Мақала: Медициналық лексиканы оқыту барысында студенттің өзіндік жеке тұлғалық қасиетін танытуы

 Медициналық лексиканы оқыту барысында студенттің өзіндік

жеке тұлғалық қасиетін танытуы

 

Медицинадағы терминдік лексика қоғам тарихымен, оның ішіндегі тіл тарихымен бірге қалыптасты. Орта Азиядан шыққан ғұламалар Әбу Насыр Әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина медицина терминдерінің негізін жасады. Қазіргі қазақ тілінде атаулық және әрекеттік мәндегі терминдер, сөз тіркестері, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер саны толыға түсуде.

Қазақ тілі пәні оқытушыларына болашақ медицина саласы мамандарын  оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздерін  дұрыс анықтау көзделген нәтижеге жеткізбек. Сабақ барысында ұтымды  әдіс-тәсілдерді, жаңа технологияларды қолдану барысында мұғалім оқушылардың өздері таңдаған мамандығына деген қызығушылығын оятуды әрдайым басты мақсат етіп қоюы тиіс.  К.Д.Ушинскийдің сөзімен айтар болсақ, «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады».

Болашақ мамандардың  термин мүмкіндігін қамтитын медицина атауларын қолданып, көпшілікпен медицина тілінде еркін қарым-қатынасқа түсуіне үйретіп, дағдыландыру мұғалімнің тәжірибесіне тікелей байланысты. Фразеологизмдерді, мақал-мәтелдерді, қанатты сөздерді неғұрлым көбірек оқытуға мүмкіндік беретін  сабақ  жоспарын құрастыруға білікті мұғалімдер үлкен мән береді.

Біздің  пайымдауымыз бойынша,  «Дәріханашы» мамандығы сабағында «Дәрі шөптен шығады, дана көптен шығады», «Аурудың жақсысы жоқ, дәрінің тәттісі жоқ» тәрізді  дәрілік шөптерге қатысты мақал-мәтелдерді, нақыл сөздерді эпиграф етіп алу  –  оқушылардың    ойын бірден сабаққа бұрып, жинақтауға ықпал етеді. Сондай-ақ, К. А. Тимирязевтің «Өсімдіктер жақсы өссе – адамдардың тіршілігі жақсармақ, өсімдіктер солып қалса – адамдарға да қатер төнгені» немесе қытай дәрігері Шин Нонның «Дененің қуаты – өсімдік шырынында» деген қанатты сөздерін сабақта пайдалану     болашақ  дәріханашылардың өсімдік түрлерін танып білуге  деген  қызығушылығын да оятады.

Сабақтың ұйымдастыру кезеңінде оқушылармен болашақ мамандықтары жайында шағын сөйлесім өткізу де қолайлы. Әр сөйлемді бірнеше рет қайталатып жатқа айтқызу керек.

Мысалы:

–Сендер болашақта қандай мамандық иесі боласыңдар?

–Біз дәріханашы боламыз.

–Ал, дәріханашы қандай болуы қажет?

–Ұқыпты, жинақы, тиянақты, т.б.

Сабақ барысында мәтінді жан-жақты талдау, кәсіби сөздермен  жұмыс істеу, оларды орыс тіліндегі нұсқаларымен салыстыра оқыту оңтайлы нәтиже береді. Орыс тіліндегі малина, календула, шиповник, клюква, одуванчик, барбарис, мать и мачеха, белая береза  тәрізді өсімдіктер атауларының  қазақша баламалары таңқурай, қырмызыгүл,  итмұрын, бақбақ, мүкжидек, зирек, өгейшөп, ақ қайың екенін оқушылардың өздері анықтауы керек. Осы өсімдіктер туралы  мәліметтерді қазақ тілінде жеткізуге  жағдай туғызу  дұрыс. Соның нәтижесінде оқушылар өздігінен ізденіп  жаңа материалды меңгереді.  Бұл мақсатты жарнамалық шағын рөл көрсету тәрізді ойындар арқылы да жүзеге асыруға болады.

Қазақ тілі сабақтарында  қарапайымнан күрделіге көшу тәсілі ұтымды. Мұнда оқушы жоғары өрлеу сатысы әдісімен жұмыс істейді: белгілі сөздерді игере отырып, олардан сөз тіркестері мен сөйлемдерді құрастырады, сөйлемдерден мәтін жасайды. Соңында мәтіннен сұхбат құрастырады.

Жаңа сөздерді игеру барысында оның мән-мағынасына тоқталу оқушылар үшін қызықты. Мысалы, өгейшөптің орысша баламасы мать и мачеха екенін айтып, оқушылардан «Неліктен бұл шөп осылай аталады? Қалай ойлайсыңдар?»   – деген сұрақ қою олардың қызығушылығын оятып, ізденуіне ықпал етеді. Дұрысында, шөптің қазақша «Өгейшөп», орысша «Мать и мачеха» деген атауы оның жапырағының екі жағының бір-біріне қарама-қайшы құрылымына байланысты қойылған. Өйткені, жапырағының үстіңгі жағы  жылы да жұмсақ болса, ішкі жағы  суық та бұжыр болады. Осы айырмашылықты оқушы айтып бере алса сабақтың нәтижелігі бірден білінеді.

Кәсіби лексиканы игертуде теория мен практиканы байланыстыру да қолайлы. Мысалы, дәрілік шөптерді  суреттерден және бейнефильмдерден көрсетумен шектелмей, оқушылардың қолына ұстатып, дәмін татқызып, иісін сездіртіп, өз ойларын қазақ тілінде жеткізуге талпындыру керек. Егер осындай жағдайда түймедақ гүлі пайдаланылса, оқушы оның түсі, иісі  жайында айтады да, әдемі, ақ, хош иісті, пайдалы деген сөздерді қолданады.

Сабақта дәрігер мен науқас арасындағы рөлдік қарым-қатынасты бейнелейтін бейнекөріністі қолдану тиімді. Алдымен, теледидар арқылы көрініс тұтастай көрсетіледі. Соңынан дәрігер мен науқастың сөздері жазылған парақшалар оқушыларға таратылып, дәрігер мен науқас рөлдерін ойнайтындар белгіленеді.  Бұдан соң теледидардың дыбысы  сөндіріліп, бірі дәрігер, екіншісі науқас рөліндегі екі оқушы тек бейнекөрініске қарап отырып, парақшадағы сұрақ-жауап жазылған диалогты кезектесе оқиды. Бейнекөріністегі дыбысты қайта қосып, оқушылардың мәтінді дұрыс немесе бұрыс айтқанын тексеріп отыру керек.

Рөлдік ойын кезінде мәнерлеп оқыту әдісі бірнеше рет қайталанады. Қайталау арқылы сөйлемдер есте сақталады. Диалогты монолог түріне ауыстыру оқушылардың өз білімдерін бекітуге негіз болады. Осылайша оқушылардың бірі дәрігер, екіншісі науқас рөлінде сөйлесуі белгілі бір ауру түрін анықтауға да мүмкіндік береді.

Бейнежазба оқушыларды медицина лексикасы бойынша сөйлеуге үйретуде,  олардың коммуникативтік сөйлеу әрекетін жетілдіруде тиімді құралдардың бірі болып табылады.

 

 Дана Қаниева,

ИнЕУ жоғары колледжінің  қазақ тілі пәні оқытушысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *