Өміріміздегі сәтсіздіктер мен қатерлі жағдайларды тудыратын – қол бостық пен іштің пысушылығы

fail-300x279Өміріміздегі сәтсіздіктер мен қатерлі жағдайларды тудыратын – қол бостық пен іштің пысушылығы

          Әскерде жиі айтылатын мақалға сүйенсек: «Соғыс болмасада, әскерлердің қолы босамасын» делінген. Демек, Шопенгауэр: іштің пысушылығы жан дүниенің бостығынан деп есептеген. Іш пысудың нақты түрлері жоқ, ол арқылы теріс эмоция – қорқыныш, күйзеліс, кінә сияқты сезімдердің туындауынан адам жалғыз қалғандай болып сезіне бастайды. Егерде адам өз-өзіне қызығушылық танытпаса, оның жүрегі тыныш таппай, ол сыртқы дүниенің қызықты жағдайларын көруге асыға бастайды екен. Яғни ақыл-ойын, жан дүниесін қозғалту мақсатында өмірдің жылтыраған қызықты сәттерін көруге, көңілін көтеруге ойын бұрады.  Сәйкесінше құмар ойындарға, ішімдікке, нашақорлыққа, қаңғыбастыққа, біреулерден рухани әңгіме естуге, араласуға асығып тұрады. Аталмыш жағдайлар адамды жолынан адасушылыққа, бір тырманың басын қайта-қайта басуға алып келеді. Осындай жаман қылықтар мен зиянды әдеттерге адамдар қол бостықпен іш пысушылығынан келетіндігі айқын дәлел болып тұр. Адам баласы әрдайым қажеттілік пен зерігудің  ортасында жүреді екен. Кімде-кім қажеттіліктерін қанағаттандырып болса, әр бұрышта оны іштің пысуы күтіп тұрады. Іш пысудан  сәтсіз жағдайлар құтқарады екен. Өйткені сен сол жасаған сәтсіз жағдайдан шығуды ойластырып, ұмтыласың. Өмірің әрдайым сәтті, қуанышты бола беру адамды қайғылы жағдайға алып келеді. Сөзім дәлелді болу үшін, әйгілі антикалық әлемде болған жағдайға көз жүгіртсек.

Самоса жағалауының патшасы Поликратты сәттілік әрдайым күтіп тұратын. Кез-келген тірлікте оның бағы болатын. Әскери соғыстарда әрдайым жеңістерге жететін. Уақыт өте келе эллиндік мемлекеттің ең мықты, ең бай патшасы атанды. Сол кезеңде Египедтің фараоны, Поликраттың одақтасы, досы Амасисті бұндай жарқыраған сәттілігі ойландырып, толғандырды. Сөйтіп Амасис Самостың патшасына жолдауын жіберді:

«Әрине досыңның, одақтасының тірліктері оңға басып, бақытты болғанын естіген маған ұнайды. Бірақ сенің әрдайым сәттілігің мені қуантпайды».

Мен бір дүниені білемін: Құдайлардың іштері тар. Сол себептен мен саған, барлық жақсы көретін, сыйлайтын достарыма тілегендей, бір шаруаң оңға басып, екіншісі оңбасын. Мен тіпті өзіме де, өмір сүріп отырған дәуірімде сәтті және сәтсіз жағдайлардың кезігіп тұрғандығын тілеймін. Мен бұл өмірде, әр тірлігінде барлығы жақсы болып, соңында қайғыға ұшырамаған адамды көрмедім. Менің кеңесімді тыңдап, айтқанымды өзіңнің бақытың үшін істеші: өзің үшін ең бағалы  дүниені жоғалтуға немесе тастауға тырыс. Жоғалтқан дүниең қалыпты бақытты сәттеріңді бұзып, жақсылыққа әкелмейтіндігіне мен сенімдімін. Жолдауды толық оқып шыққан Поликрат өте таңқалады. Адам өзінің тағдырына қалай қарсы шығады? Көп ойланып толғанған сайын данышпан Амасистің сөзіне сене бастайды. Сөйтіп өзінің ортаңғы саусағына тағып жүрген алтын жүзігіне көзі түседі. Ол дәл осы алтын жүзігі оған сәттілік пен бақыт әкеліп жүргеніне сенімді болады. Ұзағынан күмәнданған Поликрат Амасистің кеңесін орындауға шешім қабылдайды. Сөйтіп ол өзінің үлкен кемесін дайындатып, жанындағы уәзірлерін алып теңізге шығады. Кемесі теңіздің ортасына жеткенде, Поликрат өзінің алтын жүзігін шешіп, бір сүйіп теңізге тастап жібереді. Көңілі түскен Поликрат қайта өзінің патша сарайына келеді. Көп уақыт ұзамай патшалығына балықшы келеді. Ол Поликратқа өзі аулаған өте үлкен ерекше балықты сыйға алып келеді: Патшам менің, мен ойланып, осы балық саған тұрарлықтай сый болар деп алып келдім. Әкелген сыйымды қайтармай қабыл алсаң дейді. Поликрат осындай ерекше сыйға қуанып, балықшыны түскі асқа шақырады. Ең қызығы балықты аспаздар түскі асқа дайындап, бөліп жатқанда, Поликраттың теңізге тастап жіберген алтын жүзігін тауып, хабар береді. Күмәннің болуы мүмкін емес еді. Құдайдың өзі Поликратқа сәттіліктің үстіне сәттілік қосып берді. Қарамағындағы адамдары мен уәзірлері өздерінің патшасы әлемнің ең бақытты адамы екендігіне жария салып, атын шығарды. Сөйтіп Поликраттың жүзігі тарихқа енді. Осы жағдайды естіген Амасис, адам тағдырдан қаша алмайтындығына тағы бір көз жеткізді. Амасис ойланып шешім шығарып, Поликратпен достығын үзетіндігі жөнінде хабар жіберді. Амасис бұлай жасаған себебі, досы Поликрат өте қайғылы жағдайға ұшырағанда, сынғанын көргісі келмеді. Уақыт өте келе әлемге Поликраттың аты ең сәтті патша ретінде шығып, мінез-құлқын өр көкіректікпен пайдакүнемдік жаулап алды. Сөйтіп басқа жерлердің көптеген мықты патшалары Самостың патшасын жек көре бастайды. Сәттілікке әрдайым соқырлықпен сеніп кеткен Поликрат, жақындарының ескертулеріне қарамай, алданды. Кейіннен оны жаулары өлтіріп, асып тастады. Поликраттың өлімін естігендер, Амасистің билікқұмар болғанымен де, болашақты болжай білетін және әрдайым сәттіліктің қандай қайғыға алып келетіндігін көрегендігіне таңданды.

Мінекей құрметті оқырмандар, өміріміз тек бақытқа толы, уайым-қайғысыз болса, жалған сәттіліктерге сене берсек, қандай жағдайға ұшырайтындығымыз белгілі болды. Бақытты адам болмайды, бақытты сәттер ғана болады.

Шопенгауэрдің тұжырымы бойынша адамды жаман қылықтар мен зиянды әдеттерден қорғайтын ол – жан дүниесінің рухани бай болуы, ерекше ойлау қабілеті, интеллекті, таныс адамдарынан жаңа нәрсені көре білуі.       Құрметті оқырмандар іштің пысуы, көңілдің түсуі, өзімізді жалғыз сезіну сияқты кері сезімдерді барлықтарымызда бастан өткіздік және өткізудеміз. Ендігі кезде сіздерде қалайша күресеміз деген сұрақтар туындап тұрған шығар. Ол мәселені шешудің жолы бір еу ғана – өз-өзімізді дамыту, уақытымызды тиімді пайдалану, жан дүниемізді рухани байыту және ең бастысы шүкіршілік ету. Сонда ғана біз өз-өзімізге қызығушылық танытып, жалғыздықтан қорықпай жалғыздық біз үшін өзгемен сөйлескендей жақын болады.

 

Құрмашев Ескендір Даниярбекұлы

саясаттанушы, әлеуметтік ғылымдарының магистрі

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *