Қазіргі білім беру жүйесіндегі тұлғаны рухани-адамгершілік тәрбиелеудің маңыздылығы

Атырау қаласы

Жұмыскер ауылы

№35 мектеп-гимназиясының

Өзін-өзі тану пәні  мұғалімі:

Қамиева Ардақ Бектемісқызы

Мұғалімдерге арналған әдістемелік семинардың жоспары

Мұғалімге арналған әдістемелік семинардың тақырыбы:

Қазіргі білім беру жүйесіндегі тұлғаны рухани-адамгершілік тәрбиелеудің маңыздылығы

 

Мақсаты: Қазіргі білім беру жүйесіндегі «Өзін-өзі тану» пәнінің тұлғаны жан-жақты дамытудағы мәні мен маңызы және жалпыадамзаттық құндылықтардың шынайы білімге жеткізудегі ықпалы туралы ұғындыру.

Міндеттері:

-Тұлғаны дамытуда   жалпыадамзаттық құндылықтарды жарыққа шығару арқылы ізгілікке жол ашу және күнделікті практикада қолданудың барысында қол жеткізетін мүмкіндіктері жөнінде түсіндіру;

– Мұғалімнің өз пәнін меңгертуде ізгілік идеясын қолдануды шеберлікпен жүзеге асыруына ықпал ету.

– Мұғалімнің өзінің жеке басының оқушыға үлгі болу арқылы шабыттандыра алуы және өзінің де шабыттануына бағыт беру.

 

 

Ресурстары: (материалдар көздері)

Маркер, формат қағаз,классикалық музыка, ән әуені,

бейнебаян,слайд

Жүру барысы.

1.Ұйымдастыру кезеңі. Тыныштық сәті.

Нұрға бөлену.

Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ – қолдарыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гул түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек – қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты. Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түседі. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. олар нұр мен махаббат құралына айналды. Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басының түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.
Нұр бірте – бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып жан – жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей ренжіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, Олардың да жүрегі нұрға толсын.
Осы нұр бүкіл әлемге: Барлық адамдарға, жан – жануарларға өсімдіктерге барлық тірі жанға таралсын…. Ғаламның барлық түпкір – түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: “Мен нұрлымен… Нұр менің ішімде… Мен Нұрмын”.
Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз…
Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.
Жаймен көзіңізді ашуға болады.

Тыныштық сәтінен алған әсерлерін сұрау.

Талдау:
Үй тапсырмасы

Топтық талқылау.(постермен жұмыс)

1-топ: «Біз қандай мұғалімбіз?»

2-топ: «Біз берген білім қандай?»

3- топ: «Біз үшін оқушы кім?»

 

 
Жоспар (жоспардың әрбір пунктін 3-5 сөйлеммен ашу).

1.Педагогикадағы жаңа ұғым-бұл рухани ізгілік.

2. Жалпыадамзаттық құндылықтарды дамыту- шынайы білімнің көрінісі

3.Мектептегі білімді жандандыру- «Өзін-өзі тану» пәнін басқа пәндермен ықпалдастыру.

 

1.Педагогикадағы жаңа ұғым-бұл рухани ізгілік.

Қазіргі білім беру көп жағдайда баланы жоғары әлеуметтік мәртебеге және материалдық құндылықтарға қол жеткізуге бағыттайды,алайда мұндай табыс пен жетістікке қалай қол жеткізуге болады, бұл оған шынайы бақыт әкелетіні жөнінде және адамның шынайы бақыты туралы ойланып, толғануға үйретпейді. Білім беру жүйесінде орын алып отырған нақты жағдаят адамгершілік құндылықтар бағасының төмендеуін, басымдылықтардың материалдық игіліктер жағына ауысып бара жатқанын дәлелдейді. Білім беру үдерісінде бала тұлғасының физикалық және интеллектуалдық аспектілерін ғана дамытып қоймай, ең алдымен,баланың жоғары рухани-адамгершілік табиғатын ашу керек. Сол кезде біз академиялық жетістікке ие адамды ғана емес, жетілген мінез-құлықты адамды қалыптастыруға қол жеткіземіз. Өз шәкірттерін қоғамда өмір сүруге және еңбектенуге, жақсылық пен жамандықты ажырату білуге, өз ар-ұжданымен үйлесімде өмір сүруге тәрбиелейтін шынайы мұғалім оқушылар мен олардың ата-аналарының жадында мәңгілік қалатындығы хақ.

 

2. Жалпыадамзаттық құндылықтарды дамыту- шынайы білімнің көрінісі

 

ХХ ғасырдың ІІ жартысында адамзат қоғамның барлық тараптарына әсерін тигізетін адамның тіршілігіне қауіп төндірген жаһандық дағдарыстармен(экологиялық апаттар,әлеуметтік-экономикалық дағдарыс, террорлық әрекеттер, ұлтаралық қақтығыстар) бетпе-бет келді. Олардың шешімі адамзаттың ішкі жан дүниесіндегі өзгерісте, адамдардың материалдық игілігін рухани-адамгершілік құндылықтарға қайта бағдарлау жолында болып отыр. Қазіргі кезде білім мазмұнында жалпыадамзаттық құндылықтар ескерілмейді.Педагогтің іс-әрекетінің қатаң талапқа салынуы, бұрынғы құндылықтары,дүниеге біртұтас көзқарасты «дайын күйде» беру тәсілі оқушы тұлғасының өзін-өзі танып дамуына кедергі келтіреді де, көптеген оқушы үшін рухани-адамгершілік құндылықтар абстрактілі, бейтарап деңгейде қалады. Жалпыадамзаттық құндылықтарға: ақиқат,дұрыс әрекет, ішкі тыныштық, сүйіспеншілік, қиянат жасамауды жатқызамыз. Тұлғаның білім алуында осы құндылықтарды дамыта отырып, ізгілікті,кемелденген тұлға қалыптастыруға болады.

3. Мектептегі пәндерді жандандыру- «Өзін-өзі тану» пәнін басқа пәндермен ықпалдастыру.

Сабақ барысында сүйіспеншілік қуаты сезілгенде ғана оқушының ішкі күші жанданып, риясыз әрекеттер жасау өзінен-өзі табиғи қажеттілікке айналады да,кеңпейілділік, кешірімділік, жанашырлық сияқты қасиеттер туындайды. Оқу үдерісі барысында оқушылар өздерінің адамгершілік іс-әрекеттерінің дәмін сезіп, қуанышқа бөленуі қажет.

Қазіргі білім беруде математика бөлек, физика бөлек, биология бөлек,өмір, мейірімділік, сүйіспеншілік, өзара қайырымдылық көмек беру бір бөлек… Сондықтан ақыл үшін білім берудегі зияткерлік пен ішкі,яғни, жүрек үшін білім берудегі рухани-адамгершілікті біріктіре отырып, білімді жандандыру керек, барлық пәндерді мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде жинақтап, оқытатын нәрселеріміздің барлығының біртұтас екендігін көрсетуіміз керек.

 
Бейнебаян «Ребенок-это великая душа» Ш.Амоношвилидің ізгілік педагогикасы

1.Бейнебаяннан не түйдік?

2. «Біз ғана тәрбиелеуші емес,оқушы да тәриелеуші» деген пікірмен келісе аламыз ба?

 
Топпен ән айту

Жақсы адамдар

Әні мен сөзі: А.Оралов

1.Сендер аман болыңдар жақсы адамдар,

Жақсы адамдар-бұзылмас тас қамалдар.

Табаныңның астында жатады әлі

Пенделіктен өресі аспағандар.

Қ-сы:

Жақсы көрем сондықтан мен сендерді

Менде бір сәт көтеріп еңсемді енді.

Сендер салған адамдық ардың жолын   2 рет

Болашаққа көрсетіп берсем болды.

 

2.Жақсы көрем сендерді мен неліктен?

Мінезіңмен мызғымас ерге біткен

Адамдықтың алдында аласарып,

Биік тұрған қашанда пенделіктен.

Қ-сы:

Жақсы көрем сондықтан мен сендерді

Менде бір сәт көтеріп еңсемді енді.

Сендер салған адамдық ардың жолын   2 рет

Болашаққа көрсетіп берсем болды.

 

Сендер аман болыңдар жақсы адамдар.

Қарап өтсін сендерге басқа жандар.

 

 
Үйге тапсырма

“Звездочки на земле» фильмін көру. Фильмнен алған әсерін әріптестермен бөлісу.

 
Жиналыстың қорытынды сәті.

-Ізгілік қоғамын құруға өз үлесімізді қосып, өз әлемімізді өзіміз қалағандай әсем де сұлу көрікке ендіре алсақ, біздің «ұстаз» деген ұлы қасиетке ие болғанымыз. Жай өз пәнін беретін мұғалім болып қалмай, әр шәкірттің көкірегінде мәңгі сақталған «кемел ұстаз» болуды армандайық,сол жолда талмай еңбек етіп, ізденейік.

 

 

<h2>Ұқсас жазбалар</h2>

Leave a Comment