ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ҚАЗАҚ ҚЫЗДАР ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫНДА ҰЙЫМДАСТЫРУ

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ҚАЗАҚ ҚЫЗДАР ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫНДА ҰЙЫМДАСТЫРУ

Ақшолақова Гульназия Мақатқызы

№ 25 қазақ қыздар гимназиясының психологі

В статье уделено особое внимание взаимосвязи процесса обучения и состояния здоровья школьников, создания  психологической службы в школе.  

 

Дамуы сонау көне заман қойнауынан бастау алған жантану ғылымы күнделікті өмірге қарқындап еніп келеді. «Өзіңді — өзің тани біл» деген Сократ тұжырымының өзектілігі де артып барады. Психология ғылымымен жақсы таныс адам өзінің жан дүниесінің қыры мен сырын, яғни жеке басының қайталанбас ішкі болмысын танып білуге зор мүмкіндік алады. Психология – психиканың айғақтарын, заңдылықтарын және механизмдерін зерттейтін ғылым. /2, 97-98 б./.

Қазіргі кезеңде психология ғылымы алдында тұрған теориялық және практикалық міндеттердің сан қилығына орай үлкен қарқынмен дамуда. Психологияның негізгі міндеті —  психикалық іс-әрекетті оның даму барысымен байланыстыра зерттеу. Соңғы он жылдықтарда психологиялық зерттеулер аймағы біршама кеңейіп, жаңа ғылыми бағыттар мен салалар дүниеге келді. Б.Ф. Ломов: «Психологияның методологиялық және теориялық проблемалары»атты еңбегінде қазіргі заман ғылымының жағдайын сипаттай келе, «бүгінгі күнде психология әдіснамалық проблемалары мен оның жалпы теориясын бұдан да былай тереңдетіп зерттеудің қажеттігі күрт жоғарылады» — деп жазады. Психология зерттейтін құбылыстар әлемі ұланғайыр. Жантану ғылымы үшін ең маңызды мәселелердің бірі – зерттелуші құбылыстардың мән – мағынасын ашып беру. Егер психология алғашқы уақытта теориялық тарапы басымдау, дүниетанымдық пән болса, ол қазіргі кезде өзінің танымдық қызметін сақтай отырып, өндірістегі, мемлекеттік басқарудағы, білім беру жүйесіндегі, денсаулық, заң мекемелеріндегі, мәдениеттегі, спорттағы және т.б. кәсіби практикалық іс — әрекеттің бір саласына айналуда. Сонымен, осы заман психологиясы көп тармақты білімдер жүйесі ретінде танылып, әртүрлі еңбек тәжірибесімен байланысуда. Әдетте, психология салаларын жіктеудің негізгі принципі – психиканың іс — әрекетте даму принципі болып табылады. Сондықтан, көбінесе психология салаларын топтастыру негізіне адамдардың әртүрлі еңбектік әрекеттері алынады. /4, 14-15 б./.

Психологиялық қызметті қазақ қыздар гимназиясының жағдайында ұйымдастыруда осы салалардың бірі  — педагогикалық психология саласы айрықша орынды иеленетінін атап өткен жөн. /4, 20-21 б./.Педагогикалық психология  қызметі – адамды оқыту мен тәрбиелеудің психологиялық заңдылықтарын ашу. Ол оқушылардың ақыл-ойы мен ойлау жүйесін, дағдыларын қалыптастырудың, олардың оқу материалдарын меңгеруі мен ұстаз-шәкірт арасындағы өара қарым-қатынастардың реттеудің түйінді мәселелерін қарастырады. Педагогикалық психология келесі реттегі тармақтарға бөлінеді: а) оқыту психологиясы – дидактиканың психологиялық негіздерін, оқыту мен білім берудің негізгі әдістемелік мәселелерін, балалардың ақыл-ойын қалыптастыру сияқты өзге де мәселелерін зерттейді; ә) тәрбие психологиясы – гуманистік және әлеуметтік тәрбие мәселелерінің психологиясын зерттеп, оқушылар ұжымының, еңбекпен түзету педагогикасының негіздеріне қатысты мәселелерді қарастырады.

Бүгінгі күнде оқу дайындығын анықтау көп компонентті. Ол жан – жақты комплексті психологиялық зерттеулерді талап етеді. Л.А. Венгер, А.Л. Венгер, В.В. Холмовской, Я.Я. Коломинский, Е.А. Ташко және т.б. мәліметтер бойынша психологияның дайындықты анықтау құрылымының келесі компоненттері бар. /1, 2-3 б./.

  • Тұлғалық дайындығы. Онда баланың жаңа әлеуметтік ортаға көзқарасы енеді. Тұлғалық  дайындық  баланың эмоционалдық және мотивациялық өрістің  даму  деңгейлерін де көрсетеді.
  • Интеллектуалдық дайындық. Дайындықтың бұл компоненті балада дүниетаным мен нақтылы білім қорын көрсетеді. Бала жалпылай ойлау, қабылдау, мағыналық есте сақтау, логикалық операцияларды меңгеруі керек. Балада бейнелік ойлау болады.
  • Әлеуметтік – психологиялық дайындық. Баланың достарымен, ұстаздармен қарым – қатынас жасауы. Бала жаңа ортасы мектепке басқа да балалармен араласып өзара қарым – қатынас жасай білуі осында көрінеді.

Психологиялық қызмет ең бірінші кезекте білім баспалдағының қазыналы тұтқасы болу үшін, баланың мектептегі оқуға психологиялық дайындығын дұрыс айқындауға бағытталады. Бұл жұмыстың мақсаты – болашақ бірінші сынып оқушысының моделін негіздеу және танымдық қызығушылығы, білімге құмарлығы, қарым-қатынас мәдениеті, еңбексүйгіштігі, мінез-құлық мәдениетінің дамуы үшін қажетті жағдаймен қамтамасыз ету.  Зерттеу қорытындысы төмендегі міндеттерді шешуге бағытталады: 6-дан 7 жасқа дейінгі балалардың жалпы даму жағдайы мен деңгейін анықтау; баланың даралығын сақтау, қолдау және дамыту үшін қажетті жағдайларды айқындау;

Қазақ қыздар гимназиясының психологиялық жүйесінің атқарар істерінің ауқымы мол. Ата-аналар, басшылар, мұғалімдер, оқушылар деп аталатын төрт категорияны қамти отырып, психологиялық қызмет оқу-тәрбие үрдісін жақсартуға үлес қосады. «Баланы жан-жақты етіп тәрбиелеу үшін, оны жан-жақты білу керек» деген белгілі педагог К.Д. Ушинский көрегендігі педагогикалық іс-әрекеттің психологиялық қызметпен тығыз қарым-қатынаста екендігінің дәлелі. Оқушының қабілеттілік деңгейін, зеректігін, зейіннің қасиетін т.б. танымдық аймағын анықтау нәтижесінде психолог мұғалім қолына оқушының мүмкіндігі туралы құнды деректер береді: білім берудің бала танымына лайық жолдарын сұрыптап, оқушылардың белсенділігін арттыруға жағдай жасайды; ұжымдағы өзара қарым- қатынас типтерін реттейді; топтағы психологиялық ахуалды байқап, бірқалыпты жағдайды ұстап отыруға жағдай туғызады; /2, 125 б./.

Оқушылардың ақыл – ой деңгейінің дамуын жиі түрде және ертерек бақылауға алу қажеттілігі психологиялық практикада негізделген. Гимназиядағы психологиялық қызметтің ең бірінші міндеті ақыл – ой деңгейінің даму диагностикасы болып табылады, бұл жағдайда оқушының ойлау қабілетінің дамуы жыл бойы бақылауда болады, белгілі бір интеллектуалдық даму функцияларына коррекция жасалады. Оқу тәрбие үрдісі негізінді баланың жеке басының дамуы зерттеледі. Осы бағыттағы гимназиядағы психологиялық қызмет мына мақсаттар мен міндеттерге жіктеледі: баланың дамуына психологиялық жағдай жасап, жеке және интеллектуалдық дамуына әр жастың кезеңіне тән көмек көрсету арқылы, олардың өзін-өзі оқытуға, тәрбиелеуге, дамуына жағдай туғызып, қалыптастыру; оқушылардың жеке тұлғасын, интеллетуалды қабілеттерін дамыту, бақылау, бағыттау; оқушылардың психологиялық денсаулықтарын және әр сыныптағы оқушылардың әлеуметтік – психологиялық жағдайларын ескеру; оқушылар, мұғалімдер және ата-аналармен жеке, топпен кеңестер өткізу.

Психологиялық критерий жүйелері:

  1. Психологиялық қызметті ұйымдастыру үшін жағдай жасау:

— психолгиялық жүйе құру;

— гимназиядағы психологиялық қызметтің бағдарламасы.

  1. Рухани адамгершілік қарым – қатынастың қалыптасуы:

—   оқушының жеке – дара қасиеттерінің деңгейі;

—  ақыл – қабілеттерінің деңгейі;

—  оқушылардың психологиялық мәдениеті, мінез – құлық тәрбиелілігі.

  1. Әлеуметтік бейімделуге қабілеттілігі:

— гимназия түлектерінің жоғары оқу орындарына түсулері;

— сайыстарға, жарыстарға мұғалімдер мен оқушылардың қатысуы;

— мұғалімнің педагогикалық мәдениеттілігі мен педагогикалық

шеберлігінің деңгейі.

  1. Ата – аналар мен оқушылардың гимназия өмірінің іс — әрекетіне қанағаттандырылуы;

— гимназия өмірінің іс — әрекетінің негізгі жақтарына деген қарым –  қатынасының жайлылығы;

—                     ата – аналардың оқу және тәрбие деңгейіне қанағаттандырылуы.

Гимназияда атқарылатын негізгі іс — әрекеттерінің түрлері: Психодиагностикалық жұмыстар: таным процестерін диагностикалау, мінез ерекшеліктерін зерттеу, жеке қабілеттерін анықтау, қарым – қатынас ауқымын зерттеу, баланың әлеуметтік жағдайын, анатомиялық – физиологиялық дамуын зерттеу. Психокоррекциялық жұмыстар: жеке, топтық, тренингтер, психотерапиялар, түзете – дамыту сабақтары, псиоойындар, психогимнастикалар.  Психопрофилактикалық жұмыстар: тақырыптық кештер, тренинг – сабақтар, сайыстар, консилиумдар, лекциялар, практикум – лекция, спорттық жарыстар.  Психоконсультациялық жұмыстар:  жеке және топтық —  кеңестер, практикум – лекция, лекциялар.  Психологиялық қызмет ең бірінші кезекте гимназиядағы білім баспалдағының қазыналы тұтқасы болу үшін, баланың мектептегі оқуға психологиялық дайындығын дұрыс айқындауға бағытталады.

Гимназиядағы психологиялық қызметінің міндеттерінің бірі – баланың психикалық саулығын яғни, жан – дүниелік, физиологиялық дамуын және ортада қолайлы микроклимат қалыптастыру болып табылады. Осыған орай бейімделу процесінің диагностикалық кешенінің өлшеуіштері мына параметрлер бойынша жасалды.

Комплекс құрылымы: Психофизиологиялық бейімделу, Әлеуметтік психологиялық бейімделу, оқу бейімділігі. Қолданылатын әдістемелері: Филиппс В.Русалов Киселев, Казанцева, Савенков, Торренс, А. Фидлер, Климов, Холланд, «10 сөз», «Сурет кестелері», «Артығын тап», «Жай, күрделі аналогиялар»  әдістемелері — Қобалжу деңгейлері; Темперамент түрлері; Өзіне баға беру; Социометрия;  Психологиялық ахуал; Эмоционалдық тұрақтылық; Кәсіптік бағдар; Мотивация; Таным аймақтары: зейін тұрақтылығы, ес процестері, интеллектуалдық деңгей, анализ жасау, белгілерді айыра білу қабілеттелері осы аталған әдістемлер бойынша анықталады.

Бейімделудің кезеңдерінде «Оқушының мектеп үрдісіндегі ахуалға көзқарасы» сауалнамасы арқылы баланың оқу еңбегіндегі белсенділігі, үзіліс аралығындағы мінез – құлығы, қызығушылығы, мұғаліммен қарым – қатынас сипаты көрініс береді. /3. 40-41 б./.

Талдау барысында баланың ішкі жан-дүниесі, эмоциялық реакциясын анықтауда, әдістемелік қорытындыда көрсетілгендей паталогиялық және қалыпты дамуын қарастыруда проблемалық жауаптарына назар аударылады. Жауаптарын талдай отырып, бірнеше сұрақтар арқылы баланың қасиеттерінің екі жағын, өзін-өзі бағалау деңгейін, интеллектілік дамуы, қобалжу — алаңдатушылығының себептері анықталады. «Оқушының зерттеу диагностикалық картасына» жүйелі түрде тіркеліп отырады. Оқушылардың жас ерекшелігіне қарай сыныптастарымен қарым-қатынас барысындағы дағдылы іс-әрекет жасауға, білім сапасын жетілдіруге, өзін-өзі бағалауға, тәрбиелеуге, шығармашылық деңгейін көтеру және таным белсенділіктерін дамыту мақсатында психологиялық тренингтер жоспар бойынша өткізіледі.

Қорыта келе, мектеп үшін психологиялық қызмет жұмысының мәні ерекше, әсіресе мемелекетіміздің күш қуаты дамыған заманда бала ерекшеліктеріне мән беру, дарындылығына жол ашу, дамыту, ой-өрісті өркендету кезеңі болмақ. Психологиялық қызметті  жүйелі түрде жүргізудің нәтижесінде, өзін — өзі таныған адам ретінде биікке көтеріле алатын, өз ұлтының қадір – қасиетін сақтай да, ұстана білетін,  өз жетістігін және кемшілігін білетін, өз жұмысын жан-жақты талдау жасай білетін, жұмыс жасау қабілеті жоғары, табандылық, ойлылық, тапқырлық қасиеттері  қалыптасады.

 

 

 

Қолданылған әдебиеттер:

1. Республикалық ғылыми-тәжірибелік журнал № 2 /14/ март, апрель 2009, 97-98 б.

2. С. Балтаұлы Бап-Баба Жантану негіздері. – А., 2007,  125 б.

3. Мектептегі психология № 1, 2007, 40-41 б.

4. Ж.И. Намазбаева Психология. – А., 2005, 20-21 б.

5. «Педагогика және психология ғылымдарының түсіндірме сөздігі».

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *