Біздің Елбасы

elbasyТоктасинова Жанат Шамшединовна
Маңғыстау облысы Қарақия ауданы
Жетібай селосы №3 орта мектебі
информатика пәні мұғалімі

Сабақтың тақырыбы: Біздің Елбасы

  Мақсаты: Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туып өскен жері, өмір жолы, қызмет еткен кезеңдері туралы мәлімет беру, Елбасының ұстанымын, өмір жолын үлгі етіп, балаларды Отанын, халқын, жерін сүюге, батылдық, азаматтық, патриоттыққа тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті, кітап көрмесі, нақыл сөздері, «Балалық шағымның аспаны» фильмінен үзінді.

Сабақтың эпиграфы:  “… Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірді-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты-толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың қасында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын…”

Нұрсұлтан Назарбаев

(«Балалық шағымның аспаны» фильмінен үзінді)

 

1-жүргізуші: Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекеттігімізді орнатып, оны қалыптастырып, экономикасын реформалау арқылы өзін де, елін де әлемге мойындатқан заманның аса дарынды тұлғасы. Аумалы-төкпелі алмағайып заманда мың өліп, мың тірілген қазақ үш ғасыр бойы іздеген мұратына да, арманына да Н.Ә. Назарбаев тұсында жеттік. Билік тізгінін қолына ұстаған жылдардағы Президентіміздің жарқылдаған келбетін, биік болмысын, кемел дарының, ел басшысы ретінде көсемдік қасиеттерін бүгінгі ұрпақ жақсы білуі тиіс.

 

2-жүргізуші: Н.Ә. Назарбаев – ұлттық дәстүрде тәрбиеленген, халқының бар қадір-қасиетін бойына жинаған, тілін, тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білетін, ұлтын жан-тәнімен сүйетін, оның мәртебесін өсіріп келе жатқан, халқының үмітін, сенімін ақтап келе жатқан ұлтжанды азамат.

– Қалың елінің жанашыры, мұрасы, тағдырласы

– Қорыққанға қорған, тарыққан пана, зырыққанға сана бола білетін өз елінің шын перзенті.

 

1-жүргізуші:1940 жылы 6 шілдеде Іле Алатауының баурайындағы Үшқоңыр жайлауында Әбіш пен Әлжан Назарбаевтардың шаңырағында көптен күткен ұл өмірге келді. Оған әке-шешесі Нұрсұлтан деп ат қойды.

Сәбиге ат таңдаудың өзі жатқан бір хикаяға айналды. Тойға жиналған ағайын-туыс түрлі есімдерді тұс-тұстан айтып жатты. Ең ақырында жаңа туған ұлдың әжесі Мырзабала мынадай ұсыныс білдірді: «Менің сүйікті немерем екі бірдей есімді алып жүрсін. Оның аты Нұрсұлтан болсын».

 

2-жүргізуші: Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметі, саясаттағы, экономикадағы, мәдениеттегі атқарған игі істерін талдау үшін оқушыларға сөз кезегін береміз.

 

1-оқушы: Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1940 жылдың 6-шілдесінде Алматы облысының Қаскелең (Қарасай) ауданындағы Шамалған ауылында туған. Мамандығы инженер-металлург. Экономика ғылымдарының докторы, академик, «Ғасыр адамы» атанған қайраткер. Елбасының атасы Назарбай өз аумағында билік жүргізген, ел басқарған адам екен.

 

1-жүргізуші: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев балалық шағы туралы былай деп еске алады:

 

2-оқушы: «Менің әкем Әбіш атамыз Назарбайдың кенжесі. Әжеміз мен бес жасқа келгенде қайтыс болыпты, еміс-еміс есімде. Сұңғақ бойлы, әдемі кісі еді. Үнемі аппақ киім киіп жүретіні көз алдымда. Өте жігерлі жан болатын. Бар балаларына, ауыл ағайынға айтқанын істетіп отыратын. Жарықтық, адуынды болғаны да – ол кісіге ешкім қарсы келмейтін. Әкеме тұрмысқа шыққаннан кейін шешеміз бес жылға дейін құрсақ көтермепті. Ел «Бұлардың балалары болмайды, анау-мынау» деп жүргенде, мен туыппын. Кенже ұлдан көрген тұңғыш немерем деп әжеміз мені бауырына салып алыпты. Менің атымды да Нұрсұлтан деп өзі қойыпты»

 

3-оқушы: «Мен әкемнің ештеңе істемей, құр тыныш отырған сәтін көрген емеспін. Ол дәулетті орыстар қолында өскендіктен, егін салуды жақсы білетін. Пәлендей білім болмаса да, миуа ағаштарын будандастыруға кәнігі еді. Жұрт біздің баққа келіп, керемет өсіп тұрған таңғажайып жемістерді, бір жолында кәдімгі апорт алмасы, екінші жолында уылжыған алмұрт пісіп тұрған ағашты тамашалайтын.Әкем өсірген ондай жемістерді кейін еш жерден де көрген емеспін.»

 

2-жүргізуші: Міне, осындай атақты бабаларымыздың жолын қуған жас Сұлтан кішкентайынан зерек, алғыр болып өскен, ал бүгінде ол халқына қалаулы, еліне елеулі азамат болып, Қазақстан Республикасын басқарып отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кішкентай кезінен туып-өскен ортасының табиғатына таңғалып, сүйсініп өскен, кейіннен сол туған жеріне деген сағынышын «Үшқоңыр» өлеңінің жыр жолдарына өреді. Бұл өлеңге сазгер Алтынбек ағамыз ән жазды. Сол жанды тебірентер сазды ән баршамызды ерекше әсерге бөледі. Елбасының туған жеріне деген сағыныш сезімінен туған «Үшқоңыр» әнін оқушылардың орындауында қабыл алыңыздар.

 

Хор: «Үшқоңыр» әні.

 

4-оқушы: 1958 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Н.ӘНазарбаев Днепродзержинс қаласындағы №8 техникалық училищесіне оқуға түседі де, оны 1960 жылы бітіріп шығады. 1960 жылдың мамыр айында ол Теміртау қаласындағы «Казметаллургстрой» тресінің «Доменстрой» құрылыс басқармасында қара жұмысшы болып еңбек жолын бастаған. Ал осы жылдың шілдесінен бастап қарағанды металлургия зауытының балқыту цехында шойын құюшы болып жұмыс істейді.

 

5-оқушы: 1964 жылдың ақпан айынан 1965 жылдың тамызына дейін қарағанды политехникалық институтының студенті болған ол балқыту цехының диспетчері, балқыту пешінің аға газщигі болып істейді.

 

6-оқушы: 1969 жылдың шілде айынан бастап Теміртау қалалық партия комитетінің өндіріс және көлік бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады да, осы жылдың желтоқсан айынан бастап Теміртау қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып істейді.

 

7-оқушы: 1971 жылдың маусымында Теміртау қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, ал 1973 жылдың қазанында Қарағанды металлургия комбинаты партия комитетінің екінші хатшысы болады. 1977 жылдың наурызынан Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы,

 

8-оқушы: 1979 жылдың желтоқсанынан Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің хатшысы болды. 1984 жылдың наурызында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болаған ол 1989 жылдың маусымынан Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болды.

 

9-оқушы: 1990 жылдың ақпанында қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1991 жылдың 1-желтоқсанында бүкілхалықтық сайлау қорытындысы бойынша  98.7 пайыз дауыс жинап, Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды.

 

10-оқушы: 1995 жылы сәуірде жалпыхалықтық референдум нәтижесінде өкілеттілігі 2000 жылға дейін ұзартылды. 1999 жылы қаңтарда жалпыхалықтық сайлау нәтижесі бойынша 79,75 дауыс алып Президент болып қайта сайланды.

 

11-оқушы: 2005 жылы желтоқсанда сайлаушылардың 91,5 пайызы дауысын алып Президент болып қайта сайланды. 2011 жылы сәуір айында 95,5 дауыс алып Президент болып қайта сайланды.

1-жүргізуші:  «Тәрбие тал бесіктен басталады», – деп атам қазақ айтпақшы, халқымыз тәрбиеге үлкен мән берген. Елбасы: «Әкем: үлкен кісіні көрсең, оны танысаң да, танымасаң да алдымен сәлем бер деп өсиет етуден жалықпайтын». Оның бойындағы қарапайымдылық, ізеттілік қасиеттері ата-ана тәрбиесінің жемісі екендігін айтуға болады. Ендеше, көрініске назар аударайық.

