ҰБТ нәтижесі бойынша үздік он мектеп аталды

photo_111090Ұлттық бірыңғай тест нәтижесі бойынша ҚР білім және ғылым министрлігі алдын ала үздік деп танылған он мектептің тізімін жасады. Бұл жайында Алматыда өткен Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ведомство басшысы Аслан Сәрінжіпов мәлімдеді. 

«ҰБТ қорытындысы бойынша, жақсы көрсеткіштермен оқу жылын аяқтаған он үздік мектеп тізімі жасалуда. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл тізімде алғашқы орынға Астана қаласының мектебі, онан соң, Орал, ОҚО, Ақтөбе, Алматыдағы екі мектеп, Қостанай және Кентаудағы мектептер орналасты. Орал мен Кентау қалаларындағы мектептердің түлектері бірнеше жылдан бері үздік аталып келеді. Олардың білім берудегі тәжірибесін алдағы күнде зерттеп, оқытудағы әдістерін қолданатын боламыз»,- деді Аслан Сәрінжіпов.

ҰБТ да соңғы бес жылда 100 балдан астам ұпай жинаған Орал қаласындағы Облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты бірінші орында тұр. Екінші орынға тағы да Оралдың бір мектебі, яғни С.Сейфулин атындағы №11 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп интернаты жайғасты. Еліміз бойынша үшінші көрсеткішке Кентау қаласының «Дарын» аймақтық мектеп интернаты қол жеткізген. Төртінші орында Қостанай дарындылары, бесінші орынға Ақтөбедегі М. Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп интернаты орналасты.

Министр Алматыдағы №39 мектеп-лицей мен №140 мектеп гимназиясы үздіктер қатарында деп анықтап өтті. Ал жалпы, ҰБТ 2014 жоғары деңгейде өткен.

«Ұйымдастыру жағынан 2014 жылғы ҰБТ жоғары деңгейде өткізілді. Тестілеуге қатысушылардың аз болуы демографиялық жағдайға байланысты», — деді бас ұстаз.

Дегенмен, Аслан Сәрінжіповтің айтуынша, алдағы жылдары ҰБТ форматы өзгеріске ұшырайды.

«Қандай өзгеріске ұшырайтыны әлі белгісіз. Бірақ, ҰБТ-ға көп жағдайлар байланысты болып отыр. Сондықтан, біртіндеп ол жүктемелерді алып тастауымыз керек. Мәселен, тестілеу нәтижесі бойынша бітіруші түлектің білімі анықталады. Алтын белгі ақталды ма, жоқ па, ол да тестілеуге байланысты. Мұғалім, мектеп, аймақ жұмысы осымен бағаланады. Мұның барлығы қысым. Алдағы жылдары ҰБТ-ны күйзелісі аз етіп ұйымдастыруымыз керек»,- деді ол.

 

Арайлым Бексейітова

http://baq.kz/

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *