Рухы биік, арманы асқақ-Қазақ Елі

Қызылорда облысы

 Арал қаласы

№2 Облыстық арнайы санаториялық мектеп – интернат

Тәрбиешісі: Рзағазиева Жанар Адиловна

Тақырыбы: Рухы биік, арманы асқақ-Қазақ Елі

Мақсаты:  қазақ халқының басынан өткен қилы-қилы кезеңдерінің тарихына шолу жасап ұлы тұлғалардың рухты тағылымдарын зерделей келе ата-бабамыздың тәуелсіздік жолындағы ерлік үлгісімен тәрбиелеу, отансүйгіштікке баулу: тәуелсіздік кезінде жеткен бірегей табысымызды жете түсіндіру арқылы Елбасының көрегендігін айту, бейбітшілікті, ұлттық татулықты ту ету мақтанышына сүйсіндіру арқылы іздену мен шығармашылық қабілетін дамыту.

Көрнекілігі: слайдтар, нақыл сөздер жазылған плакаттар, шарлар, интерактивті тақта.

                                              Барысы

Жүргізуші: Армысыздар құрметті ұстаздар, аяулы оқушылар!                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                              Жалпы, биылғы жыл мерейлі мерекелерімен есте қалғалы отыр. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, елдігіміздің бастауы болып табылатын құжат Конституцияның қабылданғанына биыл 20 жыл толды.   Алдымызда еліміздің ұлық мейрамы – Тәуелсіздік күні келеді. Иә, бұл мереке – ұлық мереке, шын мәніндегі ұлы мереке. Бабалардың талай ғасыр аңсаған арманына біздің ұрпақ қол жеткізді. Бұдан артық қуаныш бар ма! Адамның ең басты бақыты – Тәуелсіздік. Ұлттың да басты бақыты – осы.  Біз биыл бұл мерекені 24-ші рет тойлағалы отырмыз.  Елбасымыз  осы мерекелерді атап өте отырып, бізге қазақстандықтарды рухани тұрғыда бұрынғыдан да күштірек, топтасқан және бұрынғыдан да бетер тағатты ету маңызды. «Қазақстан, тек алға!» атты біздің басты қағидатымыз тарихтың жаңа жауапкершілікті орамында жаңаша үн мен неғұрлым терең мағынаға ие болатынына менің сенімім мол. Баршаларыңызға біздің Отанымызды бұрынғыдан да зор биікке көтеретін жаңа шыңдарға қол жеткізуге табыстар тілеймін!» деген болатын.  Қазақстан тәуелсіздігіне 24 жыл толу мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Жүргізуші:       Тәуелсіздік түскен жоқ қой аспаннан

Тарихы оның тым әріден басталған.

Бодандықтан құтқарам деп елімді,

Талай боздақ қара жерді жастанған.

Заман ағымы бізді Қазақстан Республикасы тұңғыш рет Тәуелсіз Ел ретінде әлемге әйгіленген тарихи дата -1991 жылдың  16 желтоқсанынан бастап алыстатып барады. Біз жыл өткен сайын сол  бір тарихи таңдаудың сарқылмас құдіретін жан жүрегімізбен түсінеміз.

Ол- егемен мемлекетте бейбітшілік пен келісімде, өзара сенімде азат өмір сүру таңдауы.

Ол -туған жеріміздің қазынасы мен қазба байлығына дербес иелік етіп, барша қоғамның игілігі үшін өз қалауымызбен жұмсау таңдауы.

Ол- өз тағдырымызды өзіміз айқындау, болашағымызды өз қолымызбен жасау таңдауы.  Баршамызды Тәуелсіздіктің Ұлы рухы жебейді, біріктіреді, бойымызға қуат беріп, сенімімізді нығайтады. Ол -алтын күні жарқырап, алтын қыраны қалықтаған Қазақ елінің ашық аспаны астында дүниеге келген әрбір сәбидің жүрегіне орнайды. Ол- әрбір азаматтың жүрегінде, әр шаңырақтың төрінде, елімізде бой көтерген әрбір үйде, әрбір қала мен ауылда салтанат құрады. Ол -біздің экономикамыздың өсімімен, әрбір жаңа өндіріс орнымен, ұлан- ғайыр Отанымызға төселген әрбір күре жолмен, дала төсіне өнген әрбір тонна алтын дәнмен нығаяды.

Қазақстан Республикасының Гимні шырқалсын!

Жүргізуші: Жылдар-жылдар- тарихтың мол бекеті,

Сен әкелген жақсылықтар көп тегі.

Көңіліңді шат сезімге баурайды

Халқымыздың өткені мен бүгіні.

Тура келіп тарихи бір орайға,

Тәуелсіздік түсті деме оңайға.

Жолында оның «Шұбырынды Ақтабан»

Болған қазақ елміз біз, соны ойла!

Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Тәуелсіздік-ежелден ел арманы, сан ғасырлық күрестің жемісі.

Оқушы: Қазақ халқының басынан небір қилы заман өтті. Тарихта атышулы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген қаралы атқа ие болған 1723 жылғы жоңғар шапқыншылығы қазақ жерін ойсыратып кетті. Қазақ  халқы оңтүстікке қарай босты. Бірақ бұдан да асқан жауыздық нәубетінің 2 ғасырдан соң қайта келерін білген жоқ. 18-20   ғасырларда халқымыз еркіндік пен тәуелсіздігінен айырылды. Ұлы даламыз империя иелігіне айналды.

Оқушы: 1925-1933 жылдарда Голощёкин «Қазақстанда  әлі революция болмаған» деп «Кіші Октябрь» саясатын жүргізді. Елді аштық пен қуғын-сүргін жайлады. 1928-1933 жылдарда ұйымдастыру салдарынан болған адам айтқысыз, нанғысыз ашаршылықта халықтың 2,2 миллионы опат болды. Миллион адам Қазақстаннан босып кетті.

Оқушы: Қазақ әдебиетінің жайқалып келе жатқан теректерінің тамырын қиды. Олар: Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек, Бейімбет, Сәкен, Ілияс,  т.б. Өздері өлсе де аты өлмеген ағалар рухына кейінгі ұрпақ әрқашан бас иеміз.

1937-1938 жылдардағы репрессия тұсында бетке ұстар азаматтар «Халық жауы» ,«Ұлтшыл» деген жаламен атылды. 105 мыңдай адам абақтыға жабылып, итжеккенге айдалды. 27 мыңнан астамы мерт болды, атылды, мыңдаған адам кеңестік лагерьдің жазасынан өтті.

Оқушы: Қырылмаса аштықтан батырлардың

Жазықсыз құрбан қылып шыбын жанын,

Қазақ деген қандай ел болар едік,

Көркейткен байлығымен әлем сәнін.

1941-1945 жылдардағы ССРО-Германия соғысы да оңай болмады.

1986 жылғы 16-17 желтоқсан оқиғасы Тәуелсіздік үшін арпалыстың соңғы нүктесі болды.

Бейнематериал : «Желтоқсан оқиғасы»

Оқушы: 1986 жылы Атыраудан Алтайға, Сарыарқадан Алатауға дейінгі байтақ жерімізде желтоқсанның дауылы үдей түсіп дүрбелең жайлады. Қазақтың көптеген азаматтарының мойнына қыл шылбыр салынды. Әділдік үшін бой көтерген жас боздақтардың маңдайы тасқа соғылды. Желтоқсан оқиғасына қатысып жауапқа тартылғандар қатарында Қайрат Рысқұлбеков, Сәбира Мұхамеджанова, Ләззәт Асанова, Ербол   Сыпатаев т.б бар.

Оқушы: Қ.Рысқұлбеков-1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің құрбаны, «Халық қаһарманы». Ол 1986 жылы Алматыдағы сәулет құрылыс институтына оқуға түсті. Осы жылы 16-18 желтоқсанда болған қазақ жасмтарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісіне белсене қатысты. Жастарды көтеріліске ұйымдастырғаны үшін кесілген өлім жазасы 20 жылға ауыстырылды. 500 күннен астам өлім камерасында өзегі талып, үміт пен үрей құшағында отырған Қайрат енді 20 жылға Свердловскіге айдалып бара жатып, кенеттен Семейден шықты. 21 мамырда Семей түрмесінде 21- камерада белгісіз жағдайда қаза тапты.

Оқушы: Сәбира Мұхамеджанова 1985 жылы 8 жылдық мектепті үздік бітірісімен Өскемен қаласындағы педучилищенің бастауыш сыныптарға мұғалімдер даярлайтын қазақ бөліміне оқуға түсті. сол жылы бар жоғы 16 жаста еді.. 26 желтоқсан күні астанадағы дүрбелеңге үн қосқаны үшін қаза тапты.

Оқушы: Ләззәт Асанова-Желтоқсан көтерілісінің құрбаны. 1985 Алматыда Чайковский атындағы музыкалық училищеге оқуға түскен. 1986 жылы 17-18 желтоқсанда болған қазақ жастарының отаршылдық жүйеге қарсы азаттық көтерілісіне белсене қатысқан. Ол «Қазақтар! Кіріптарлық құлдықта өмір сүргеніміз жетеді. Біз еліміздің тәуелсіздігін жеңіп алған кезде ғана азат бола аламыз!» деген ұранмен шықты. 1986 жылы жазалаушылардың қолынан қаза тапқан.

Оқушы: 19 желтоқсан. Ауруханаға бас сүйегі  мен миынан жарақаттанған энергетика институтының екінші курс студенті Ербол Сыпатаев әкелінді. 23- желтоқсанда есін жимастан қайтыс болды. Ербол біреудің жалғыз баласы еді. «Құйын-86» операциясының құрбаны болды.

Бейнематериал  М.Шаханов:  «Желтоқсан алаңы»

Жүргізуші:  Солмайтын гүл, бұл алаңға қойған гүл,

Сұрап  алып сұрқы кеткен айдан  нұр,

Азаттыққа арпалысқан майдан бұл.

Құрмет саған, желтоқсандық боздақтар

Өшпейтін жар бұл-алаңға ойған жыр.

1 минут үнсіздік, гүл қойылады.

Жүргізуші:  Тәуелсіздік – сан буын бабалардың қасиетті жеріміздің әрбір қадамын қорғау үшін төгілген өлшеусіз қаны мен терінің өтеуі.Тәуелсіздік- кешегі батыр бабалар өсиет еткендей Қазақстанды қасық қаны  қалғанша қорғау жөніндегі әрбір азаматтың қайсар шешімі.

Оқушы: Тәуелсіздік дегеніміз -жалпыға ортақ еңбек. Ғылым қуып, білім іздеген оқушылар мен студенттердің еңбегі. Еліміздің ұлттық байлығын еселей түсетін барша мамандық иелерінің еңбегі. Әрбір жас буынның жүрегіне Отанға деген шексіз сүйіспеншілік дарытатын қазақстандықтардың еңбегі мәңгілік Ел- Тәуелсіздіктің өмірлік философиясы. Бұл қағидаларды мүлтіксіз сақтай отырып, біз Отанымыздың көк байрағын нық ұстаймыз, оны қазақстан дамуының жаңа биіктерінде асқақтата беретін боламыз.

Жүргізуші: Бүгін біздің еліміз-бүкіл әлем қауымдастығы мойындап отырған Тәуелсіз мемлекет. Әр мемлекеттің өз заңы, өз президенті, өз рәміздері болады. Қандай  да бір мемлекет болмасын оның алғашқы өз туы, Елтаңбасы,Гимнынан басталуы керек. Бұл олардың ел Тәуелсіздігі мен егемендігінің белгісі болып табылады.

Гимннің сөзін жазған-Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Әнін жазған-Шәмші Қалдаяқов, орыс тіліне аударған-Бахыт Қайырбеков

Оқушы:  Мемлекттік елтаңбаның авторлары танымал суретшілер Жандарбек Мәлібеков, Шота Аман Уәлиханов.

Қазақта «Шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік» деген тілек сөз бар. Елтаңба авторлары осы сөздерді басшылыққа алған. Қазақстан Республикасының Елтаңбасы көгілдір түстің үстіне салынған шаңырақ бейнесінен тұрады. Одан  жан-жаққа күн сәулесі тәрізді уықтар  тарайды. Шаңырақ пен уықтар біздің Отанымызда тыныштықта жарасымды өмір сүріп жатқан көптеген халықтардың бірлігін көрсетеді. Қазақстан Республикасының Елтаңбасының бір бөлігі ертедегі қанатты тұлпар. Елтаңбаның жағындағы бес бұрыш-бақытты өмірге жол сілтейтін жарық жұлдыздың белгісі. Төменгі жағындағы «Қазақстан» деген жазу республиканың атын көрсетеді. Масақ Отанымыздың байлығы іспеттес. Мемлекеттік  Елтаңба туға, мөрге, металл ақшаға, мемлекеттік ғимараттарға, сонымен қатар Қазақстан Республикасының азаматы екендігін айқындайтын төлқұжаттарға да салынады.

Елтаңба

Қатар шапқан қос тұлпар,

Ай астында қазақ үй.

Қалықтаған жас сұңқар,

Шарықтаған таза күй.

Бұл-таңбасы елімнің,

Елдігімнің белгісі.

Мұнда да бар ерлігім,

Мұнда да бар жер күші.

Қара шаңырақ –ел күші,

Асқақтатып тұр мұны.

Елтаңбасы-елдігім,

Елдің тыныш тірлігі.

Оқушы: Тудың авторы-Шәкен Оңдасынұлы Ниязбеков-белгілі монументші-суретші. Біздің туымыз-көгілдір түсті, тік төртбұрышты мата. Ол бірлік пен аман-есендікті көрсетеді. Оның қақ ортасындағы сәулесін шашқан алтын Күн-тыныштық пен байлықтың белгісі .Қазақ халқы сонау ерте заманнан бері қыранды киелі, қасиетті құс деп есептеген. Туда қыранның орын алуы тәуелсіздік алған Қазақстан қыран сияқты биікте болсын, қыран сияқты ғұмыры ұзақ болсын деген ойдан туған. Тудың сабын бойлай ұлттық ою-өрнек салынған тік жолақ қазақ елінің өзіндік сипатын, танымдық бейнесін көрсетеді.

Біздің ту

Айнымайды аспаннан

Біздің тудың бояуы.

Оны халық қашан да

Биікке іліп қояды.

Көк аспанда- алтын күн,

Көк аспанда-жас қыран.

Естілгендей біздің үн

Сол ғарыштың астынан.

Туымызға жас туған,

Бір қарамай өтпейміз.

Сол көк тудың астында

Көгереміз көктейміз.

Жүргізуші: Астананың атауына байланысты Елбасы былай дейді:»Шынын айтқанда астананың атауын ауыстыру ұдайы ойымнан шықпай, үнемі іздеумен болдым. Сөйтіп жүргенде бір жолы дәлірек айтсам түнгі сағат екіде ойыма «Астана» деген атау сап етіп, көкейіме қона кеткен-ді. Астана қазақша әдемі естіледі. Сарыарқа төсіндегі тәуелсіз қазақ елімнің бүгінгі астанасы Астана қаласына көз салсаң, айтар сөзің жоқ! Таңдай қағып қаласың!»

Жарқырашы Қазақстан!

Жайна сен де Астанам

Әрқашан да гүлдене бер

Тәуелсіз ел Қазақстан!

Ән: «Астана»

Жүргізуші: Елбасы Жолдауын халық қашанда асығып күтеді. Себебі ол еліміздің болашаққа бағдарын айқындап беретін құжат. «Қазақстан жаңа  жаһандық нақты  ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты биылғы Жолдау да сол үдеден шығып, салмақты ой, нақты қадам, жасалатын жүйелі жұмыстар айтылды. Жаңа әлеуметтік саясаттың 5 бағыты:

Оқушы: бірінші Атаулы мемлекеттік көмек нақты мүдделі азаматтарға, олардың тұрмыс жағдайын және нақты кірістерін ескере келіп көрсетілетін болады.

Екінші ең төменгі өмір сүру деңгейінің көлемі, оның құрылымын өзгерте отырып, біздің азаматтарымыздың жекелеген нысандарының ерекшелігін (мүгедектер, көпбалалы отбасылар, қарттар) ескере  келіп белгіленуі тиіс.

Үшінші еңбек етуге қабілеттілерге-тек оларды қайта оқыту немесе еңбекпен қамту бағдарламаларына қатысуы негізінде ғана мемлекеттік көмек көрсету

Төртінші бұрын қабылданған бағдарламаларға сәйкес білім беру және денсаулық салалырана жаңғырту жалғастыру.

Бесінші 2017 жылдан- «Баршаға  арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» атты жаңа жоба бастау алады.

Оқушы: Қазақстан 2050  жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға тиіс

Егер біз күшті болсақ бізбен санасатын болады.

Біз бәріміз бір атаның-қазақ халқының ұлымыз.

Бәріміздің де туған жеріміз біреу: ол-қасиетті қазақ даласы.

Оқушы: Бұл дүниеде бір ғана Отанымыз бар:ол-Тәуелсіз Қазақстан!

Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік ел» етуді мұрат қылдық.

Тәуелсіз елді өз қолымен құрған аға буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұрпақтың, біздің лайықты жалғастыратынымызға кәміл сендіреміз.

Оқушы: Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев біздің оқуымыз бен өсіп өнулеріміз үшін барлық жағдайды жасауда. Әлемдік деңгейдегі университет, зияткерлік мектептер ашылуда, «Болашақ» бағдарламасын құрды.

Біздің алдымыздан жаңа мүмкіндіктер ашылуы үшін барлығын жасауда.

Жүргізуші: Болашақ қазақстанды біз  қалай  елестетеміз?

Оқушы: үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдар қоғамы боламыз.

Оқушы: біздер-әлемнің азаматтарымыз,саяхаттап жүреміз;

Оқушы: біздер жаңа білім меңгеруге құштармыз.

Оқушы: біздер еңбексүйгішпіз.

Оқушы: біздер-өз еліміздің патриоттарымыз

Оқушы: 2050 жылғы Қазақстан-жалпыға Ортақ еңбек қоғамы

Оқушы: ол-барлығы да адам игілігі үшін жасалатын экономикасы мықты мемлекет.оқушы: білім беру, денсаулық сақтау саласы да үздік.

Оқушы: Бейбітшілік пен тынышытық салтанат құрған.

Оқушы: Азаматтары еркін және тең құқықты, ал билігі әділ. Онда заң үстемдік етеді.

Оқушы: 21 ғасыр Қазақстанның «Алтын ғасыры» боларына сенеміз.

Оқушы: бұл бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болады.

Бірге: Біз көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз.

Ән: «Мерекем»

Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек  деп, біз бүгінгі Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күніне арналған  « Рухы биік, арманы асқақ – Қазақ Елі» атты іс-шарамызды  қорытындылау  сөзі  мектебіміздің директоры Дәулетова Қалия Үкімашқызына беріледі.

 

<h2>Ұқсас жазбалар</h2>

 

 

Leave a Comment