 

КӨРІНІС: «ӘЖЕ КӨРГЕН ТҮС-АЯН»

Әжесі: Сұлтан, Сұлтан, ботам, құлыным, қайдасың?

                Нұрсұлтан:   – Әже мен мұндамын. Міне, келдім не айтасыз?

                Әжесі: – Отыршы қасыма сені берген құдайға тәубә. Бүгін таң ата Алла маған аян  берді, түс көрдім. Түсімді  айтайын, ол сенің болашағың.

Нұрсұлтан:  Ол қандай түс, аян деген не айтшы, әже?

Әжесі: Түсімде зеңгір көкте, шуағын шашып жарқыраған күнді, өркеш-өркеш ақ бұйра бұлтты көрдім. Сәлден кейін бұлт арасынан ақбоз атқа мініп, күннің алтын сәулесімен шағылысып биік (көгілдір) аспанда ұшып жүрсің. Оянсам түсім екен. Бойыма ерекше қуат алғандай сыртқа шығып, аспанға қарап, Аллаға тәуба келтіріп жалбарындым. Құлыньм, Алла маған сенің болашағыңды түс аркылы болжатқан ғажайып тылсым күш қой.

Нұрсұлтан:  Әже, мен ақбоз атқа мініп аспанға қалай шығам, күннің ыстығынан қатты терлеп шөлдеймін ғой. Ол ғажайыпқа мен қалай жетем? Оның сыры неде, соны айтшы?

Әжесі: Тыңда, Сұлтаным! Онын сыры мынау: бойыңды таза ұста, бар ыңтамен еңбек ет, білімді бол, көп-көп оқы, ғьлымды игер, мейірімді бол, адал да әділ бол! Сонда қалың елге даңқыңды жаятын үлкен беделді адам боласың. Өзіңді, еліңді әлем танитын болады. Көрген түсімді, айтқанымды жүрегіңде сақта, зерделі бол құлыным.

Нұрсұлтан: Әже көрген түсің, тілеген тілегің қабыл болсын! Мен сіз ойлағандай азамат боламын, халқымның тірегі болам деп уәде беремін!

Әжесі: Ақылыңнан айналдым, берген уәдеңнен айналдым, Тілегімді жаратушы ием қабыл етсін. Мен сенің болашағыңа сенемін. Осы көрген түсімді өңімде болдыр деп, Алладан тілеймін. Тәуба, тәуба.

Нұрсұлтан: Жарайды әже.

 

2-жүргізуші: Н.Ә. Назарбаевтың отбасы туралы оқушыларға сөз кезегін береміз

 

12-оқушы: Зайыбы, Сара Алпысқызы Назарбаева, Халықаралық «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының негізін салушы және президенті. Бүгінде «Бөбек» – республиканың тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге, шет елдерде де мойындалған ең белсенді қайырымдылық қоры.

 

13-оқушы: Назарбаева Дариға Нұрсұлтанқызы саяси ғылымдар докторы. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоғамдық Қорының директоры. ҚР Парламенті Мәжілісінің 5-шақырылымдағы депутаты. Әлеуметтік-мәдени даму комитетін басқарады.

 

14-оқушы: Құлыбаева Динара Нұрсұлтанқызы Қазақстан-Британ техникалық университеті директорлар кеңесінің төрайымы. Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қорын басқарады.

 

15-оқушы: Назарбаева Әлия Нұрсұлтанқызы  «Европа плюс» радиосында директордың көмекшісі,  «ТұранӘлемБанкте» заң департаментінің стажері,  Нұрсұлтан Назарбаевтың хатшысы болып жұмыс істеді. «Элитстрой» құрылыс компаниясының басшысы.

 

1-2-жүргізуші: Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың лауазымдық мәртебесі, президенттік биліктің рәміздері мен белгілері, ғылыми дәрежесі:                  (жүргізушілер кезекпен оқып шығады)

  • Лауазымдық мәртебесі
  • Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы (Ұлт көшбасшысы)
  • Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы
  • Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы
  • Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы
  • Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы
  • «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының төрағасы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық кеңесінің төрағасы
  • Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің төрағасы
  • Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің төрағасы
  • Назарбаев Университеті Жоғары қамқорлық кеңесінің төрағасы

 

16-оқушы: Президенттік биліктің рәміздері мен белгілері

Қ. Р. Президенті мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғасы ретінде дербес рәміздер мен айырым белгілерін иеленді. 1995 жылғы «Қ.Р-ның мемлекеттік наградалары туралы»  ҚР Заңына сәйкес, «Алтын  Қыран» ордені жоғары дәрежелі айырым белгісі болып саналады. Қ.Р. Президентінің төсбелгісі мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғасының ресми айырым белгісі болып саналады

 

17-оқушы: Ғылыми дәрежесі: Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің құрметті профессоры, Халықаралық инженерлік академиясының академигі

 

1-Жүргізуші:Н.Ә.Назарбаев – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы. Біз талай заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарымызды атамекенге жинаған үш елдің біріміз Тәуелсіздік жылдары шетелдерден 800 мыңнан астам отандасымыз келіп халық саны бір жарым миллиондарға артты. 1992 жылы Алматыда қазақтардың І дүниежүзілік құрылтайы өтті. Құрылтайда дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының төрағасы болып Н.Ә.Назарбаев сайланды.

 

2-жүргізуші: 2002 жылы Түркістан қаласында қазақтардың ІІ Дүниежүзілік құрылтайы болып, оған алыс және жақын шетелдерден 400-ге жуық делегат қатысты. 2005 жылы Астана қаласында ІІ дүниежүзілік құрылтай болып оған шетелдерден 300-ге жуық өкіл қатысты.

1-жүргізуші: «Н.Ә.Назарбаев әлем мойындаған бүгінгі заман лидері»

 

18 оқушы: 2001 жылы Рим папасы ІІ Иоанн Павел Қазақстанда болып қайтты. Бұл Қазақстанды бейбітсүйгіш держава ретінде мойындаудың көрінісі еді. 2003 жылы Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндердің І съезі болып, бұл қосуға 17 конфессия өкілдері қатысты. 2006 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндердің ІІІ съезі Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында ашылды.

 

2-жүргізуші: Н.Ә.Назарбаев бірқатар ғылыми кітаптардың, әлеуметтік-экономикалық даму проблемалары мен қоғамдық –саяси еңбектерінің авторы. Ал енді Президентіміздің еңбектерімен таныс болыңыздар:

1.Ғасырлар тоғысында

2. Бейбітшілік кіндігі

3. Қазақстан жолы

4. Тәуелсіздік белестері

5. Ой бөлістім халқыммен

6.Сындарлы он жыл.

7. Жүз жылға татитын он жыл

8. Тарих тағлымдары және қазіргі заман

9. Қазақстан-2030

10. Еуразия жүрегінде

 

1-жүргізуші: Елбасы – туған халқын, туған жерін, даласын жанындай сүйетін адам. Мұны сөзі мен де, ісімен де, шығармашылығымен де дәлелдеп келеді.  Н.Ә.Назарбаевтың авторлық әні таныс болыңыздар:

1. «Үшқоңыр» әні:  (сөзі: Нұрсұлтан Назарбаев, әні: Алтынбек Қоразбаев)

2. Сарыарқа әні:   (сөзі: Нұрсұлтан Назарбаев, әні: Алтынбек Қоразбаев)

3. «Елім менің»  (сөзі: Нұрсұлтан Назарбаев, әні: Бекболат Тілеуханов)

4. «Менің Қазақстаным» (сөзі: Жұмакен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назабаев, әні: Шәмші Қалдаяқов)

Хор: «Елім менің»

 

2-жүргізуші: Ендігі кезек Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жан тебіренісі мен толғанысынан туған жүрекке жылы тиер ой орамдары, ел бірлігі, жер тұтастығы, ұлт болашағы туралы айтқан тамаша ой-пікірлері:

 

19-оқушы: «Қандай қасіретке қабырғасы қайысса да, қаймықпай төзе білген, қажырлы да қайсар қазақ халқының алдында мен басымды иемін!»

20-оқушы: «Осы елдің Президенті ретінде де, осы ұлттың бір перзенті ретінде де дәйім көңілімнің төрінде тұратыны –  туған халқым»

21-оқушы: «Ел көшін бастау – маған сын, мені қостау – елге сын»

22-оқушы: «Салтанаты жарасқан қаласы бар, байтағы ұлан-теңіз даласы бар, аруақ қолдаған бабасы бар ел екендігімізді мақтан етейік»

23-оқушы: «Тағдыр қазаққа қырын қарамаған: жерде, кен де, ел де берген, ер де берген»

24-оқушы: «Қазақтың кең-байтақ жерінде аңызға айналмаған тұс тіпті аз, бәрі де қастерлі өлке, қасиетті мекен»

25-оқушы: «Жер бетіндегі жақсылық пен ізгілік қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды»

26-оқушы: «Қасиетті қазақ жері – ата-бабаларымыздың даңқты тарихын аттың тұяғымен жазып кеткен жер»

27-оқушы: «Ендігі жерде біз, бәріміз, бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Ендігі жерде бәріміз де туған жеріміз-біреу – ол жалпақ қазақ даласы»

28-оқушы: «Елімнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттың жалғыз мемлекетінің нығайып, көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет, жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа»

 

1-жүргізуші: Еліміздің қалыптасу және даму тарихы Мемлекет басшысының қызметімен тікелей байланысты. Қазақстан қысқа мерзім ішінде дамыған нарықтық экономикасы және азаматтық қоғамы бар өркендеген мемлекетке, халықаралық сахнада өз орны бар салмақты және жауапты ойыншыға айналды.

 

2-жүргізуші: Н.Ә.Назарбаев туралы деректі фильмдермен таныс болыңыздар.Олар:

1. «Президенттің уақыт және өзі жайындағы толғаныстары»

2. «Назарбаев. Бүкпесіз әңгіме»

3.«Президенттің Қазақстан халқына жолдауы: Өркендеудің жаңа серпіні»

4. «Президенттің уақыт пен өзі жайында»

5. «Әлем менің жанарымда. Бітімгершілік миссиясы»

 

1-жүргізуші: Бұл деректі фильмдерде Тәуелсіз Қазақстан тарихының негізгі белестері, Мемлекет басшысының ішкі және сыртқы саясаттағы қызметі туралы егжей-тегжейлі баяндалады. Көптеген картиналар Қазақстан Президентінің өмірі, оның күнделікті жұмысы туралы сыр шертеді. Оларда Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ой-пікірлерін, идеяларын, бастамаларын және естеліктерімен бөліседі

 

29-оқушы: Н.Ә.Назарбаевтың хоббиі. Мемлекеттік жоғары лауазымдағы қызмет бос уақыт

қалдыра бермейді. Алайда жұмыс арасындағы сирек үзілістерді Нұрсұлтан Назарбаев өзі үшін әрі демалыс, әрі көңіл сергіту саналатын сүйікті істеріне арнауға тырысады. Ол – табиғат аясында болу, спортпен шұғылдану, музыка тыңдау және кітап оқу. Спортпен айналысу немесе үздіксіз оқу адамды кейде едәуір күш пен бар зейінін жұмсауға мәжбүр етсе де, біз, соған қарамастан, оларды да әуестік пен демалыс айдарына қостық.

 

2-жүргізуші: Елбасына арналған өлең-шумақтарға кезек береміз

 

30-оқушы:Қазағымның ниетіне бергендей

Көк байрағым желбіреді көгімде.

Ұландарым жас қырандай баптады

Елі үшін еш тыныштық таппады.

 

Көп ұлтты Қазақстан жерінде

Бейбіт өмір ынтымақты сақтады

Қолдаймыз біз осындай данамызды

Халқы үшін жаралған дарамызды.

 

Тура жолдан таймауды қастерлеген

Еске алайық тағы бір бабамызды

Қолдады халқы тағы асыл ұлды

Қаймықпай көш бастаған батыл ұлды.

 

 

31-оқушы:Елін сүйген дара басшы, көсемі

Сіз бар кезде елім мәңгі өседі

Елім-тыныш, жұртым-аман, дала-шат,

Бар халықтың аңсағаны –осы еді

 

Елін сүйген сара басшы, панасы

Нұрланып тұр қазағымның даласы

Татулық пен тыныштықтың төрінде

Қуанады әрбір қазақ баласы

 

Елін сүйген аға басшы, нар тұлға

Назары ауған өзіңізге хақтың да

Қыранымыз қалықтайды биікте

Алашым жүр ашық аспан астында

 

Бұл күндері далам анық нұрланған

Даламыз да гүл жайнайды думаннан

Мейрамыңыз құтты болсын Нұр аға

Қазағымның бақытына туған жан.

 

32-оқушы: Айтатын ел атынан аманатым

Күні бол көгінен нұр ала алатын

Қазақтың маңдайдағы бір ұл едің

Қараңғы қиыннан жол таба алатын

 

Артыңда қара ормандай халқың бар

Бел буып қайда болсын бара алатын

Мың өліп, мың тірілген ел едік қой

Тағдырдың тартқан талай ғаламатын

 

Арманың Абылайдай биік болса

Тарихты таңдандырып қалар атың

Теміртау құрышына қайнап піскен

Тілейміз Нұрсұлтанның саламатын

Халқының болашағы өз қолыңда

Атадан артып туған азаматым.

 

33-оқушы:Елді бастап Алланың ақ жолымен

Асуларды алынбас сен алып ең

Көргенде өзің салған Астананы

Сүйсініп еңбегіңе таңғалып ем

 

Бабаларым аңсаған еркіндікті

Қазағым азаттықты көп күн күтті

Сол қазақтың баласы менмін деген

Әлемге мақтанышты үнің жетті.

 

Бүгінде елім көркем көрінеді

Жүректен өрнекті өлең өріледі

Елім аман болған соң жерім аман,

Шырқалып ән мен күйім төгіледі.

 

34-оқушы: Бейбітшілік салатанат құрған бүгін

Арналады еріме асыл жырым

«Ерімнің арқасында ел көгереді

Десем, сірә, артық сөз болмас мұным»

 

Жас ұрпаққа көрсеттің өнегені

Өзіндей Елбасына сенеді елі

Елімнің «жүзі» жарқын болу үшін

Көшбасшы дәл өзіндей керек еді.

 

Көк туым желбіреген аспанымда

Арқау болған Елбасы дастаныма

Мақтаныш етем елдің азаматын

Жырыма ақтарылған қосқаныма

 

Шаттыққа, қуанышқа, көңіл толсын

Бұл өзі арман еткен заман болсын

Мендегі жалғыз тілек жүрекжарды

Елімде, Елбасыда аман болсын

35-оқушы: Қазақтың Тұңғыш Елбасы

Мақтанашым, мақтаным

Артқан еді ел сенім

Ел сенімін ақтадың

 

Бейбітшілік – ұраның

Тыныштықты жақтадың

Асқарларға бастадың

Үрлеп үміт шоқтарын

 

Байқағанбыз бастан-ақ

Көзіңізде от барын

Тілегенсің ел ел таңы

 

Арайланып атқанын

Жас ұрпақты жетелеп

Жас шыбықтай баптадың

Елі деп өткен ерлерді

Елмен бірге жоқтадың

 

36-оқушы: Елі деп өткен ерлерді

Елмен бірге жоқтадың

Елім бүгін тамаша

Өсіп-өніп келеді

Көгімдегі күн ғажап

Нұр сәулесін төгеді

Балалардың күлкісі

Қуанышқа бөледі

Білім, ілім меңгерген

Жастарымыз өрелі

Ғажап күнді осынау

Көппен күткен ел еді

«Тәуба» десе Құдайым

Тілегенді береді

Жақсылыққа бастаған

Нұрсұлтандай ер еді

Алға өзің бастай бер

Елім саған сенеді

 

1-жүргізуші: Біздің Елбасымыз – білімділігімен, парасатты саясатымен, тәжірибесімен бүкіл адамзатты болашаққа бейбіт жолмен жетуге шақырған үлкен тұлға.  Енді назарларыңызды әлем елдерінің бірқатар басшыларының президентіміз туралы айтқан жылы лебіздеріне аударайық.

 

37-оқушы: Кофи Аннан – БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы: «Қазақстанның ТМД-ның басқа елдерінен айырмасы сонда – бұл елде бейбіт өмір мен тұрақтылық орнап, экономикалық өрлеу байқалады.  Қазақстан түрлі ұлттар бейбіт қатар өмір сүріп жатқан, этникалық саналуандық тартыстың емес, қайта татулық нышанына айналған мемлекеттің үлгісі бола алады».

 

38-оқушы: Ким Дэ Чжун – Корея Республикасының Президенті: «Оның демократиялық, саяси және экономикалық өзгерістерді ойдағыдай іске асырып жатуының айғағы оларды әлемдік қоғамдастықтың кеңінен тануы болып отыр. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан жан-жақты дамып келеді».

 

39-оқушы: Джордж Буш – Америка Құрама Штаттарының бұрынғы президенті: «Құрметті Нұрсұлтан Назарбаев.  Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан жаппай қырып жоятын қаруды таратпау ісінде әлемнің жетекші елдерінің біріне айналды. Құрама Штаттар, сонымен қатар Қазақстанға терроризмге қарсы жаһандық күресте көрсеткен достығы мен ынтымақтастығы үшін, соның ішінде «Қазбаттың» Ирактағы үздік қызметі үшін ризашылығын білдірді».

 

2-жүргізуші: «Президент таңдаған Әнұран». Қазақстан тәуелсіздігін айғақтаған Әнұран 1992 жылы қабылданып, 2006 жылдың басында өзінің миссиясын аяқтады. 2006 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы» жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Конституциялық заңына Н.Ә.Назарбаев қол қойды.Жаңа әнұран ресми түрде 2006 жылы 11-қаңтарда Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімінде алғаш рет орындалды.

 

Хор: «Әнұран»

 

 

1-жүргізуші:Азаттық, тәуелсіздік арман еді,

Жасырын бір күй еді жүректегі.

Арманды ақиқатқа жалғап елім,

Халқымның орындалды тілектері.

Оңайлықпен келмейді егемендік,

Жемісі ол сан жылғы күрестердің.

Тарихқа түрен салып ерен ерлік,

Серпілді көңілдерде сірескен мұң.

Бүгінде азат елім, биік – мерей,

Зор мақсат, алар асу – алдымызда.

Мәртебем әрқашанда биіктегей,

Баянды бақыт қонып  халқымызға.

 

2-жүргізуші:Тойымыз көптен күткен тарқасын ба,

Еліміз асты қазір жиырма бірден.

Елбасы ерлігінің арқасында,

Әрдайым биік болмақ еңсеміз де.

Болар бала белгілі бесігінен,

Ер  жігітке құт дарып, бақ қонады.

Нұрсұлтандай  ұлының есімімен,

Дәл қазір барша халық мақтанады.

Мезгілдің артта қалып “өліарасы”,

Берекесі бүгінде келді үйімнің.

Білгенге Қазақстан төрағасы,

Еуропа төрінде белді ұйымның.

Бір ұлмын шын жүректен талаптанып,

Тілегін ақ жүрекке түйіп келген.

Қияға қыран құсша қанат қағып,

Әрдайым көрінейік биіктерден.

 

1-жүргізуші: Көшбасшылық қабілетті бойына сіңірген тұлға ретінде елбасымызды мысалға алып, өз Отанының ғана емес, бүкіл әлем алдында ерекше көшбасшы екендігін тілге тиек ете аламыз. Елбасының көшбасшылығы халықты басқара білуінен, өзге ұлт өкілдерін қазақ халқымен бір шаңырақ астына біріктіре білген, татулық, достық деген егіз ұғымды ел санатына жеткізе білуінен байқалады. Өз елінің патриотымын деген әрбір көзі ашық, көкірегі ояу қазақ азаматы осы тарихи тұлғаға айналған елбасымыздың әрбір іс-қимылынан көшбасшылықты қалыптастыруда үлгі алуға болады-дей келе бүгінгі «Біздің Елбасы» атты ашық тәрбие сағатымызды аяқтаймыз. (Сөз кезегі қонақтарға беріледі)

[bws_related_posts]

1 пікір

  1. Жаңартылған білім мазмұнына сай құрылған, өте қызықты сабақ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Яндекс.Метрика