Қош, сүйікті Әліппем!

Тақырыбы:  Қош, сүйікті Әліппем!

Мақсаты: Әліппеден алған білімдерін тексеру, оқушылардың сөздік қорын, тіл байлығын дамыту, ана тілі пәніне деген сүйіспеншілігін арттыру, ұйымшылдыққа, достыққа тәрбиелеу.

Мұғалімнің құттықтау сөзі:
-Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар, ата-аналар! Бүгінгі күн ерекше күн, өйткені оқушылар мектеп табалдырығын аттаған кезде ең алғаш алған, әріптермен танысқан оұулықтары әліппемен қоштасқалы тұр. Енді олар ана тілі оқулығын бастайды. Ендеше, қызықты да ғаламат өзгерістер сыйлаған , білім нәрімен сусындатқан, өмірде өз жолдарын табуға жол сілтеген ұстаздарына, ата- аналарына өз өнерлерін көрсетуге дайын. Олай болса балаларды  ортаға шақырайық! (оқушылар ортаға шығады)

Өтті оқу сан сабақ,
Бүгін үлкен салтанат.
Әліппемен қоштасып,
Оқулықпен достаспақ.
Ой-білімі жаңғырып,
Әліппеден мәңгілік.
Әріптерді таныған,
Өңкей білгіш балдырған,
Өсті міне бойларың,
Өсті ақыл-ойларың.
Қуанышқа ортақпын,
Құтты болсын тойларың!

 

Айкөркем:

Көз салып қараңызшы бойымызға,
Ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға.
Қош келіпсіз, ұстаздар, ата-аналар,
Әліппемен қоштасу тойымызға!

 

Альбина:

Жақсы білім көрімдік

Болсын бізге халайық

Не үйреніп,не білдік,

Кәне, ортаға салайық.

 

Рамазан:

Әліппемен қош айтысып қаламыз

Енді қолға басқа кітап аламыз.

Ата-ана, қуанышкқа ортақ бол

Сауатты боп шықты міне балаңыз

 

Мұғалім:
-Балалар, біздің білім алатын ордамыз- мектеп.
-Мектепті біз екінші үйіміз дейміз, себебі, біздің бір күніміздің жартысы мектепте өтеді, бір аптаның алты күні мектепте өтеді.
-Біз мектепке не үшін келеміз?
-Оқумен қоса ән-би үйренеміз, ойын ойнаймыз
-Ендеше, мектеп туралы арналған тақпақтар айтайық:
Ақжол:
Мектеп деген білім кені , жыр кені,
Мектеп деген ғылымның ең үлкені.
Мектеп деген тәрбиеші адамға.
Мектеп деген даналардың мекені.
Ақбаян:
Мектебім- білім берер алтын ұям.
Ер жетіп сенде сөзім, артты санам.
Баулисын 4жыл бойы ата- анамдай.
Әрқашан қасиетті атың маған.
Ұлдай:
Армысың сен алтын ұя мектебім,
Саған айтар жыр алғысым көп менің.
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мақтан етем сені мәңгі мектебім.
Айқанат:
Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,
Алтын ұя, ақ босаға киелі.
Қанат қаққан білім алып өзіңнен,
Күллі шәкірт саған басын иеді.
Әлия:
Мектебім , алтын ұям , нұрың жарық,
Жайнаттың үмітімнің гүлін жарып.
Сүйкімді сенің күміс қоңырауың,
Тұрады құлағымда сыңғыр қағып.
Дильназ Н
Мектеп – үйім , ұстазым менің – ата- анам,
Сеннен өсіп, сеннен ғана нәр алам.
Саяң ыстық , сен мәуелі бәйтерек.
Тамырланып , сан тарапқа тараған.
Жүректерге жаққан білім шырағын ,
Мектебіме арналады бұл әнім!

ӘН: «Мектебім» (хормен)

 

Бейбарыс:
Әке, шеше, атын сен,
Бізге үйреттің Әліппе
Бізге жақын нағыз сен,
Сенен білдік әріпті

 

Нұржан:

Бар әріпті үйреткен –
Міне, менің әліппем.
Жақсы оқимын сабақты,
Әріптерді танып мен.

 

Рамазан Т

Бар кітапқа бас болған,
Әліппе – ғылым анасы.
Әліппеден басталған,
Даналықтың данасы.

 

Даниял:

Әліппем менің, Әліппем,
Сені қолға алып мен.
Есігін аштым мектептің,
Ертеңгі сәуле жарықпен.

 

 

Сырым:

Әліппе – білім анасы,
Әліппе – кітап данасы.
Әліппе бетін ашпаған,
Адамның бар ма баласы?

 

Мұғалім:

-Жарайсыңдар балалар, олай болса, бәрімізге ең қымбат Әліппені ортаға шақырайық.
Хормен: Әліппе! Әліппе! Әліппе! (Әліппе ортаға шығады)
Әліппе ортаға шығады:
-Армысыңдар жас достар!
Армысыңдар, ата-ана!
Болашаққа жол бастар,
Әліппең келді ортаға.
Білім деген ғажаптың,
Әліппесін меңгерген.
Келешегі қазақтың,
Басталады сендерден.
Таудай болса талабың,
Айтары көп әріптің
Қуанышы баланың
Қуанышы ананың
Жақсы білім көрімдік,
Болсын бізге халайық.

Мұғалім:
-Әліппе,қош келдіңіз,төрлетіңіз. Балалардың өнерлерін тамашалаңыз.

 

Хор:  «Әліппе» әні

 

Мейрамбек:
Бұрқыраған білімнің,
Қайнар көзін көріп пе ең?
Том- том болған кітаптың,

Басы болған Әліппем.

 

Саида:

Келгенде алғаш мектепке,
Білмеуші едік әріп те.
Оқимыз қазір ертекті,
Үйреткен оны – Әліппе!

 

Айжанат С.

Қыркүйекте келдім де,
Сыныпқа кірдім қуанып.
Қарсы алды ұстаз мейірмен,
Қадамымды құп алып.

 

 

 

 

Ислам:

Енді біз жаза білеміз,
Әріпті қосып әріпке.
Риза боп саған жүреміз,
Сүйікті біздің Әліппе!

 

Ән: «Әліппе». Орындайтын Жұмахан Аслан мен Сүлейменов Ерасыл

 

Көрініс: Дымбілмес Орындайтын Жұмақан Еркін мен Бекмұратқызы Перизат.

 

Наргиз:

Оқуды көп ойладық,
Қызығына тоймадық.
Әріптерді үйреніп,
Сауат ашып тойладық.

 

Айбар:

Алфавитті жаттадық,
Онда жүйе, қалып бар.
Біздің қазақ тілінде
Қырық екі әріп бар.

 

Еркебұлан:

Сырлы әріптер сөз түйіп,
Сабырмен саған қарайды.
Сырларын білсең бас иіп,
Керегіңе жарайды.

 

Назира:

Ең алғаш қолға алғанда Әліппені,
Қызығып қарай бердім әріптерді.
Мен үшін сыры жұмбақты бұл кітаптың,
Ұстазым кілтін маған алып берді.

 

Хор:  «Әліппемен қоштасу» әні

 

Мұғалім:
-Балалар, біз әліппеден әріп, дыбыс, буын, сөз, сөйлем деген ұғымдармен таныстық
-Әріп пен дыбысты қалай ажыратамыз?
-Әріпті-көреміз, жазамыз; дыбысты-айтамыз, естиміз
-Рахмет, балалар! Ал, енді алфавиттегі алғашқы үш әріпті атайықшы
-А, Ә, Б.
Айжанат М:

Алфавиттің А тұрады басында,
Әрқашанда Ә тұрады қасында.
Байқадың ба Б тұрады үшінші,
Ал, осының сыры неде түсінші.?
Ғазиза:
А деген ол-аналар ғой ардақты,
Ә деген ол-әкелер ғой салмақты.
Б деген ол-балалар ғой әдемі,
Біздің елде үшеуі де кәделі
Алшақ кетпей сондықтан да расында,
Тұрады олар алфавиттің басында.

 

Ән  «Рахмет саған әліппе»     Орындайтын Абдулла Әлия мен Құттығарақызы Дильназ
Мұғалім:
-Рахмет, шәкірттерім!
-Міне, білімнің кілті — Әліппемен қоштасар уақыт та жақындады.
-Қане, әліппеге Қош айтайық!
Әліппе сөйлейді:

-Ал достар, енді сендерді әрі қарай жетелейтін достарың Ана тілі болмақ.

Айналайын балғындар,
Менен білім алдыңдар.
Әр сөзімді жаттаған,
Достар үшін мақтаған
Рахмет айтып шаттанам,
Риза болып аттанам.
Алда ұзақ жасым бар,
Оқумен өсіп толыңдар,
Аман-есен болыңдар!
Барлығы: Қош бол, Әліппе!

 

Мұғалім:
-Балалар, әрі қарай бізге Әліппенің орнына АНА ТІЛІ келеді.
-Қарсы алайық, танысайық
Ана тілі:

Сәлеметсіңдер ме, балалар?
Ақыл-ойы дананың,
Ана тілі боламын.
Ана тілі ардақты,
Ақ сүтіндей ананың.
Мен Әліппеден оқып білгендеріңді ары қарай жалғастырамын. Бәрің өнерлі, білімді шәкірт екенсіңдер. Әліппені қалай меңгерсеңдер, мені де солай оқыңдар.
Мұғалім:

-Ана тілі отырып балалардың өнерін тамашалаңыз.

-Ақ көйлегім көлбеңдеп,

Би билеймін дөңгелеп

Қой демейді ешкімде

Биші болам өскенде – деп биші қыздарымыз Нұрлысәт пен Гаухардың биін тамашалайық.

 

Мұғалім:

-Ана тілі, біздің балаларымыз тек қазақ тілінде емес, басқа тілде де біледі. Ендеше, Нұрдана қызымызға кезек берейік. (Нұрдана ағылшын тілінде өлең айтады)

 

Ана тілі:

-Жарайсыңдар, балалар! Енді сендердің осы уақытқа дейін алған білімдеріңді тексерейін. Ол үшін мен сендерге жұмбақ жасырам, соның жауабын табыңдар.

-Білезікке қарайық

Ұқсайды оған қай әріп?         (С)

 

-Қос бүйірін таянып

Тұратұғын қай әріп?              (Ф)

 

 

 

-Қосылса 13 арасы,

Қандай әріп қарашы?            (В)

 

«Күн» мен «түн» сөзі немен аяқталады?       (Н)

 

-Сақинаға қарайық

Ұқсайды оған қай әріп?         (О)

 

-Ұқсайды өзі шалғыға,

Елестет көз алдыңа.

Кәне, ойлаеып табайық,

Болды екен бұл қай әріп?         (Ғ)

 

-Түйе өркешін қарайық

Ұқсайды оған қай әріп?         (М)

 

-Бірін-брі қоршаған

Бір үйден көрдім 42 дос-жаран.       (42 әріп)

 

-Бар блімнің бастауы

Бар ғылымның бастайы

Жас балаға нұр шашқан

Қандай кітап тіл ашқан?          (Әліппе)

 

Дидар:
Әріптерді үйретіп
Жақын болған кім бізге?
Хор: Ол мұғалім
Жамандықтан жиреніп
Ақыл болған кім бізге?
Хор: Ол мұғалім.
Мейірбек:

Ең алғаш алғанымда әліппені,
Қызығып қарай бердім әліппені.
Мен үшін жұмбақ болып қалар ма еді,
Ұстазым оның кілтін ашып берді
Айбек А:

-Әліппе оқуға,
Үйреткен әр күні
-Үйретіп санауды,
Көп еңбек сіңірген

Мұғалім апай ғой!
Марьям:

Үйретіп мұғалім бізге әліппені,
Мұғалім ғылымға жол салып берді.
Адамның ақыл-ойы, мақсаттары,
Оқудың сәулесімен жарық көрді.

 

Абдусамат:
Алғашқы ұстазымыз анамызбен тең келеді,
Бар асылын бізге жиып , мол береді.
Қанатымен су себелеп асыл жан,
Әр шәкіртін баласынан кем көрмейді.

 

Әзжәнібек:
Әліппе даңғыл жол ашты,
Жаңадан пәндер жалғасты.
Әліппе сырын ұқтырған
-Рахмет, ұстаз алғашқы!

 

Мұғалім:
-Әліппені меңгертуге, жазуға, санауға үйреткен ата-аналарымыздың үлесі бар.
-Балалар, сендер үшін түн ұйқысын төрт бөліп, қуансаң-қуанып, ренжісең-жұбататын асыл адам – Ана! (балалар әріптерден құрастырады)
-Ана- біз үшін ең ардақты адам. Ананы сыйлау-біздің парызымыз. Ендеше, біздер аналарыызға арнаған өлең шумақтарын айтайық.
Ақбаян А:

Дүниеге әкелген, ол да сенің анашың,
Ақ сүт беріп өсірген , ол да сенің анашың.
Тіл алмасаң кешірген , ол да сенің анашың,
Мәпелеген баласын, аман болсын анашым!
Гүлназ:
Кеудемнен сезім селі ақтарылсын,
Болармын күні ертең- ақ мақтанышың.
Білім алып, тер төгем , еңбек етем,
Өзіңнің сеніміңді ақтау үшін! …
Ерсін:
Ата-анаға еркелеп,
Ортасында өстік біз.
Жақсы оқып, қуантып,
Бестік күнде алдық біз….
Әбілмансур:
Болашағын баланың,
Талабынан білесің.
Жақсы оқыса сабағын,
Жақсы көріп жүресің….
Айбек Қ:
Ата келші тезірек,
Ана тілін бастадым.
Өзіңе айтар тағы да,
Дайын менің тақпағым.

 

-Әрине, біз анамызбен бақыттымыз, анамыз бізбен бақытты. Арайлымның орындауында Мұқағали Мақатаев «Шеше сен бақыттысың».

 

Ән: Орындайтын Ернар
Балалар хормен:
-Ата-анаға мың рахмет! .
-Қымбатты оқушылар, сендерді мектептегі алғашқы жетістіктеріңмен құттықтаймын! Білім баспалдағына өрлеген сапарларың сәтті болсын!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *