Еңбек — бәрін жеңбек

Бурабай кентінің С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің

бастауыш сынып мұғалімі  Жалмуканова Ш.К.

Өзін-өзі тану. 2 сынып.

Сабақтың тақырыбы: Еңбек — бәрін жеңбек
Мақсаты: «Еңбек»адамгершілік құндылығы туралы түсініктерін кеңейту.
Міндеттері:
— еңбектің адам өміріндегі мәні туралы түсінік беру;
— еңбек етуге қызығушылықтарын дамыту;
— еңбексүйгіштікке тәрбиелеу;
Көрнекті құралдар: сюжетті суреттер, жеміс ағаштары, түрлі — түсті қағаздар, дәптер, оқулық
Шаттық шеңберін құру.
Оқушылар мұғаліммен бірге шеңбер құрып тұрады, сәлемдеседі, ән айтады.

Топқа бөлу:1,2,3 деп жазылған сандар арқылы бөлінеді.

Ой толғау .

Топпен жұмыс .Әр топқа сұрақтар беріп,соның төңірегінде жауаптарды жазғызу.

1 топ. Еңбек адамға не үшін қажет деп ойлайсыңдар?
2 топ.Еңбекқор деп қандай адамды айтамыз?
3 топ. Өздерің еңбектің қай түрімен айналысқанды ұнатасыңдар?

Сонымен адамға өмір сүру үшін ең алдымен не қажет деп ойлайсыңдар?
Балалардың жауаптары.
— Дұрыс айтасыңдар. Ауа, су, тағам.  Ал тағам дегенде бірден еске түсетіні — нан. Нан еңбекпен келеді. Осы тағамнан басқа да адамның өмір сүруіне қажетті киім, білім, үй, оның ішін қажетті заттармен толтыру, денсаулығын сақтау бәрі, бәрі, бәрі де еңбекпен келеді.
Тапсырма (жұппен жұмыс)
Мұғалім оқулықта берілген суреттерге қарап, еңбектің түрлерін анықтау үшін балаларға тапсырма береді. (2 оқушыға 1 суреттен беріледі)
Мәтінмен жұмыс.
Мұғалім еңбектің маңызын түсіндіру үшін оқулықта берілген Б. Әділовтың «Еңбексіз өмір — сүреңсіз» деген мысал әңгімесін оқып береді. Балалар сұрақ бойынша өз ойларын айтады.
Сахналау.
Еңбектің адам өміріндегі мәнін рөлдік орындаулар арқылы түсіндіру үшін сахналау тәсілі қолданылады.
Үш оқушы (автор, қуыршақ, бауырсақ) рөлдерде өлеңді мәнерлеп оқиды.
Қайдан келдің бауырсақ?
Ө. Тұрманжанов
Дастарханда шашылып,
Жатты аппақ бауырсақ.
Бауырсаққа қызығып,
Қарап тұрып көзін сап:
— Қайдан келдің бауырсақ?-
Деп сұрады қуыршақ.
— Дүкеннен келдім
Нан сатқан,-
Деді оған бауырсақ.
— Дүкенге келдің қай жақтан?
— Наубайдан келдім нан жақтан.
— Наубайға келдің қай жақтан?
— Диірменнен келдім ұн тартқан.
— Диірменге келдің қай жақтан?
— Даладан келдім кең жатқан.
Жер — анам менің көсілген,
Диқандар мені өсірген.

Сергіту сәті.  «Бауырсақ» ертегісі бойынша би қимылдарын жасау.

Еңбекке байланысты мақал-мәтелдер айтайық.

Мақал-мәтелдер құрастырып,оларды жаттап алу.(3 топқа беріледі).

Еріншектің ертеңі бітпес.

Түйір нан – тамшы тер.

Сен істі сүйсең,іс саған бас иеді.

Еңбексіз өмір – сөнген көмір.

Көктемде жерге түскен бір дән,

Күзді күні мың дән болады.

Тігіншіні инесі асырайды.

Істегенің еліңе жақсы,

Үйренгенің өзіңе жақсы

Көз қорқақ, қол батыр .

Қыста малыңды бақ,

Жазда шөбіңді шап.

Сабақты қорыту.Қағаз бетіне бауырсақтың пайда болу жолын түсірейік.

Естеріңе қандай мақал-мәтелдерді сақтап қалдыңдар? Еңбек бізге не береді?

Жүректен – жүрекке.
Оқушылар мұғаліммен бірге шеңбер құрып, бір — біріне жүрекжарды тілектерін айтады.

Үйге тапсырма беру:Дәптерге Еңбек — бақыт бастауы» тақырыбында әңгіме жазыңдар.

Сау болыңдар!

[bws_related_posts]

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *