ЖАҢАШЫЛ БІЛІМГЕ АРНАЛҒАН КӨПІР

almaЖАҢАШЫЛ БІЛІМГЕ АРНАЛҒАН КӨПІР

Қалмағанбетова Алма Нұрмұханқызы,

Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы,

№ 4орыс орта мектебінің  қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

2012 жылдың желтоқсан айындағы ҚР Президенті Н. Ә. Назар-баевтың “Қазақстан-2050” жаңа стратегиялық бағдарламасында:

« Мен 2050 жылғы Қазақстандықтар – үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамы екеніне толық сенімдімін. Олар — әлемнің азаматтары. Олар жаңа білім меңгеруге құштар. Олар еңбексүйгіш. Олар – өз елінің патриоттары  “Қазақстан-2050” Жаңа стратегиялық бағытын жүзеге асыруда бізге – қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Тағылымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың ұлағатты өмірінен алар тәлімімізбен алдағы асулардан алқынбай асамыз»  делінген. Осы зор жауапты міндетті жүзеге асыруда ұстаздар қауымына жүктелетін міндет зор.
Ақпараттық қоғамдағы өмір сүру аса үлкен жылдамдықпен өзгереді, алайда өзгермейтіні – адам құндылығы.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті ұлттық және адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдарға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу; білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп, білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделген. Бұл міндеттерді шешу үшін мектеп ұжымдарының, әр мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгеріcтерге батыл жол ашарлық жаңа тәжірибеге, жаңа қарым — қатынасқа өту қажеттілігі туындайды. Білім берудің маңызды шарты — оқу үрдісін жаңара отырып, оқушылардың қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабылеттерін дамыту, олардың өздігінен білім алуға құштарлығын жетілдіру, қол жеткен табыстарды сын көзбен бағалай отырып саралауда мұғалім іс — әрекетін жаңаша тұрғыда ұйымдастыру[1].
Сын тұрғысынан ойлау арқылы оқу мен жазу дамыту технологиясын сабақ үстінде қолдану барысында төмендегідей тиімділіктерге қол жеткізуге болады.
1. Сабақты белсенді өткізіп, әр баладан еркін жауап алуға жағдай жасау.
2.Сенімділікке тәрбиелеу.
3. Қиялын дамыту « менің ойымша» деген жауапқа алуға жағдай жасау.
4. Әр түрлі жауапты соңына дейін тыңдау.
5. Жауап беруге тілек білдірмеген баланы өз еркінсіз, қинап сұрамау.
6. Баланың дүниетанымының кеңіп, рухани өсуіне, әр сабақта жағдай жасау.
7. Жеке тұлға ретінде « мен» деген рөлін көтеру, өз пікірін қалыптастыру [2].

Қазақстанда сын тұрғысынан ойлауды дамыту жобасы 1990 жылдарда мұғалімдер үшін әйгілі бола бастады. Мазмұны жағынан бұл бағдарлама оқыту әдістері бағытының бірі болып табылады. «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» жобасы – RWCT ағылшынша Readinq and Writinq for Critical Thinkinq,  яғни орысша аударғанда «Развитие крити-

ческого мышления через чтение и письмо». RWCT жобасында сабақ құрылымы анық көрсетілген және оқушылардың әрекеттері үшін нақты

стратегиялар беріледі.
Оқушылар өз ойлары мен байқаған ақпараттарды өз сөздерімен айта біліп, өзара алмасады. Оқушы алған білімін пайдалана отырып шешім қабылдайды, топпен бөлініп берілген тапсырмалары болса, өздері дәлелдейді, көрсетеді, бағалайды немесе «Эссе жазу, бес жолды өлең», т. б. стратегияларды қолданып тәсілдерін қолданып қорытындылайды. Бұл бағдарламада қолдануға болатын стратегиялар өте көп. Мен өз сабағымда пайдаланатын стратегиялар түрі:
1. Негізгі ойды суреттеу.

2. Топтастыру.

3. Бес жолды өлең.

4. Эссе жазу.

5. Болжам кестесі.

6. Галлереяға саяхат.

7. ЖИГСО-1,2.

8. Венн диаграммасы.

9. Қос жазба күнделік.

10. Автор орындығы.

11. Әлемді шарлау.

12.РАФТ.

13. Жазушының қойын дәптері.

14. Көп деңгейлі сұрақ.

15. Еркін жазу.

16. Түртіп алу.

17. Т-кестесі.

Аталған стратегияларды пайдалана отырып мен көп жетістіктерге жеттім. Ең бастысы – оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы артып, олардың бір — бірімен пікір таластырып ашық сөйлеу, еркін сөйлеу дағдылары қалыптаса бастады. Өздеріне сенімсіздік білдіріп, бұйығы отыратын оқушылар өз ойларын аз да болса жүйелеп, еркін айта бастады.
Бұрын шығарма, мазмұндама жұмыстарында оқушылар өз ойын білдіруге, әңгіме құрауда көптеген қиындықтарға кездесетін.Қазір күнде өтілген әңгімеден соң оқушылар ой — толғанысын жасап өз ойын жазбаша білдіреді, кейде мәтіндегі ойға байланысты мақал да кірістіріп жазады.

Мысалы, «РАФТ» стратегиясын орындау барысында рөлде-оқушы, аудитория қонақтарға арналып, формасы ашықхат түрінде беріліп, тақырыбы «Туған күн» болса тапсырманың тартымдылығы артады. Сондай ақ , «Екі түрлі түсініктеме күнделігін» толтыруда өлең жолдарын қара сөзге айналдыру міндеті жүктелсе, оқушының тілдік қоры дамып отырады. Ал «Терминдер арқылы болжау» стратегиясы арқылы тілдерді үйретудің еуропалық стандарты негізге алған «оқылым, тыңдалым, айтылым, жазылым, тілдесім» сияқты оқушылардың білім,білік дағдыларына қойылатын талаптарды орындауға болады. «Жазуышының қойын дәптерін» жазуда тіл үйренушілерге қоршаған ортамен байланысты, өмірлік жағдаяттарға сай жаттығу беру шарт.

Оқушыларды бірлесуге, топтасуға үйрететін «ЖИГСО» – ұжымдық оқыту әдісі. Мақсаты жалпы мәселені алдымен жұпта, сосын ұжымда талқылау. Бұл жағдайда әрбір оқушы бір сәт өзін мұғалім ретінде сезінеді, оқуға деген жауапкершілігі артады. Әдісті қолдану төмендегіше ұйымдастырылады. Алдымен ұжым 4 адамнан тұратын топтарға бөлінеді. Бұл «жанұя» топтар деп аталады. Содан кейін 1, 2, 3, 4-ке санау арқылы 1-лер бөлек, 2, 3, 4-өз алдына «жұмыс» тобын құрайды. Оқуға ұсынылатын материалдың тақырыбы талқыланған соң, осы мәтінді түсіну қажет екендігі ескертіледі. 4 логикалық бөлікке бөлінген мәтіннің 1-бөлігін 1-лер, 2-бөлігін 2 санын алғандар, 3, 4 – нөмірлі топтарға оқуға тапсырылады. Жұмысты бастамас бұрын оқушыларға «жұмыс тобында» мәтіннің тиісті бөлігін жақсы меңгеру қажеттілігін, өйткені сол бөлікті «жанұя топ» оқушыларына түсіндіруге жауапты екенін, мәтінді тұтас түсіну әр оқушының ыждағаттылығына байланысты екенін түсіндіру қажет. Келесі кезекте ұжым мүшелері бастапқы топтармен қайта табысып, өздерінің үйреніп келген бөліктеріндегі мазмұнды ортаға салады. Осылайша ұжым мүшелері бірін-бірі оқытуға, сол арқылы ойлауға үйренеді.

ЖИГСО – стратегиясы мазмұнды жоғары табыспен меңгеру, оқығанды есте сақтау үшін өте тиімді. Оқушының оқуға деген қызығушылығы артады, ұжымда жақсы қарым-қатынас қалыптасады, саналы тәртіп орнайды. Сондай-ақ олар мұғалімді, мектеп қызметкерлерін түсіну, оларға деген дұрыс көзқарасқа үйренеді.

Еркін жазу стратегиясы. Бұл әдісті сын тұрғысынан ойлау жобасындағы сабақтың үшінші ой толғаныс кезеңінде пайдалану тиімді. Мұғалім сабақ бойын қарастырылған жаңа ақпарат жайлы, одан алған әсерін, не үйренгенін, нені әлі де біле түсу керек екенін тағы басқа жайлы өз пікірін қағаз бетіне түсіруді тапсырады. Жазуға уақыт береді. Уақыт аяқталған кезде оқушылар өз жазғандарымен топ мүшелерін таныстырады. Ең жақсы деп танылған жұмысты ұжымда оқуға болады. Оқушыларды алған білімдерін қорытуға оған сын көзбен қарап, ойын түйіндеуге үйрететін бұл әдісті кез келген сабақта қолдануға болады.

Венн диаграммасы. Бір-бірімен айқасқан екі шеңбердің екі жағына салыстыруға берілетін объектілердің сипаттамалары жазылады. Ал айқасқан жерген екеуіне ортақ сипаттар тізіледі. Салыстыруға арналған тапсырмаларды осы диаграммаға салып оқушылар қызыға толтырады яғни салыстыру сияқты күрделі ойлау операциясын меңгереді.

«Көп деңгейлі сұрақ» стратегиясы. Тура сұрақтар (Litera l level). Мұндай сұрақтар қандайда бір фразаны немесе түрлерін еске түсіру үшін қойылады. Сұрақтардың жауаптары мәтіннің ішінде кездеседі, оқушыдан оны жаттап алып, айтып беру талап етіледі. Өзгертуді талап ететін сұрақтар (translation questions) жауап берушіден мағлұматты басқа формада жеткізуді күтеді. Мұндай сұрақ қою кезінде оқушы ойша болатын жағдайды елестетіп көріністі суреттеп берулері керек. Яғни, оқушылар ойша елестеткен кейіптер мен дыбыстарды талқылайды. Олар ең алдымен елестету тәжірибесін жинайды, содан кейін сөйлеу арқылы басқаларды өз қабылдауымен таныстырады [2].

Интерпретациялау-сұрақтары (interpretation) оқушыларды идеялар мен фактілер, анықтамалар мен құндылықтар арасындағы байланыстарды табуға үйретеді.Сұрақ-тіркеме (application questions) оқушыларға мәселені шешуге немесе келесі мәселенің логикасы мен себептерін зерттеуге мүмкіндік береді.Сұрақ – баға (Evaluation questions) оқушыларды жақсы, жаман деген сияқты қорытынды шешім қабылдатады.

Ойымды жүйелей келе, оқу мен жазу арқылы сыни тұрғыдан ойлауды жобасы негізінде құрылған сабақтар құрылымы дәстүрлі әдістердегі жаттанды сұрақтардан арылуға жетелейтінін айтқым келеді. Қызығушылықты ояту, мағынаны ашу, ой толғау сияқты сабақ құрылымына жаңа түр беретін бөлімдер – жаңашыл білім беруге салынған көпір дер едім.

Қорыта айтқанда, СТО бағдарламасының стратегиялары арқылы оқушылардың ой — пікірі, көзқарасы, дүниетанымы қалыптасады. Ең бастысы,оқушылардың коммуникативтік құзыреттілігі артады. Тілдің қоғамдық-әлеуметтік мәнін түсіндіруде төмендегідей міндеттер айқындалады:

  • Оқушының  тілдік шығармашылық қабілеттерін жетілдіру.
  • Сөз мәдениетін дамыту.
  • Этикет нормаларына сай тіл мәдениетін жетілдіру.
  • Қарым-қатынас талаптарына сай іскерліктерде қолдана білу.
  • Сөйлеу әрекеттеріне қажетті талаптар мен заңдылықтарды меңгерту.
  • Оқушылардың тілдік-эстетикалық талғамдарын қалыптастыру.

Тілді меңгертуде жаңа «сын тұрғысынан ойлау » жобасының айқын мақсаттары  анықталды:

  • Оқу материалында әр түрлі жастағы  баланы қызықтыратындай тапсырмалар топтамасын құрастыру;
  • Барлық сынып оқушыларын сабақ барысына қатыстыруды ұйымдастыру;
  • Барлық оқушының жұмысының жариялылығы, табысқа жетуге жағдай жасау;
  • Оқыту мен тәрбиенің бірлігін сақтау;
  • Пәндер интеграциясына терең мән беру.

Ғылымда дәлелденгендей, ойлау үрдістерін өз бетімен ұйымдастыру ең алдымен бірлескен оқу әрекетінде пайда болады. Оқушы әрекеттің мақсаттары, құралдары мен шарттарының арасындағы қатынасты біртіндеп түсіне бастайды. Ойлау – бұл оқуға, жазу іскерлігіне, сөйлеу мен тыңдауға ұқсас үрдіс. Қазіргі кезде балада ойлаудың ерекшеліктерін жоғары қарқынмен мақсатты қалыптастыру мүмкін екені дәлелденіп отыр.

 Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, 2007.
  2. Мирсейітова С. Сын тұрғысынан ойлау технологиясы, — 1998.
  3. Ташенова А. Сын тұрғысынан ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту // Білім-Образование — 2006, №6.
[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *