Патриоттық тәрбиенің қазіргі заманғы аспектілері

Патриоттық тәрбиенің қазіргі заманғы аспектілері

 «Патриотизм» сөзі гректің «патриотис» – «отандас» деген сөзінен шыққан. Патриотизм – тарихи, әлеуметтік ұғым. Бұл термин Отанға, елге, туған жерге, халыққа деген сүйіспеншілікті білдіретін ұғым. Патриоттық идея, отаншылдық сезім – адамға туа біткен қасиет емес, ол бірте-бірте адамның саналы өмірімен бірге қалыптасатын саяси-әлеуметтік құбылыс. Патриоттық сезім жалпы адам баласына тән сүйіспеншіліктен туған қасиет, оның еліне, туған жеріне, өз ана тілі мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтарына жеке қатынасын, өзіндік бағасын, қуаттап-қолдауын пайымдайтын сезім көрсеткіші болып табылады. Патриотизм – өте күрделі ұғым. Бір жағынан, ол ізгілікті саяси үрдіс, яғни жеке тұлғалық, қоғамдық сана элементтерінен тұрса; екінші жағынан, Отанды қорғауға, сақтауға, нығайтуға бағытталған сезімнен тұрады. Қазақстандық патриотизмнің қайнар көзі – халықтың береке бірлігінде, ынтымақ-ықыласында, елдігі мен ерлігінде және мемлекетіміздің күш-қуатынын беріктігі мен ұлан байтақ жерінің бір тұтастығында.

Ұлтты сүю үшін, қазақты жақсы көру үшін ғұлама болудың қажеті жоқ. Отансүйгіштік те, ұлттық намыс та адамға сәби кезінде-ақ бойына дариды.

«Қазақстандық патриотизм» ұғымы адам бойында өздігінен қалыптаса қоймайды. Ол ұғымды қалыптастыратын алғы шарттарға мыналар жатады:

  • Тарихымыз;
  • Ана тіліміз бен дініміз және жеріміз;
  • Атадан балаға, баладан немереге, немереден ұрпаққа жалғасатын салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыпымыз;
  • Ұлттық қадір-қасиеттіміз;
  • Ұлттық рухымыз.

Атап айтсақ: Ата-бабамыз Отанға деген пәк сезімнен, өршіл патриотизмнен әсер алған жандар. Бір сөзбен айтқанда, жерінің өткенін сезінбей, оның ерлікке, адамгершілікке толы тарихын, өнерін жете ұғынбай отаншылдық сезімді ояту мүмкін емес. Сондықтан да өткен тарихты объективтік тұрғыдан саралап зерделеуге ұмтылу – заман талабы.

Қазір біз ғасырлар тоғысында өмір сүріп отырмыз, яғни ХХІ ғасыр табалдырығын аттаған сәтіміз. Көш басын өркениет жолына біржола бұрған екенбіз, сол ұлы көшті адастырмай алға апарар ұрпағымыздың нұрлы болашағы мен бақыт бағдарын айқындап алғанымыз жөн. «Өткен уақыт үнсіз мүлгиді, келер уақыт баяу жылжиды, ал бүгінгі күн құйындай ұйытқиды», деген қанатты сөз бар. Бұл үшін де парық-парасат, білім-білік, ерік-жігер керек емес пе? Ұрпағын сүйген баба ғана қасиетті. Отанның болашақ азаматына: «Тарихыңды зерделе, аға ұрпақтың саған деген аманаты – ерлік, тәрбие алар сәтіңді бос жіберіп, қапы қалма», – деген. Тарихты зерделеу арқылы біз ұрпағымызға Отанымыз бен халқымызға шексіз берілгендік, қаһармандық патриотизмнің шынайы сабақтарын аламыз.

Қазақ халқы – рухани зор байлықтың мұрагері. Халқымыздың тарихына көз жіберсек, жеке тұлғаны патриотизм мен отансүйгіштік рухта тәрбиелеу сонау Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк ескерткіштеріндегі өсиет сөздерден, ақын-жырауларымыз Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Шал ақынның, жауынгер ақын Махамбеттің өлең-жырларынан, ұлы ағартушыларымыз Шоқан, Ыбырай, Абайдың туындыларынан, алаштың арыстары Ахмет, Мағжан, Мұстафаның тәуелсіздік туралы идеяларынан бастау алады.

Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі жастарының патриоттық тәрбиесі мен сезімдерін кешегі күнмен салыстыра қарайтын болсақ: Қасиетті хадис: «Отанды сүю иманнан-дүр», дейді. Елін сүю, Отанын қорғау қашаннан ер жігіттің парызы болған. Отаншыл сезім жас ұрпақ бойына қайдан беріледі? «Отан от басынан басталады», дейтін халықтың ұрпағы бұл сенімнен шыға алып жүр ме?». «Қазіргі күні жастарымыздың бойындағы отаншыл рух, патриоттық сезім қай деңгейде?» деген сауалдардың бізді ойландыруы заңдылық.

Қоғамымыздың бірден-бір қозғаушы күші ретінде танылған жастардың бойында осынау ұлы сезімдерді қалыптастыру қазіргі таңда аса өзекті мәселеге айналып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «… еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады», – деген сөздері осының айғағы. Осы орайда, француздың ұлы қайраткері Наполеонның: «Отанға деген сүйіспеншілік – өркениеттіліктің бірінші белгісі», деген ұлағатты сөздері де ойға оралады.

Қазақ баласының ержетіп, ес жиюына айтарлықтай әсер ететін төл фольклорымыз, батырлар жыры, «Суға салсаң батпайды, отқа салсаң жанбайды!» Ерлер мінген арғымақ ше? «Тығырыққа тірелгенде иесі, Астыңғы ерні жер тіреп, Үстіңгі ерні көк тіреп, Тұлпарлары сөйлейтін!» деп келуші еді ғой эпоста. Қазіргі жас Қара қыпшақ Қобыландыны, қара қасқа атты Қамбарды, атақты Алпамыс батырларды біле ме? Жауынгерлік рухтағы, отаншыл сезімге толы осы құндылықтарымыздан ажырап бара жатқанымыз да арқамызды аяздай қариды. Тіпті, кешегі Ұлы Отан соғысының тірі куәгерлері – ақ сақалды аталарымыздың өнегелері мен тәлім-тәрбиелері қандай еді?! Қазір олардың да қатары сиреп бара жатыр. Соғыстың соңғы солдатына жас ұрпақтың құрметі қандай? Жоқ, әлде компьютер мен «агент» заманы ұлтымыздың талай ғасырлық маржандарын ұмыттырып жіберді ме?

Жастарға патриоттық тәрбие беру, Отанын, жерін сүюге үндеу білім саласындағы қызметкерлердің де алдында тұрған жауапты ісі. Сондықтан 2011-2012 оқу жылына жоспарды мынадай мақсатта құруды жөн санадым:

  1. Өз Отанына деген сүйіспеншілік сезімін ояту.
  2. Мемлекеттік тілде сөйлеуге ұмтылысты дамыту.
  3. Өзін-өзі тәрбиелеу мен өзін-өзі дамытуға дайындау.
  4. Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерін құрметтеуді қалыптастыру.

Ал негізгі бағыттарына келесілер жатады:

  • Қазақстандық патриотизм мен азаматтық мәдениет;
  • Таным мәдениеті;
  • Саяси және құқықтық мәдениет;
  • Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәдениеті;
  • Экономика және кәсіптік бағдар беру;
  • Экология мәдениеті;
  • Ұлтаралық қарым-қатынас пен толеранттық мәдениет;
  • Отбасы мәдениетін қалыптастыру.

Осымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, оқушыларымызға еліміздің аяқ астынан пайда бола қалған мемлекет емес, көне заманнан бері еркіндікке ұмтылған, ар намысы мықты, ұшқыр ойлы жандардың сан ғасырлар бойы жасап келе жатқан мекені екенін түсіндіре отырып, сол елін, жерін қорғай алатын, «қазақ» — деген ер халықтың бүгінгі ұрпағы – ұлы бабалар ісіне лайық, бойына дәстүр-салтын сіңірген, рух-жігері зор, ұлтжанды, инабатты ұлдарымыз бен қыздарымыздың бойына патриоттық тәрбиені сіңіре білейік, ағайын.

 

 

Мұқышев Даулен Мақанұлы

Павлодар облысы

Ақсу қаласы Қызылжар орта мектебі

Тарих пәнінің мұғалімі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *