Мен қазіргі заман педагогымын.

   1+1

Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Бірлесу-еңбек орта мектебі Ағылшын тілі мұғалімі Раева Гулназ Пернеханқызы

Мен қазіргі заман педагогымын.

Мұғалім болу мамандық емес, ол миссия. Бұл ұғымды жұмыс істегеннен кейінгі бірнеше жылдардан соң түсіне бастадым. Мен сабақ беретін ағылшын пәні қүрделі де қызықты сабақтардың бірі, әр жыл сайын оқушыларым шет тілін меңгеруде, мен шет тілі маманы ретінде бір сатыға жоғарылап отырамын. Бірақ, ең бастысы- мектептегі мұғалімдік жылдар мені тек оқытушы ғана емес шынайы ұстаздың қалай болу қажеттігіне үйретті.

Адам баласы қашанда айналасын, өзін қоршаған жанды-жансыздың барлығын білуге тырысып, зерттеуге құмартқан. Абай атамыз жазғандай, баланың бойындағы «естіп, біліп көрсем» деген қасиеттердің өсе келе сұранысы мен қажеттілігі де күрделене түседі.Сол уақытта мұғалім балаға түсінігін жетілдіріп, тақырыпты ұғындырып қана қоймай, оларды қоршаған өмірге баули білуі қажет. Ұстаздық деген атқа сонда ғана лайық болмақ. Бұл қандай уақытта болмасын мұғалім бойынан табылу тиісті басты қасиеттердің бірі деп білемін. Бірақ адам әрдайым уақыт талабымен бірге жүрген, уақыт талабына сай тұлғалық жағынан қалыптасып, дамып отырған. Мұғалім де осы үрдістен шет қалмауы қажет. Қазіргі заман мұғалімі ретінде әрдайым өткенді есте сақтап, бүгінгі көштен қалмауға тырысамын. Ол үшін өзім оқушыларға үйретіп қана қоймай, олардан да үйренуші болуға тырысамын.

Жаңашыл болуға үйренемін. Компьютердегі кезекті әсем слайдт жасай білу барлық технологияны меңгердім деген сөз емес. Сабақ берудегі көрнекі құралдардың барынша қолайлы, барынша жаңаша әдістерге өзгертіп, ғаламтормен дос болуды үйрену қажет. Жас бала әрдайым зерек келеді, ол өздігінен-ақ кез-келген нәрсенің қыр-сырын меңгеруге талпынып, тіпті үйреніп алады. Ал мұғалім бұл жағдайда оқушысынан бір қадам алда жүруі қажет, оның қажетсіз дүниеге бас сұғып кетпеуін қадағалауы қажет деп ойлаймын. Жаңашылдық – қазіргі заман мұғалімінің басты қасиеттерінің бірі болуы тиіс.

Ізденімпаздық – мұғалімнің екінші аты. Әрбір тақырыпты түсіну оқушының зеректігіне ғана емес, мұғалімнің тапқырлығы мен түсіндіре білу тәсілдеріне де байланысты. Оқушыны қызықпаған пәнін сан түрлі әдіспен үйретіп, ұғындыра білу қажет. Ол үшін әр күн сайын тіпті өзің білмеген нәрселерді ақтарып, сан түрлі тәсілді меңгеруге тура келеді. Мұғалім жаны да шығармашылыққа толы, ал шығармашылық жұмыс әрдайым рухани азық іздеп отыратындығы жасырын емес.

Ізеттілік пен ізгілік жаршысы болуға талпынамын. Мектептегі алғашқы мұғалімдік жылдарым басталғанда, тәжірибе жинау жолында маған аға буынның көп көмегі тигені рас (прикол болып кетті ме?)) ). Жас мұғалім ретінде үйреткендері шексіз. Дәл сол жылдардағы бойға жиған ізеттілік пен ізгілік қасиеттерін оқушыларымның бойына егуге тырысамын. Оларға адамзат жаңалықтарынан бұрын адам деген атқа лайық болуды үйреткен жөн деп білемін.

Әлемге бала көзімен қараумен жалықпау қажет. Бірде Марк Твеннен қайдан келдіңіз деп сұраса «Балалықтың ауылынан келдім» деп жауап берген екен. Өмірдегі тұлға қалыптасуың балалықтағы, жасөспірімдегі тәрбиемен тығыз байланысты. Оны тәрбиелеуде бала бейнесінің бұзылмауына аса мән берілуі қажет. Мұғалім балаға білім берер кезде оның таным-түсінігімен де санаса білуі маңызды.

Достыққа жол аша білуінде. Ұстаз еңбегі – оқушы білімімен өлшенеді десек, ұстаз еңбегінің күрделілігі әрбір оқушы жүрегіне жол таба білуінде. Оқушы мұғалімді жол бастар ұстазым деп қана емес досы ретінде тани білуі маңызды. Ол жақсы мен жаманның, пайдалы мен пайдасыздың не екендігін оқып білгінемін, шын мәнінде қалай болатындығын айналасы арқылы танып біледі. Осы жолда оның ата-анасынан кейінгі үлгі тұтары біз болатындығымызды ұмытпауымыз қажет.

Мен оқушыларымның мен арқылы ағылшын тілін меңгеріп қана қоймай, адам деген ізгі атқа лайық болуды үйренгенін қалаймын.  Бәлкім, барлығы бірдей шет тілін түсініп шыға қоймас, бірақ олар жақсы адамның қандай болатындығын ұғынуы қажет. Осы уақытқа дейінгі жеткен жетістіктерім мені маман ретінде дамуға ғана емес, мұғалім ретінде өзімді тануға итермеледі. Оқушыларымның адал көңілінен кейін ғана қаншалықты осы мамандықтың мен үшін қажет екендігін, жақсы көретіндігімді сезіне бастадым. Қазіргі заман мұғалім ретінде түсінген басты қағидаттарымның бірі осы болды. Өзімнің мойнымдағы мұғалім деген ауыр жүктің салмағын сезіндім, енді алдағы уақытта дәл осы атқа лайық болу үшін еңбек етемін!

 

 

Leave a Comment

Website Protected by Spam Master