Тарих пәні сабағында интерактивті әдістерді қолдану тиімділігі

Талдықорған қаласы

№14 орта мектеп-гимназиясының

тарих пәнінің мұғаліміe-learning-concept

Семия Әділет

  Тарих пәні сабағында интерактивті әдістерді қолдану тиімділігі

            Қазіргі таңда елімізде болып жатқан жаңартулар оқу-тәрбие жұмыстарының бағыт-бағдарының заман талаптарына сай жасалуын міндеттейді. Дегенмен де жекелеген мұғалімдер әлі күнге дейін өз қызметтерінің байыбына жете алмай жүр, әйтеуір 45 минутын өткізгендеріне мәз. Соның салдарынан оқушылардың теориялық білімді игеруге деген қызығуы төмендеп кеткені мәлім. Осыдан келіп, елімізде оқу ағарту жүйесін қайта құру, мектеп реформасын жасау, оқуды өмірмен байланыстыру, оқушылардың білімді өз бетімен ізденуіне үйрету және білім негіздерін демократиялық интеграциялық ұстанымдарға орайлас әр баланың жеке ерекшеліктері мен қабілеттерін ескере отырып, оқытып тәрбиелеу талап етілуде.

Үстіміздегі ғасыр – жеке тұлғаны қалыптастыру, ізгілендіру, дамыту ғасыры. Олай болса, мұғалімдердің алдында тұрған бірден-бір мақсат – оқушылар алған білімдерін пайдаға асырып, өздігінен әрекет ете алатын, оларды түрлі өмірлік жағдайда қолдана білетін, жалпы азаматтық және ұлттық құндылықтарды қатар меңгерген, өзіндік көзқарасы бар, Отанын шын сүйетін азамат болып жетілуіне көмектесу.

Қазір кез-келген пәнді оқытуда пәнаралық байланыс арқылы білімнің жинақтаушы, қорытындылаушы және үйлестіруші қызметін атқаруға болады. Осы тұрғыда оқытудың интерактивті әдісі өте тиімді. Себебі, бұл әдіс оқушының жеке өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, оның бойында білім, дағды және құндылық жүйесін қалыптастырады. Сабақ – мұғалім мен сынып тобы, шағын топтар мен жеке оқушы арасындағы қатынас арқылы жүзеге асырылады. Мұнда мұғалім хабарлама беруші модератордың қызметін атқарады.

Интерактивті әдісті белсенді тәсілдердің алды деп түсіндірген дұрыс болар еді. Алайда олардың құқықтық және азаматтық білім берудегі рөліндегі маңыздылығын көрсету мақсатында мұнда ерекше болып көрсетілген. «Интерактивті тәсілдер», «интерактивті оқыту» терминдері бізге ағылшын тілінен енген. («interactive», «inter», «өзара», «active», «act» әрекет, әрекет ету). Осылайша «интерактивті әдістер» терминін оқушылардың өзара әрекет етуіне мүмкіндік беретін әдіс деп аударуға, ал өзара қатынасқа арналған оқытуды «интерактивті оқыту» деп атауға болады. Интерактиві әдістемелердің негізгі мәні оқытудың мұғаліммен қоса барлық оқушылардың өзара қатынасынан тұратындығында. Оқытудың бұл әдістемесі оқытудың тұлға бағытталған болып табылады. Өйткені бұл бірігіп оқуды яғни, ұжымда, бірлесіп оқу, серіктесіп оқуды білдіреді. (Бұл жағдайда оқушының өзі де, мұғалім де оқу үрдісінің субьектісі болып табылады.) Мұғалім көбінесе оқу үрдісі кезінде ұйымдастырушы рөлінде, фасилитатор, топтың басшысы, көмекші, оқушылардың бастамасына түрткі болушы ретінде ғана орын алады. Сонымен қатар көптеген интерактивті жаттығулар оқушының өзінің, соның ішінде тек оқудағы, мектептегі тәжірибесіне жүгінетіндіктен, интерактивті әдіс оқушылардың жеке және достарының тәжірибесінен алынған тікелей өзара қатынасқа негізделген. Осындай тәсілдер негізінде жаңа білімдер, шеберліктер, қарым-қатынастар қалыптасады. Әдетте, интерактивті әдістемелер өмірдегі болған жағдайларды және мәселелерді бірлесіп шешу, рөлдік ойындарды үлгі етуді көздейді. Осындайымен интерактивті әдістемелер дағды мен шеберлікті және құндылықтарды қалыптастырып, әріптестік орта мен өзара қатынасқа ыңғайлы орта құрады. Сонымен қатар мұғалімнің әкімшіл-әміршіл емес, нағыз көшбасшы болуына жол ашады. Мұндай орта оқушының білімді тек ақпарат арқылы ғана емес, сонымен қатар сезімдер мен әрекеттер арқылы алуына үлкен септігін тигізеді. Сондай-ақ интерактивті әдістемелер құқықтық және азаматтық білім берудегі міндеттер мен мақсаттарға жетудің құралы болып табылады. Интерактивті тәсілдерді қолданудағы мұғалімдер мен оқушылардың өзара қатынасын төмендегі сызбадан көруге болады.

Мұғалім        1оқушы           2 оқушы          3 оқушы              4 оқушы

 

 

Қашанда ұлағатты ұстаз шәкіртінің өзінен озғанын қалаған. Ақпараттандырылған жаңа ғасыр білімін арттырамын деген әрбір оқушы мен мұғалімге жағдай тудырып отыр. Сол себепті де бұл әдіспен айналысатын мұғалім қасындағы әріптестері арасында өз білімі мен тәжірибесін таратуға, оқушылардың ата-аналарымен және әр түрлі әлеуметтік топ өкілдерімен жұмыс жүргізуге дайын болуы керек. Ол үнемі өзінің жас танымпаздарына тәжірибе жасауға ыңғайлы жағдай жасап, олардың өз көзқарасын өздері айқындап, белгілі — бір қорытындыға келуіне мүмкіндік беруі тиіс.

Сабақ үнемі оқушылардың онсыз да білетін жағдайларынан басталады. Мысалы, «Қазақстан тарихы» пәніндегі «Ұлы Отан соғысы» тақырыбын өту барысында мұғалім сабақ түсіндіруден бұрын оқушылардан «Екінші дүниежүзілік соғысы» жайлы кім не білетіндігін ортаға салуларын сұрайды. Біразы әдеби кітаптан оқығанын, ал біразы теледидардан көргенін, естігендерін немесе алдын-ала оқулықтан қарап келгендерін, тағы басқа да жағдайда алған мәліметтерін «миға шабуыл» әдісі арқылы ортаға салады. Бұл сәт — диагностика сәті деп аталады.

Мұғалім азғантай уақыттың ішінде алдында отырған оқушылардың осы тақырып төңірегінде не білетіндігін немесе білмейтіндігін аңғара алады.

Одан кейінгі — ізденіс тенденциясы сәті.Мұнда балалар жұппен немесе топпен жұмыс істей отырып, «миға шабуыл» әдісі арқылы тізген сөздерді кеңейтіп түсіндіру үшін өз беттерінше оқулықпен немесе басқа қосымша әдебиеттермен жұмыс істейді, 10-15 минут өткеннен кейін «тұсау кесер» сәтінде әрбір топ белгілі бір сұрақтар бойынша мәліметтерін қорғайды. Осыдан кейін барып мұғалім әлі де жеткіліксіз жатқан жағдайлардан ақпарат береді. Ал жаңа тақырып толық түсіндіріліп біткеннен кейін пікір – сайыс, рөлдік ойын, ребус шешу т.б. интерактивті әдістер арқылы сабақты бекітіп, пысықтауға болады.

Нәтижесінде мұғалім 45 минуттың 5-7 минут уақытын ғана алып, қалған уақыттың бәрінде оқушылардың өздері ізденіп, танымдарын арттыруына жағдай туады. Тіпті, керек десеңіз, интерактивті әдіс арқылы оқушылар өз білімін өздері бағалайды. Олар алған білім, білік, дағдылары бойынша бағаланады. Әсіресе өзін-өзі бақылау, жұптық өзара бақылау, топтық өзара бақылау кезеңдері сабақты бекітуде біршама көмегін тигізеді. Бұл бақылауларды мына бағалау белгілері арқылы іске асыруға болады. Өзіндік бағалауы. (Бұл бақылауды жұптың өзара бақылауында да жаратуға болады.)

  1. Менің бүгінгі тақырыпқа өз бетімше дайындығым: төмен, орта, жоғары.
  2. Бүгінгі жаңа тақырыпты игеруім: төмен, орта, жоғары.
  3. Бүгінгі сабаққа қатысуым: төмен, орта, жоғары, т.б.

Топтың өзара бағалауы (топтар бір-бірін бағалайды).

  1. Топ ұжымының татулығы, белсенділігі, өзара әрекет әдебі, топтық араласу стилі: төмен, орта, жоғары.
  2. Жаңа тақырыпты өмірмен байланыстыра айтуы (қосымша материалдар, БАҚ жаңалықтары ): төмен, орта, жоғары.
  3. Сөйлеу шешендігі, мәдениеті т.б.: төмен, орта, жоғары.

Бұл бақылаулар оқушыларды өздеріне және өзгеге сын тұрғысында қарауға үйретеді.Онда біреуді бағалау үшін өзінде тиісті білім болуы қажеттігі туады. Мұндай бақылау мен бағалау баланың бойында мына қасиеттерді қалыптастырады: еріктілік, еңбексүйгіштік, өз күшіне сенуі, қабілеттілігі, жауапкершілікті сезінуі, адалдық, жолдастық қасиеттер, сөз қоры, ғылыми ақпараттарды ақтаруы, өзінше түйін жасауы, сөйлеу мәдениеті, т.б.

Осындай қасиеттерді игерген балада, әрине, пәнге деген сүйіспеншілік, қызығу туады. Нәтижесінде сабақтың сапасы артады. Бала өзін тұлға деп сезінеді. Мұғалім де, оқушы да, тұлғаны тану және таныту жолында қызмет жасайды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *