Кіші сынып оқушыларының есте сақтауын дамытуға арналған жаттығулар

Темірханова Шынар Темірханқызы.

ШҚО, Өскемен қаласы,

Оралхан  Бөкей атындағы № 44 мектеп-лицейінің педагог-психологі 

Кіші сынып оқушыларының есте сақтауын дамытуға арналған жаттығулар

Адамның күнделікті өмірінде кездесетін ақпарат көлемі әрбір төрт жыл сайын  көбейіп отыратынын ғалымдар дәлелдеген. Оқушылар күнделікті сабақта, интеллектуалды және шығармашылық шараларда, теледидардан, бұқаралық ақпарат құралдарынан жаңа мағлұматтар алып отырады. Оқу үрдісінде  кіші сынып оқушыларында әсерлі есте сақтаудың дағдылары қалыптасып, есте сақтаулары дами түседі. Сондықтан бұл ұсынылатын жаттығулар мектеп психологтары мен кіші сынып оқушыларының мұғалімдерінің жұмыстарына өз көмегін тигізеді деп ойлаймын.

Мақсаты: Кіші мектеп жасындағы оқушылардың есте сақтауының  дамуына жағдай жасау.

 

«Жоғалған зат» жаттығуы.

Үстелдің үстіне бірнеше зат қойылады. Бала оларға мұқият қарап алған соң, теріс қарап тұрады. Үстелден бір зат алып тасталынады. Оқушы қай заттың жоғалып кеткенін табу керек. Заттардың санын ақырындап өсіруге болады.

 

«Мен 10 заттың атауын білемін…» жаттығуы

Бұл топтық ойын. Оқушылар шеңберге отырғызылады. Допты шеңбер  бойынша бір-біріне бере отырып, әр оқушы бір сөзден айтады: «Мен… ағаштардың… 10… атауын… білемін… қайың – бір, самырсын – екі, емен-үш» деп ары қарай жалғастырады. Жалғастыра  алмаған оқушы ойыннан шығады.

 

«Қайтала» сіріңке шилерімен ұйымдастырылатын жаттығу.

Бұл ойынды оқушылар жұптарымен ойнайды. Әр балаға сіріңкенің 6 шиінен беріледі. Екеуінің біреуі сол шилерден қандай да бір затты құрайды. Екіншісі бірнеше секунд көлемінде қарап алады да, оны қайтадан жасауға тырысады. Содан кейін оқушылар орындарымен ауысады, екіншісі көрсетеді, біріншісі қайталайды.

 

«Сөздер тізбегі» ойыны.

Оқушылар шеңберге отырғызылады. Бірінші оқушы кез-келген бір заттың атын атайды. Мысалы: «ірімшік». Екіншісі алдыңғы айтылған сөзді атайды да, өзі бір сөз қосып айтады. Осылайша жалғаса береді. Әрбір келесі ойыншы алдында айтылған барлық сөзді ретімен атап шығады да, өзінің сөзін қосып отырады. Кім мүлдем шатасады, сол ойыншы ойыннан шығады. Ал ең соңында қалған оқушы жеңімпаз атанады.

        

«Есте сақта және тап» жаттығуы.

3-4 картинада берілген суреттерді есте сақтап, оларды атау қажет. Содан соң балалар сол бейнелерді 10-12 дана ұқсас суреттердің арасынан табу керек.  Бұл жаттығуды сандар мен әріптерден де жасауға болады. Ол үшін арнайы әріптер мен сандар кассасын пайдалануға болады.

 

«Шатаспай есте сақта» жаттығуы.

Әр баланың алдына әртүрлі заттар бейнеленген 10-15 карточка қойылады (м/ы: алма, троллейбус, шәйнек, ұшақ, қалам, машина, ат, әтеш т.б.)

Психолог: «Қазір мен сендерге бірнеше сөздерді атаймын. Алдыңдағы суреттерге қарап, мен айтқан сөзді есте сақтауға көмектесетін бір затты таңдап ал да, оны бөлек жерге қой», — деген нұсқау береді.

Бірінші сөз оқылады. Бала алдындағы суреттен таңдаған соң, екінші сөз және ары қарай осылайша оқылады. Бала психолог айтқан сөзді қайталап, өз заттарының ішінен байланыстыратын суретті алып, есінде сақтауы қажет.

Мысалы: өрт, зауыт, сиыр, орындық, әке, отыру, мейірімділік т.б.

 

«Қиял арқылы сөздерді еске сақтау» жаттығуы.

Балаларды логикалық байланысы жоқ сөздерді есте сақтауға үйретеміз.

Сөздер: ағаш, үстел, буғыш, себет, тарақ, сабын, кірпі, өшіргіш, кітап, күн.

Бұл сөздерді пайдаланып әңгіме құрастыру қажет.

«Көз алдарыңда әдемі жасыл ағаш өсіп тұрдеп елестетіңдер. Ол тақтаға қарай өсе бастады, тақтадан төмен қарай аяқтары түсті, сонымен үстел пайда болды. Үстелге жақындай қарадық, үстелдің үстінен төмен қарай аққан шалшық су көрдік. Ол үлкен өзенге айналды. Өзеннің ортасында ожау пайда болды, одан ол себетке айналып кетті. Одан кейін себет жағаға ұшып кетті. Оған жақындап себеттің бір жағын сындырсаңыз, тарақ пайда болды. Оны қолыңызға алып шашыңызды тарай бастадыңыз, содан кейін басыңызды сабынмен жудыңыз. Сабын көпіршіктері ағып, кірпідей үрпиіп шашың қалды. Сізге өте ыңғайсыз, буғышты алып шашыңызды жинадыңыз. Буғыш буғанға шыдамай үзіліп жерге түсті. Жерге түскенде төңкеріліп, кітапқа айналып кетті. Кітап бетін ашсаңыз оның ішінен көзіңізге шағылысып күн түсті.

Алдымен балалар біздің құраған әңгімені елестетуге тырыссын, содан кейін өздері (басқа сөздерді пайдаланып) құрап бір-біріне айтып дағдылансын. Қорытынды бөлімде біз сөздер тізбегін оқимыз, ал олар өз беттерімен байланыс құра отырып, тізбектеп айтылғандарды есте сақтап отырады.

 

«Кезек» ойыны

Сурет, карточкаларды немесе қандай да бір затты кезекке тұрғызу. Мысалы, тіс дәрігеріне, шаштаразға. Балаларды артқа қарап тұруларын сұраймыз да, қандай-да бір затты алып тастап, қайтадан «Кім кезектен қашып кетті?» — деп сұраймыз.

Қайтадан ары қарап тұруларын сұраймыз, карточкалаардың орнын аууыстырып, «Кім кезегін шатастырып алды?» — деп сұраймыз. Содан кейін карточкаларды төңкеріп, «Көбелек қайда ұйықтап жатыр?», «Піл қайда ұйықтап жатыр?» және т.б сұраймыз.

 

«Шкафқа жасыру» ойыны

Сірінкенің бос қорабынан шкаф жасаймыз. Ең қарапайым шкаф: үш қорапты бір-біріне жабыстыру.

Ең күрделі шкаф: 6 қорапты тігінен орнатып және 5 қорапты жалпағынан орнату.

Қандай да бір кішкентай затты, мысал үшін моншақты баланың көзінше кез-келген қорапшаға саламыз. Содан кейін шкафты айналдырып, балалардан сұралады: «Моншақ қай сөресінде жатыр?». Жаттығуды игеру үшін түрлі-түсті заттарды  әр сөреге салуға болады. Сұрақтар: «Жасыл шар қай сөреде?», «Көк түйреуіш қай сөреде?» т.б.

 

 «Басынан баста» ойыны

Жұпсыз суретті карточкалар топтамасы жоғары алынады. Бірінші ойыншы карточканы алып ауызша атап, суретімен төмен қарай қояды. Екінші ойыншы келесі карточканы алып, бірінші карточканы атап, содан кейін өз карточкасын атап, бірінші карточканың үстіне қояды. Келесі ойыншы келесі карточканы алып, бірінші және екінші карточкаларды атап, өзінің алған карточкасын екінші карточкасының үстіне қояды. Осы ретпен барлық ойышылар осылайша ойынды жалғастырып, есінде сақтауға тырысады. Ойынды екі одан да көп ойыншы қатыса алады. Кім де кім карточка ретінен жаңылысса, ойыннан шығарылады.

 

«Көргеніңді еске түсір» жаттығуы.

Бұл жаттығуға дәптер, қарындаштар және секундомер керек. Берілген сурет бойынша оқушыларға бірінші қатардағы суреттерді мұқият қарап алуға нұсқау беріледі.  30 секунд өткен соң суреттерді түгел жайып, көрген суреттерін салу тапсырылады. Салып болған соң, өздеріне салыстыруға мүмкіндік беруге болады. Содан кейін екінші қатардағы суреттермен жұмыс жасауға мүмкіндік беріледі.

Ал соңғы екі қатардағы заттармен бірге жұмыс жасау ұсынылады.

 1-

«Түйме» ойыны

Балалар жұптасып ойнайды. Олардың алдарында екі бірдей түйме жинағы жатыр. Әрбір ойыншыда өз ойын алаңы бар – ол тор көзге бөлінген текше. Ойынды бастаушы өз алаңына  үш түйме тастайды, екінші ойыншы оны қарап, әрбір түйменің орналасуын есте сақтап қалуы керек. Осыдан кейін бірінші ойыншы өзінің алаңын қағазбен жасырып, ал екінші ойыншы өз алаңында бірінші ойыншының түймелерінің орналасуын бұлжытпай орналастырады. Ойында қаншалықты тор көз бен түйме көп болса, соншалықты  ойын күрделене түседі.

 

«Алфавит» жаттығуы

Алфавитті дұрыс және керісінше ретпен айтып еске түсіру керек.

«Сөздік материалды сипаттау» жаттығуы.

Психолог. Қазір мен Сіздерге сөздер оқимын. Әр сөзді естіген соң, сол заттың сыртқы бейнесін, оның иісін, дәмін, ол шығаратын дыбысын көз алдарыңа елестетіңдер. Мысалы: «Тіс пастасы, түсі ақ, жалбыз иісті, ашты дәмі бар» деген сияқты.

Сөздер: қағаз, ұя, мысық,  машина дөңгелегі, таяқ, тұшпара және т.б.

 

«Кәнеки, есіңе түсір!» жаттығуы.

Оқушыларға сұрақтар қойылады. Мысалы: «Бұл ғимаратта неше қабат бар?», «Дәліздегі перделердің түстері қандай?» «Бүгін Мәди не киіп келді?» т.б. Бәрінен нақты жауап берген оқушы жеңімпаз атанады. Бұл ойын бір жағынан баланың зейінінің артуына да көмектеседі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *