Оқылым дағдысын меңгерту жолдары

ОҚО Мақтарал ауданы т рыскулов ЖОМ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Калиева Мейрамкул

 Оқылым дағдысын меңгерту жолдары

Оқылым рецептивті (қабылдаушы) дағдылар қатарына жатады.

Оқылымның мақсаты – мәтіндегі негізгі және қосымша ақпаратты әртүрлі деңгейде қабылдауы және түсіне білуі.

 

Оқылымдағдылары:

  • Мазмұнын түсіну үшін оқу немесе көз жүгіртіп оқу – мәтіндегі жалпы идеяны түсіну үшін тез оқып шығу.
  • Нақты ақпараттарды табу үшін оқу – мәтін ішіндегі ақпараттарды тауып алу үшін оқу. Бұл дағдыда тұтас мәтінді түсініп оқу, мазмұнын білу маңызды емес. Мысалы, мәтіннен қажет пайыздық көрсеткіштерді, жылдарды немесе қажеттісөздерді тауып алу.
  • Детальді түрде оқу – әрбір сөздің мағынасын түсіну үшін мәтінді сөзбе-сөз оқу. Мысалы, келісімшарттағы талаптарды немесе нұсқауларды түсіну үшін сөзбе-сөзоқу.

Сөз мағынасын мәнмәтіннен ажырату – мәтін ішіндегі таныс емес сөздің мағынасын түсіну (болжау) үшін, оның айналасындағы сөздер мен сөйлемге назар аудару.

  • Мәтін құрылымын түсіну – мәтін құрылымының ұйымдастырылуын түсіну. Мысалы, кіріспе бөлім, негізгі бөлім, қорытынды бөлім.
  • Болжай білу – оқылым тапсырмасы алдында қолданылатын тәсіл. Оқушылар мәтінді оқымас бұрын оның мазмұны мен көтеретін мәселесі жөнінде ойланып, талқылап көреді. Ол үшін олар мәтін тақырыбына, тест оған берілген суретке қарап болжай отырып, сол тақырыпта өз білімдерін қолданады. Бұл тәсіл мәтінді оңай түсінуге көмектеседі.
  • Мәтін түрлерін ажырата білусипаттау, хабарлау, талқылау.
  • Экстенсивті оқылым – үлкен көлемді мақала немесе шығармаларды (роман, әңгіме) оқу.
  • Интенсивті оқылым – мәтіндегі сөйлемдердің грамматикалық құрылымын, белгілі бір тақырыпқа арналған сөздерді талқылау үшін оқу. Мұндағы мақсат оқушылардың тілді дұрыс қолдана білудегі білімін арттыру.

 

Оқылымға арналған сабақ құрылымы:

  • Оқылым алды тапсырма– мәтін тақырыбын ашуға бағытталған жаттығулар, сөздерді алдын ала үйрету, мәтін мазмұнын болжауға байланысты сұрақтар қою.
  • Оқылым тапсырмасы– әртүрлі оқылым дағдыларын дамытуға арналған жаттығулар (сұрақтар). Алғашқы жаттығулар жалпы мазмұнын түсінуге бағытталса, кейінгі жаттығулар нақты ақпаратты табуға арналуы тиіс.
  • Оқылымнан кейінгі тапсырма– мәтінде көтерілген мәселеге, ақпараттарға байланысты талқылау сұрақтары. Мұндағы сұрақтар олар үйренген жаңа сөздерді, ұғымдарды қолдана отырып, жауап бере алатындай ұйымдастырылуы қажет. Сонымен қатар сұрақтар оқушылардың өмірлік тәжірибесімен де байланысып, өз көзқарастарын білдіруге мүмкіндік бере алатындай жасалуы керек.

 

5-сыныптың «Киім. Сән. Талғам» бөліміне бөлінген оқылым мақсаттары:

5.2.3.1 – жарнама құрылымы мен ресімделуі арқылы жанрлық ерекшеліктерін ажырату;

5.2.5.1 – мәтін  мазмұнын түсінуге,  нақты ақпараттарды анықтауға бағытталған сұрақтар құрастыру.

7-сыныптың «Көшпенділер мәдениеті бөліміне бөлінген оқылым мақсаттары:

7.2.3.1 – Хроника құрылымы мен ресімделуі арқылы жанрлық ерекшеліктерін ажырату;

7.2.4.1 – идеясы ұқсас публицистикалық және көркем  әдебиет стиліндегі  мәтіндердің тақырыбы, құрылымы, мақсатты аудиториясы, тілдік ерекшелігін  салыстыра талдау.

7-сынып бойынша тапсырма үлгісі

Оқылым алдындағы тапсырма

Талқылау сұрағы:

  • Публицистикалық стиль мен көркем әдебиет стилінің айырмашылықтары қандай?

Оқылым тапсырмасы

Екі мәтінді салыстырып, ұқсастығы мен айырмашылығын тап:

  • мәтіннің түрі;
  • мақсаты;
  • мазмұны;
  • стилі мен тілі.

 

Халқын сүйген – салтын сүйеді

 

Бүгін де тәуелсіз ел болып, өз қолымыз өз аузымызға жетті. Осындай шаттық қуанышқа қолымыз жеткеніне 20 жыл. Көк байрағымыз самал желмен тербеліп, әнұранымыз көгімізде қалқып, елтаңбамыз төрімізде тұр.

Тарих сахнасыннан сызылып қалған қаншама ел, қаншама өркениет болмады. Ал біздің бабаларымыз мыңдаған жылдар бойы осы өз даласында көшіп-қонып,  тілін де, ділін де жоғалтпай, далалық мәдениетін мәпелеп, бізге мұра ғып табыс етті.

Өткен дәуірден, баба-әжелеріміз қалдырған мұраның бірі. Қазақ күн көрінісіне, ұрпақ тәрбиесіне, тұрмыстық қажеттеріне тағы басқа керектеріне жаратты.  Ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан салт-санамызда күні бүгінге дейін өзінің маңызын жоймаған дәстүрлеріміз бар. Ұлы Абайдың: «Адамда әрбір нәрсеге қызығушылық,  білмекке құмарлық» –  деген сөзі бар. Баба-әжелерімізден қалған дәстүрлерді оқып, біліп, үйренген жақсы болатын еді. Өзіне ұнағанын күнделікті өміріне пайдалануға болады. Не нәрсені болса да білгеннің зияны жоқ.
  

Рәш Ысқақова

Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, еңбек ардагері

http://koshpendi.kz/

 

 

 

Асанқайғының жерге айтқан сындары

 

Асанқайғы желмая мініп желдіртіп,  Сарыарқаны аралап жүргенде, әр жерге айтқан сындары мынау екен: Ұзын аққан Ертісті көргенде: «Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарыным ашты деп жылап отырмас. Сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы шығып тұрған жер»,-екен депті.

Түндікті өзенін көргенде: «Он екі қазылық Ой түндік, маңырап жатқан қой түндік. Қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен»,-деп тастап кетуге қимай, артына үш қараған екен. Сонан «Үш қара» атанған екен таудың аты.

Қызылтау деген жерге келгенде: «Тау-тасы кеш болғанда қой болып, ыңыранып жатады екен. Тоқты қысыр қалмайтын жер екен»,-депті.

Баянауыл тауын көргенде: «Ат ерін алмайтын жер екен. Бауырында тұзы бар екен, тұзы ауыр екен, бір түн түнеп кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады екен. Тұзы жібермейді екен»,-депті.

Ащы бойына келгенде, артына қарап: «А, Баянауыл! Сенің қоныс болып тұрғаның мынау, ащының арқасы екен. Мал жазғытұрым бір жұма ащылайды екен, күзге таман бір жұма ащылайды екен. Сонысы бір жылға татиды екен»,-депті.

Шідерті деген өзенді көргенде: «Мына шіркіннің топырағы асыл екен. Алты ай мініп арықтаған ат, бір айда майға бітетін жер екен. Бос жылқы шілдерлеп қойғандай тоқтайтын, жылқының қонысы екен»,- депті.

Өлеңті өзенін көргенде, тоқтап ешнәрсе айтпай, өлеңдете берген екен. «Неге үндемейсіз?» — дегенде, аз тұрып: «Өлеңтінің суы — май, Шідертінің шөбі — май»,- деп жүре беріпті.

Сілентіден өтіп Жалаңаштың тұзына барғанда: «Аттың төбеліндей Жалаңаш, сені алдыма өңгерейін бе, артыма бөктерейін бе, қай жарама тартайын? Айналаң аз, онан басқа мінің жоқ, табылмайтын жер екенсің»,- депті.

Есіл өзенін көргенде: «Жары мен суы тең, жарлысы мен байы тең болатын жер екен»,— депті.

Нұраның бойын көргенде: «Алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен»,- депті.

Торғай өзенін көргенде: «Ағар суы бал татыған, ақ шабағы май татыған жер екен»,- депті.

Терісаққан деген өзенді көргенде: «Сарыарқаның тұздығы екен»,- депті.

«Жеті қоңырды көргенде: «Сарыарқаның маусымы екен»,- депті.

Ұзын аққан Сыр бойын көргенде: ашық сабақ«Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен, Қара тауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға сонда ғана дұрыс екен»,-депті.

Сулы Келес, Ңұрлы Келес өзендерін көргенде: «Мөңіреуін, сиыр болып мөңіреуін. Сиыр тұқымы үзілмейтін жер екен»,- депті.

Асанқайғы бүкіл алты алаштың (қазақтың) жер-суын, қонысын көрем, бұларға жағдай туғызамын деп көп заман өмірін далада өткізіпті. Жүрген жерінде жақсы қонысқа да, жаман қонысқа да баға беріпті.

Асанқайғы Жиделібайсын жеріне қызығып: «Ай, Жиделібайсын, артыма бөктеріп кетер едім, әттең атым көтере алмайды-ау!» – депті.

Яссы қаласын (қазіргі Түркстан) олардың қожа-молдаларын көргенде: «Ай, қарыс жері бір арық, жер сорлысы мұнда екен, әйелі семіз, өрі арық, жұрт сорлысы мұнда екен»,- депті.

Шыңғырлауды көргенде: «Ай Шыңғырлау, жылқы өзі өскен жоқ, Шыңғырлау сен өсірдің!» — деп үш айналып, Шыңғырлаудың суына қолын малып отырып: «Шыңғырлау өкпелер, аттың ерін ал, қонайық, ат суарып, аунап-қунап кетейік»,- деген екен.

«Ай Жанарыстан, жырымдай суға бола шетте қалдыңау есіл ,ерім-ай»,-деп бір төбеге келіп жылап тұрған екен. Асан қайғы Бекарыс тұқымынан, Орта жүз; қайтыс болған жері Ұлытаудың басы болса керек.

 

 

Оқылымнан кейінгі тапсырма

Өзіңнің туған жеріңе Асанқайғыша баға беріп көр.

[bws_related_posts]

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Яндекс.Метрика