Махаббат — өмір өзегі

loveЖақсы № 1 орта мектебі

Тақырып:  Махаббат — өмір өзегі

Ғазез Ж.С  

Құндылық: Сүйіспеншілік. Қасиеттер: Жақсылыққа ұмтылу, пейіл мен ниет тазалығы,адалдық, сенім, мейірімділік, адамгершілік.

 

Сабақ мақсаты: Риясыз сүйіспеншілікпен ғана өмір мәнді болатынын оқушыларға ұғындыру.

Міндеттері:

—          Оқушыларға күллі тіршілікке сүйіспеншілікпен қараудың мән- мағынасын түсіндіру;

—          Жақсылыққа ұмтылу, пейіл мен ниет тазалығы, адалдық, сенім, мейірімділік, адамгершілік қасиеттерін дамыту;

—          Оқушыларды өз Отанын, жақындарын, достарын, айналасындағы адамдарды, табиғатты сүюге, ата-анасын Риясыз сүйіспеншілікпен жақсы көруге тәрбиелеу.

 

Ресурстар:(құралдар, мәлiметтер) слайд,өлеңнің аудиодискісі
Сабақ барысы:

  1. Ұйымдастыру кезеңі.

Тыныштық сәті.    Нұрға бөлену

  Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.

Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды  шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.

Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің  қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз  нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.

Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз  тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.

Нұр бірте-бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша  түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын.

Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын… Ғаламның барлық түпкір-түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен Нұрмын».

Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде  отыра тұрыңыз…

Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем  сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.

Жаймен көзіңізді ашуға болады.

Рахмет.

Оқушылар өз әсерлерімен бөліседі.

 

  1. Үй тапсырмасын тексеру (мәтінмен жұмыс).

Үй тапсырмасына №9 тақырыптағы         Р.Рождественскийдің «Махаббат шуағы» өлеңінен алынған үзіндіні мәнерлеп оқып, мазмұнын түсіну. Мәтін бойынша пікір алмасу сұрақтары:

  1. «Махаббат нұрынан бастау ап жөнелдің» дегенді  қалай түсінесіңдер?
  2.  Жүрегің махаббат нұрына бөленді ме?
  3. Махаббат шуағын кімдерге арнайсың? Неліктен?
Сабақ барысын талдау:
  1. Дәйексөз.

«Сүйіспеншілік  — жүректен».

Ш.Құдайбердіұлы

(оқушылар талдап болғасын  2 рет қыздарға айтқызу  2рет ұлдарға айтқызу. Барлығы бірге   4рет айтып шығады)

  1. Әңгімелеу.

Көктем сәні

Балтабай Әділов

  Таң атты. Барлық жан-жануарлар ұйқыдан оянды. Қартайғандікі ме, аң патшасы Арыстан кешеуілдеп тұрды. Керілді, созылды. Айналаға көз салады. Дала жайнап тұр екен. Көңілденіп сала берді.

-Жар салдыр,-дейді Жолбарысқа. – Аң біткен жиналсын!

Арыстан үйшігінің алдына аң біткен шүпірлеп толып кетті.

-Бәріңе бір сұрақ беремін,- деді Арыстан, жиналғандарға  жағалай қарап алып. – Көктем сәні неде?

-Жасыл желек,-деді Ақбөкен.

-Тоғай,-деді Қоян.

-Тау мен тас,-деді Арқар.

-Дала,-деді Қасқыр.

-Ашық аспан,-деді Түлкі.

Салқын самал,-деді Бұғы.

-Еңбек,-деді Піл.

-Шалқыған көңіл, деді Аю.

-Шаттық,-деді Керік.

-Күлкі,-деді Борсық.

-Жігер,-деді Қодас.

-Шуақ,- деді Саршұнақ.

Аңдар айтып біттік дегендей, іркіліп қалады. Арыстан оқты көзімен үнсіз отырған Елікке қадады:

-Сен неге үндемейсің?

Елік лып етіп орнынан тұрады да, Арыстанның  алдына келіп:

Тақсыр! Мен айтатын ештеңе қалған жоқ. Меніңше, көктем сәні-осы  айтылғандардың  бәрі. Солардың бәрін қоссақ, көктемнің сәні шығады.

Еліктің  сөзіне бәрі қол соғып, риза болды. Аңдар көңілді тарасты.

Сұрақтар:

  1. Аңдардың табиғатқа деген көз қарасы қандай?
  2. Елік табиғат сұлулығын  қалай бағалады?
  3. Табиғат сұлулығы қандай сезімге бөлейді?
  4. Табиғатқа  деген сүйіспеншілік сезімдеріңді  қалай білдіресіңдер?
  1. Шығармашылық  жұмыс, топтық жұмыс.

1-тапсырма: Фильмнен үзінді көру, ойларын айту.

Сұрақтар:

  • Ата-анаң жүрек жылуын сізге қалай берді?
  • Сіз  өз ата-анаңа деген махаббатыңды қалай жеткізесің?
  • Ата-аналарыңа қамқорлықты қалай беруге болады?
  • Бұл түйіннен қандай  ой қорытасыңдар?

(оқушыларға таспаны  тыңдатып болғасын тапсырма беріледі)

2-тапсырма: Анамызға арнап, өзіміздің ішіміздегі білдіре алмай жүрген риясыз сүйіспеншілігімізді  хат арқылы жолдайық. (Балалар  хатты сыныптағы почта жәшігіне салады. Сол хаттарды ата-аналар жиналысында беріліп,  аналары өз ойлары мен бөліседі).

3-тапсырма: Оқушыларға махаббат, сүйіспеншілік ұғымдарына сәйкес келесі өлең жолдарын толықтыруды ұсыну.

(Балалар шығармашылығы)

1-ші топқа

Отан

………………………….елімді,

………………………..жерімді.

……………………… даламды.

……………………….. Отанды.

2-ші топқа

Табиғат

…………………………… қатты,

……………………… табиғатты.

………………………… аңдарды,

……………………….. бауларды.

(Өз шығармашылығымнан айтып беру)

Отан

Қорғаймын мен елімді,

Кең байтақ өлке жерімді.

Көсіле жатқан даламды.

Сатпаймын мен Отанды.

 

Табиғат

Жер ана бізге үн қатты,

Қорғаңдар әсем табиғатты.

Қорғап, сақта аңдарды,

Күтіп, бапта бауларды.

 

  1. Топпен ән айту.

Ана туралы жыр

Әлемнің жарығын сыйладың сен маған.

Даланың әр гүлін жинадың сен маған.

Сен бердің құстардың қанатын самғаған,

Балалық құштарым өзіңе арналған.

 

Қайырмасы:

                      Әлдилеп, аялап, өсірген жемісін,

     Самал жел, сая бақ құшағың мен үшін

                      Есейіп кетсем де мен саған сәбимін.

       Көңіліңді көктемдей көзіңнен танимын.

Өтеуге борышың, анашым, жан сырым.

Іздедім сен үшін әлемнің асылын.

Әлемнің байлығын сыйлар ем, кеш мені,

Сыйлар ем ай, күнін, қолыма түспеді.

Қайырмасы:

 

Ете гөр қанағат, әзірге берерім,

Балалық махаббат, балалық жүрегім.

Бол риза, анашым, қолдағы осы бар,

Өзіңе арналған әнімді қосып ал.

  1. Үй тапсырмасы.
  1. №9 сабақ, Жұмыс дәптерінде  берілген 1,2-ші тапсырманы орындап келу.
  2. №10 сабақ, оқулықтың 39 бетіндегі А.Самиғоллаұлының «Махаббат мәні» өлеңін жаттап келу.

 

  1. Соңғы тыныштық сәтi.

Баяу әуен қойылады.

Көзімізді жұмып, еркін жайғасайық. Енді, бүгінгі өткен сабағымыздан нені түсіндік, қандай жақсы нәрселерді үйрендік, өзімізге нені алдық сол жөнінде ойланайық. Осының барлығын жүрегімізге салып, көкейімізге түйіп алайық.  Жайлап, көзеріңізді ашуға болады. Бүгінгі керемет сабақ үшін сіздерге көп рахмет!

 

 

 

[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *