Кембридж тәсілімен болашаққа жеті қадам

НұрсұлуОңтүстік Қазақстан облысы
Кентау қаласы
Утжанова Нурсулу Ратбаевна
№23 Ә.Бөкейханов атындағы жалпы орта мектеп
қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі

Кембридж тәсілімен болашаққа жеті қадам

Кез-келген мұғалімдік мамандықты таңдау табалдырығында тұрған әрбір талапкер өзіне мынадай екі сұрақты қойып, одан кейін барып бұл қызығынан  қиындығы көп мамандыққа келу керек сияқты: 1. Бұл мамандықтың мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігі қаншалықты? 2. Мен бұл мамандықтың иесі болуға қабілеттімін бе?. Осы сұрақтарға шынайы, әділ жауап тауып барып осы мамандыққа келсе, мүмкін алдағы қиындықтарды жеңуге күш-жігері табылар.

Мұғалім білімі өз арнасымен ұзақ жолға шыққан өзенге ұқсайды. Өзен өмір бақи қозғалыста болып алға жылжумен ол өзінің тазалығын, мөлдірлігін сақтаса, мұғалім  жетістігі де бір орынында тұрып қалмай үнемі ізденісті, қозғалысты, үздіксіз дамуды қажет ететін мамандық. Қазақстан мен Англия бірлескен ІІІ деңгей бағдарламасының  Кембридж тәсіліндегі жеті модуль мұғалімнің педагогикалық іс-әрекеті дамуының қайнар бұлағы сияқты.

Осы бағдарламаның тыңдаушысы болмай тұрып, менің түсінігімде мұғалім дайын білімді түрлі әдіс-тәсілдер арқылы оқушыға жеткізуші тұлға ретінде танылатын. Алайда, білім беруге негізделген оқытудағы мұндай стиль оқушы бойында қалыптасатын білімнің 20-30 %-ын ғана қамтитынына көзіміз жеткендей. Ал, бұл бағдарламаның негізгі түйінді идеяларының бірі мұғалім де оқушы да үздіксіз үйренуші тараптар бола отырып, оқушы білім, білік, дағдыны сыныптағы түрлі дерек көздерінен, мұғалімнен, оқулықтан және достарынан алған білімдерімен астастырыла жүзеге асырады. Бұл  бағдарламаның маған ерекше әсер қалдырған және ұтымды тұсы деп айтсақ болар, біз үйренген жеті модульдің барлығы бір-бірімен өте тығыз байланыстылығында. Сондай-ақ бұл аталмыш модульдер оқушы іс-әрекеті мен мұғалім іс-әрекеті арасындағы өзара ерікті ықпалдастыққа негізделгені байқалады.

Біз тізбектелген сабақтар топтамасын жоспарлағанда оқушыларға дайын ақпаратты беруді емес, қажетті мәліметтерді өзіндік іс-әрекет негізінде іздеп табуға және игерген мәліметтерді жаңа жағдайларда саналы түрде пайдалана білуге дағдыландыру керек екендігіне мүмкіндігінше назар аударуымыз керек. Өйткені біз үйренген жеті модульдің ішіндегі «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер» бөлімінің негізгі идеясы: ақпарат беріледі, бірақ білім мен түсінік оқушы бойында қалыптасады, ал мұғалім – бұл үрдісте көмек көрсететін жан» деп айқын көрсетілген. /нұсқаулық 32 бет/

Кембридж тәсілі негізіндегі жеті модульді қолдана отырып жүргізілген сабақтың берері мол. Себебі, бұл тәсіл арқылы оқушылар тыңдаушы тараптан білім алу үрдісінде белсенді ізденуші, зерттеуші, ойланушы тарапқа айналады. Және де білім берудегі бұл өзгеріс мұғалімді де оқушыны да саналы түрде табысқа жетелейді.

Қазіргі таңда көпшілік жалпы орта білім беруші  мектептердің Кеңес заманынан қалған білім берудің «дәстүрлі» стилінен арыла алмай келе жатқаны жасырын емес. Бұл мемлекетіміздің болашағы, жас ұрпақтың болашағы үшін өте қауіпті. Бүкіл дүниежүзілік білім кеңістігіне кіру мақсатында мемлекетіміз де білім берудің жаңа жүйесін құруға бар мүмкіншілігін салуда. Бұны біз педагог қызметкерлерге білім жетілдіру институттарында  жасалған мүмкіншіліктерден анық сезініп келеміз.

ҚР «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтардың, ғылым мен практика жетістіктерінің негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және оның кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған білім алуға қажетті жағдайлар жасау» деп анық көрсетілген. Демек ғылым мен техниканың дамыған, әлемдік білім кеңістігінің бәсекелестік негізінде дамыған заманында еліміздің болашақ тірегі болмыш жас ұрпақты әлемдік озық біліммен сусындаған, қоғамның әртүрлі салаларында саналы іс-әрекетке қабілетті тұлға қалыптастыру бүгінгі таңда кезек күттірмес мәселе.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Яндекс.Метрика