Майдангер ақын Әбу Сәрсенбаевтың Ұлы Отан соғысы          тақырыбындағы шығармашылығына арналған әдеби-портреттік кеш

                         Сен құрметте оны!..

(Майдангер ақын Әбу Сәрсенбаевтың Ұлы Отан соғысы          тақырыбындағы шығармашылығына арналған әдеби-портреттік кеш )

Сценарийін жазған:Атырау қаласы,

Ж.Қаражігітов атындағы 16 мектеп-лицейінің орыс сыныптарындағы қазақ тілімен әдебиет  пәнінің мұғалімі Мусаева Әсел Елтайқызы.

 

Мақсаты  -жауынгер жазушы,ақын Әбу Сәрсенбаевтың  Ұлы Отан  соғысы тақырыбындағы шығармашылығынан жас жеткіншектерге отансүйгіштікті,ерлікті  үлгі ету,көркем шығармадағы отты жырларды  жүрекпен оқып,құрметтеуге үйрету және  тәрбиелеу

Кешке қатысты жабдықтар буклеттер,ақынның суреті,жауынгер жазушылар мен жауынгер ақындардың суреті,мультимедиа,шарлар,оқушы шығармашылығынан көрме т.б

Кештің жүру барысы   I.Ұйымдастыру бөлімі

Зал іші шарлармен,соғыс бейнеленген суреттермен,майдангер ақын,жазушы Әбу Сәрсенбаев суретімен безендіріледі.

II Жүргізілу бөлімі(Соғыс жайлы ән үні баяу естіліп тұрады.Сахна сыртынан  «Сен құрметте  оны!» атты өлең оқылады)

Сен құрметте оны!
    Түсіндін, бе, қарағым?
Ол ақшаға сатқан жоқ,

    Тізеден кесіп аяғын.
Еріккеннен ұстап та жүрген жоқ,
Қолтықтағы ұзын таяғын.
Кеше елге қатер төнгенде
Ол жауға қарсы шапты,
Бізді жалмамақ болған ажалды
Өр кеудесімен қақты.
Ол арыстанша алысты,
Өлім соққысын өз үлесіне алды.
Денесін оқ пәршелесе де
Ел намысын қорғап қалды.
Сен құрметте оны!
Түсіндің бе, қарағым?
Сенің келешегің үшін берді ол
Азаттық, жолында аяғын!

Жүргізуші. Иә, «соғыс»деп аттанған, «Жеңіс»деп шаттанған сәттер естен кетер ме?!Сол бір ғаламат құбылыстың көзден кетсе де көңілден кетпейтін өз тағдырына әсер етпеген адамның мүлде жоқтығынан болса керек.Осы дархан тіршілігіміздің өзі сол Жеңістің шапағаты емес пе?Соғыс отына шарпылмаған шаңырақ бар ма?Рас.Соғыс жарасы жазылған.Соғыстан кейінгі түлек те ірге қалап ,отау тіккен.Бірақ біздің бақытымыз үшін құрбан болғандардың жарқын бейнесі жадымызда, жүрегімізде…

 Жүргізуші. Ендеше,Ұлы Жеңістің …жылдық қарсаңында сіздерді осы бір шаттық күнімен құттықтай отырып,  майдангер ақын Әбу Сәрсенбаевтың Ұлы Отан тсоғысы тақырыбындағы шығармашылығына арналған  «Сен құрметте оны!..»әдеби-портреттік кешін ашуға рұқсат етіңіздер.

(сахна сыртынан)   Сен құрметте оны!
Түсіндің бе, қарағым?
Сенің келешегің үшін берді ол
Азаттық, жолында аяғын!

Жүргізуші . Біз құрметтейміз оны!Олар біздің келешегіміз үшін күресті,

Өр кеудесімен бізді жаудан қорғады.Біз құрметтейміз оны!…Қаһарманға қаза жоқ,батырды ажал жеңбейді.Ендеше ерлік пен жыр да өлмек емес.Соғыс тақырыбындағы ән-жырлар осының айғағы емес пе?

Жүргізуші .

Қазақ халқының ұғымында «жау тигендей» немесе «жау шапқандай» деген сөз тіркестері ел басына күн туып, қараспан орнады дегенді білдіреді. 1941 жылы  басталған шапқыншылық елге сондай бүлік әкелді. Ол тұстағы әдебиеттің басты ерекшелігі мүлде жаңа тақырыпқа бет бұруында еді.

Жауынгерлік тақырып бұрыннан бар болатын, қаһармандық деген бұрын да, соң да айтылып жүрген. Бірақ, мұндай үлкен соғысты адам баласы бұрын бастан кешірмегені сияқты , әдебиет де дәл осындай ауқымды тақырыпты меңгермеген-ді.

Соғыстың құны – кесілген білек
Соғыстың құны – тесілген жүрек
Соғыстың құны – лаулаған орман
Соғыстың құны – уланған арман
Соғыстың құны – өртенген аспан
Соғыстың құны – төгілген жас қан….Қадыр Мырзалиев

Жүргізуші. Қазақ ақындары: С.Мұқанов, А.Тоқмағамбетов, Т.Жароков, Ә.Сәрсенбаев, Ә.Тәжібаев,  Ж.Сайн, Д.Әбілов, Қ.Аманжолов, Ғ.Орманов, С.Сейітов, С.Мәуленов және басқалардың бұл кездегі жазған лирикалық өлеңдері азаттық соғысқа аттану, жауды жеңіп, кек алу тақырыбына арналған.Бүгінгі кеш жерлес ақынымыз Әбу Сәрсебаевтың  Ұлы Отан соғысы  тақырыбындағы жырларына арналады.

Жүргізуші . Ендігі кезекті жерлес ақынымыз Әбу Сәрсенбаевтың  Ұлы Отан соғысы  тақырыбындағы жырларына  берейік.

Поэзия минуты

Азаттық солдаты

Соғыс Берлин қақпасының түбінде

Қанқұйлы айқас кеше дағы, бүгін де

Ажылдаған оқ астында қарт солдат

Тым түршіге құлақ тосты бір үнге

Ракеталар, зеңбіректер жар салған

Байқа солдат, ел намысын арқаңнан

Төге көрме, дір етті ме жүрегің

Неге кенет сол қанатқа жалтардың

Ойлаушы едім қайыспайтын нар шығар

Мойрылған ба,жігер жүзі,бар шыдам?

Қасқасымен сүзе жарып әйнекті

Сүңгіді үйге тарғыл алау шарпыған.

Ғажап,ғажап,өрттен нені табады?

Өтпек пе,әлде,жарып жаудың қамалын?

Уа,жоқ,кері шықты солдат жүгіріп,

Шабдар шашты құшақтап бір баланы.

Неміс сәби жабысқанда төсіне,

Алды солдат өз бөбегін есіне:

«…Мүмкін сенің әкең шығар ұлымды

Отқа тастап,оқ атқан да төсіме…

Бірақ сенде күнә қанша,нәресте,

Құлағың сал,мынадай бір кеңеске:

«Бізге найза көтергендер— найзаға

Түйреледі, бөбек, соны ал еске!

 Жүргізуші.Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, ақын Әбу (Әбуғали )15.,10.1905 жылы Атырау  облысының, Құрманғазы (бұрынғы Теңіз) ауданындағы Мақаш ауылдық аймағының Алға ауылында туған.

Төңірекпен болыпты әкем силасты,

                                  Жамандықты тірі жанға  қимапты.

Әкем маған ұлы Гомер айтқандай

                                  Туған күн-ақ ғажап есім силапты.

 

«Әбу-Ғали-сина» атапты,

не сәбише қызығып,

Ғұламаны таныды әлде шын ұғып,

Арманшыл жан күткен шығар менен де

Есіміме лайықты ұлылық!- Менің ұям

деп ақын өзі жырлағандай,оның ұлылығы өлең-жыраларынан танылады.

Жүргізуші. Әбу Сәрсенбаев 1927 жылға дейін балық өндірісінде жұмыс істеген. Астрахань Кеңес – партия мектебінде (1929), Алматыдағы Комвузда Коммунистік жоғарғы оқу орнын бітірген (1934).

1930-32 жж. «Еңбекші қазақ» газетінде әдеби қызметкер.1934-36 жж. қазақ тілінде «Темір жолшылар» газетін ұйымдастырып, сол газеттің редакторы. 1942-1943 жылдары Ташкенттегі Әскери Педагогикалық институтында оқыған. Соғысқа дейін «Түрксиб» газетінің редакторы, Қазақ

Мемлекеттік баспасын басқарған. 1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында әскери тілші ретінде бастан аяқ қатысады.

                            (Сол кезді суреттейтін видео)

Жүргізуші.Майданда әскерлер қатарында жауға қарсы соғысқан ақын Әбу Сәрсенбаев өлеңдерінің көбі майдан тақырыбына арналады.Жауынгерлердің майдандағы жаппай ерліктеріне ақын халқымыздың ұлылығын,батырлығын көреді.Туысқан халықтардың соғыстағы жан қиярлық ерлігін достық сезім мен жыр етеді.Жауды тезірек жеңіп ,Украинаның қайтадан шаттыққа бөленуін тілейді.

Ән  «Егемен Қазақстан»

Поэзия минуты   «Мазасыз  Украина түні»    Мазасыз Украина түні! 

Түн түнеріп,

Тағы да төбемнен түйілді.

Ай мен жұлдызды  артына жасырып,

Түн қара түнегін киінді.

Қатерлі өлім  көлеңкесі

Менің жүзіме   үңілді.

Мазасыз Украина түні…

Мен окопта отырмын,

Батыстан алмай  көз қырын,

Тынысымды ішке  тартып,

Тыңдаудамын

Әрбір жапырақтың сыбдырын.

Тіміскілеген сұм  ажал!

Сұм ажал – төңірегім.

Мен окопта отырмын.

Бүгін естілмейді
бұлбұлдың жыры,

Тек мазасыз   зеңбірек күркірі,

Жаралы алыптай  теңселуде,

Бауырдай жыртылып

Украина қыры,

Қызыл нүктелер  көкке көтерілуде

Оның денесіне  ыршыған

Ыстық қан   тәрізді.

Бүгін естілмейді бұлбұлдың жыры.

 

 Экраннан слайд Жеңіспен оралған ақын 1947-1953 жылдары Қазақ мемлекеттік оқу педагогикалық баспасының директоры қызметін атқарған. Қазақстанның халық жазушысы. 1936-42 жылдары Қазақ мемлекетінің біріккен баспаларында директор, бөлім меңгерушісі.Әдебиеттегі алғашқы қадамын өлең жазудан бастаған. Әбу Сәрсенбаевтың «Еділ толқыны» атты тұңғыш дастаны (1938), «Жүрек сиы» (1938), «Ант» (1939) жыр жинақтары оқырмандар көңілінен шығып, жазушылар қатарына қабылданды. Майдан тақырыбына жазылған «Ақша бұлт (1947) өлеңдер жинағы солдат сағынышының нәзік иірімдерін, «Ұлым туралы ой» (1949) дастаны әке толғанысын бейнелейді. «Ақырғы гранаталар» (1977) дастаны, «Қасиетті махаббат» (1987) дастандар жинағы қазақ поэзиясын көркемдік тұрғыдан байытты. Соғыс майданы өмірін жан-жақты көрсету арқылы бейбіт өмірді насихаттау мақсатымен  Ә.Сәрсенбаев прозалық шығармалар жаза бастайды. «Офицер күнделігі» (1960) (майдандық газеттерде басылған новеллалары), «Жауынгер монологы» (1970), «Батырлардың ізімен» (1974) деректі әңгімелерден тұратын жинақтары алапат соғыстың ел басына түскен ауыр зардабын, қаһармандық көрсетіп даңққа бөленгендер мен сол соғысқа ерлікпен көз жұмған жандар жайлы сыр шертеді.

Поэзия минуты

Майдан мергенінің монологы

Хат жолдадым Қалқашқа.

Қалқашым қалды Балқашта.

Тілекші болып  күтеді ол,

Батыстан көзін   алмастан.

Мен жүремін майдан шебінде,

Тарастың туған елінде.

Құлақта Кобзарь  талабы:

«Ұландар жауды   қуындар!

Өздерің кейін шегінбе!…»

Дұшпанға тосып арқасын,

Шегіну ауыр, арға сын.

Жеңіспен бізді  күтіңдер,

Екі ана, ерке   Қалқашым.

 Жау пистолеті

Кеше ғана жау қолында

Оқ боранын төктің маған

Аласұрып өңешіңнен

Ажал құштың жалындаған

Өшірмекші болдың менің

Өмірімнің шырағданын

Төкпек болдың жүрегімнің

Нарттай қызыл ыстық қанын

Тәтті өмір тартысында

Әруағым болды басым

Қанға құмар қожаңның мен

Иығынан үздім басын

Қазір үлкен алақанның

Жатырсың сен аясында

Айналдырсам болар еді

Жүк атының тағасына

Солдат

Солдат қарлы окопта жатты!

Қатерлі майдан даласы.

Мейрімді анадай үніле қапты

Ту сыртынан туған қаласы

Ал алдыңғы шепті

Ажылдаған ажал минасы жапты

Солдат қарлы окопта жатты

Граната, граната

Оң қанаттан танк келіп қалды

Бұл кім, дауысы неткен күшті

Солдат басын көтеріп алды

Жүрегі дір етті де, бұға түсті

Ал оның бір білегін

Бір жалын жалап ұшты  Граната, граната!

Сенің суретің

Соғыс жолы батысқа барады ұзап

Сағат сайын солдатта жаңа тұрақ

Сен менімен біргесін, сәулем, мәңгі

Ара шалғай  болсада сонша ұзақ

Қатер  күшті

Жау оғы тынбай ұлып

Окобымның кемерін өтеді ұрып

Бірақ сенің суретің жүрегімнің

Тұсында тұр өмірдей жарқын күліп

Көз алдымнан  кеткен жоқ бейнең сенің

Тұрсадағы өмірден таяу өлім

Төс қал қалтамда сақтаулы суретіңнен

Рухтанды сезімпаз кеудем менің

Өшпес жалын

Аппақ алау, зираттағы ақ жалын,

Жауынгердің   аңғартатын ақ жанын,

Маздайды олар  мәңгі тынбас жүректен

Арманыңа жалғап  адал арманын.

Жалын, жалын, жалғасы бар тіршілік,

Емес олар ақ алаулы бір шыбық,

Кілт үзілген көп  арманды көтеріп

Мың кеудеден  келеді бір күн шығып.

Саған қиып өміріңнің қызығын,

Көз ілместен   тұрады олар күн ұзын,

Оқимын мен от өрнектен  сонау бір,

Теңдесі жоқ қаһармандық  жыл ізін.

 Бұл не сыр

Білуге біз болдық асық

Іздедік, екінші бір дөңнен асып

Фашист сұмдар селонын  бүкіл жанын

Терең сайға иіріп, кеткен атып

Бүлдіршіндей арулар балғын бөбек

Жазықсыз өр кеудесін оққа төсеп,

Шомылып дариядай жатыр қанға

Туған жер топырағын етіп төсек.

Өлім ойпаты

Кескілескен айқаста жауды жеңіп,

Таң алдында үлгердік селоға еніп

Ақ теректер омырылып, ақ қабырға

Хаталарды өтіпті жалын көміп

Өртті өшірдік,

Таң да атты, ертеңгі алты

Қайда кеткен селоның тұрғын халқы

Нан мен тұз, сүт пен сусын, қызыл  гүлін,

Ұсынатын бар еді ата – салты

 Атырау

Қош, еркін кәрі Атырау толқындары,

Ақынның қиялындай толқымалы .

Көгілдір жоталарың көкті сүзіп,

Кемерден тұрсың тасып толқығалы.

 

Көбігің көтеріліп көк жүзіне,

Тәкаббар ұмтылғандай күн көзіне.

Халықтың бойындағы қаҺар күзі

Тоғысып тұрғандай-ақ бір өзінде.

 

Майданның дабылына үн қосқандай,

Тулаған жанымменен сырласқандай ,

Тұңғиық жүрегімнің күй пернесін

Толқыта түптен тартып жырлатқандай.

     Солдат монологы

Солдат қарлы окопта жатты!

Қатерлі майдан даласы.

Мейрімді анадай   үңіле қапты

Ту сыртынан туған  қаласы.

Ал алдыңғы шепті

Ажылдаған ажал   минасы жапты!

Солдат қарлы окопта жатты!

–        Граната!   Граната!

–        Оң қанаттан
танк келіп қалды! Бұл кім,

Дауысы неткен күшті!

Солдат басын көтеріп алды.    

 

Солдат шинелі

Шинель, шинель

Сұрапыл кезеңдерде

Ту тігіп, талай хутор, селендерге

Сызды окопта ажалдың алдын торып

Оқ астында сүңгідік өзендерге

Сеңмен бірге сең болып жүзіп те едім,

Кейде батып, кей сәтте  биіктедім

Етегіңде сыңғырлап Ақ маржандар

Аязды кеш бойымды иілтпедің

Дүр сілкініп, Маржанның тастап бәрін

Кештім майдан қырының аппақ қарын

Өзің мұз боп қатсаңда, сұр шинелім

Жүрегімнің жылуын сақтап қалдың

Жүргізуші. Әбу ағаның өлеңдерінің ішінде партизандардың ерлігін  жырлауға арнағандары да бар.Ақын ержүрек партизандардың  жауға тұтқиылдан тиіп ,оны қару-жарақ пен адам күші жағынан әлсіретіп,Кеңес әскерлеріне көмек көрсеткен ерліктерін жырлайды.

Партизандар жыры

Басынба дұшпан, дандайсып

Сәтсіздікке кездессем

Мен мезгілше сүрініп

Сен бұл жолы дәндесең

Қатуланса қабағым

Түнеріп бейне қатардай

Ашынған жанның жалынын

Алып бір шығар найзағай

Шапшыса асау қызыл қан

Көкірегімнен тасқындап

Ол жеңістің символы

Демек, бізде болашақ

Басынба, әзір сүрінтсең

«Баянды болар табыс»- деп

Жетелер бізді жеңіске

Төгілген қан мен намыс, кек!

 

Жүргізуші.Жазушының «Жауынгер монологы»шығармасынан үзінді тыңдап көрелік.

  Би « Морячка»              

Жүргізуші.   Әбу де, оның інісі Харыс та сұм  соғыстың кермек дәмін тартқан. Отан үшін отқа түскен, зулаған оққа көкірегін тосқан. Әулеттің қос бірдей ұлы соғысқа аттанған сәтте олардың соңында  бір қыз, бір ұлдан қалған екен. Әбу Сәрсенбаевтың  Дәрмен атты ұлы, Райхан атты қызы жазушы  шаңырағының  отын маздатып қала беріпті. Ал Харыстың үйінде Шолпан және Жамбыл атты қос бүлдіршіннің қос жанары жәудіреп отырыпты. Әбу де, Харыс та соғыстан аман оралады. Бірақ қос шаңырақтың қос ұл олар оралғанша дүниеден озады. Дәрмен мен Жамбыл әкелерін асыр салып қарсы ала алмайды.

Ендігі кезекті  Минаж Сәрсенбаев естелігіне  берейік.

Менің балалық және жастық шағым атамның өте мұқият қамқорлығымен өтті. Ол менің тәрбиеме көп көңіл бөлді. Оқушы кезімде ол мені жанынан бір елі тастамайтын. Тіпті жол сапарға шықса да ертіп кететін. Атаммен бірге Мәскеу, Ленинград, Қырымға дейін бірге қыдырып барған кездерім әлі күнге дейін көз алдымнан кетер емес.
Атамның үйі қонақтан босамаушы еді. Біз қалжыңдап,
«біздің үй – аула» дейтінбіз. Қонақтардың біреуі кетіп үлгермей, екіншілері келіп жататын. Олардың кейбірін біз танымайтын да едік. Дегенмен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Қажым Жұмалиев, Қасым Аманжолов, Тайыр Жароков, Жақан Сыздықов, Төкен Әбдірахманов, Жәрдем Тілеков, Қуандық Шаңғытбаев, Сырбай Мәуленов, Сафуан Шаймерденов, Қабдікәрім Ыдырысов, Қасым Тоғызақов, Әбдіжәмил Нұрпейісов, Тахауи Ахтановтар біздің үйдің қадірлі қонақтары болатын. Ал атамның жақсы көретін достары – Хамит Ерғалиев пен Зейнолла Қабдолов үйге күн аралатып келіп тұратын. Кіші буын өкілдерінен Жұмекен Нәжімеденов, Асқар Сүлейменов, Мұқағали Мақатаев, Зейнолла Серікқалиев, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Сәтімжан Санбаевтар Бабажан (біз Ләзиза анамызды осылай атайтын едік) жайған дастарқаннан талай мәрте дәм ауыз тиді.
Бұл отырыстарда тек әдебиет мәселесі ғана сөз болмайды. Қазаққа қатысты дүниенің барлығы ортаға салынып, оларды шешудің жолдарын қарастыратын.

 

Жүргізуші. Иә,Әбу аға майдан туралы жырлады,соғыс туралы сыр шертті,жеңіс туралы шаттанды.Өйткені оның өзі-майдангер.

 Поэзия минуты

                   («День победы» әні  баяу естіліп тұрады )

 

Жеңіс, жеңіс!    Асқар ғой жеңіс деген!

Жас шағымды сыйладым жеңіске мен.

Төрт   ғасырдай шұбалған бұл төрт  жылда

Қасірет уы қалды ма мен ішпеген?

Мен жауынгер,

Білмеген тынымыңды.

Күлкімді де,  Қидым мен қызығымды.

…   Жаншыды жас  сананы.

Көрем деп пе ем, мен бұндай масқараны.

Жиырмасыншы  ғасырда,

Жүргізуші.Ақын  осылайша  халқымыздың  Отанға деген сүйіспеншілігін ақындық шабытпен жырлайды.

…….   Жеңіс, жеңіс!

Ал міне жеңіс деген

Көшелерді   тоғытқан тегіс өлең.

Би толқиды,  Венаның алаңында

Мол қуаныш, мол күлкі бөліспеген.

Кездер, кездер,  Күлкі, жас араласқан,

Билей бермек жұрт таңға тарамастан.

….   Салют,

Алуан шұғыла түнді іреген,

Алдымда қыз ақ  гүлдей үлбіреген.

….   Мен жеңіспін!

Әкелдім қызықты күн.

Ажалдан да келмеді жүз ықтырғым.

Әділетті әлем,  Күлкіңді қорғап сенің

Сол ту тіккен шыңымда биік тұрмын!

                                     Ән. « Жойылсын жалғыз сөз «соғыс»  деген»

Жүргізуші.  Әбу Сәрсенбаев өзінің соғыс және соғыстан кейінгі кезеңдегі достары жайында естелік жазумен шұғылданды. 1985 жылы 80 жылдық мерейтойы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында және өзінің туып өскен жері –ол кездегі Гурьев облысының  Теңіз ауданында кеңінен аталып өтілді.

III  Қорытынды .

Қаһарман халқымыз жаумен жаралы жолбарыстай алыса жүріп ,үлкен Жеңіске қол жеткізді. «Жеңіс» деген құдіреттің соры ащы болса да,дәмі тәтті екенін осындай отты жырлардан білеміз.

Қызу қанды майдангер ол намысты,

Жауға қарсы жан аямай алысты.

Жырларынан нәр аламыз халықтың

Батыр ақын Әбу ата арыстың.

Ақиық  ақын,майдангер  Әбу Сәрсенбаев- әдебиетіміздің қақ ортасынан ойып тұрып орын алатын тұғырлы тұлға. Өйткені бүкіл ғұмырын қастерлі  қағаз  бен қасиетті қаламға арнап өткен қаламгердің есімі  жырларымен  мәңгі жасайды.

Жүргізуші. Соғыс тақырыбы, соғыс пәлсафасы барлық халықтар әдебиетінің бірден-бір мәйекті тақырыбы болды. Бұл соғысқа өз көзқарасын білдірмеген әдебиет пен көркем шығарма кемде-кем еді.Қазір өз алдымызға мемлекет болсақ та, тәуелсіз ел болсақ та ол кездегі Кеңес Одағы барлық халықтардың ортақ мемлекеті болып есептелетін. Батыстан шапқан жау шығыстағы елге де шабуыл жасағанмен бірдей еді. Сондықтан соғыс жайы, ол кездегі әдебиет сол достық Одақ тұрғысынан қаралады.

                                    (Ән. «Бейбітшілік сақталады»)

Жүргізуші.Құрметті ұстаздар,оқушылар!Осымен көріп тамашалаған кешіміз аяқтала келді.Көңіл қойып тамашалағандарыңызға рақмет!

[bws_related_posts]

 

 

 

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Яндекс.Метрика