Қашаған Күржіманұлы – өмірі, шығармашылығы

Маңғыстау облысы

Бейнеу ауданы

Сарға ауылы

«Бейнеу мектеп-интернаты» КММ

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

Айса САҒЫНДЫҚ

Сабақ тақырыбы:    Қашаған Күржіманұлы – өмірі, шығармашылығы

Сабақ мақсаты: 1. Ақын , жырау туралы, оның шығармашылығы жайында кеңінен мәлімет беру.

  1. Ақын өлеңдерін мәнерлеп оқуға дағдыландыру, жатқа айтуға үйрету, өлеңді талдауға шыңдау.

3.Ақын шығармалары бойынша оқушыларды адамгершілік  қасиеттерге шақыру,  үлкенге ізет, кішіге қамқор болуға дағдыландыру, адами қасиеттерін бірінші орынға қоюға үгіттеу.

Сабақтың түрі: Семинар сабақ

Сабақтың әдісі: Сұрақ – жауап, баяндау, жатқа айту, жазбаша орындау

Сабақтың көрнекілігі:  Ақын портреті, кітаптары, газет материалдары,«Маңғыстау» энциклопедиясы, «Маңғыстау ақындары» 50 т. «Бес ғасыр жырлайды» кітабы

Пәнаралық байланыс:  қазақ тілі, тарих, ән-саз

Сабақ барысы: Ұйымдастыру кезеңі. Үй тапсырмасын пысықтау.

Жаңа сабаққа көшу: Қашаған Күржіманұлының өмірі мен шығармашылығы

Мұғалім  сабағымызды бастамастан бұрын осы уақытқа дейін бұл есіммен таныспыз ба?- деп сұрақ қоя отырып, оқушылардан қандай мәлімет білетіндіктерін сұрайды.  Содан соң сабақ жоспары назарға беріледі.

Сабақ жоспары:   1. Қашаған ақынның өмірі

  1. Ақын өлеңдерін талдау
  2. Қорытынды

Қ.Күржіманұлының өмір  жолы тұралы төмендегідей мәліметтер  беріледі:

Ақын 1841 жылы 7 қаңтарда Түрікменстан Республикасының Ташауыз қаласына шектес қазақ ауылында дүниеге келген. Кіші жүздегі Байұлы ішінде Адай руынан, оның Қосай деген бөлімінен шыққан.

Әкесі Күржіман – кедейлікпен күн кешкен шаруа адамы. Жастайынан  әкеден жетім қалған Қашаған қабырғасы қатып, бұғанасы бекіместен кедейлік, жоқшылық тауқыметін көреді. Бірақ жетімдік болашақ ақынды тұмшалай алмады. Өмірдің ауыр тауқыметі  талапты жасты шыңдай түседі. Әкесі Күржіманның көзін көрген адамдар Қашағанның бойындағы жылт еткен ұшқынды байқап, оған қолұшын береді.

Жастай немере ағасы Сәрсенбайдың тәрбиесінде болады. Хиуа хандығының жергілікті әкімдерінен қысым көрген қазақ  ауылдарымен бірге Сәрсенбай да отбасымен Каспий сағасындағы Қараөзекке көшіп келіп орналасады. Бұл уақытта Қашаған 14-15 жаста болатын. Жағдайдың ауырлығы Қашағанды қатты толғандырады. Күн көрудің амалын ойлап, Көкжар жәрменкесіндегі Сергей деген саудагерге жалданып, Орынборға мал айдайды, мал соңында жүріп күн көреді. Бұл тұрмыс болашақ ақынды өжеттік пен қайсарлыққа тәрбиелейді.

Қашағанға ақындықтың қонуы туралы мынадай естелік бар:

«Жаздыкүні мал соңында арып-ашып жүрген Қашаған таяғын жерге шаншып, шапанын күрке етіп жата қалса, түс көреді. Түсінде бір қара кісі келіп, баланы қолынан тартып  тұрғызып:

— Дорбалап аласың ба, қапшықтап аласың ба? – деп сұрайды.

— Бергеніңді аламын, — дейді Қашаған. Қара кісі қолын жайып бата береді.

— Өнер бердім, елге шаш. – дейді. Сол уақытта оянып кетіп, жүрегі аузына тығылып, кеудесін бір нәрсе керіп бара жатады. Сөйтсе қой алыстап кеткен. Алқына жетіп мал соңына келгенде, алдынан жел айдаған бір түйеқарын малды дүрліктіре үркітіп, ұзатып әкетеді.  Ызаланған Қашаған осы жерде іле-шала өлең шығарады:

—  Ассалаумағалейкум,  Түйеқарын!

Ақылыңнан адасқан сен бір жарым.

Қиыр шеттен келдің де қойды үркіттің,

Алдыңда білмейсің бе қойдың барын? – дейді де , іле түйеқарын боп жауап береді:

-Уағалейкумассалам, Түйеқарын,

«Ақылыңнан адасқан, — дейсің, — жарым»

Жол жүріп алыс жолдан келе жатсаң,

Алдыңда білер ме едің ненің барын?!

Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, Қашағанды жастай жиын-тойларға апарып, ақындық өнерге баулыған  — Қалнияз ақын. Сол өнеге ақын соңына көп мұра қалдырады. Адай, түрікмен, қарақалпақ елдеріне кең тараған халық әдебиет нұсқалары — соның айғағы.

Ақын  бағзы заман дәстүрімен көп елді аралайды. Маңғыстау, Хорезм  аймағы мен Еділ, Жайық, Жем, Сағыз елдерінде болып, Құрманғазы мен Нұрым, Ақтан мен Мұрат, бала Ораз бен Қоспақ, Құлмамбет пен Жаскілең, Қашқынбай мен Ізімшайыр, Өмір мен Ығылман сияқты өнер саңлақтарымен кездескен.

Қашаған өлеңдерімен қоса «Атамекен», «Адай тегі», «Топан» атты дастан-хикаяларын да шығарған. Оларда  ақын бұқара өмірін суреттейді.

Нұрыммен, Ізбаспен, Ізіммен айтыстары өзіндік ерекше.

Ақын мұралары халық арасына ауызша тараған.

Ақын 1929 жылы 25 тамызда Маңғыстаудағы Құлат деген жерде дүние салған. Бейіті сол маңдағы Қырықкез деген жерде.

1991жылы Маңғыстауда ақынның 150 жылдығы  аталып өтті.

І.Жансүгіровтің «Көбікшашқан» поэмасы  осы Қашағанға арналған.

Шығармаларын талдау.

«ЕСҚАЛИ СҰПЫҒА АЙТҚАНЫ» — Қашаған Құрманғазы секілді серіктерімен қысты күні бір ауылға келіп түнемекке бекінгенде, малшы жігіттер үйіне адам қабылдамайтын Есқали деген сұпының үйіне сілтейді. Өйткені Есқалиды Қашаған арқылы сөзбен түйреп алу болатын. Ақындарды Есқали сұпы қабылдамайды. Оны келін-баласы өңменінен итеріп қарға құлатып тастайды. Оның домбырасын ұстап жатқан немересіне  «шайтанның ағашын ұстама» деп ұрысып,  ақынның домбырасын боқтайды. Сондағы Қашағанның Есқали сұпыға жауабы осы өлеңде өріледі. Домбыраның ағаштан жасалғанын айта келе, ағаштың пайдаға асар тұстарын, оның ішінде діни саладағы қызметтерін тілге тиек ете келе, «Өзіңді халық сұпы дейді, боқтағаның қай ағаш?» деп түйреп өтеді.

«ОСЫ КҮН ЖОЛДАС БОЛДЫМ СЕКСЕНМЕНЕН» — Ақын бұл өлеңде жасының шау тартып, кәрілік меңдеген кезеңін суреттейді. Ештеңеге пайдасыз қалғандығына налиды. Өлең  шіркіннің де қартайғаннан соң қашқандығын айтады. Баяғы қаумалаған көп достың бірде-біреуінің кездеспеуіне өкінеді. Өмірдің өткінші екендігін, сондықтан сол өмірді мәнді өткізу керектігін  өлең идеясына сыйғызған.

«ОРАЗАЛЫҒА» — Ақынның Оразалы байды шенеуі – осы өлеңде көрініс табады.  Бай болса да  жарлының кейпін кешіп, мал соңында отыруы ақын тілінен мысқыл болып шығды. Осы күнде құдық түбінде жастанып, жанын мал соңына қиған байдың кескінсіз бейнесін әдемі бере алған. «Шаруаға жанды жүдетіп, Жүргенде кетпесе игі еді  Біздің аршыланға тіл өтіп» — деп кекесінге де бой ұрады.

«БАЙЛАРҒА» — Ақын жоғарыдағы өлеңдегі ойды кеңінен жырлаған. Байлардың барлық характерін осы өлеңде ашып береді. Қора толған мал толса да аштан отыратын сол бай дейді. Келген қонағына мал соймай, туар қозыны күтетін де сол бай дейді. Кедейге кекесінмен күлетін де, қос-қостан пайдасы жоқ үй тігетін  де сол бай, лепірме бос сөзге әуес, сонысына қарап мырза екен деп танитының да тағы сол бай. Ақын да мұндай байдан қашқақтайды. Одан да жалшының шаңырағын дұрыс деп есептейді.

«БҰЛ ӨМІРДІҢ МЫСАЛЫ» — Бұл өлеңде адам өміріндегі сан алуан кезеңді сипаттайды. Әр кезеңнің өзіндік бейнесі бар, сол кезеңде ғана ол шаруа жүзеге асады. Ал уақыт өткен соң оның бейнесі де алыстай береді. Өткенге өкінбе  дейді. Өмірдің өзі өткінші, ешқашан қапы қалма деп насихат айтады.

«БҰЛ ДҮНИЕДЕ НЕ ЖЕТІМ» — Осындай сұрақ қоя отырып, оған өзі жауап береді. Оның айтуынша, әлеуметтік мәселелерден туындаған келеңсіз жайттарды жетімдікке теңейді. Өмір – бұралаңы көп соқпақ, ол әртүрлі. Сол әртүрлі жолдағы әртүрлі тағдырды суреттейді.

«ТОЙБАСТАР» — ақынның қыз баланың атастырылып жатқан тойында айтқан сөзі. Өлең ақыл, нақыл, өсиетке құрылған.

Қорытынды:   «Қашаған — қалқан қағыстырып, найза сілтемесе де, бүкіл ғұмыры күреспен өткен

ақын. Ол көргенсіз әдепсіздікпен, қаскөй қасиетсіздікпен,  дарақы даңғойлықпен,

қараңғы надандықпен, таңқы дүмшелікпен, қомағай тоғышарлықпен, алакөз

алауыздықпен, бетімен кеткен жүгенсіздікпен күрескен»                                                                                                                  (Т.Медетбек)

Сергіту минуты:  Қашағанның термесі «Тойбастар» орындалады.

Мұғалімнің сөзі: Ә.Кекілбаевтың мынадай ақын туралы әңгімесі бар:

  • «Қашекем Қырықкездегі ақ шаңқан кесененің астында жатпаған секілді. Ол қартайған шағында ат үсті, ер соқты жүрісті ауырсынып, шудасы тізесіне түскен, екі өркеші баладай атанға мініп, ел аралайды екен. Сол әдетімен желмая мініп жерұйық іздеп кеткен Асан бабасының артынан сол сары атанын сар желдіріп, елге ынтымақ, ерге ынсап, жалқыға парық, жалпыға пәтуа іздеп кеткен сияқты»

Бізде солай ойлауымыз керек, оқушылар.

Үйге тапсырма.

Бағалау.

[bws_related_posts]

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *