Соғыстың соңғы сардары

муМаңғыстау ауданы

Маңғыстау облысы

Е.Айшуақұлы атындағы орта мектебі

Тәрбие сағаты (Қасым Қайсенов туралы)

Жазгуль Сабытаева

Тәрбие сағаты тақырыбы: Соғыстың соңғы сардары

Тәрбие сағатының мақсаты::

  • Оқушыларға Қазақ батыры, халық қаһарманы, партизан жазушы Қасым Қайсенов туралы тереңірек таныстыру;
  • Батырдың ерлік істерін ұрпаққа үлгі ету;
  • Оқушылардың бойында отансүйгіштік, патриоттық тәрбие беру.

Көрнекіліктер:

Слайдтар, суреттер, кітаптар, шар, гүл

Тәрбие сағатының жоспары:

І Бөлім. Кіріспе. Қасым Қайсеновтың  өмірбаянына шолу;

ІІ Бөлім. Қ.Қайсеновтың кітапнамасы, шығармашылығы;.

ІІІ Бөлім. Қ.Қайсенов туралы өлеңдер, пікірлер;

ІҮ Бөлім. Қ.Қайсеновтың  марапаттары, «Қайсенов – ұлы тұлға»

Ү Бөлім. Қорытынды.  Қайсеновтану.

І Бөлім Кіріспе

Қасым Қайсеновтың өмірбаянына шолу

Видео №1 көрсетіледі (Орысша Паризан Қ.Қ туралы).

Мұғалім сөзі.

  • Оқушылар бейне көрініс кім туралы?
  • Ол кісі кім болған?
  • Ол туралы не білеміз?

Видео №2 көрсетіледі(Қ.Қайсеноатың өмірбаяны туралы)

(Слайд көрсетіледі)

  • 1918 жылы 23 сәуірде Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келген. Ол 2006 жылы 30 жел­тоқсан күні 89 жасқа қараған ша­ғында ауыр науқастан дүние салды.
  • 1934 жылы мектеп бітірген­нен кейін Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына түсіп, 1938 жылы оны бітірген соң Павло­дар облыстық оқу бөлімінің саяси-ағарту жөніндегі нұсқаушысы болып қызмет атқарып жүргенде әскер қатарына шақырылып, әскери-барлау мектебіне жіберіледі.
  • 1941 жылы қараша айында осы мектепті бітірген бойда, Оңтүстік-Батыс майданының штабына жөнелтіліп, сол жерден арнайы тапсырма алып, Украинаның бас­қыншылар қолында қалған жерінде партизан отрядын құру үшін жау тылына түсіріледі. Ол жерде Қайсенов Чапаев атындағы пар­тизан құрамасының үшінші отря­дын басқарады. Одан кейінгі кез­дерде, 1944 жылдың аяғына дейін МолдавияЧехословакияРумыния жеріндегі партизан қозғалыстарына қатысады.
  • Отряд командирі болып жүріп, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткереді. Соғыс аяқталған соң Отанына — Қазақстанға ора­лып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сінің Президиумы аппаратында жауапты қызметте болады.
  • Жамбыл облысының ЖуалыСвердлов аудандарында атқару комитеттері 19511954 жыл­дары Қазақстан Компартиясы Орта­лық комитеті жанындағы екі төрағаларының орынбасары ретінде соғыстан кейінгі ауыл шаруашы­лығын қалпына келтіру науқанына белсене араласады.
  • жылдық партия мектебінің аудар­ма­шылар бөлімінде оқиды.
  • 19531972 жылдар аралығында «Жазу­шы» баспасы директорының орын­басары, Қазақстан Жазушылар одағы көркем әдебиетті насихаттау бюросы директоры, «Қайнар» бас­пасы директорының орынбасары болып қызмет істейді.[1]

 

Қасым Қайсенов 1918 жылы 23 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Асу-Бұлақ ауылында қарапайым еңбекші отбасында дүниеге келген. 1934 жылы орта мектепті толық аяқтамай Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына оқуға түсті. 1937 жылы өзімен бірге оқитын Асыл атты қызбен шаңырақ көтереді. Асыл әжеміз сол кезде небәрі 16 жаста болған. 1939 жылы техникумды бітірген соң әскери-барлау мектебіне жіберіледі, 1941 жылы қараша айында осы мектепті бітірген бойда, Оңтүстік-Батыс майданының штабына жөнелтіледі. Арнайы тапсырма бойынша Украинаның басқыншылар қолында қалған жерін азат етуге жіберіледі. Ол жерде Қасым Қайсенов В.И.Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядын басқарады. Молдавия, Украинаның Закарпатье бөлігі, Чехословакия және Румыния жеріндегі ұрыстарға қатысады. Әскери мұрағаттар Қасым Қайсенов туралы маңызды тарихи оқиғаларға толы. Кеңес жері фашист басқыншыларынан азат етілген соң 1945 жылдың басында Отанына оралып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы аппаратын басқарады, содан кейін Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандарында атқару комитеттері төрағаларының орынбасары ретінде жұмыс істейді.

Ол өзі газетке берген сұхбаттарында партизандық өмір туралы былай дейді.

Көрініс. Журналист, Қ.Қайсенов

Журналист:

Партизандық өмір деген не?

Қасым:

  • Партизандық өмір өте қауіпті. Сен үшін айналаңның бәрі – алдыңғы шеп.Жау алдыңнан да, артыңнан да келуі мүмкін. Жалпы сен жау тылындасың, яғни айнала қоршаудасың. Әр уақытта, қысы-жазы орманда жүресің. Бірақ партизандарда тәртіп деген қатаң болады. Тәртіп болмаса отряд жауға қарсы тұра алмайды. Армияда тәртіп бұзғандарды гаупвахтаға қамайды, немесе айып батальонына жібереді. Ал, бізде ондай жер жоқ. Біз тәртіп бұзғандарды, ауыр қылмыс жасағандарды қолма-қол атып тастаймыз. Партизандардың арасында командирдің айтқаны заң, отряд командирі дегеннің өзі өкімет, өзі сот, прокурор, яғни соның бәрі – бір өзіңсің. Айтқаның бітті, орындалады. Сен қалай шешесің, солай болады. Оны партизандардың бәрі түсінеді. Сондықтан олар бұйрығыңды сөзсіз орындайды.

Журналист:

  • Қасеке, партизан отряды деген құрама ғой, Әр селодан алынған, жастары да әртүрлі адамдар, қашып кетемін десе селолары жақы. Қайдан іздеп табасыз?

Қасым:

  • Қашып кеткенмен, бәрібір жаудың қолынан өледі. Партизан отрядынан кетсе, екі жаққа да сатқын болып көрінеді. Сондықтан партизан отрядына келегн адамға бірден-бір құтылар жол, ол – ақыр аяғына дейін соғысып, жауды жеңіп, жерді азат ету. Осыдан басқа оларда еш мүмкіндік те, жол да жоқ.

 

№3 Видео көрсетіледі. (Отбасы туралы)

 

ІІ Бөлім Қайсеновтың кітапнамасы, шығармашылығы

Мұғалім сөзі:

Оқушылар, жаңа бейнекөріністе Қасым атамыздың отбасы туралы, оның жан жары Асыл әжеміз туралы көрдік. Асыл әжеміз Қасым атамыз соғыстан кейін елге оралған кезде оған басынан өткен оқиғаларын қағазға жазу туралы ой салады. Қасым атамыздың жазушылық қабілетінің ашылуы да осыдан кейін басталғандай. Оны Қасым атамыздың өзі де былай деп мойындайды:

«Мені жазушылыққа әкелген осы апаң (жетпіс жылдан астам уақыт бірге бақытты ғұмыр кешіп келе жатқан Асыл апамызды айтып отыр – Е.К.). Астай (Батыр Асыл апамызды осылай еркелетеді – Е.К.) «Социалистік Қазақстанда» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Қазақстан» баспасында біраз жыл журналист, баспагер болып қызмет істеген. «Кітап жаршысы» дейтін газеттің редакторы болған.»

(Алматы, 26 қазан 2006 жыл)

 

Слайд көрсетіледі. Кітаптар туралы

Мұғалім сөзі:

Жазушылық өмірді қалай басатағандығы туралы Қ.Қайсенов өзі былай әңгімелейді:

«Соғыстан қайтіп келгеннен кейін жазушылықпен айналыса бастадым. Соғысқа дейін де өлең жазушы едім. Елге, кейінгі ұрпаққа пайдасы тиер-ау деген үмітпен естелік жазуға көштім. Қазақ әдебиетіне әскери естеліктер жанрын әкелген мен болатынмын. Қазақша, орысша, украинша шыққан кітаптарым бар. Өзім туралы да біраз еңбектер шықты. Украинада, Қазақстанда партизан Вася туралы көп жазылды. Қазіргі сыртқы істер министрі Қ.Тоқаевтің әкесі К.Тоқаев бір кездері маған еріп Украина жеріне барған еді. Онда достарымды, ұрыс салған жерлерімді көріп, қайтіп келгеннен кейін мен туралы орысша-қазақша екі кітап жазды.»

Қ.Қайсенов

Мұғалім сөзі:

Қайсенов Ұлы Отан соғысы­ның қиын-қыстау кезеңін, жауын­герлердің жанқиярлық ерлігін шы­найы суреттеген, оқушы жұртшы­лыққа кеңінен мәлім көптеген шығармалардың авторы.

1954 жылы орыс тілінде «Жас партизандар» атты алғашқы кітабы жарық көрді. Оның батырлық-патриоттық тақырыпқа арнаған әдеби қызметі осылай басталады

Одан кейінгі кездерде «Илько Витряк», «Переяслав партизан­дары», «Ажал аузынан», «Жау тылындағы бала», «Днепрде», «Жау тылында», «Партизан соқпақтары», тағы басқа әңгіме, очерк, повесть жинақтары оқырман қолына тиді. Бұл шығармалары орыс, украин, басқа да көптеген тілдерге ауда­рылған. Кейінгі кездері «Елімнің ертеңіне сенемін», «Естеліктер мен жазбалар», тағы да басқа кітаптары жарық көрді. Аталмыш туындалардан А.В.Тканко, Е.Д.Ломако, И.К.Примак тәрізді партизан отрядында бірге болған жауынгер достары жайында ыстық көңілмен әңгімелейді. Қасым кітабының тамаша бір тарауын Украин партизандарының ардақ тұтар ақсақалы, халық соғысының қаһарман басшысы, әрі ақылды, әрі қатал – генерал-майор Сидор Артемьевич Ковпакқа арнайды.

Партизан – жазушы Қасым Қайсеновтың өмірі өзі жаудан қорғаған Украин халқымен тығыз байланысты. Украин халқы Қасымды өзіміздің жерлесіміз, қандасымыз деп құшағын жайып қарсы алады.

Қ. Қайсеновтың қаламгерлік келбеті оның аудармашылық өнерімен де толыға түседі. Ол М.Муратовтың “Ломоносовтың жастық шағы”, Николай Томанның “Сабылтқан сағым”, Мамед Кулизаде Джалилдің “Почта жәшігі” кітаптарын құнарлы тілмен оқушы жүрегіне жеткізді.

Оның шығармалары әлемнің көптеген халықтарының тілдеріне аударылды.
Қасым Қайсенов – ерлік аңсаған жас ұрпақтың ең сүйікті кейіпкері.
Қасым Қайсенов -ерлік аңсаған жас оқырманның ең сүйікті жазушысы.
Ардагер-партизан көп уақыт бойы «Жазушы» және «Қайнар» баспаларының редакторы, редакторының орынбасары болады.

№4 видео көрсетіледі. (Партизан жазушы Қ.Қайсенов туралы)

 

ІІІ Бөлім  Қ.Қайсенов туралы өлеңдер, пікірлер

Оқушылар Өлеңдер оқиды

Қасым ата, Асхат Абдуллин, “Қазақ әдебиеті” газеті, 1998ж, мамыр

Жасыңнан ел қорғадың, Қасым ата,

Әлемге аты әйгілі асыл ата.

Қазақтың халқы сүйер азаматы,

Өзіңдей болар ма едім, батыр ата!

 

Қазақтың батыры бұл Қасым атты,

Сексеннен асса-дағы жасымапты.

Жасында қарсы келген дұшпандарды,

Желкелеп тақымына басып апты.

 

Соғыстың көрдің талай азаптарын,

Кештің ғой бұл өмірдің саз батпағын.

Өзіңе әкеп сыйласа артық емес,

Әлемнің небір асыл ғажаптарын.

 

Жүз жасап Қасым ата қартаймасын,

Көңілі ешқашан да ортаймасын.

Әрқашан ортамызда аман жүріп,

Жүз жасаған мерейін бір тойласын.

 

Қаһарман Қасым Қайсенов

Оразақын Асқар

Қасым – хан, Қасым – ақын, Қасым – батыр,

Бәрі де өз тұстасының басында тұр.

Ханды да, ақынды да көрген жоқпын,

Оқыдым, Қасым батыр, қасымда жүр.

 

Ерекше Қасым ханның қасқа жолы,

Жырда ақын Қасымның да басқа жолы.

Партизан, жазушы әрі Қасымның да,

Өзгеден биік кәрі-жасқа жоны.

 

Ақкөңіл, кішіпейіл, мейірбанды,

Жаусынбай өзімсінер аламанды.

Айналып, үйіріліп, еркелеткен,

Көрмедім, мұндай қамқор балажанды.

 

Батырмен бақсаң басқа салыстырып,

Бойында бар көп одан алыс қылық.

Шынайы әсерлі ән-күй, өлке жырды,

Тыңдайды көзіне жас алып тұрып.

 

Жау десе бірақ қаһар күші дайын,

Дер сұсы-ақ зәре құтын ұшырайын.

Біледі оны бүкіл Еуропа,

Куә оған қазақ түгіл, украин.

 

Десек те қанша батыр, неше дана,

Енші алған әкесінен кеше ғана.

Алда әлі берері көп Қасекеңді

Болады сексенде де десе бала.

 

Партизан Қасым

Сырбай Мәуленов, “Қазақ әдебиеті” газеті, 28.04.78ж

Отыз метр орға құлағанда,

Партизан Қасым жылаған ба?!

– Жүз метрден мен үшін құлау керек, –

Депті, қарқылдап, көңілін сұрағанға.

 

Сақтайды ар-ұятты,

Қайрат қажыры мұқалмай.

Жұмыртқа ішіп,

Тартады коньякты.

Кебірсіген көнегімен,

Тат басқан шелегімен

Жарықтық Қажымұқандай.

 

Түссе де ізі жеті ажалдың,

Ол өзі ойлайды,

Мейірімді деп бет-ажарын,

Сілкиді күлкісімен

Баспаның этаждарын.

 

Қайғыдан қазылмайды,

Тұрса да жылап іштей.

Басы оның жазылмайды,

Шаншылып құлап түспей.

 

Партизан болғанымен,

Бұл бір жан қыз қылықты.

Партизан Қасым

Үй-іші орманымен

Өмірі қызғылықты.

 

Хамит Ерғали «Қасым»

Әжем айтса ертегінің маңызын,

Тез таусылып қалушы еді таң ұзын.

Ендігіге біздің Қасым Қайсенов –

Ертеңгіден ұзағырақ аңызым.

 

Ерлерім көп, мен де соның бірімін,

Жөні басқа аңыз болған тірінің –

Жөні басқа оттың, судың, жел құздың

Адамзаттан жаратылған пірінің.

 

Қасымым көп, мына Қасым – бір Қасым,

Ажалмен де ойын – сауық құрғасын …

Бір қарасаң, жаны нәзік жауқазын,

Бір қарасаң, балқымайтын қорғасын.

 

От көрдің бе қар жамылып, сөз төсеп,

Маздап жанған тамызыққа мұз көсеп?

Ондай отты ала алмаған Прометей,

Ондай отты біз табамыз іздесек.

 

Ол – партизан аталып жүр бертінде,

Бес сөндірсең, он жанатын бір түнде.

Бірін атсаң, ертеңіне – екеу ол!

Жұртым десең, осыларша жұртым де!

 

Қасым – сол от! Көркі оттың көркінде; –

Жалын жанып тұрады оның бөркінде!

Бақ пен сорға түкірген ол, маңдайдан

Қос шырақтың бірін алсаң – еркіңде…

 

Құз басынан құласа да бір түнде –

Бәрі бір ол баз баяғы сертінде, –

Халық дейтін періштесі қаққан соң,

Оған ешбір дарымайды дертің де!

 

Мен отырам осы жайды ойлап қап,

Теңеу іздеп мысқалдап та, оймақтап.

Қасым болса, айғай салып жүреді

Қарлы шыңда машинамен ойнақтап.

 

Шүкір!.. Аңыз Қасым інім қасымда,

Өлмеу үшін жаралған соң басында…

Саспа, құрбым, шөберең де көреді

Бұл тентекті бір жүз алпыс жасында!..

 

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ, Қазақстанның Халық жазушысы:

«Қарағайға қарсы біткен бұтақтай еді…»

– Ол біздің қанды қасаптан оралмай қалған мыңдаған ағаларымыз бен әкелеріміздің ақырғы көзіндей еді. Оған қарап, опат болған сол бір ержүрек ұрпақтың келбеті мен қасиетін көргендей болушы едік. Қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар мінезіне әрі сүйсінуші едік, әрі именуші едік. Сүйсінетініміз – оның бір басына ғана емес, окоп түбінде ойрандалып қалған мыңдаған замандастарының бәріне де тән сол бір қайтпас қайсарлықтың арқасында аман қалып, адыра шаңырақтарды қайтадан қатарға қосу үшін алға тырмысып, азамат болдық. Қаймығатынымыз – ортамызда тірі жүрген оны ренжітсек, опат болған қаһарман ұрпақтың бәрін ренжітетіндей көруші едік.

 

Слайд көрсетіледі «Қасым ата ескерткіштері»

Қасым Қайсеновтың құрметіне көзі тірі уақытында Өскемен қаласында көше және Айтықов ауылындағы мектеп атаулары берілген. Сондай-ақ, бүгінде Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданының орталығы Қасым атаның атымен аталады.

 

Қасым видео№ 5 (Аудан орталығы туралы)

 

Слайд көрсетіледі «Қуандық Қыстықбаев «Қасым» фильмінде»

Қасым ата туралы «Қасым» деп аталатын кино да түсірілгенін де білеміз. Бұл кинода Қасымның соғыстағы ерлік істері, партизандық өміірі туралы көрсетіледі.

 

Қасым видео №7 (Кино түсірілген туралы)

 

ІҮ Бөлім. Қ.Қайсеновтың  марапаттары, «Қайсенов – ұлы тұлға»

Слайд көрсетіледі «Суреттер сөйлейді»

Марапаттары

Қасым Қайсенов ІІ дәрежелі «Богдан Хмельницкий» орденімен, І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» екі орденімен, «Чехословакия партизандары», екі І дәрежелі «Отан соғысы партизанына» медалімен және Кеңес Одағының тағы басқа он бес медалімен, үш рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, Украин КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен және ІІ және ІІІ дәрежелі «За заслуги» орденімен марапатталған. Оған Қазақстан Халық батыры (Халық Қахарманы), «Отан» ордені, Қазақстан Жазушылар одағының Бауыржан Момышұлы атындағы сыйлығы берілген, А.Фадеев атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты.

Біз бүгінгі тәрбие сағатымызда танып отырғандай, Қайсенов Қасым – қандай атаққа да лайық.  Ол өзінің осындай ерлік істері бола тұра, Кеңес Одағының Батыры деген атақты ала алмады. Ала алмады деу де қате болар, оған бұл атақ берілмеді деген дұрыс шығар. Ол шыншыл, адал адам болған.  Осы шыншылдығы, шындықты бетке айтатын бірбеткейлігі үшін де ол кейбір билік басындағыларға ұнаған жоқ.

Ол туралы газетке берген сұхбтында былай деген.

Слайд «Оның әрбір ісі – ерлік»

Көрініс. Журналист пен Қ.Қайсенов 

Журналист:

Сіз – партизан құрамасындағы көп украин, көп орыстың арасында жүрген жалғыз  қазақсыз. Әрі қатардағы көптің бірі емес, полк дәрежесіндегі отряд командирісіз. Сонда оларға, яғни қалың көпке өзіңізді қалай мойындатасыз?

Қ.Қайсенов:

Жаңағы өзің айтқан орыстар, украиндар өздері жүрген жерде басқа ұлт өкілдері басқарғанын ұната қоймайды. Саны көп ұлтқа тән өркөкіректік, менмендік басым. Оларды мойындататын нәрсе, өзіңнің мықтылығың. Сенің жасаған ерлігің олардан бірнеше есе артып түссе, істейтін әрекетің, ұрыста қолданатын айла-тәсілдерің олардан басым болса, олар сөз жоқ, сенің алдыңда тізе бүгіп, айтқаныңмен жүреді, айдағаныңа көнеді.

Журналист:

Қасеке, бейбіт өмірде ғана емес, соғыста да басқа ұлт өкілдерін шеттету, қақпайлау болатын тәрізді.

Қ.Қайсенов:

Болғанда қандай. Әрине, аз ұлттар қашанда қақпай көреді. Мысалы, кешегі Бауыржан Момышұлы ағаң орыс болсыншы, онда ол әлдеқашан Кеңес Одағының батыры болып кететін еді. Ол соның бірін де иемденбей, дүниеден өтті ғой. Рақымжан Қошқарбаев ағаң Рейхстагқа ту тіккенде қандай атақ алды?

Әншейін өз басымды айтар болсам, Мен сияқты отряд командирі болған орыстар, украиндер Кеңес Одағының батыры атағын алды. Отрядымдағы рота, батальон командирлерінің де кейіннен генерал болып кеткенін  көрдім. Ал мен болсам, сол баяғы қалпымда қалдым. Өз басым 1942, 1943 жылдары Батыр атағына ұсынылған қазақпын. Ал, 1943 жылы алдыңғылардың бірі болып, батыр атағы берілуі керек еді. Қақпай болды, жолымды кесті, бергізбеді.

 

Мұғалім сөзі:Осы жерде тағы бір бейнекөрініске назар аударайық. Мұнда украин халқының Қасым Қайсеновты қалай бағалайтындығы көрінеді. Украина басшылығы Қазақ  ССР Жоғарғы кеңесіне Қайсеновты батыр атағына ұсыну туралы мынадай хат жолдайды.

Қасым видео №8(Украин халқының қасым Қайсенов туралы)

 

Көрініс журналист пен Қасым

Журналист:

Сол кездері Днепрдің арғы бетін азат еткен партизандарға батыр атағы берілді деп жазылды кейбір басылымдарда. Сізге қалай берілмей қалды? Әлде сол кезде де шеттету болды ма?

Қ.Қайсенов:

1941-1944 жылдары қанша мықты болсам да, мен де шеттетті. Құрама командирлерінің қақпайлауын іштей сезсең де, «Құдай салды, мен көндім» дейсің, Қайдағы қиын тапсырмаға басқаны емес, сені жіберсе, одан тірі қайтуың неғайбыл болса, оны қалайша сезбейсің? 1943 жылы Днепрдің арғы жағын алу міндеті қойылғанда біздің партизан құрамасында 6 партизан отряды бар еді. Бесеуінің командирі орыс, жалғыз мен қазақ болдым. Сонда отқа жалғыз қазақ  – мен басқаратын отрядты ғана айдап салды. Сол кезде бізді тірі қалады деп ешкім ойламаған. Менің орныма батыр атағын Тканко деген орыс командирі мен Роберт Клайн деген басқа адамдар алған. Тканко 120 солдатпен Днепрдің арғы жағалауына өтіп, сол жерлерді азат еттім деп, Хрущевтің қабылдауында болыпты. Сол кезде екеуіне де батыр атағын берген, ал, біздің отрядымызды тірі қалды деп   ешкім ойламаған ғой. Шындығына келгенде 120 солдатпен Днепрден өтіп, жау қолынан жерді азат еткен менің отрядым болатын.Сол күндері маған батырлық атақ емес, жан қайғы болды. Днепрден өтіп, жау әскерлеріне тұзақ дайындаған кезде фашистер бомбалап, топырақтың астында қалдырды.  Құлақтан, мұрыннан, ауыздан бәрінен қан кетіп, есеңгіреп қалдым. Сол зардаптан бір көзімнен айырылдым.

(Көріністі талдау. Қайсеновтың қандай қасиетін таныдық?)

  • Осы орайда мына бейне көріністі қарайық.

Қасым видео №9 (Қасымның КСРОға жазған хаты)

  • Қасымның қандай қасиетін байқап отырмыз?

Қасымның шындықты бетке айтатындығы мына бір бейне көріністе де анық байқалады. Ол 1986 жылғы желтоқсан оқиғасында қырғынға ұшыраған қазақ жастары үшін қабырғасы қайысып, қатты күйзелген. Сол себепті КСРО жоғарғы кеңесіне мынадай хат жолдаған болатын.

Қасым видео №10 («Горбачевты соттау керек» деген хаты туралы)

Қасымның қандай қасиетін байқап отырмыз?

Ү Бөлім. Қорытынды.  Қайсеновтану

  • Сонымен, Оқушылар, бүгін біз кім туралы сабақ өттік?
  • Ол кісінің қандай қасиетін өздеріңе үлгі тұтасыңдар?

(Әр оқушы өзіне ұнаған қасиеті туралы, неліктен ұнағанын айтуы керек.)

  • Ендеше, тәрбие сағатымызды мына сөзжұмбақты шешу арқылы қорытындылай қояйық.
  1. Қ – Қайсеновтың қазақ халқы берген атағы  (Қаһарман)
  2. А – Оның ең басты қасеті (Адалдық)
  3. Й – Ол батыр болғанымен жүрегі мейірімге толы, … (Иманжүзді)
  4. С – Ол – батыл болғанымен, … (Сабырлы)
  5. Е – Оның әрбір жасаған ісі – … (Ерлік)
  6. Н – Ол – басқа ұлттардың алдында өзін мойындатқан – … (Намысты)
  7. О – «Ер болсаң қорға …» Қайсеновтың сөзі (Отан)
  8. В – Оның партизандық атағы – (Вася)

 Ән. Ұлы Отан

<h2>Ұқсас жазбалар</h2>

 

Leave a Comment

Website Protected by Spam Master