Өзін-өзі тану көшбасшылары

Атырау облысы
Қызылқоға ауданы
Тайсойған ауылы
Ғ.Сланов атындағы орта мектеп
Өзін-өзі тану пәні мұғалімі
Қазмағанбетова Айымгүл Төлеуқызы

Тақырыбы: Өзін – өзі тану көшбасшылары
Мақсаты: «Өзін-өзі тану» пәні арқылы рухани-адамгершілік тұрғысында білім берудің мәнін ашу.

Міндеттері:

-Өзін – өзі тану пәнінен алған білімдерін жинақтау;
-Жағымды қарым – қатынас жасау іскерліктерін дамыту
-Өзін және өзгені сыйлай білуге тәрбиелеу

Түрі:сайыс

Көрнекілігі:мультимедиялық проектор, өзін-өзі тану оқулықтары, шарлар, күннің суреті, түрлі түсті бояулар.
Мұғалім: Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгін 5-7 сынып оқушыларының арасында Өзін өзі тану пәні бойынша адамгершілік құндылықтар мен адами қасиеттер туралы білімдерін көрсету мақсатында ұйымдастырылып отырған «Өзін – өзі тану көшбасшылары» атты сайысқа қош келдіңіздер. Олай болса, сайысқа қатысушы 5-7 сынып оқушыларын қошеметпен ортаға шақырайық.Бүгінгі сайыскерлеріміз  «Талап» тобы, «Ақыл» тобы, «Ой » тобы болып үш топқа бөлініп отыр.

Сайыс болғаннан кейін сарапшы құрамы болуы шарт, олай болса бүгінгі сайыстың сарапшылармен таныс болайық.

1.Мектептің оқу ісінің меңгерушісі Есқұлова Ж.

2.Мектептің тәрбие ісі жөнінде орынбасары Нәсіпқали А

3.Өзін-өзі тану пәні мұғалімі Айтжанова Г.

Сайыс бағдарламасымен танысайық.
1. «Біз осындай оқушымыз» (таныстыру бөлімі)
2. «Шығармашылық-шаттық бастауы» туры (үй тапсырмасын қорғау)

  1. «Үйренгенім көп менің» туры(дәйексөздердің жалғасын табу)
    4. «Сөйлесе білу де өнер» туры(сахналық көрініс)
    5. «Білімге құштарлық» туры(мәтінмен жұмыс)
    6. «Ән-көңілдің ажары» туры(сазды әуен сайысы)

Мұғалім: Олай болса, алғашқы айналымды таныстық кезеңіне берейік. Әр топ өздерін және топтың атын таныстырып өтсін.

Біз «Талап тобының» сайыскерлері 7-сынып оқушылары Абзал Райхан және Түзгенбай Аққу. Біз қашан да талапты оқушымыз. Біздің барлық оқушыларға қояр талабымыз:

1.Жақсы оқушы болғандарың дұрыс
2.Бастаған істеріңді соңына дейін аяқтауға тырысыңдар
3.Мақсатқа жетуге шыдамдылық танытқандарың жөн
4.Үлкендерді құрметтеуге,мәдениеттілікке үйреніңдер.
Біз «Ақыл тобының» сайыскерлері 6-сынып оқушылары Бағдат Назым және Асқарқызы Назира. Біз әрқашан ақылды боламыз.  Біздің барлық оқушыларға айтар ақылымыз:

  1. Әрқашан сыйлы болыңдар
    2.Біреуге үнемі жақсылық жасауға тырысыңдар, жасаған жақсылықтарың алдарыңнан шығады
    3.Ерінбей еңбек етсеңдер, мақсаттарыңа жетесіңдер
    4.Адамгершілігі мол азамат болыңдар
    Біз «Ой тобының» сайыскерлері 5-сынып оқушылары Қосымбай Асылай және Борисқызы Марта. Біз әрқашан білімді боламыз. Біз барлық оқушыларға өз ойымызды айтқымыз келеді:

1.Өзімізді, өзгелерді,айналамызды сыйлаймыз.
2.Әр іске жауапкершілікпен қараймыз.
3.Нағыз адам болып қалыптасуға тырысамыз.
4.Барлық іске әрқашан дайынбыз.

  1. «Шығармашылық-шаттық бастауы» туры (үй тапсырмасын қорғау)

Мұғалім:

Үмітпенен жоқ қуған,

Талабы алда баламыз.

Басқалар жоғын тапқанда,

Біздер қайтіп қаламыз,-сайысымыздың келесі кезеңін үй тапсырмасына берейік. Үй тапсырмасына белгілі тақырыптарда шығармашылық жұмыс(өлең, шығарма, сурет, қолөнер бұйымы) берілген болатын. Сол жұмыстарын әр топ өздері қорғап шығулары тиіс.
1.«Талап» тобы: «Бірлігі жарасқан халықпыз»

  1. «Ақыл» тобы: «Әсемдікке ұмтылайық»
  2. «Ой» тобы: «Отбасы-алтын бесігім»
  3. «Үйренгенім көп менің» туры(дәйексөздердің жалғасын табу)
    Мұғалім:

Өміріне үңілсем баба бұрынғы,

Зиялылар ой айтыпты ұғымды.

Ізеттілік орнамаса қоғамда,

Нағыз адам бола қоймас әманда,-дей отырып, келесі кезекті ұлылардың ұлағатты сөздері, халық даналығы дәйексөздерге берейік.

1.Жақсы ой мен жақсы сөз….(жақсылыққа жетелейді) Ы.Алтынсарин. 3-сынып.Өзін-өзі тану белестері.

2.Дүниедегі ең оңай нәрсе-біреуге ақыл айту,….. (ең қиын нәрсе-өзіңді- өзің түсіну) әл-Фараби.5-сынып. Өзімді өзім танумен өсіп келем.

3.(Мейірімділікті)……..анадан үйрен. Халық даналығы.3-сынып. Мейірімділік-асыл қасиет.

4.Қыл өтпестей татулықты…….(бір ашуға сатпайық) М.Әуезов. 4-сынып. Кешірім мен келісім.

5.Ақыл-адам көрігі,……..(ақылдың сабыр серігі)М.Әуезов. 4-сынып. Ашу-дұшпан, ақыл-дос.

6.Сырты сұлуға көз қызығады,…….(ішкі сұлуға жүрек қызығады) Ғ.Мұстафин.6-сынып.  Әсемдікке ұмтылайық.

7.Өмір-теңіз, жүзем онда демеңіз, ……..(Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз) Рудаки. 7-сынып. Қарым-қатынас мәдениеті.

8.Сөз қадірін білмеген,…..(өз қадірін білмейді) Халық даналығы. 5-сынып. Сөйлесе білу де өнер.

9.Ата-анаңның ақылы,

Сайрап жатқан жолмен тең……..(Ақылдының ақылы, сарқылмайтын көлмен тең) Халық даналығы. 4-сынып. Ақылды тыңдай білу де өнеге.

10.Сау дене, азат ақыл, адал көңіл-……..(үшеуімен болады бақытты өмір) Әйтеке би. 6-сынып. Денің сау болсын десең.

  1. «Сөйлесе білу де өнер» туры(сахналық көрініс)

Мұғалім:

Бір ауыз сөз қасіретті тыяды,

Бір ауыз айықпас дерт жияды.

Бір ауыз сөз әлемге әйгі еткізсе,

Бір ауыз сөз жаманатқа қияды,-сайысымыздың келесі кезеңін сахналауға береміз. Әр топ белгілі тақырыптарда сыпайы, жағымды қарым-қатынас орната отырып, сөйлесуді сахналап көрсетеді.

1.«Талап» тобы: «Сатушы мен тұтынушы арасындағы сөйлеу қарым-қатынасы»

  1. «Ақыл» тобы: «Сыныптастардың бір-бірімен телефон арқылы сөйлесу»
  2. «Ой» тобы: «Әже мен немересі арасындағы сөйлеу қарым-қатынасы»
  3. «Білімге құштарлық» туры(мәтінмен жұмыс)
    Мұғалім: -Мәтіннен үзінді оқимын, сендер сол үзіндінің қай мәтіннен алынғанын айтасыңдар.

«Ой» тобына:

  1. Сырқаттанып қалған ана баласына:

-Балам, анау белді ассаң,-дейді, мұнарға бөленген көк белесті көрсетіп,-арғы жақ табанында алтын бұлақ бар. Сол бұлақтың жағасында жалбыз деген шөп бар. Сол шөпті әкеліп берсең, мен айығып кетемін.

Бала:

-Мақұл,-дейді де жолға шығады.

Шешесі айтқан жолмен жүріп, бел асып, сай табанына түскенде, алдынан бір бұлақ шығады. Бұлақтың екі жақ қапталын қалың шөп көмкеріпті. Шөптің қалыңдығы сонша, тіпті жалбызы қайсы, айырып болар емес. Бұлақ суы болса, осы ұйысқан қалың шөптің арасынан сыңғырлап ағып жатады….
(Ертегі «Жақсылыққа-жақсылық» 5-сынып. Жақсылықпен жаным дос.)

2…..Манағы үш жолаушы бұлақтан ішіп қанған соң, жазуды оқып, біреуі саудагер екен, ол айтты:

-Бұл жазылған ақыл сөз екен, бұлақ күн-түн тынбай ағып, алыс жерлерге барады, бара-бара кеңейіп, үлкейеді. Бұған бөтен бұлақтар құйып, сөйте бара үлкен өзен болып кетеді. Мұнан мақсат сол: «Сен де адам, тынбай қызмет қыл, ешуақытта жалқауланып тоқтап қалма, сөйтсең ақырында сен де зорайып мақсатыңа жетесің» дегені ме деп білемін,-дейді…..

(Ы.Алынсарин «Таза бұлақ» 4-сынып. Су-өмір көзі.)

«Ақыл» тобына:

1.Бай Арно жатқан жерінен қуана түрегелді. Орманнан шыққанда жаны жақсы сезімдерге толды. Дүниеде өмір сүру үшін қажетті нәрсесін тапқандай болды. Ішіндегі зерігу, қайғы, реніш жоқ болған. Басқа адамдарға қайырымдылық, жақсылық жасаудың дәмін сезінгендей еді. Бір сәтте өзін қайырымды, бақытты адам ретінде сезінді……

(Рыза Акдемір «Он екі миллион» әңгіме. 6-сынып.Жанашырлық-жанға қуат )

  1. –Ой, сауатсыз,-деді Сұлтан менің шылымды қалай шегіп келе жатқанымды көріп. –Сөйтіп те тарта ма екен. Жап-жақсы сигаретті босқа қор етуін қарашы. Ішке тарт. Міне, былай. Аузыңа түтінді толтырып ал да, жұтып кеп қал.

Бала десе бәрімізге тиеді. Бізден өткен ақымақ жан жоқ қой. Кейде бір қайдағы залалды нәрсеге соның сол залалдығын біле тұра иттей әуес келеміз. Осы арада маған: «Кәне, жұтсам жұтып көрейінші,-деген ой келді,-не болар екен».

«Талап» тобына:

1…..Менің аралға келіп тұра бастағаныма жиырма үш жыл болып, жиырма төртінші жылға аяқ басты. Жалғыздықтан құтылу үшін, уақытты тез өткізу үшін өзіме аз да болса көңіл көтерерліктей жағдай да туғызып бақтым. Оқушының өзіне белгілі, бірінші ермегім-тотыны сөйлету, тотым аузына келгенін анық сөйлейтін болды, тыңдауға өте қызық. Ол менімен бірге жиырма алты жыл өмір сүрді. Мұнан кейін оның қанша өмір сүретінін білмеймін……

(Даниэль Дефо «Робинзон Крузо» романынан үзінді. 7-сынып. Қарым-қатынас мәдениеті)

  1. «Есті ханның қайғысы ақылменен басылар, есер ханның қайғысы ашу болып шашылар» деген сөз рас тұлпары өлген хан тағы да бұрқ-сарқ ашуланады. Халқына жарлық шашады: «Ел- жұрт барлық тірлікті қойып, құрт-құмырсқа, бүйі-шаян, өрмекші, қарақұрт,жылан, кесірткені қыруға кіріссін!»-дейді.

Хан жарлығын екі етуге болмайды, жарлығы орындалуы керек….

(Ақселеу Сейдімбек «Бетпақдала» 6-сынып. Мөлдір бұлақ-жасыл құрақ.)

  1. «Ән-көңілдің ажары» туры(сазды әуен сайысы)

Мұғалім:Сайысымыздың келесі бөлімін сазды әуен сайысына берейік. Мұнда үш топқа тақырыпшалар жазылған парақшалар таратамын. Сендер сол тақырыпқа қатысты ән айтасыңдар.

1.Кеңсің, дала-

Туған ана,

Көйлегің кең, көк ала.

Жан беретін,

Тән беретін

Мейірімді ана-сен ғана. («Туған жер, туған ел» туралы)

2.Бала, бала, бала деп,

Түнде шошып оянған.

Түн ұйқысын төрт бөліп,

Түнде бесік таянған. («Ана» туралы)

3.Жалғыз дара-өзіңсің,

Атасының көзісің

Әжесінің сөзісің,

Мен барымды аяман

Ботақаным, сен үшін. («Бала» туралы)

Мұғалім: -Осымен құрметті ұстаздар мен оқушылар сайысымыз да соңына таяп келеді. Сондықтан оқушылардың бүгінгі сайыстағы білімі мен өнерлерін саралаушы әрі бағалаушы сарапшыларға сөз кезегін берейік.

Қорытынды:– Балалар, сендердің жауаптарың, пікірлерің,ойларың, әрекеттерің «Өзін – өзі тану» пәні арқылы көп адамгершілік құндылықтар мен қасиеттерді ұғынғандарыңды көрсетіп тұр.Бәрің де «Өзін – өзі тану  көшбасшылары болуға лайықсыңдар.Осы үйренгендеріңді өмірде пайдаланып, олардың сендерге нағыз адам болып қалыптасу жолында көмектесетініне көздеріңді жеткізіңдер.

Осымен бүгінгі «Өзін-өзі тану көшбасшылары» атты білім сайысы өз мәресіне жетті. Қош, сау-саламатта болыңыздар!
[bws_related_posts]

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Яндекс.Метрика