Сын тұрғысынан ойлау арқылы оқушылардың өзіндік шығармашылық ізденістерін арттыру

        sh  Шілдебаева Жанар Төлешбайқызы

             Қызылорда облысы

              Жалағаш ауданы 

              Аққұм аулы

А.Бисенов атындағы №38 орта    мектептің жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Сын тұрғысынан ойлау арқылы оқушылардың өзіндік шығармашылық ізденістерін арттыру

Әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістерге сай XXI ғасырдың оқушыларын лайықты оқытуда  қазіргі білім беру жүйесінің жаңаша мазмұн алуы бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына енуге ұмтылған мемлекетіміздің өркениетті дамуына сүбелі үлес қосары анық. Нәтижеге бағытталған білім берудің қажеттілігі –бүгінгі заман талабы.

    Қазақстан Ресубликасының Президенті Н.Ә Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Қазақстан халқына Жолдауында: «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс» деген сөзі бәрімізге айқын.

Білім сапасын арттырудағы басты тұлға-ұстаздың үнемі ізденуі, білімін жан-жақты жетілдіруі талап етіледі. Қазақстан Республиксының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының бірінші деңгей бағдарламасын меңгеру барысында мұғалімдерге артылар жауапкершіліктің қаншалықты маңыздылығын түсінгендеймін. Бәсекеге қабілетті ұрпақты дайындау жолында отандық табыстарды зерделеп, ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып, әлемдік жинақталған тәжірибеге сүйену арқылы оқыту мен тәрбиелеуді жаңаша ұйымдастырудың қажеттілігі сезілуде.

Мұғалімдерге біліктілікті арттыру курстарында деңгейлі бағдарламаларды игеруде оқушылар өздерінің қалай оқу керектігіне назар аудара отырып, өз ойларын жеткізе алатын, алынған ақпаратты ұғына отырып, сын тұрғысынан ойлауға,  талдауға бейімделген, өз бетінше шешім қабылдайтын, өмір сүруге бейім тұлғаны даярлауға мүмкіндік береді.

Сын тұрғысынан ойлауға  үйрету арқылы оқушылардың белсенділігін арттыруға, олардың бойына жағымды ахуал қалыптастыруға, пәнге деген қызығушылығын арттыруға жол ашады.

Сын тұрғысынан ойлау тақырып бойынша білетін ақпараттарын еске түсіріп, жинақтай отырып, жаңа ақпаратпен танысу барысында алынған білімнің не үшін қажеттілігіне баға берумен негізделеді.

Сыни ойлауға негізделген сабақ үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде оқушылардың жаңа ақпаратқа қызығушылығы оянады, бойындағы бар білімін жүйелейді, сындарлы қарым- қатынаста өзара ой алмасады, жаңа тақырыптың мақсатын анықтайды. Екінші кезеңінде жаңа ақпаратпен танысады, жаңа ақпаратты өзіндегі бұрыннан бар білімімен байланыстырады, пайда болған сұрақтарға жауап іздейді, оқыған ақпараттарын талдайды. Ақпараттың маңыздылығы туралы шешім қабылдай алады. Үшінші кезең-білім алудың қорытынды кезеңі.  Рефлексия арқылы оқушылар өз ойларын айқын тұжырымдайды, өз білімінің толығуын  тексереді. Ойды   мұқият таразылауға, бағалауға, талдауға, болжай білуге үйретеді.  Бұдан шығатын  негізгі түйін: оқушы жаңа білімге өзінде бар білім арқылы келеді.

Дәстүрлі оқытудағы білім мазмұнын құрудың ақпараттық-түсіндірмелік тәсілі оқушыны жаттандылыққа, сабақ барысында меңгерген теориялық білімін өмірде қолдана алмайтын шектеулікке әкеп соғары анық. Сондықтан да    педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру курсының  бағдарламасын меңгергеннен кейін, мектепте оқушыларды сын тұрғысынан ойлауға үйретуде бірнеше қадамдар жасалды:

1.Оқушыларды бірлескен топтық жұмысқа тарту   сын тұрғысынан ойлауды дамытудың алғашқы тәсілі болып табылады.Топтық жұмыс уақытында оқушылар өз сыныптастары мен мұғалімнің тұрақты қолдауына ие бола отырып, сын тұрғысынан ойлауға тартылады.

2.Сын тұрғысынан ойлауға үйретудің негізгі көздерінің бірі-ашық сұрақтар қоя білу. Ашық сұрақтар Не? Қашан? Кім? Қанша? Қалай? Неге? Дегеннен басталады.Ашық сұрақтар қою арқылы креативті ойлар туынайды.

5-сыныптың әдебиет сабағында «Ер Төстік» ертегісінен төмендегі мәтінді оқу барысында  сыни ойлауға жетелейтін сұрақ қойылды:

      …Төстік өзгеше бала болып өседі. Бір айда бір жастағы баладай, екі айда екі жастағы баладай, үш айда үш жастағы баладай, бір жылда он бестегі жаңа өспірімдей болып, екі жасында алысқан кісілерін алып ұратын алып бала болады.

  Халық баланың бұлай тез өсуін неге армандады? Төстікті екі жасында алып бала етіп бейнелеуіне не себеп болды?

3.Оқушыларға нақты ақпаратты ұсынбай, екіұдай ойлануға жетелейтін әдістерді қолдана білу де сыни ойлауға дағдыландырады.

7-сыныпта Қазыбек биге қатысты мәтінді талдау барысында бидің қалай төрелік ететініне болжам жасау ұсынылды:

Қазыбек беріде елге белгілі болған кезде бір бала үшін дауласып, екі әйел алдына келіп жүгінеді. Әйелдің бірі:

   -Мынау баламды мен есін білмейтін жас күнінде жоғалттым, соны мынау әйел тауып алды ма, әлде ұрлап алды ма, оны білмеймін, әйтеуір асырап алыпты. Бүгін танып, сұрасам, «өз балам» деп бермейді,- дейді.

    Екінші әйел тұрып:

   -Бала өзімдікі, өзім таптым. Мынау босқа жармасып тұр,-дейді. Қазыбек екі әйелдің сөздерін тыңдап болып, біраз ойланып отырып қалады…

     Қазыбек би екі әйелдің дауын қалай шешеді? Қандай болжам айтар едің?

  1. Оқушылардың сын тұрғысынан ойлау қабілеттерін дамыту және қадағалау мақсатында   бағалау және рефлексияны пайдалану да өз нәтижесін береді.

Бүгінгі сабақта сіз үшін не аса маңызды болды?

Бүгінгі алған біліміңіздің басқа сабақтармен және мектеппен қандай байланысы бар? деген сұрақтар қою арқылы рефлексия жасау білім алушыны сын тұрғысынан ойлауға мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, сын тұрғысынан ойлау бір нәрсені елестетуге, болжам жасауға, ақпаратты нақты ұғынуға, бағалай және талдай білуге дағдыландырады. Мен өз ойымды ұлы хакім Абайдың мына нақыл сөзімен қорытындылағым келеді: «Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады.» Бұдан шығатын негізгі түйін, баланы білуге өз еркімен, шын махаббатпен жетелей білсек, өзіндік ұстанымы, көзқарасы бар шәкірт тәрбиелесек, көздеген мақсатқа жете білгеніміз.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған