Қош, жылы ұямыз!

Маңғыстау облысы

 Ақтау қаласы

МКҚК №56 «Жұлдыз» 

бөбекжайының тәрбиешісі                    

Кауымбаева Рзагул Наурызгалиевна

                                          Қош, жылы ұямыз!

 

Залдың іші мерекеге сай безендірілген, ортада «Қош, жылы ұямыз!» деген жазу жазылған. Балалар қолдарына ойыншықтар алып, әуенмен билеп шығады да, би қимылдарын жасайды. Әуен біткесін ортада тұрған кубиктердің үстіне, ойыншықтарын қойып, шығып кетеді. Тәрбиеші шығады.

Тәрбиеші:  Бізге сыйлап сыңғырлаған күлкіңді,

Сәбилерім жүздеріңде нұр тұнды.

Бізден ұшып, қанат қағып, есейіп,

Өздеріңмен қоштасатын күн туды.

Бәріңді де сәбиім деп сүйетін,

Өздеріңді сағынып бір жүрейік.

Құтты болсын қадамдарың аттаған,

Біз сендерге сәтті сапар тілейік!

Тәрбиеші : Құрметті ата аналар мен ұстаздар! Бүгінгі балабақшамен қоштасу мерекесі құтты болсын! «Қош, жылы ұямыз!» атты мерекесін бастауға рұқсат етіңіздер!  Балаларға ақ жол тілеп,  оларды ортаға шақырайық.

   Тәрбиеші бір ұл мен бір қыз баланың аттарын атап, олардың жақсы жақтарын айтып, ортаға шақырады. Балалар жұппен ішке кіреді де, жартылай шеңбер болып тұрады.
1-бала:
Мәпелеген анамыз,

Бақша болды панамыз.

Мектепке енді барамыз,

Оқып білім аламыз.

2-бала: Ты нас принял малышами,

Детский сад, наш дом родной.

Мы теперь большими стали

И прощаемся с тобой.

3-бала: Құшағыңда жарқылдап, өтті сәби күндерім,

Би биледім, ән тыңдап, алаңдауды білмедім.

Гүлге толы жан-жағым, асыр салып жүгірдім,

Өсті талап-талғамым, көп нәрсені ұғындым.

Сен үйреттің сөйлеуді, сенде ойым есейді.

Мектепке барам мен енді, балабақшам қош енді!

4-бала: Ну, вот и все! Пришла пора проститься.

И школа ждет вчерашних дошколят.

Все впереди у нас, но только в детский сад,

Нам никогда уже не возвратиться.

5-бала: Қуанышымыз біздің мол,

Мектепке біз тарттық жол!

Ұмытпаймыз өзіңді,

Балабақшам қош сау бол!  (барлығы хормен)

Ән: «Тілашар тойы»

               Әнді орындап болғаннан кейін, балалар орындарына отырады.

Тәрбиеші: Балалар бүгін міне, балабақшамен қоштасқалы отырсыңдар. Осы балабақша табалдырығында жүріп, әріп танып, санауды үйрендіңдер. Айналаны танып, сауаттарыңды аштыңдар, әртүрлі ертегілерге қанық болдыңдар. Көптеген мерекеге байланысты ертеңгіліктерге қатысып, ертегі кейіпкерлерімен кездестіңдер. Мен мерекемізді «Таңғажайып алаң» ойыны арқылы  жүргізгім келіп тұр. Мен  сендердің осы балабақшада танып, білген ертегі кейіпкерлерін қаншалықты біледі екенсіңдер, соны білгім келіп отыр, 8 әріптен тұрады, ендеше, тақтаға назар аударайық та, мұқият тыңдайық:

-Атадан да, әжеден де, қояннан да, аюдан да, қасқырдан да қашқан қай кейіпкер?

Балалар: Бауырсақ.

Тәрбиеші: Дұрыс, жарайсыңдар, балалар, бізге қонаққа бауырсақ келе жатқан сияқты.

  Әуен ойналып ортаға Бауырсақ шығады.

Бауырсақ: Мен туралы не айтып жатырсыңдар?

Тәрбиеші: Бауырсақ сенің келгенің қандай жақсы болды, біздің балалар балабақшамен қоштасып, мектепке барғалы жатыр.

Бауырсақ:Қандай тамаша, көңіл күйлерің қалай балалар?

Балалар: Жақсы.

Бауырсақ: Мен сендердің мектепке дайындықтарыңды көрейін, қаншалықты тапқыр екендеріңді білгім келіп отыр, жұмбақ жасырайын шешіп көріңдер.

Қырық екі жауынгер,

Сапын түзеп тұрады.

Бүлдіршіндер қауымды ел,

Сырын терең ұғады.   (алфавит)

 

Бар білімнің бастауы,

Бар ғылымның бастауы.

Жас балаға нұр шашқан,

Қандай кітап тіл ашқан?   (Әліппе)

 

Білімнен мол сый-асы,

Балғындардың ұясы.   (мектеп)

 

Ақыл-ойдың шырағы,

Зәулім көктей шынары.

Биігіне бойлаған,

Қанбайды адам құмары.   (Білім)

 

Білімнің жол басшысы,

Шәкірттің қолбасшысы   (Мұғалім)

 

Ұшымен қазық

Тор көзді жазық.

Үстіне өттім,

Асыл сөз жазып.   (дәптер)

 

Ойларыңды аңсаған,

Асыл сөзді ақ алаңға,

Түсіруден шаршаған,

Мен емеспін әманда.    (қалам)

 

Үстінде есігі,

Өзі орындық, әрі үстел,

Оқушылар бесігі.   (парта)

 

Ілулі тұр кең алаң,

Керегімді мен одан.

Жазып алам көшіріп,

Сүртем сосын өшіріп.    (тақта)

 

Бауырсақ: Жарайсыңдар, балалар тапқыр екенсіңдер, мектепке арқайын бара берулеріңе болады. Ал менімен ойын ойнайсыңдар ма? Балабақшада сурет сабағында сурет салған шығарсыңдар. Ойынның аты «Сурет сабағы» деп аталады.

Ойын: «Сурет сабағы»

Шарты: Балалар екі командаға бөлінеді. Екі команданың алдында кедергілер тұрады, кедергіледің ар жағында үстелдің үстінде сурет сабағына керекті құралдар мен қоса басқа құралдар жатады. Балалар кедергілерден өтіп, сурет сабағына керекті құралдарды алып, портфельге салады. Кім бірінші жинаса сол команда жеңіске жетеді.

Бауырсақ: Балалар жарайсыңдар, мен сендерге қатты риза болдым. Сендер мектепке дайын екенсіңдер. Жолдарың болсын, сабақты тек бес пен төртке оқыңдар. Мен енді кетейін, хош сау болыңдар.

                  Бауырсақ балалармен қоштасып шығып кетеді.

Тәрбиеші: Ойынымызды әрі қарай жалғастырайық. Ойынды ата-аналармен ойнасам деймін. Өзі жеті әріптен тұрады. Мұқият тыңдайық: Гүл ұшып гүлге қонады,
Гүл бақшам гүлге толады.   /көбелек/
Барлығы: «Көбелек»

Тәрбиеші: Олай болса көбелек биін тамашалайық.

Би: «Көбелектер»

Тәрбиеші:  Балалар ойынымызды әрі қарай жалғастырайық. Тақтаға назар аударайық. Сегіз әріптен тұрады.

Тақатаға Спанжбобтың суреті ілінеді. Балалар сурет бойынша мультфильмнің кейіпкерін табады.

                                           Әуен ойналып ортаға Спанжбоб шығады.

Спанжбоб: Сәлеметсіңдер ме балалар, мен сендердің балабақшамен қоштасып, мектепке бара жатқандарыңды естіп, сендерге сәт-сапар тілейін деп- келе жатырмын. Балалар сендер қандай әдемі болып кеткенсіңдер. Мен сендермен ойын ойнағым келіп тұр, ойнайсыңдар ма?

Балалар: Иә.

Спанжбоб: Ойынның аты «сөз құра,тез құра» деп аталады.

Ойын: «Сөз құра, тез құра»

Шарты: «Мектеп», «Отан», «Достық», «Білім» сөздерін құрау керек. Әр баланың мойнына әріптер ілінеді, әуен ойналғанда билейді де, тоқтаған кезде қай сөзді атаса, сол сөзді құрап қатар тұра қалу керек.

Спанжбоб: Жарайсыңдар балалар, әріптерді, танып, сөз құрай алады екенсіңдер, ал балабақшада ән сабағында ән айтып үйренген боларсыңдар, солай ма?

Тәрбиеші: Әрине,Спанжбоб, олар әр сабақ сайын бір әннен үйреніп отырды, осы мерекеге байланысты, балалалардың орындауында әнді тыңда.

Ән: «Біз бақытты баламыз»

Спанжбоб: Жарайсыңдар балалар, білімді, әрі өнерлі екенсіңдер, мектепке дайын екенсіңдер, мен сендермен қоштасамын, сендерге ақ жол тілеймін, әрқашанда сабақты тек беске оқып, ата-аналарыңды қуантып, мұғалімдеріңді сыйлаңдар. Қош сау болыңдар.

                                                 Спанжбоб шығып кетеді.

Тәрбиеші: Әрі қарай ойынымызды жалғастырайық. Тақтаға назар аударайық. Бес әріптен құралған сөз. Балалар үнемі біздің ертеңгілігімізде бізге кедергі жасап, сыпырғышпен ұшып келетін әжей кім?

Балалар: Мыстан.

                                   Әуен ойналып ортаға Мыстан шығады.

Мыстан: Амансыңдар ма балалар, қайда жиналдыңдар, барлығың мұнтаздай болып киініп алыпсыңдар ғой.

Тәрбиеші: Сәлеметсіз бе, Мыстан әже, біздің балалар балабақшамен қоштасып, мектепке барғалы жатыр.

Мыстан: Мектепке?…. Онда не бар? Бармай-ақ қойыңдар. Сабақты мен өзім үйретемін.

Тәрбиеші: Өзім үйретемін дейсіз бе? Ал, сіз мектеп ережесін білесіз бе, білсеңіз айтып беріңізші?

                      Мыстан төмен қарап не айтарын білмей, ойланып қалады.

Тәрбиеші: Олай болса Мыстан әже, балалардың «Ормандағы мектеп» ойынын тамашалайық. Сонда мектеп ережесімен танысасыз.

Ойын: «Ормандағы мектеп»

(кірпі, қоян, аю, қасқыр, түлкі, шыбын, бақа)

Кірпі(мұғалім):-Сәлеметсіңдер ме балалар! Кәне отырыңдар!

-Біз сабақты бастаймыз,

Қайталаудан аспаймыз.

Кәне көжек ойланып,

Екіге үшті қоса ғой.

Көжек дірілдеп, қалтырап орнынан тұрып былай дейді:-Білмедім мен шешуін

Мүмкін құлап кетуім.

Кірпі:-Қос көрінер қорыққанға,

Қорқу деген жаман іс.

Екіге үшті қосқанда,

Шығады міне үлкен бес!

Енді түлкі сен келші

Өнеріңді көрсетші,

Екіге екіні қосқанда

Не шығады тез айтшы.

Түлкі жалма-жан дәптерді ақтарады.

Кірпі:-Дәптерге өйтіп қарама

Алдауға бізді бола ма?

Аспай-саспай ойланып,

Шешуін тап толғанып.

Енді қонжық келе ғой,

Үшке үшті қоса ғой.

Аю орнынан тұрып, басын екі алақанымен соққылап, бір орында теңселіп айналып шығады.

Аю:-Үшті үшке қосқанда у…у…у…

Кірпі:-Көп ойландың достым-ай,

Жауабың сенің осы ма-ай.

Осы кезде шыбын өз орындығын айнала ызылдай ұша жөнеледі.

Кірпі:- Ал шыбыным ызылдайсың

Жаздың айқын белгісі.

          Қазып жүр құмды бес мысық,

Үшеуі жатыр күн ыстық.

Екеуі жүр шомылып,

Барлығы қанша санап шық.

 Шыбын он рет ызыңдайды.

Кірпі:-Міне дұрыс жауап бердің,

Сұрағымды беске білдің.

Бақа кезек саған келді

Пісіп тұрған төрт алмұрт,

Қызығатын көрген жұрт.

Екі алмұртты бұтақтан

Алып жеді Батырхан

Қанша қалды алмұрттан?

Бақа екі рет бақылдайды.

Кірпі:-Қасқыр, енді өзің айт,

Аңдарда бар неше аяқ?

Қасқыр:-Оң аяқ пен сол аяқ

Болады міне екі аяқ.

Оң аяқ пен сол аяқ

Болады міне төрт аяқ

Білеміз мұны айтпай-ақ.

Кірпі(барлық аңдарға қарап):-Міне осылай тапқыр бол

Ақылды бол, күшті бол.

Сұрақ қойдым саспадың

Осы еді ғой тосқаным

Сабақ бітті осымен,

Сау болыңдар достарым.

Тәрбиеші: Көрдіңіз бе,Мыстан әже.

Мыстан: Е-е, балалар сендердің мектепке барамын дегендерің дұрыс екен. Мен орманда жүріп, оқудың не екенін білмеппін, мен сендерге сәт-сапар тілеймін. Сабақтарыңды жақсы оқып, жақсы оқушы болыңдар. Үнемі ата-аналарыңды қуантып жүріңдер. Мен кетейін, мені ормандағылар күтіп қалған шығар, сау болыңдар.

Әуен ойналып,  Мыстан шығып кетеді.

Тәрбиеші: Ойынды әрі қарай жалғастырамыз.  Сегіз әріптен тұрады.Тыңдайық.

Тіл дамытып, сурет салып,

Жаттықтырды қолдарын.

Құшақ жайып қарсы алатын,

Күтетін сізді бақшадан. Ол кім?

Балалар: Тәрбиеші.

Тәрбиеші: Дұрыс, жарайсыңдар. Олай болса әнге кезек берейік.

Ән: «Тәрбиешіме»

Балалар тақпақтары.

1-бала: Ойыншықты жинаймыз,

Бөбектерге сыйлаймыз.

Өнер-білім үйреткен,

Өзіңізді қимаймыз.

          2-бала:Скоро в школу в первый раз,
Скоро в школу в первый класс.
Называть все будут скоро
Школьниками нас!

            3-бала: Мектепке ертең барамыз,

Оқимыз, сауық құрамыз.

Қашық та болмас арамыз,

Сіздерге келіп тұрамыз.

4-бала: Баулап баптап өсірдіңіз,

Балалық етсек кешірдіңіз.

Ұмытпаймыз сөзіңізді,

Ұмытпаймыз өзіңізді.

5-бала: Мы хотим скорей учиться,
Подружиться с букварем.
От страницы до страницы
Мы к весне его прочтем.

6-бала: Бақша біздің панамыз,

Мектеп біздің анамыз.

Ұлағатты ұстаздан,

Оқып білім аламыз.

7-бала: Көңілді өскен баламыз,

Шырқап әнге саламыз.

Тойымызға сән берер,

Би де билей аламыз.

Тәрбиеші:  Әрі қарай ойынымызды жалғастырамыз. Өзі сегіз әріптен тұрады. Біздер ойыншықтармен қоштасып,оларды кімге сыйлаймыз, әрі үш  жастан бастап балабақша табалдырығын аттайтын  кімдер?

Балалар: Бөбектер.

Тәрбиеші: Жарайсыңдар, дұрыс таптыңдар, олай болса ортаға кішкентай бөбектеріміз, ақ тілектерімен келіп қалған екен, қарсы алайық.

Ортаға балапан әуеніміен бөбектер кіреді.

1-бала: Қош балалар, сәт-сапар,

Үлгілі бәрің болыңдар.

Жақсы оқып әрқашан,

Тек 5-тікті алыңдар.

2-бала: Өтті қызық көп күндер,

Алты жасқа жеттіңдер.

Қуанышқа ортақпыз,

Құтты болсын тойларың.

3-бала:Өздереңді ұмытпай,

Есімізге аламыз.

Ұмытпасын деп әрқашан,

Шырқап әнге саламыз.

4-бала: Бірге ойнап, бірге жүрген,

Күндеріңді қимаймыз.

Естелік болсын біздерден деп,

Әсем әнді сыйлаймыз.

Тәрбиеші: Бөбектердің орындауында «Балапан» әнін қабыл алыңдар.

                        Әуен ойналып бөбектер щығып кетеді.

Тәрбиеші: Жаңа өмір басталсын,

Үміт, сенім ақталсын.

Ұмытылмай бақша вальсі,

Көңілде мәңгі сақталсын.

-Балалар бүгін соңғы рет балабақша вальсін билейік .Ұлдарымыз қаздарымызды биге шақырады.

Би: «Вальс»

Тәрбиеші: Балалар ертеңгілігіміздің соңында таза пәк көңілмен сүйікті де қимас жандарға арналған  алғыстарыңды айтатын кез келді.

 

Меңгеруші апайымыз Маңдайлы,

Күлімдейсіз балаға, келбетіңіз шырайлы.

Сіз дарқансыз, мейірімді анасыз,

Қастерлейтін қамқоршымыз данасыз.

Ұшыратын жас қанатты қатайтып

Балаларға әр қашанда панасыз

Маңдайлы Мерусинқызына мың алғыс.

 

Ұстаздардың ұстазы,

Тәрбиенің ұстасы

Ырза сізге бәрі де

Ұмытпаймыз сізді де

Тәжірибелі педагог: Бәтима Мұратбайқызына мың алғыс!

 

 

Айнұр апай әдіскер

Ақылына көркі сай

Тәрбиешіге жол салып,

Болды қамқор жалықпай

Айнұр Қонысбайқызына мың алғыс.

 

 

Еркетайын әр үйдің

Бабын тауып сәбидің

Балапандай өсірген

Тәрбиешінің есімі

Мәңгі өшпейді есімнен…………….

 

Талай-талай баспалдақты аттармыз,

Ата-ананың үмітінде ақтармыз

…………. апай сізден алған ақылды

Есімізде өмір бақи сақтармыз.

 

 

Оқыдық біз жаңаша

Аян апай тамаша

Оқытты бізді сөйлетіп,

Өз-өзіңді тануға.

Аян Есқуатқызына     мың алғыс.

 

Денсаулығымыз болаттай

Ауруды көп жолатпай

Денемізді шынықтырған

Еңбек еткен аямай

Набира Жиемұратқызына  мың алғыс.

 

Еңбегі оның мол енді

Қолөнерге баулыған

Портрет, пейзаж, әр түрлі,

Суреттерді салдырған

Ботагөз Қалидоллақызына мың алғыс.

 

Тамылжытып ән салдырып үйреткен

Мың бұралта белімізді билеткен

Сазгер апай сізге де алғыс айтамыз

Мың қайтара сәби бала жүрекпен.

Татьяна Қоспайқызына мың алғыс.

 

“Спасибо!” нежно говорим

Венере Сансызбаевне
Еще признаемся мы вам
Похожи вы на наших мам.
Спасибо вам сто тысяч раз!
Всю жизнь мы будем помнить вас!

 

Компьютерді білсін деп,

Талмай еңбек етті ол,

Онсыз, білім жоқ-ау деп

Көрсетті бізге тура жол.

Ақзер апай сізге де рахмет айтамыз.

 

Үйреткен тілді білсін деп

Ағылшын тілін оқытып

Шет тілін білу керек деп

Талап қойды күлімдеп

Жазира апайға мың алғыс.

 

Үйренгенбіз өнер біз,

Шетімізден шеберміз.

Майысады денеміз,

Мың бұралған биіміз.

Орынгүл апай

Айтамыз сізге  мың алғыс.

 

Аязға да қыңбаған

Болып алдық шыңдалған,

Бес жыл емдеп шыңдаған

Мейірбике  Фатима Темірбекқызына мың алғыс.

 

Еңбек  еткен еңсем,

Сырты менен ішіне

Балабақшаның қызметін

Иығына көтерген  Майра Бисенбіқызына мың алғыс.

 

Бізді баптап қараған,

Күлімдеген жақсы адам.

Ақ төсекке жатқызған,

Басымыздан сипаған

————— апайға көп рахмет

 

Томпиған дәмді бауырсақ

Бізге арнап пісірген

Кампот, ботқа, сорпаны

Тез-тез асып түсірген

Аспазшылар Люба, Айман, Жанар, Қарлығаш апайлар

Көп-көп алғыс біздерден.

 

Тап таза төсекте

Тап таза бесікте

Тап таза болсын деп

Келетін кешікпей

Кір жуушы Шынар, Жадыра апайлар

Айтамыз сізге мың алғыс.

 

 

 

 

Фон, жәй музыка әуені ойналып тұрады. Тәрбиеші сөйлейді.

Тәрбиеші: Қимай сынған ойыншығын

Деп жылайтын тастама

Қиып, сыйлап жап-жаңасын

Бара жатыр жас бала

Ұстамайды етектен де

Өзі жүре алады.

Өйткені ол азамат боп,

Білім іздеп барады.

Адалдықты жүктеп алып

Сүрінбейтін сенімге

Жаңа қадам басқан балам,

Қуантады елінде.

Таудай талап арқалауы

Бекер емес тегінде.

Өйткені ол ақтамақшы

Үмітімді менің де

Ән: «Қоштасу әні»

                  Балабақша меңгерушісіне,әдіскерлерге сөз беру, дипломдар, марапаттар.

Тәрбиеші: Осымен «Қош, жылы ұямыз» атты ертеңгілігіміз аяқталды, қош сау болыңдар.

 

[bws_related_posts]

 

 

 

 

 

 

 

Ақтау-2014жыл.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *