Ш. ОСПАНОВА: Сәбиді мобилді бұйымдармен алдандыру аутизмге шалдықтырады

Ұлттық медициналық холдингтің құрамына кіретін «Республикалық балаларды оңалту орталығы» АҚ базасында 2015 жылғы 19 мамырда «Қазақстанда аутистикалық спектрінің бұзушылығы бар балаларға кешенді оңалтуды дамытудың проблемалары мен келешегі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстелді өткізудің мақсаты мамандарды, қоғамдық ұйымдарды аутистикалық спектрінің бұзушылығы бар балаларды оңалту проблемасына тарту, мамандармен тәжірибе алмасу, аутизмі бар балаларды оңалтудағы проблемалық мәселелерді бірлесе шешу болып табылады. Ұйымдастырушылардың бірі осы орталықтың Дамыту директоры Ш. Оспановамен еліміздегі аутизм мәселесі төңірегінде сұхбаттасқан болатынбыз.

 

– «Қазақстанда аутистикалық спектрінің бұзушылығы бар балаларға кешенді оңалтуды дамытудың проблемалары мен келешегі» тақырыбында өткізіліп отырған дөңгелек үстелдің мақсаты қандай? Нендей мәселелер талқылануда?

Бүгінгі өткізіліп отырған дөңгелек үстелдің басты мақсаты – басқарушы өкілдер балалары аутизммен ауыратын ата-аналардың мұң-мұқтажын тыңдай отырып, бірлесе шешім қабылдау. Қазақстандағы аутизм проблемасына көңіл бөліп, мамандардың өзара пікір алмаса, мәселені көтеру үшін жиналып отырмыз. Бізде республикалық балаларды оңалту орталығында арнайы мамандар дайындаймыз, мамандарды шет мемлекеттермен тәжірибе алмасуға үнемі жіберіп отырамыз. Жаңадан көптеген құрал-жабдықтармен толықтырылды. Аутизмге шалдыққан балаларды оңалту үшін дайындығымыз жақсы. Біз 10 төсек бөліп, оңалту шараларын жүргізудеміз. Жаңадан қабылдаған 3 ай мерзімдік бағдарламада медициналық көмекпен қатар, баланың когнитивтік дамуы үшін көптеген мүмкіндіктер жасаудамыз. Қазір аутизмге шалдығудың өсуі Қазақстандағы ең күрделі мәселелердің біріне айналып отыр.

– Аутизмге шалдығудың алдын-алу үшін не істеу керек? Қазақстанда соңғы он жыл ішінде осы дертке шалдығушылардың саны күрт өскен екен.

Аутизмге шалдығу себептерін дүниежүзінде әлі анықтап та болған жоқ. Кейде тұқым қуалайды, кейде хромосомалық өзгерістер де әсер етеді, химиялық заттар (ртуть и тимеросал), вакциналар, әртүрлі инфекциялар, дамудың шектелуі. Жүкті кезінде, ананың денсаулығына да тікелей байланысты болып жатады. Көбінесе, әкесі мен шешесі сәбидің 2-5 жасар кезінде мазасызданғанында, өзінің жан тыныштығын ойлап, балаға компьютер мен мобилдік бұйымдарды қолына беріп алдандырып қояды. Осының кесірінен бала бұйығы болып, өз-өзімен алданып, оқшаулана бастайды. Мұндай жаста баланың өз қатарластарымен, әкесі мен шешесімен тіл табысып, сөйлесіп, дами бастайтын уақыты. Осы себептен баланың дамуы кешеуілдеп, аутизмге шалдығуы мүмкін.Көп ата-аналар осыны есте сақтамайды. Дүниежүзі бойынша әр 67 баланың біреуі осы дертке шалдыққан, оның нақты себебі әлі анықталмай отыр. Бүгінгі күні елімізде осы дерттің нақты статистикасы жоқ, шамамен 1 мың жарымнан астам бала аутизм дертімен ауырады. Астана қаласында 325 бала тіркеуде тұр.

– Бүгінгі дөңгелек үстелдің қорытындысында қандай шешімге келмексіздер?

ҚР БжҒМ, ҚР ДСӘДМ мен әртүрлі қоғамдық ұйымдар, жекелген орталықтар балаларға көмек қолын созу, ерте диагностикалау мәселесін қарастырмақпыз. Қазір барлығын тіркеуге алып, психологиялық дамудың тежелуі деп жылы жауып қоймай аутизм дертінің өршуінің алдын алып, жасырмай айтуымыз керек. Өйткені, әке-шешелерінің өзі аутизм диагнозы деген атаудан қашады, мүмкін қорқынышты да шығар. Бәріміз бірлесе аутизмге шалдыққан балаларды қоғамға біріктіруіміз керек. 
Негізінен, бұл балалар өте талантты болып келеді, болашақта олардан мықты программисттер, ғалым шығады. Ол үшін балалармен жұмыс істеуді ерте қолға алу керек. Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша осы дертті ақылы түрде емдейтін алты орталық жұмыс істейді. Біздің Орталықтың медициналық, педагогикалық көмек көрсетуге қай жағынан болмасын дайын екендігін айтқымыз келеді.

– Ғылыми зерттеу бойынша аталмыш дертке қыздарға қарағанда ер адамдар көбірек шалдығады екен. Ерлер көбінесе шизофрения, аутизм ауруларымен ауыруға бейім келеді. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

Ия, расында да қыз балаларға қарағанда ер адамдар көбірек шалдығады. Оның себебі осы күнге дейін әлі толық зерттелмей отыр.

– Мемлекет басшысы кезекті жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керектігін, олар үшін Қазақстанның кедергісіз аймаққа айналуы тиіс екенін атап өткен болатын. Осы бағытта республикалық оңалту орталығының атқарып отырған жұмысына тоқталып өтсеңіз?

Республикалық балаларды оңалту орталығы, Қызылорда қаласындағы филиалмен қоса 350 төсек-орынға арналған. Жылына 4200 бала ем алады. Филиалда 700-дей бала ем қабылдайды. Біздің Орталыққа 60 % балалар церебральды параличпен келіп түседі (БЦП). Бұл бала жасында байқалатын паралич, еріксіз қозғалыс, бұлшық еттің әлсіздігі, қозғалыс үйлесуінің бұзылуымен сипатталатын мидың зақымдануы. Орталық оңалтудың үш аспектісімен: медициналық, педагогикалық, әлеуметтік бағытында жұмыс істейді. Балалар 24 күн оңалту емін қабылдайды, емделуден шыққан соң оларға үй жағдайында ата-аналардың емді үзбей жалғастыруына барлық нұсқаулықтар береміз. Ата-аналарды оңалту тәсілдеріне үйретеміз. Орталықтағы оңалтудың нәтижесінде кейбір балалар аяғынан тұрып, жүріп, сөйлеп шығады. Аяғын баса алмаған балалар жүріп, «мамадан» басқа сөз айта алмаған балалардың тілі шығып, оңалып кеткендері де бар. Жалпы біздің Орталық халықаралық стандарт бойынша жұмыс істейтін, құрамында 6 бөлімі бар оңалту орталығы. Олар жүйке жүйесінің патологиясы бар балаларға арналған психоневрологиялық бөлімдер. Орталықта кәсіби деңгейі жоғары дәрігерлер, психологтар мен педагогтар қызмет етеді. Олардың басым бөлігі Ұлыбританияның (Лондон, Бристоль, Нотингем, Лидз), АҚШ, Италия, Оңтүстік Корея, Израиль, Ресей мен Литваның алдыңғы қатарлы клиникаларында оқып, білімін жетілдіргендер. 
Физиотерапия бөлімшесінде келесі қызметтер: электроэнцефалография, электронейромиография, ми тамырларын тексеруге арналған ультра дыбысты доплерография, электрокардиография, стабилометрия, рентген көрсетіледі. 
Қазақстанда алғаш рет 2011 жылғы қаңтардан бастап Республикалық балаларды оңалту орталығында балалар мен ересектерді жүруге икемдейтін, қозғалыс мүшелерін қайта қалпына келтіретін «Локомат» роботталған кешені (Швейцария) іске қосылды. Бұл көрсетілетін медициналық қызметтің жоғары санатына жатады. «Локомат» кешенінің құрамына жүгіртпе жол, балалар мен ересектерге арналған роботталған ортездер, дене салмағын жеңілдететін және кері байланыстың кеңейтілген жүйесі енгізілген.

Жаңа сіз, бір сөзіңізде айтып кеттіңіз, көпшілік балалар БЦП диагнозымен келіп түседі деп. Оның себебі неде? Ол сырқаттан емделуге бола ма?

Балалар церебралды параличінің туындау себептері көп, негізінде бұл мидың даму бұзушылығы немесе екіқабат кезіндегі, туу немесе бала өмірінің алғашқы бірнеше аптасы кезіндегі зақымдануы. Босануға дейінгі себептері екіқабат кезіндегі инфекцияға, қанның резус-факторы бойынша ана мен ұрықтың сәйкессіздігі. Туғаннан кейінгі мидың зақымдануы ми сүйектерінің жарақаттануы немесе инфекциядан, мысалы, менингиттің салдарынан. Шала туу БЦП дамуының ең маңызды факторларының бірі болып табылады. Салмағының төмендігі де нәрестеде аурудың болу мүмкіндігін арттырады. Бірақ көп жағдайда БЦП себебі белгісіз болып қала береді. БЦП кезінде қозғалыс қызметін атқаратын мидың зақымдану орталығы бастың, мойынның, дененің, аяқ-қолдың бұлшық еттерінің белсенділігіне әсер етеді. Симптомдары мидың зақымдануының таралуын білдіреді. Жеңіл зақымдану дәрежесінен ауыр түріне дейін, тіпті мүгедектікке әкелуі де мүмкін. Психикалық дамудың тежелуі (ПДТ) эпилептикалық ұстаманың, қабылдау мен оқытудың қиындығынан да болады. Кейде көру, есту, сөйлеу қызметі, интелектуальды қабілеттілігі де бұзылады. Балалар церебралды параличімен емдеу ұзақ мерзімді қажет етеді. Зақымданған қызметті қалпына келтіру ұзаққа созылатын үдеріс болып табылады. Ата-аналардың балаларын оңалтуына біршама уақыты мен күшін салуына тура келеді. БЦП-мен емделуді және оңалтуды неғұрлым ерте бастаса, солғұрлым бұл үдеріс табысты болады. 
БЦП-мен емдеу ерекше симптоматикалық сипаттын және нақты баланың қозғалыс дағдысын нығайтуға жұмсалады. Табысты терапия «неғұрлым ерте, соғұрлым жақсы» принциптеріне негізделген. Диагнозды қою мен емдеу бір жасқа дейін басталса, ол тіптен жақсы. Қазіргі уақытта бізде сайт бар, бар жаңалықтарды сол сайтқа үнемі салып отырамыз. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне тегін емдеу жүргіземіз. Ауыратын балаларға, ата-аналарға кеңес беруге және онлайн кеңес беруге әрқашан дайынбыз.

– Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан Ая ӨМІРТАЙ

Дереккөз: Baq.kz

Leave a Comment

Website Protected by Spam Master