылығымен, парасаттылығымен ерекшекленуі керек. Осындай толыққанды тұлғалық қасиеттері бар отбасы мүшелері ғана толық отбасын құра алады.

Шығармашылық жұмысымды сәтті тапсыру үшін, мен қызмет ететін №30 «Назерке» балабақшасындағы  «Ақ – бота» мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушісі Алхан Гүлназдың отбасы Алхандар әулиетін «Бақытты отбасы» атты шығармашылық жұмысымның басты кейіпкерлері етіп алып отырмын.  Бұл отбасында Гүлжауһар апай  шаңырақтың отанасы болса, баласы Әлімжан мен келіні Маржан шаңырағының шырайын келтіріп, қосағымен қоса ағарып отырған отбасы мүшелерінің үлкендері,  ал Гүлназ, Әлімар атты ұл – қыздары біздің балабақшамыздың мақтан тұтар тәрбиеленушілері.

Отбасындағы өзінен кішілерге қамқор, мейірлі болу, оларды өмірге үйрету, тәрбиелеу ата – ананың міндеті. Тәрбие басы – талбесік. Балаға туа салысымен оң тәрбие беріп, ненің жақсы, ненің жаман екенін ұғындыру, өтірік айтпауға, әділ әрі

шыншыл болуға, отан сүйгіштікке баулу кез – келген ата – ананың борышы. Гүлжауһар апай да өзінің балаларын білімге, жақсылыққа жаны құштар етіп өсіріп, еңбегінің зая кетпегенін мақтан тұтады. Бәрі өсіп, ержетті. Өз орындарын тауып, еңбек етіп, отау құрып, біздің балабақшамыздың тәрбиеленушілері Гүлназ бен Әлімжанның бірі сүйікті апасы, асқар таудай әкесі мен қымбат анасы болып керегесі кең, босағасы берік, шаңырағы биік «Бақытты отбасылардың» бірі болып отыр.

Ата – ананың аясындағы, үлкен шаңырақ астындағы бұл татулық, жан – жүректері біте қайнасқан жақындық, бірін – бірі іздеп, алаңдап тұрушылық олар ержетіп, әрқайсы өз алдына отау көтеріп, жеке отбасы болып кеткенде де, жалғасын тауып жатуы тиіс. Бір – біріне тілектес болып, бір – бірімен жүздесіп қауышуды қуана күтіп жүретін болу керек. Өмірдің мәні, «Бақытты отбасының сәні» де осында емес пе?!

Тектілігі тереңге тамырланған қазақ халқы бала тәрбиесіне баса назар аударған. Ұлтымыз қашан да баласының рухани жағынан бай болуына көңіл бөлген. Сәби дүниеге келгеннен бастап, оның ойлы, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына, ақыл – ойының жетілуіне ден қойған. Бұл ретте ардақты ата – ананың да еңбегі орасан зор. Ақылды Гүлжауһар отанасынан тәрбие алған Әлімжан мен Маржанның тәрбиелеген перзенттері бір қырыннан би үйірмелеріне барып  танылса,  екінші қырынан ән салып, балабақшамыздағы «Білімділер мен білгірлер» атты дарынды балаларға арналған психологиялық, сурет салу, шет тілін тереңнен меңгеруде  үйірмелерге қатысады. (қосымша бейнесюжетте).

Кешкілік дастархан басына шүйіркелесе жиналған шырайлы шаңырақ мүшелері әдептілікті де әдемі сақтайды. Алға қойған астан алдымен үйдің қожайыны дәм тату қажеттігін, шай құйғанда кесені оң қолымен ұсынуды, дастархан басына жинақы отырып, аз сөйлеп, көп тыңдау керектігін бұл үйдің тәрбие көрген балалары жақсы біледі. (қосымша бейнесюжетте).

Отбасы теориясын алғаш ұсынған Л.Берталанфи (1968) «Отбасы дегеніміз – қарапайым мөлшердегі отбасы мүшелері ғана емес, барлығының белгілі өзара қатынастағы торабы. Отбасы жағдайын түсіну үшін ондағы мүшелердің әрқайсысын жеке талдауға қоса, отбасы жүйесін бүтіндей талдау қажеттігі туындайды».

Отбасы психотерапиясында нобельдік сыйлықтың иегері Вирджиния Сатир отбасы деген түсінікке бірнеше кілтті сөздерді ұсынған: отбасы қуаты, отбасы қызметі, отбасы шекарасы. Оның тұжырымдамасы бойынша алдағы бөлімдердегі теориялық материалдардан шығармашылық жұмысымды практикалық тұрғыдан байланыстырып, оны толық жеткізу үшін Алхандар «Бақытты отбасы»  жайлы толық мәлімет көрсетілген.

 

ІІ. Негізгі бөлім

 

1.Алдымен сүй, ардақта ата – анаңды!

Адамдар арасындағы қарым – қатынаста адамгершілік, әдеп – инабат үрдістерінің қаншалықты кең жайылып, терең тамырлануы ең алдымен   жекелеген отбасында өркен жаюына, яғни баланың ата – анасын жан – жүрек қалауымен, саналы түрде ардақтап құрметтеуіне, инабат тағлымын үлкендерден үйрене отырып, өздерінің үлкенге деген қарым – қатынастарында оны мүлтіксіз жүзеге асыруларына байланысты. Шынында да өз ата – анасын құрметтейтін, олардың алдындағы перзенттік парызын орындамайтын, әдептілік, кіші пейілділік, сергек сезімталдық көрсетпейтін, бұл қасиеттер қанына сіңіп, жүрегіне ұяламаған ұрпақтан не опа, не қайыр? Олардан не береке күтуге болады? Сондықтан қоғамның дамығандығының, мемлекеттің іргесі беріктігі мен азаматтарының көңілінен шығатын білім – тәрбие берудің оңтайлы жүйесін құру арқылы отбасында адамгершілік, әдеп – инабат қарым – қатынастары салтанат құруына жағдай жасау.

Адам өмірінің мәні мен сұлулығы, адамның келешегіне деген сенімділігі – баланың ата – анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік қарызын бір сәтке есінен шығармауында. Бұл жас ұрпақтың мәдениеттілігінің, әдептілігінің ғана емес, ең алдымен адамшылдығының белгісі.

Ата – анасыз өмір жоқ, яғни адам жоқ. Демек бала ата – ана өмірінің жалғасы. Сол үшін ата – ана жатса жалынып құдайдан перзент тілеген, перзент көргенде жүрегі жарылардай қуанған.

«Бақытты отбасы» Алхандардың отанасы Гүлжауһар апай да ұрпақтарына жақсы тәрбие беру қажеттігін де естен шығарған емес. Баланың білім баспалдағы бастауыш сыныпта қалыптасса, тәрбиенің әліппесі балабақшадан қалыптасады деген пікірді берік ұстанатын апайымыз әрқашан балабақшамызда ұйымдастырылған әр түрлі ашық  оқу іс – әрекеттеріне, мерекелік сауық кештерінде қонақ болып, немерелерінің тәтті қылықтары, бал татыған сөздері жанын жадыратып, құдайға шүкіршілік етеді. Өсіріп отырған балапандарының аман болып, елінің елеулі азаматтары болуына үлкен үлес қосып жүрген бала тәрбиелеудегі тәрбиешілердің адал қызметтеріне ата – аналық жүрекжарды тілегін ешқашан аяған емес.

«Бала – ата ананың бауыр еті», «Балалы үй базар, баласыз үй  — мазар» — деген сияқты толып жатқан мақалдарда ата – ананың балаға деген ұлы сүйіспеншілігі жатқан жоқ па?!

Ата – анаға көз қуаныш,

Алдына алған еркесі,

Көңіліне көп жұбаныш,

Гүлденіп ой  өлкесі, —

деп ұлы Абай ата – ананың қуанышы, гүлденген үміт арманы екенін тебірене жырлайды. Шынында, баласын алдына алып отырған атаның «ой өлкесінің гүлденуі» қандай тамаша десеңізші!

Ата – ананың үміт арманы баласымен бірге жасайды. Сол себепті олардың бар тілеуі балаға бағышталған.

Алхандар отбасының отағасы Әлімжан мен келіні Маржан да балаларының амандығын, үрім – бұтақты, бай – бақытты, атақ – абыройлы болуын тілейді. Отбасындағы беріліп жатқан тәрбиенің қайырын көріп, мерейіміз өссе екен деп армандайды.

Абай «Баланың жақсысы – қызық, жаманы — күйік» — дейді. Ұлы адамды тебірентіп, ортақ ой айтқызып отырған нәрсе – өмір шындығы екені даусыз.

Ата – ананың сөзін сыйлап, құлақ асу, пікірлес болу отбасы тіршілігінің бір ғанибеті. Сол арқылы бала ата – анасының мерейін өсіріп, өз ортасында төрден орын алуына көмектеседі.

Отбасындағы психологиялық оңды ахуал, татулық пен тыныштық, жайдары қабақ, ойға алған істерінің өрге басып, мақсаттарының жүзеге асуына себеп болады. Отбасы алдындағы әдептілік – баланың бармақтай кезінен бойына табиғи дарыған қасиет болуға тиіс. Баланың жақсы оқуы, достарымен жақсы қарым – қатынаста болып, тәрбиешілеріне, басқа да үлкендерге ілтипат көрсетуі, қоғамдық іс – шараларға белсене қатысуы ата – анасын сыйлаудың, үміт – тілегін ақтаудың белгісі. Болашақта қамқор азамат болып өсіп келе жатқанының белгісі.

  1. Отбасының әдебі: «Әке президент, шеше — премьер».

Атақты қазақ ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде:

Отбасы – шағын мемлекет,

Мен — президент, сен – премьер, —

деген әдемі өлең жолдарын Алхандар «Бақытты отбасының» отағасы Әлімжан мен келіні Маржан өздерінің күнделікті өмірлік қағидаларында ұстанады. Елбасымыздың 2050 бағдарламасы сияқты бұл бақытты шаңырақтың алдыңғы өмірде өздерінің өрлеу жоспары бар. Шаңырақтың отағасы Әлімжан қаржы табу, отбасын асырау, әйел затының қажеттілігін ескеру, әйел затының әрбір ісін бағалап талдап отыруды жоспарлы түрде жүзеге асырса, келіндері Маржан отбасында қандай жағдай болмасын келген қонақты жайдары жүзбен қарсы алып, шығарып салу, келін таңертең қай уақытта тұру, ас даярлау, оны ұсыну, ата – енеге қызмет көрсету сияқты отбасылық ережелерді қатаң ұстанады.

Әр мемлекеттің өзіне тән өндірісі мен өнім бөлісі, сыртқы және іщкі саясаты, басқару тәртібі мен міндет – қызмет бөлінісі, кірісі – шығыс бюджеті болатыны сияқты, әр отбасы болмыс – тіршілігінің де соған ұқсас жақтары бар.

Отбасындағы тәртіптің, оның мүшелері арасындағы адамгершілік қатынастың, алатын орны ерекше.  Отбасы тіршілігінің ежелден қалыптасқан заңы бойынша оны отағасы, ол болмаса отанасы басқарады. Ал үй ішінің тізгінін ұстаушылар отбасының барлық мүшелерінің пікірін, тілектерін елеп ескеріп отырса тәрбиелік мәні бар инабаттылық болып табылады.

Отбасының береке ынтымағы үшін басқарушы отағасының  әділ, ұстамды болуы – маңызды. Оның тәрбиелік рөлі де зор.

Ата – ана өз отбасын нығайта отырып, сонымен бірге оның өз шаңырағын көтеруге әзірлеуі басты әрі жауапты міндет болып саналады. Жас отаудың түтіні түзу шығып, махаббат пен тату тәттілік, береке орын алған жылы ұяға айналауы жас жұбайлардың үлкен үйде алған тәрбиесі, көрген өнегесіне байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер», «Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық», «Анасына қарап қызын ал» — деген халық даналықтары бекер айтылмаған.

Отбасының ұйтқысы, берекесі мейір шапағат көзі – әйел. Әйелдің бұл рөлі отағасының туысқандарына, баланың анаға деген сүйіспеншілігімен нығая, беріктей береді. Әрине, әйел де өзінің аналық борышын, ерімен қабағы жарасып, татулықпен сүйіспеншілікті орната алса оның мәртебесі де  арта түседі.

Әйелдің еріне қарым – қатынасы балалардың әкеге көзқарасын сипаттайтынын естен шығармау керек. Мұның өзі бір жағынан әдептіліктің белгісі. Балалар үшін әке беделі аналарының сөзі, іс – қимылы, қас – қабағы арқылы қалыптасады. Мысалы, Алхан отбасының ерлі зайыптылары  Әлімжан мен Маржан балалардың көзінше бір – біріне қатты сөздер айтпақ түгілі, дауыс көтеріп сөйлеу олар үшін үлкен жаман әдет. Бұл жағынан Маржан балаларына «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» деп әрбір сөзінде айтып отырады.

Ата – ананың бір – бірінің қадір қасиетін осылайша ардақтап, беделін өсіруі, араларында өкпе – наз, кикілжің туа қалғанда, оны балалардан оңаша, екеуара шешіп отыруы – шынайы инабаттылық пен әдептілік. Сонда ғана олар үйдің «Қос алтыны босағасы» деген марапатқа ие болады.

Ислам қағидалалырнда да алтын ұя – отбасының жоғары бағаланып, оның бала тәрбиелеп өсіруіне ерекше мән берілген. Онда: «Балалар – ата – аналар қолына берілген аяулы аманат», — делінген. Бұл анықтаманы есте сақтау былай тұрсын, әр отбасының маңдайшасына жазып қоюға тұрарлық. Баланың өздігінен өмір сүруге мүлде қабілетсіз нәресте кезінен бастап бақытты балалық шағы, жеке шаңырақ көтергенге дейінгі жастық жолдары өтетін отбасын бақыт жағалауын бетке алып, өмір айдынында жүзіп бара жатқан қайыққа теңесек, оның қос ескегін – әке мен шеше дер едік.

Алхандар отбасына келін болып түскен Маржанға қарап мына бір ұлағатты сөзі  «Мәселе – кіммен бірге туғаныңда емес, кіммен бірге тұрғаныңда»  тап соған айтылғандай әсер қалдырады. Себебі, ерлі зайыпты Әлімжан мен Маржан осы ұяның қос тіреуі болып, өздеріне қатысты әдеп, адамгершілік талаптарын бірге ұстанады. «Келіннің аяғынан, қойшығының таяғынынан» демекші тәрбиелі отбасынан шыққан Маржан Алхандар әулиетін пысықтығы мен жігерлігінің арқасында үлкен қуанышқа, бақытқа бөлеп отыр.

  1. Жанұядағы жарасымдылық: «Бақытты некенің белгілері».

 

Адамның бақыты негізенен  бірегей қоғамдық құрылым болып табылатын отбасына байланысты. Жанұядағы жарасымдық оңды болмай, оның соры да көбінесе өмірде туындап жатады. Өйткені адамдардың басым көпшілігі үшін өмірдің мәні мен қызығы, мұраты отбасының тату – тәттілігі мен берекесінде. Ол үшін жас жұбайлардың бір – біріне деген шынай сүйіспеншілігіне қоса, өз беттерімен үй болуға, үлкенді кішілі қиыншылықтарына тап келгенде ерлі – зайыптылық өмірлеріне сызат түсірмейтіндей әзірліктері болуы тиіс. Күні ертең отау тігіп, түтін түтетуге тиісті бозбалалар мен бойжеткендердің бәрі бұл айтылғандардың мәнін жете түсіне бермегенімен, бұл талаптардан мүлдем хабарсыз деуге тағы болмайды. Мектепте де, отбасында ата – аналар да отбасылық өмір жайын балаларына құйып отырады. Бірақ бір – бірімен өз қалауларымен сүйіп қосылған жастардың көп ұзамай ажырасып жататыны кездеседі?

Үйлену – қуанышты, сонымен қатар мұңы да бар іс. Өйткені бұрынғы ата – ананың қанатының астындағы уайымсыз, қамсыз өмір артта қалады. Кешегі қыз бен жігіт бүгін ерлі зайыпты болып, өздері көтерген шаңырақтың тату – тәтті бақытты өмір кешу жауапкершілігі мойындарына түседі. Ата – бабаларымыздың «Үйлену оңай, үй болу қиын» — деп айтқызған себептерінің бір үлкені – осы.

Отбасылық өмірдің алғашқы кезеңінде жас жұбайлар махаббаты жаңа мазмұнмен байып отырмаса, ол ұзаққа бармай лап етіп өшіп қалуы, таңғы думандай тарап кетуі мүмкін. Бұл – өмір шындығы. Оны түсіну үшін Алхандар отбасындағы ұстанатын өмір арифметикасын қарастырайық.

Алхандар отбасы жанұядағы жарасымдылық жайғасын табу үшін мынандай қағидарды ұстанады. Яғни, отбасында – түн ұйқысын төрт бөліп, мұзды бесік таянған Гүлжауһар апайымыздың дұрыс бағытының арқасында ұлы ақылды ер азамат,  келіні ақылды әйел мәртебесін иемденіп, отбасында жеңіл, еркелі тербеліс пада болған. Ал, қызметте ұлы ақылды басшы болса, келіні ақылды қызметкер болып отбасына кіріс көзін тауып отыр. Ал, махаббатта екі жастың ұстанатын өмір арифметкалары «Үйлену дегеніміз бір – біріне қарап отыру емес, екеуінің қосылып бір бағытқа қаруы» деген ұлағатты сөзді берік ұстанып баянды, бақытты күндерді өткеруде.

Демек, отбасылық махаббаттың өміршеңдігі ерлі – зайыптылардың жүрек мейірі, көз нұрынын, армандай әсем сезімінен өркен жайып өсуіне байланысты. Бұл ерлі – зайыптылардың өз махаббатарына адалдыққа қоса, тұрмыс тауқыметіне шыдамдылықты, қиыншылықты жеңе білуге қабілеттілікті қажет етеді. Төзімділік, шыдамдылық өз – өзіне ие бола білетін ұстамдылық, кешірімділік пен сабыр – жанұяның жарасымды, тату белгілері. Ұлы жазушы психолог Ф.М. Достаевский: «Отбасы махаббаттың шаршап – шалдықпайтын еңбегімен жасалады емес пе?»- деген. Демек, бұл о бастағы махаббаттың болу фактісі ғана оның түрлі қырсықтарға ұшырамайтындығының кепілі бола алмайды. Яғни сүйіспеншілікті өзіне лайық зор еңбекпен аялап отыру қажет дегенді білдіреді. Әрқашан махаббат шырағы үнемі лапылдап жанып, лаулап тұруы үшін  ұлы ғұлама психологтарымыз айтқандай оның пілтесіне май құйып отыру, яғни сол үшін ұдайы күресу керек.

Әрине, жас отау – көлге ескексіз жел қайыққа мінгізіп, ашық теңізге итеріп тастаған қорғансыз екеудей елестемеуі керек. Жас жұбайлардың өмірлік тәжірибесі болмағанымен, өмір көрген, оларды демеп бағыт – бағдар сілтейтін ата – анасы, туған – туыстары бар. Ең бастысы – бір – біріне қол ұшын созған алау жүрек, ақ пейіл, қандай қиындыққа болса да шыдауға бел буған жарасымды жұптың сенімділігі мықты болуы керек.

Шығармашылық жұмысымды сәтті тапсыру үшін таңдап алған Алхандар «Бақытты отбасының» ерлі – зайыптылары Әлімжан мен Маржанның некелерінің мәңгілік бақытты болуларына тілектесе отырып, В.Г. Белискийдің мыны сөзімен қорытындылаймын.

Жанұядағы жарасымдылықтың да, адамның өмірі сияқты өзінің даму заңдары мен өмір жасы болады. Оның да құлпырған көктемі, жалынды жазы, кейбіреулері үшін шуақты, нұрлы жемісті, екінші біреулер үшін сұп – суық шірік те жұтаң күзі болады.

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *