Өзгерістің нағыз күші өзімде!

 esse1Рыспаева Лейла Ақыбайқызы

 №104 ЖБББ

музыка  пәнінің мұғалімі

   Алматы қаласы, Әуезов ауданы

 Өзгерістің нағыз күші өзіңде,

Бетбұрыстың жолын егер қаласаң.

 Өз ісіңді сыни көзбен дәлелде,

Соңыңнан ерер ізбасарлар таласа! 

                                    Өзгерістің нағыз күші өзімде!

       Мен өз басым, басшылыққа алынып отырған Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының Бірінші деңгей бағдарламасын оқи отырып өзгерістің түпкілікті нысаны тек өзіме байланысты екенін ұқтым. “Өзгеріс” деген сөз өзімнің педагогика саласында 22 жыл жұмыс жасап жүрген іс-тәжірибеме, өз ұстанымыма, өз көзқарасыма деген қарама-қайшылыққа бетбұрыс жасау деп ұғамын.

Қолыма белгілі ғалым, салыстырмалы педагогика ғылымының негізін қалаушы, профессор Асқарбек Қабыкенұлы Құсайыновтың «Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы» атты еңбегін алып, керемет ойдың түрткісінде болдым және қуандым. Сол еңбектегі өткір де шынайы жазылған білім саласындағы іс-шаралардың, реформалардың ғылыми негізсіз атқарылғандықтан мардымсыз, білім сапасының төмендігінің, талпыныс көп, бірақ нәтиженің аздығын саралап беруі шынымен де адам баласының ойлануына ықпал ететіндігіне көзім жетті.(4/12-бет)

Қандай жұмыстың бастамасы әрқашан да өз жаңашылдығымен, өзінің қиыншылығымен ойландырады. Қала мектептеріндегі қазақ бөлімінің  музыка пәні мұғалімдерінің жетекшісі қызметін атқару барысында шынайы да өткірлікті талап ететін бағдарламаның болуын қаншама қалап едім, енді өзім осы деңгейлік курсты аяқтағанда барлық мүмкіндікке жол бар екеніне көзім жетті. Өз мектебіме осы қолға алынып отырған бағдарламаның өзгерістерін енгізе отырып, жаңа оқу жылына жаңа бастамаларды енгізуге үлесімді қосуға тырыстым. Сол бағытта мен мектептің даму жоспарына өз зерттеуімнің  басымдылықтарын анықтай келе, ішіндегі ең негізгісі “Бірлескен іс-әрекеттегі жұмысты жолға қою арқылы оқыту мен оқудағы белсенділікті жандандыру деп алдым. Осы басымдықты негізге ала отырып мен өзім құрған кәсіби қоғамдастықтағы мұғалімдердің көмегімен жұмысты бастап кеттім. Өз басым мұғалімдер, ата-аналар және оқушылар тарапынан белсенділікке құштар серіктестер тапқаныма және осы зерттеу кезеңінің болу мүмкіншілігіне қуаныштымын. Бүгінгі күні адамды бағалауда мен көшбасшы ретінде ұққаным, бірінші кезекте оның ішкі жан дүниесін, иманы мен рухани ахуалын, адамгершілік қаcиеттерін ескеруім керектігінде. Бүгінгі күні дайын білімді қабылдамай, оны өздігімен құрастыру нәтижесінде тұлғаны дамыта білетін мұғалімдер ортасын қалыптастыру арқылы  жұмыс қарқынын ықпалдастыру қажет деп ойлаймын.

     “Өз уақытыңды емес, өзгенің уақытын бағалай біл” деген халық даналығын басшылыққа ала отырып, жұмыс нәтижесін көрсететін уақытқа да жетерміз дегім келеді. Сондықтан, жаңа бастаманың жолында көшбасшы мұғалім  ретінде әлі талай үйрену барысында жеңістердің де, жеңілістердің де болатынын біле отыра тек мойымау керектігін түсіндім.  Есебімнің соңын өз ойымнан шыққан мына өлең жолымен аяқтағым келеді:   Өзгерістің жетегінде жүре білсек,

                                                 Ойларды шашыратпай түйе білсек,

                                                 Тек осыны бағалайтын уақытқа,

                                                Жоспармен, ынтымақпен көне білсек!

 

 

Leave a Comment