Алматы – кеше, бүгін, болашақта

Алматы қаласы Білім басқармасының

« № 185 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

«Ғасырлар шежіресіндегі қала тарихы»

Тақырыбы: «Алматы –  кеше, бүгін, болашақта»

Секциясы: Қазақстан тарихы

Авторы: Қаюмов Ерсейіт Абдималикұлы және Қаржанова Айдана Аскаровна

Сыныбы: 10  «№ 185 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Жетекшісі: « № 185 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тарих пәнінің мұғалімі Танбетова Айман Жамаладиновна

2016 жыл

 

Кіріспе

 Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Алматы қаласының іргесі қаланғанына мың жылдан астам уақыт өтті. Осы жылдар ішінде қала мен оның тұрғындары талай қуанышты және қайғылы оқиғаларды, көптеген саяси және әлеуметтік – экономикалық өзгерістерді басынан кешірді. Алматының тарихи келбетін, көненің көзіндей ескерткіш мұраларын сақтап, қалпына келтіре отырып, оларды келер ұрпаққа мирас ету – біздің азаматтық парызымыз. Алматы қаласының кешегі, бүгінгі жағдайын ескеріп қала болашағын көркейту әр алматылық тұрғынның өз қолында екенін ұмытпау.

Қала Евразия континентінің ортасында, Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысында, 77˚ шығыс бойлық пен 43˚ солтүстік ендікте, солтүстік Тянь-Шань жотасы – Іле Алатауының бөктерінде орналасқан. Аумағы 170 шаршы шақырымға созылған. Қала төңірегінде, Үлкен Алматы көлі мен Жосалы кезең асуында Күн жүйесі мен ғарыш сәулелерін зерттейтін ғылыми станция, Каменка жоны мен Асы асуында астрофизикалық обсерваториялар, «Медеу» мұз айдыны мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы базасы спорт кешендері, альпинистік және туристік лагерлер, санаторилер, демалыс үйлері мен кемпингтер бой көтерген.

Қаланың оңтүстік қабырғасын көмкере қоршаған мұзарт құздардың ішінен Талғар (5017м), Комсомол (қазіргі Нұрсұлтан, 4376м), Үлкен Алматы (3684 м) шыңдары айрықша ерекшеленеді, қиян басын күн сүйген басқа да шыңдар биіктігі жөнінен Европа Монбланынан, Америка Тахумулькосынан кем түспейді.

Бұл өлкеге жыл бойына ғана емес, тәулік ішінде температурасы әлденеше құбылып тұратын шұғыл континентальды климат тән. 500 метрдей биіктіктегі қала көшелері солтүстікке қарай жазық және шөлейтті далаға, Қаскелең Мойынқұмына барып тұмсық тірейді. Алматыда желдің жылдық орташа жылдамдығы Мәскеумен салыстырғанда екі есе кем. Шілде айының орташа температурасы Шри-Ланка немесе Ява аралдарындағыдай болса, қаңтар айының орташа температурасы Норвегияның солтүстігіндегі ауа райымен бірдей.

Алматы қаласына жыл ішіне 1596 сағатқа жуық күн нұры төгіліп тұрады, жайма шуақ мезгіл 151 күнге созылады.

Қала территориясының 8 мың гектардан астам жерін бақтар, гүлзарлар, саябақтар алып жатыр. Алматы көшелерінде өсетін мәуелі ағаштардың қатарынан Солтүстік Америка, Кавказ, Сібір мен Қиыр Шығыстан әкелінген экзотикалық өсімдіктерді кездестіруге болады. Қала төңірегінде жергілікті флораның сирек кездесетін өкілдері: шиқылдақ, желайдар, долана, кекіре өседі. Бұл өңірдегі көптеген өсімдіктер осы өлкені көркейтуге ат салысқан адамдардың есімдерімен аталады. Мәселен, Регель шырышы, Корольков бәйшешегі, Дублицкий саршатыры – Алматы шежіресінің бір үзгісі іспеттес.

Тау бөктерін қиялай жабайы алма, өрік өссе, ортаңғы бөлігіне қарай қылқан жапырақты ағаштар мен бұталарды Тянь-Шань шыршалары алмастырады. Одан әрі биіктегенде жайқалған субальпі және альпі шалғындары, шөбі шүйгін жазғы жайылымдар тау тундрасына, басынан мәңгі қар арылмайтын  құз шыңдар мен мұздықтарға ұласады.

Тянь-Шань жоталарының етегінде орналасқан әсем қаланы «бақша-қала» деп бекер атамаған. Көктем маусымында, оңтүстік алқаптардағы бау-бақшаларда алма, өрік, шие гүлдеген кезде қала ертегіге айналады. Алматы қаласының атауы  алма сөзінен шыққан. Дәл осы жерде аты әлемге танымал апорт алмасы өседі.

Кейбір деректерге сүйенсек, ескі замандарда осы жерде, яғни керуен жолы – Жібек жолында Алматы сауда мекені орналасқан. Осы қаланы ХІІІ ғасырда Шыңғысхан ордасы тас талқан етті. 1854 жылы ескі қала қалдықтарынан Верный қаласы бой көтерді.

Жалпы қала атауы бірнеше рет өзгерген: Алматы, Алмату, Алмалық, Залийский, Верное, Верный, Алма – Ата, Алматы.

Қазіргі таңда Алматы – елдің ғылыми, мәдени, тарихи, өндірістік және қаржы орталығы. Алматы – республикадағы ең сәулетті қалалардың бірі болып табылады.

Тақырыптың өзектілігі. Қала өмірінің мың жылдық тарихын зерттей отырып, Алматы қаласының Қазақстан Республикасы үшін орасан зор қалалардың бірі екенін айықындап, дәлелдеу. Алматының болашағы туралы үлкен жоспарлардың жүзеге асуы – жастардың азаматтық парызы екенін түсіну.

Зерттеу деңгейі. Зерттеу жұмысының нысаны ретінде алынып отырған «Алматы қаласының 1000 жылдық тарихына» арналған  «Алматы – кеше, бүгін, болашақта» атты зерттеу жұмысында бүгінгі күнге дейінгі зерттелу деңгейіне тоқтала отырып, болашақтағы қала тағдыры жас ұрпақтың қолында екенін көрсету.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Алматы қаласының көркіне сүйеніп, оның айтулы оқиғаларға толы тарихын, мемлекет тағдырындағы рөлі мен маңызын зерттей отырып, болашағына көз жіберу. Қала Қазақстанның ірі экономикалық, қаржы, саяси, мәдени орталығы болып табылатындығын дәлелдеу. Қала атауының бірнеше рет өзгергені, тарих беттеріндегі қала өмірінің жазбалары мен тарихта алатын орны туралы зерттеу. Алматы қаласының болашағы – миллионер қалалар қатарында екенін айқындау.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Ғылыми жұмыстың жаңалығы болып, Алматы қаласының өткені мен бүгінін баяндайтын, жарқын болашағына көз жүгіртетін, қаланың барлық ғылым мен білім ордаларында «Мәңгілік елдің – Мәңгілік қаласы» атты үйірме, арнайы курстар ұйымдастыру. Мұндай жұмыстың мақсаты қаланың тарихын біліп, бүгінін саралап, болашаққа әр азаматтың өз үлесін қосуға дағдыландыру. Өскелең ұрпақтын бойында азаматтық – патриоттық сезімін, қала тағдырына өз үлесін қосқаны үшін мақтаныш сезімін ояту.

Зерттеу нысаны. Алып шаһардың тарих толқынындағы өмірі, қазіргі таңдағы жетістіктері мен болашаққа жоспары.

Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Зерттеу нәтижелері Алматы қаласының тарихы жазылған теориялық дерек көздеріне белгілі бір дәрежеде үлес қосатыны анық. Тарих толқынында жатқан қала тарихының әлі бізге белгісіз зерттелмей жатқан сырларын шертуге жол ашады. Еңбектің нәтижесін мектеп қабырғасында оқытылатын «Алматы тану» дәрістері мен арнаулы курстарда қосымша ретінде пайдалануға болады.

Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысының барысында талдау, жинақтау, салыстыру, баяндау, жүйелеу, түсіндірмелі және болжау әдістері қолданылды.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Зерттеу нәтижесінде төмендегідей тұжырымдар ұсынылды.

  • Қаланың жан – жақты дамуына стратегиялық жоспарлар қабылданса. Мәселен, «Өскелең ұрпақ қалайтын кербез шаһар – Алматы», « Алып шаһар Алматының болашағы».
  • Осы жоспарлар негізінде төмендегідей жұмыстар жүргізілсе:
  1. Ұлттық нақыштағы мәдени орталықтардың көптеп салынуы;
  2. Шаһар тарихын көрсететін, салт – дәстүрімізді дәріптейтін орталықтардың салынуы;
  3. Жетісудің жәннәт жерінде орналасқан Алматының туристік базасын кеңейту;
  4. Алматының символы болып табылатын апорт алмасын барлық көше бойларына отырғызу;
  5. Алматының мың жылдан астам уақытқа созылған тарихын баяндайтын көркем фильмдер түсіру;

 

 

Жұмыстың негізгі мазмұны

Кіріспеде тақырыптың өзектілігі, жұмыстың мақсаты мен міндеті, дерек көздері, ғылыми жаңалығы, зерттеу әдістері, теориялық және практикалық мәні, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар туралы сөз болды.

І тарау. «Ғасырлар тереңінен» деп аталатын бірінші тарауда Алматы қаласының сонау Х ғасырдан бастап қалыптасқан тарихы, тарихи жазбаларда келтірілген жазба деректері, сақтар, үйсіндер мекендеген орталық болғаны, ортағасырда Ұлы Жібек жолынын бойында қалыптасқан қала ретіндегі тарихы, 1854 жылы Верный бекінісі болып қалыптасуы және дамуы сөз болады.

ІІ тарау. «Өзгерістер дәуірі» атты екінші тарауда ауылдан астанаға айналған қаланың тағдыры. Кең – байтақ мемлекетте мазасыз жылдар басталған қиын қыстау кезеңінде, Алматы да жайбарақат күйде емес еді. Бұл қала орталықазиялық  аймақтың басқа қалалармен салыстырғанда жаңа, жылдам өзгергіш жағдайларға барынша тез бейімделе білгені туралы айтылады.

ІІІ тарау. «Атағы жер жаратын Алматы» деп аталатын бұл тарауда қарқынды дамыған және күннен – күнге дамып келе жатқан Алматы қаласының болашақтағы тағдырының болжамдық есебі сөз болады.

Ғасырлар тереңінен

Алматы қаласының тарихы ХІХ ғасырдың ортасында Іле Алатауының бөктерінде, Кіші Алматы өзенінің жағасында бой көтерген орыс әскери бекінісінен әлдеқайда әрі замандардан басталады. Қала тарихының құпиясы ғасырлардың терең қойнауында жатыр.

ХҮІ ғасырдың бірінші жартсында өмір сүрген мемлекеттік қайраткер, қолбасшы, ақын әрі жазушы Заһир ад – Дин Мұхаммед Бабырдың «Бабыр –нама» атты шығармасында мынадай мәліметтер бар: «Ферғана – бесінші климаттық белдеудегі аймақ. Ол жер өндеумен айналысатын елдердің шекарасында орналасқан. Оның шығысында – Қашқар, батысында – Самарқанд, оңтүстігінде – Бадахшан таулары, солтүстік шекарасында – Таразкент кітабында атлатын Алмалық, Алмату, Янги қалалары сияқты ежелгі елді мекендер болған. Алайда оларды моңғолдар қиратып кетекн, сондықтан да ол жерлерде қазір ешқандай елді мекен қалған жоқ». Бұл жерде қазіргі Алматының орналасқан Алмату деп аталатын ортағасырлық қала туралы айтылып отыр.

Алматы елді мекені жайлы Бабырдың замандасы, « Тарихи – и –  Рашиди» атты еңбегінің авторы Мұхаммед Хайдар Дулати да моңғол шапқыншылығы мен осы елді мекеннің маңында болған соғыстарға байланысты деректерінде атап өтеді.

Алмалық аймағы туралы одан да ертерек тарихшы Рашид ад – Диннің (1274-1318) аты аңызға айналған Оғыз хан жайындағы әңгімесінде жазылғанын айта кеткен жөн. Бұл шығармасында Рашид ад – Дин Оғыз ханның көптеген жорықтарының бірінде Алатағқа (Алатау) және Алмалық аймағына жеткенін, сол маңайдағы Ақ – Қайя мекенінде ардагер – жауынгерлермен кездескенін айтады (бұл оқиғалардың шамамен Х –ХІІ ғасырларда болуы ықтимал). Осыған қарап Алмалық Іле Алатауының баурайында, Алматы маңында орналасқан деуге болады. Сондай – ақ нумизматикалық жәдігерлер (ежелгі бақыр ақшалар коллекциясы) де бұлтартпас дәлел болып отыр.

1979 жылы Алматыда қазіргі Әскери Акадеимяның территориясынан екі күміс теңге табылды. Екі теңгенінде жазулары айқын емес. Алайда ерекше қызығушылық туғызған нәрсе – осыған дейін кездеспеген тамға – билеушілер мөрінің бейнесі. Шығыстанушы, нумизмат В.Н. Настич бұл ақшалардың жергілікті екендігі, Жетісуда соғылғандығы және қазіргі Алматы территориясында ХІІІ ғасырда ақша соғатын өндіріс болғаны жайлы болжам айтады. 1990 жылы тап сондай таңбасы бар тағы да екі теңге табылады. Олардың ерекшелігі – таңбалар жоғарыда айтылған теңгелердегі сияқты қатар емес, теңгенің екі жақ бетінде де орналасқан. Бұл теңгелерді Қазақстаннан келген адамнан сатып алған коллекционер В.Н.Настичке көрсетеді. Екі теңгенің бірі алдыңғы теңгелер секілді қатты бүлінгендіктен, жазуларын оқу қиынға түседі. Алайда екінші теңгедегі шеңбер бойымен айналдыра түсірілген жазудан ақша шығарылған жердің атын оқуға болады: « бұл дирхем Ал.м.ты аймағында (балад) … бес … жылы соғылды». Бұл жазу қаланың аты Алматы деп сенімді түрде оқуға негіз береді. Осыған қарап оның сол кездің өзінде қазіргі «алмалы жер»  немесе «алма көп өсетін жер» деген мағынаны білдіретін «Алматы» атауымен аталып, ХІІІ ғасырда Қазақстанның оңтүстік астанасының орнында өмір сүрген қала екеніне көз жеткіземіз.

Өкінішке орай, қарастырылып отырған теңгелердің құйылған уақытын айту мүмкін емес. Алайда сыртқы түрі мен жазуларына қарағанда олардың шығуы ХІІІ ғасырдағы көрнекті қайраткер Масубектің 670/ 1271-1272 жылдары бастаған реформасына сәйкес Мәуеренаһр мен Түркістан қалаларында болған жаппай ақша соғу кезеңіне тұспа – тұс келеді. Өйткені осы кезеңде Жетісу жерлері, соның ішінде Алматы да Шағатай ұлысының құрамында болғаны белгілі.

Археологиялық зерттеулер көрсеткендей, «үлкен Алматы» маңайын адамдар сонау ерте заманда – ақ қоныстанған. Б.з.б Х – ІХ ғасырларда, қола дәуірінің соңғы кезеңінде бұл жерде отырықшы халықтар өмір сүріп, шағын елді мекендер құраған. Олардың тұрғындары жартылай жертөлелерде тұрған және жер өндеумен, мал бағумен айналысқан. Осындай елді мекендердің бірі қаланың солтүстік шетіндегі кішкене өзеннің жанынан аршылып алынды. Археологиялық жұмыстардың барысында кейбір жерінде қызыл сырлы жолақтары сақталған қыш бұйымдар табылды.

Археология институты қызметкерлерінің зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 1998-1999 жылдары тағы бір елді мекеннің орны анықталды. Ол Көктөбенің батысындағы, телемұнараға жақын маңда орналасқан. Осы жерден жертөленің жартылай бөлігі қазылды. Үйдің едені қалың етіп жасалған және үсті балшықпен сыланған. Осы жерден табылған материалдар – б.з.б Х – ҮІІІ ғасырларға жататын керамикалық бұйымдар.

Алматы аймағы сақ тайпаларының, кейінірек үйсін тайпаларының қонысы болған. Осы кезеңдерден көптеген қорған – қорымдар қалған. Олардың арасынан ақсүйектердің обалары – « сақ патшаларының» зираттары ерекше көзге түседі. Бұдан сәл ғана уақыт бұрын мұндай обалар ескі Алматының жер үйлері арасынан табылған еді, алайда қазір олардың барлығы дерлік көп қабатты үйлердің астында қалып отыр.

Алматы территориясындағы тыныс – тіршіліктің келесі бір маңызды кезеңі ортағасырлар дәуірімен байланысты. Өйткені осы кездерде бұл аймақта елді мекендер мен қалалар пайда бола бастады. Бұл – ҮІІІ – ХІІІ ғасырлардың аяғы, қала мәдениетінің дамып, Жібек жолы бойындағы халықаралық сауда байланыстары аясында гүлдене түскен кезі. Жібек жолы, дәлірек айтсақ, оның Іле алқабына кететін бір тармағы Х – ХІІІ ғасырларда жұмыс істеп тұрған. Осы кезеңде « үлкен Алматы» маңында бірнеше елді мекендер мен қалалар болған. Қазір олардың бәрі құрылыс жұмыстарының астында қалды.

Х – ХІІ ғасырда өмір сүрген «бірінші Алматы» қаласы қазіргі «Таулы қыраттың» орнында орналасқан.

«Весновка қаласы» деп аталған тағы бір қала Бас ботаникалық бақтың территориясынан табылды. Бұдан бірнеше жыл бұрын осы жерде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшылар керамика қоймасына тап болды. Керамиканың жасалу мерзімін анықтай келе, соған қарап қалашық Х – ХІІ ғасырларда өмір сүрген деп айтуға болады.

Үлкен Алматы шатқалында, яғни қазіргі «Орбита» ықшам ауданы орналасқан жерде де тағы бір қалашық болған. Ол жайында шығыстанушы В.В.Бартольд 1894 жылы жазып көрсеткен. Ол бұл мекенді  сол кездегі қала архитекторы В.П.Гурдэмен қосылып зерттеген. Қала орнында күйдірілген кірпіштен қаланған құрылыстың қалдықтары кейінгі уақытқа дейін сақталған. Алайда Верныйдың тұрғындары кірпіштерін өз үйлерін салуға қолданып, тасып алған. Әсіресе, ерекше қызығушылық тудырған – қазіргі Әскери Академияның орнынан табылған қалашық. Бұл жерден құрылыс жұмыстары барысында қыш ыдыстар, темір мен қоладан жасалған бұйымдар кездесіп қалады. Ал 1980 жылы ортағасырлық ұстахананың орны анықталды. Осы арадан балталардың бірнеше түрі мен балқытуға арналған темір кесектер, металл балқытып, қорытуға арналған отқа төзімді үлкен қазан, көрік (ұста дүкеніндегі көмірді үрлеп темірді қыздыру үшін теріден жасалған үрлеуіш) қалдықтары табылған. Ұстахананың жұмыс жасаған мерзімі Х – ХІ ғасырларға жатқызылады. Жоғарыда айтылған «алматы» деген жазуы бар ХІІІ ғасырда соғылған теңгелердің осы қалаға қатысы бар екені сөзсіз.

Қаланың көлемі, ондағы күйдірілген кірпіштен тұрғызылған үйлердің қираған үйіндісі, ұсталық өнердің өркендеп, дамығанының дәлелі болатын естеліктер мен керамикалық бұйымдардың қалдығы, ақша соғатын шеберхананың орны – осының бәрі бұл жерде Х – ХІІ ғасырларда ірі қаланың болғанын дәлелдейді. Шамасы, сол кездің өзінде – ақ қала Алматы деп аталса керек. Кейіннен осы жерден табылған теңгелердегі жазулар да соны көрсетеді.

Жазба ескерткіштер, теңгелер және археологиялық материалдарға сүйене отырып, қазіргі Алматы ежелден осы атымен белгілі болып, Х – ХІІ ғасырларда қалыптасқан деуге негіз бар. Демек, бұл қаланың тарихы мың жылдан асып кетеді.

Сонымен, Алматы бір кездері ортағасырлық Қазақстанның саяси, экономикалық, мәдени орталығы, қолөнері, саудасы, сонымен бірге Жібек жолы бойындағы халықаралық саудасы күшті дамыған, Жетісу өңірі тұрғандарын ақшамен қамтамасыз ететін ақша сарайы жұмыс жасаған ірі қаласы болғандығы дау тудырмайды.

1560-1564 жылдары Жетісу жерінде Қазақ хандығы құрылды. Қазақ хандығының іргесі қаланған жер Алматы маңындағы Қозыбасы деген тау еді. Қазір бұл жер – Алматы облысы, Самсы теміржол бекеті.

1730 жылы Алматыдан 70 шаршы км қашықтықта орналасқан Аңырақай тауларында қазақ батырлары қазақ халқының жоңғарлармен Отан соғысындағы қиын кезеңдегі тарихта мәңгі қалған жеңіске жетті. Зерттеуші М.Тынышпаевтың дерегі бойынша Аңырақай шайқасы туралы дерек Пішпек және Әулиеата уезінің қазақтарының жадында жақсы сақталған.

1854 жылы Алатау баурайына орыстардың бекінісі салына бастады. Бекініс «Заилийское» деп аталды. Сол жылы күзде бекіністің құрылысы аяқталды. Келесі жылы Ұлы жүз билеушісі, майор Перемышльский Заилийское деген атауды Верный деп өзгертті.

1854 жылы 7 наурызда Кіші Алматы жағалауына қамал салу жұмыстары басталды. 1869 жылдан қала Үлкен Алматы станицасынан оңтүстік батысқа қарай салына бастады.

1859 жылдың мамырында жаңа әскери бекіністе 5 мың тұрғыны бар мекен салынды. 1867 жылы 18 сәуірде Түркістан генерал-губернаторлығындағы Жетісу облысының орталығы Верный бекінісін қала дәрежесіне көтеру туралы шешімі шығарылды. Верный қаласы 1867 жылы Түркістан генерал-губернаторына қарасты Жетісу облысының әкімшілік орталығына айналды. Жетісу облысының бірінші губернаторы болып Г. А. Колпаковский тағайындалды.

1867 жылы 24 қыркүйекте Жетісу облысы губернаторы генерал Г. А. Колпаковскийдің бұйрығымен Верный қаласы жөніндегі айрықша комитет құрылды. Оның төрағасы болып Н. Е. Фридерикс тағайындалды.

1877 жылдың 13 қарашасында қалада Думаға сайлау болады. Верный қаласының тұңғыш мэрі болып көпес Павел Матвеевич Зенков сайланды.

 

Қаланың бас сәулетшісі қызметін француз Поль Гурдэ (1846–1914) атқарды. Ол 1908 жылы 19 наурызда бекітілген Верный қаласының тұңғыш елтаңбасының және Париждегі дүниежүзілік көрмеге қойылған Жетісу өңірінің рельефтік картасының авторы.

1868 жылы «Қаланы қоныстандыру комитеті» деп аталатын ұйым құрылды. Алматы қаласының алғашқы жобасы жасалды. Осы жоба бойынша қаланың құрамы мынадай бөліктерге бөлінді:

  • Верный бекінісі;
  • Үлкен және Кіші станица;
  • Татар слободкасы және жаңа қала.

1918 жылдың наурызында Верный қаласында Кеңес үкіметі орнады.

Қазақстан большевиктері өміріндегі ерекше оқиға 1918 жылдың маусым айында Түркістандық коммунистер партиясының құрылуы болды. Оның құрамына Сырдария, Жетісу, Торғай, Орал облыстарының партия ұйымдары кірді.

1920 жылы 4 қазанда бірінші Бүкілқазақстандық Кеңестер съезі: «Қазақ автономиялық Советтік Социалистік Республикасы құрылды» деп жария етті.

1921 жылы 5 ақпанда Жетісу облыстық революциялық комитеті Верный қаласын Алма-Ата етіп өзгерту жөнінде шешім қабылдады. Сол жылы 8 – шілдеде қаладағы Карл Маркс (қазіргі Д. Қонаев) көшесінің бойымен ғаламат сел тасқыны жүріп өтті.

1927 жылдың 29 сәуірінде РСФСР Халық комиссариаты кеңесінің бүкілқазақстандық VI съезі автономия астанасын Қызылордадан Алматыға көшіру туралы шешімді бекітті.

1937 жылдың 26 наурызында Қазақстан кеңестерінің X съезі автономияның одақтас республикаға айналуына орай жаңа Ата заңды (Конституция) бекітті. Алматы осы уақыттан бастап Қазақ Советтік Социалистік Республикасының әкімшілік орталығына айналды.

  • Астана Алматыға 1929 жылдың жазында көшіп келді. Алматы астана мәртебесін алғаннан кейін қала экономикасы өсіп, халықтың саны артты. 1930 жылы 19-шілдеде Түркістан – Сібір темір жолы іске қосылды. Өнеркәсіп орындары іске қосылды. Алматы – Орталық Азиядағы өркениеттегі ірі қалалардың бірі болды. 19411945 Ұлы Отан соғысы жылдары қала көптеген өзгерістерге ұшырады. Бүкілодақтық тыл жұмыстарын ұйымдастыруда өнеркәсіптік және материалдық қорды концентрациялау үшін 45 мың шаршы метр жер берілді, көшіріліп әкелінген 26 мың адамды қабылдау үшін жер бөлінді. Алматы қаласына майдан шегінен 30 өнеркәсіп орны, 8 госпиталь, 15 жоғарғы оқу орны, орта кәсіптік білім беру жүйесі, 20-ға жуық ғылыми-зерттеу институттары, 20-дан аса мәдени орталықтар көшірілді.  ЛенинградКиевМәскеу  киностудиялары Алматыға ауыстырылды.
  • Со­ғыс жылдары Қазақ опера жөне балет театры (1941), ал 1950 жылы Қазақстан ғылым академиясының бас ғимараты мен Үкімет үйін салу қолға алынды.

Тылдағы ерен еңбегі үшін 52 мың алматылық жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды, 48 адам Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Алматыда үш атқыштар дивизиясы (олардың танымалы — 28-гвардиялық панфиловшылар дивизиясы), екі атқыштар бригадасы және үш авиациялық полк құрылды.

  • 19491950 жылдары  Ленинградтық  Гипрогор жасаған жаңа жоба ҚазССР-і халық шаруашылығының дамуының 5 жылдық жоспарына негізделді. Жоспар бойынша қала аумағы оңтүстік-батыс бағытында үлкейтілу, орталық бөлігінде 3-4 қабатты үйлер салыну, жол құрылысы мен қатынасы, селге қарсы қорғау шаралары қолға алынды.
  • «Ленгипрогром» жоспарлағандай, 19621963 жылдары Алматы қаласы 1980 жылға дейін төрт жоспарланған аумақ және сел жүретін аумақтарға үлкен өзгерістер енгізілді. Тек 19661971 жылдар аралығында қалада 1400 шаршы метр мемлекеттік және кооперативтік құрылыс тұрағы тапсырылды. Жыл сайын қалада 300 мың шаршы метр баспана салынды. Құрылыс барысында жер сілкінісіне шыдайтын көп қабатты үйлер салу ұйғарылды.

Бұрынғы Верный қаласының тарихи жоспарланған жүйесі 1968 жылы қабылданған Алматы қаласының бас жоспарында негізделді.

Қалада орта, арнаулы және жоғары оқу орындары, ғылыми, мәдени мекемелер ашыла бастайды. 50-жылдары қалада Үкімет үйі, Ғылым академиясының бас корпусы, Орталық стадион, Абай атындағы опера және балет театрының ғимараты салынды. Ал 60–70-ші жылдары бой көтерген зәулім құрылыстардың қатарына Республика сарайы, Достық үйі, Неке сарайы, «Медеу» мұз айдыны, «Алатау» қонақ үйі, Бейнелеу өнері мұражайы және тағы басқа сәулет объектілері бар. 9–12 қабатты тұрғын үйлердің жаппай бой көтеруі қала бейнесін тіпті өзгертіп жіберді.

1966 жылдың 21 қазанында қаладан 18 км жердегі Медеу шатқалында жарылыс жасалып, биіктігі 100 метр бөгет салынды. Ол 6–2 млн текше метр су мен басқа қауіпті заттарды ұстап тұра алады.

 

Алматы қаласы 70 жыл бойы еліміздің астанасы статусында болды.

Нұрсұлатан Әбішұлы Назарбаев Алматыға 1979 жылы Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің хатшысы болып Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметінен келді. Осы қызметті 1984 жылға дейін атқарды және Орталық комитетінің бюро мүшесі болды. 1984–1991 жылдар арасында Қазақстан министрлер Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болды.

«Өзгерістер дәуірі» Бұл тарих ауқымымен алып қарағанда аз ғана мерзім. Алайда алаштың мұраты жүзеге асқан осынау қасиетті күннен бергі кезеңде мемлекеттілікті қалыптастырудың үлкен үлгісі артта қалып, жаңа Қазақстан тарихының айқын беттері ашылды.  Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстан халқының тәуелсіздігі арқасында әлем картасында жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасы пайда болды. Содан бастап тамыры тереңге тартқан баба тарихына бай, ғасырлар қойнауынан сыр шертетін мәдени мұрасы мол, жаңашылдыққа ұмтылатын экономикалық және рухани әлеуеті зор Қазақ елі әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болып, өркениеттік дамуға өз үлесін қосып келеді. Ал Қазақстанның бүгінгі  жетістігі – тұтастай қазақ халқының жетістігі.

Сондықтан да, өткен ғасырдың 1991 жылғы 16 желтоқсанында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңынан бастау алған тәуелсіздігіміздің әрбір жылындағы жалынды істер туралы кешегі жүрген тарихымызға тағы бір үңіліп шығу, Тәуелсіздікке тәу етумен бірдей көрінеді, біз үшін. Осыны ескере келе, «ҚазАқпарат» агенттігі «Тәуелсіздік шежіресі: Жасампаздықтың әр жылы» атты сериямен 20 жыл бойы ел болып жұмыла атқарған басты шараларға, алаш ұлы біріге бағындырған асуларға шолу жасап шығуды жөн санап отыр. Барша Қазақ елі үшін мәні де, маңызы да айрықша Тәуелсіздіктің арқасында тарихымызды түгендеп, тілімізді, дініміз бен ділімізді қайта оралттық. Мемлекеттігіміздің ұлттық рәміздері қабылданып, ұлттық салт-дәстүрімізді жандандырдық. Сондықтан да, біз үшін Тәуелсіздіктің  20 жылғы кезеңі ел тарихындағы ерекше кезең. Осы кезеңдегі атаулы жылдарға тоқталғандағы мақсатымыз да соны дәріптей түсу.

Жалпы тоқтала кететін жайт, Қазақ еліне тәуелсіздік «оңай, ешбір қантөгізсіз, жеңіл келді» дегенге саятын пікірлерді бүгінде қоғам арасынан аракідік естіп жататынмыз да шындық. Әсте бұндай пікірге келіспек емеспіз. Бұл арғысын айтпағанда күні кеше ХХ ғасыр басындағы алаш арыстарының қанымен, жылдар бойы бодандықтан арылуды аңсаған аға ұрпақтың жанымен, одан қалса 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері, көз жасымен келген – Тәуелсіздік. Тіпті басқасын былай қойып, үлкен оиғаларға толы болған 1991 жылдың қиыншылықтарын қалай ұмытпақпыз? Сондықтан да, Тәуелсіздік шежіресін бастамас бұрын 1991 жылғы Кеңес одағындағы орын алған оқиғаларға біршама тоқтап өтсек.

1991 жылдың тамызындағы төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекттік комитеттің «әйгілі» әрекетінен кейін мемлекеттік думада Б. Ельцин Ресей аумағында Коммунистік партияның қызметіне тиым салу туралы Жарлығына қол қояды. Сөйтіп құр қағаз жүзінде ғана тіршілігі қалған кешегі  мызғымас КСРО ыдыраудың соңғы шыңында тұрды. Ал бұндай жағдайда ең алдымен қарапайым халық қиындыққа ұшыраған еді.  Бір кездегі ұлы державаның халқы – жаппай жұмыссыз қалды, өңірлерде  зейнетақы мен жалақы төленбейтін бола бастады. Ұлтаралық қақтығыстар да әр жерде бой көтеріп жатты. Бұндай тұрақсыз, алдын болжамсыз тұман басқан қиын-қыстаудан шығудың бір жолы ретінде көптеген одақтас республикаларда 1991 жылдың күзінде президентік институттың, президенттік биліктің рөлі арта бастаған болатын.

Дәл осы кезеңдерде Қазақстандағы негізгі өзгерістер де бұрынғы кеңестік партиялық жүйенің орнына Қазақстанның егемендігін қамтамасыз ететін жаңа жүйені құруға бағытталған еді. Сондықтан да, қалыптасқан ахуалды сауатты саралаған ел басшылығындағы Н.Ә. Назарбаев тұңғыш рет бүкілхалықтық Президент сайлауын жүзеге асыруға мұрындық болды. Жалпы бұл идея 1991 жылғы 16 қазанда «Қазақ КСР Президентінің сайлауы туралы» Заңның қабылдануымен бірге жүзеге асқан болатын.  Сол жолы қабылданған Заңға сәйкес, 1991 жылғы 1 желтоқсанда тұңғыш рет жүзеге асқан бүкілхалықтық республика басшысының сайлауы болып өтті. Сайлаушылардың 88,23 пайызы қатысқан бүкілхалықтық шарада Елбасы Н.Ә. Назарбаевты жақтап жұртшылықтың 98,78 пайызы дауыс берді. Осылайша, Қазақстан халқы сайлау арқылы Нұрсұлтан Назарбаевқа өз тағдырын сеніп тапсырғандай еді. Оның үстіне бұндай қадамның өзі шайқалып тұрған КСРО-ның тағдырына, Қазақ елінің Тәуелсіздігі туралы мәселелерде келіссөздер жүргізуге, сондай-ақ түрлі жағдайлардың алдын алу үшін мемлекеттік құрылым бойынша жедел әрі радикалды реформаларды жүзеге асыруға Президенттің өкілеттігін нығайтқан болатын. Ал 8 желтоқсан 1991 жылы Беларусь, Ресей және Украина елдерінің басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы келісімге қол қойды, бұның өзі КСРО-ның нақты құлағанын білдірген еді. 10 желтоқсан 1991 жылы Жоғарғы Кеңес «Қазақ ССР-ін Қазақстан Республикасы деп атау туралы» шешім қабылдады. Ал 16 желтоқсан 1991 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жария етілді.

1991 жыл.

  • – 1991 жылы тамыз айындағы Мәскеуде өткен дүмпуден кейін, Коммунистік партия таратылып, қоғамдық мүлік билікке берілді;

– 1991 жылы 24 тамызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Ағымдағы жағдайды бағалау және Республика егемендігін нығайту шаралары туралы» Қаулы  қабылдады;

– 1991 жылдың 29 тамызында  Қазақ КСР Президентінің «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығы шықты. Қазақ жерінде  40 жылдан астам уақыт бойы сынақ жүргізілген ядролық қаруға нүкте қойылды. Елбасының осы тарихи шешімі, батыл қадамы бүгінде дүние жүзіне  мәлім тарихи фактіге айналды. Ал былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстан Президентінің ұсынысын мақұлдап, 29 тамызды Халықаралық ядролық қару-жараққа қарсы күрес күні деп жариялады.

– 1991 жылдың тамыз-қазан айларында Президенттің Жарлығымен  мынадай қайта құрулар болды:  прокуратура, мемлекеттік қауіпсіздік, ішкі істер, әділет және сот органдары бөлінді. Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды.  Одаққа бағынышты кәсіпорындардың Қазақ КСР үкіметінің қарамағына түбегейлі өтіп, республикада алтын  қоры мен Алмас қоры, т.б. құрылды;

– 1991 жыл 2 қазан – Әубәкіров Тоқтар Оңғарбайұлы – қазақтың тұңғыш ғарышкері  осы күні  Байқоңырдан «Союз ТМ-13»  кемесімен ғарышқа ұшты;

– 1991 жылы 16 қазанда  – «Қазақ КСР-інің  Президентін сайлау туралы» Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Заңы қабылданды;

– 1991 жылы 1 желтоқсанда   – Қазақ КСР-інің  Президентін сайлауы өтті.  Сайлау нәтижесі  бойынша  дауыс беруге  қатысқандардың 98,78  пайыз дауысына ие болған Н.Ә.Назарбаев Республика Президенті болып сайланды;

-1991 жылы 10 желтоқсанда  Қазақ  КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының  атауын өзгерту туралы» Заңын қабылданды. Осы  заңға  сәйкес  жаңа құрылған тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасы деп аталды;

– 1991 жылы 12 желтоқсан күні  – «Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қабылданды;

– 1991 жылы 16 желтоқсан күні – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік  тәуелсіздігі туралы» Қазақстан  Республикасының Заңы қабылданды.  Осы күні 1991 жылы желтоқсанның 16-сында Қазақстан Республикасының  мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды. Осыдан 45 минут өткен соң Түркия Республикасы бірінші болып Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін таныды. Осылайша әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды. Оның тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Сөйтіп Қа­зақстан Коммунистік партиясы Орта­лық Комитетінің ХV пленумы қабылдаған шешім қазақ қоғамына түбегейлі өзгерістер енгізді;

1991 жылғы 17 желтоқсан Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңғыру күні болып жарияланды;

– 1991 жылы  20 желтоқсанда  «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Қаулысы  қабылданды;

– 1991 жылы  «Қазақстан Республикасының Кеден комиссиясын қалыптастыру туралы», «Қазақстан Республикасындағы 1992 жылғы шаруашылық байланыстарды ұйымдастыру туралы», «Қазақстан Республикасындағы халықты әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары туралы» бірқатар ҚР Президентінің Жарлықтары шықты.

– 1991 жылы 21 желтоқсанда Алматы қаласында бұрынғы КСРО құрамына енген он бір тәуелсіз мемлекет басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы Алматы Декларациясына қол қойды.  Сөйтіп, ТМД-ға мемлекеттік тәуелсіздік, тең құқылық және егемендік қағидаттарымен кіру туралы шешім қабылданды;

– 1991 жылғы желтоқсанда Алматыға қысқа мерзімді жұмыс сапарымен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер келіп кетті;

-1991 жылдың соңында Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасының мемлекеттік  егемендігін таныды.

“Алматы декларациясы” – 1991 жылы 21 желтоқсанда Алматыда бұрынғы он бір кеңестік республика басшылары кездесуінде 1991 жылы  8 желтоқсанда Минскіде  Беларусь РеспубликасыРесей ФедерациясыУкраина арасындағы Тәуелсіз мемлекеттер Достастығын құру туралы келісімге қосылатын республика басшылары қол қойған хаттама. Оған ӘзірбайжанҚазақстанРесейӨзбекстанАрменияҚырғызстанТәжікстанУкраинаБеларусьМолдова,Түрікменстан басшылары қол қойды. Өзара түсіністік, экономикалық байланыс, ортақ мүддеге негізделген шынайы ерікті түрде біріккен республикалар достастығы пайда болды. ТМД-нің дүниеге келуі бұрынғы империялық ұлы державалық шовинизмнен бас тарту, біртұтас экономикалық кеңістікті сақтап қалу жолындағы дұрыс шешім болды және күшейіп кеткен экономикалық дағдарыс пен адамдардың өмір сүру деңгейінің құлдырап кетуіне қарсы әрекет еді. 1991 ж. желтоқсандағы жағдайда Достастықтың құрылуы тәуелсіз мемлекеттер басшыларының Алматыда жиналуына көп күш салған Қазақстан Республикасының бастамасының нәтижесі болды. Жас тәуелсіз мемлекеттердің бірігуі жоғарғы жақтың нұсқауы мен міндеттеуінсіз, өз еріктерімен жүзеге асырылды. Достастық мүшелерінің өзара қатынасы тең құқықтық, бір-бірінің аумақтық тұтастығын құрметтеу, шекараны бұзбау қағидаттары негізінде, ТМД мүшелері арасындағы келісіммен бекітілген тәртіппен қызмет ететін бірқатар үйлестіру құрылымдары арқылы жүзеге асырылады.

Метрополитен құрылысының тарихы

1988 жылы Алматы қаласы метрополитенінің белсенді құрылысы басталды. Бірақ 1991 жылы  КСРО–ның ыдырауы және содан кейінгі шарушылық және экономикалық байланыстардың тоқтап қалуы Алматы қаласы метрополитені құрылысының толық жүзеге асуына мүмкіндік бермеді. Бірқатар  министрліктер мен  ведомстволардың таратылуына байланысты көптеген сұрақтар шешілмей қалды. Осының барлығы метроны салу мерзімдерінің едәуір артта қалуына себеп болды.
1990 жылдар метро салуда өзіндік материалдық-техникалық және ғылыми базаны құру кезеңі болды. Аз қаржыландыруға қарамастан, аралық және   эскалаторлық бекеттердің өткіштігі, терең орналасқан бекеттердің қазба жұмыстары, ал ең бастысы инженерлер мен жұмысшылардың тәжірибелі кадрлары сақталып қалды.

Алматы қаласындағы метрополитен құрылысының негізгі кезеңдері

1988 жыл

7 қыркүйекте – Фурманов көшесі мен Октябрьдің 50 жылдығы  даңғылының  қиылысында сағат 4-тен 25 минут кеткен кезде экскаваторшы Ромсан Топаев «Средазстроймеханизация» тресінің 59-мехколлоннасынан Алматы метрополитенінің «Октябрьская» бірінші бекетінің құрылысы үшін алғашқы шөміш топырақты қазып алды.

28 қыркүйек – В.А. Брежневтің қолы қойылған көлік құрылыс министрлігі министрінің № 156-ОР бұйрығымен Алматы қаласындағы метрополитеннің құрылысы 01.01.1989 жылдан бастап «Бамтоннельстрой» СУС-тің жүзеге асыруына тапсырылады.

1989 жыл

Алмалы бекетінде № 17 желдетпе ұңғысы, № 14-бис жұмыс ұңғысы, № 15-бис жұмыс ұңғысы, еңісті жол салу жұмыстары басталады. Алматы қаласындағы метрополитен құрылысы кезінде бірінші еңісті жолдың өтуі үшін СКТБ «Бамтоннельстрой» «Като» жапондық экскаватор базасында өткел кешені құрастырылған.

1990 жыл

№ 110-бис, № 114-бис, № 112-бис жұмыс ұңғысы, № 19, № 15, № 113 желдетпе ұңғысы, «Жібек Жолы» бекетінееңісті жол салу жұмыстары басталды.

«Алатау» бекеті жағынан КПЩ-12 механикаландырылмаған өткел кешені сол жақ аралық тоннель өткелінің құрылыс жұмысын бастады.

1991 жыл

«Алатау» бекеті жағынан КПЩ-12 механикаландырылмаған өткел кешен оң жақ аралық тоннель өткелінің құрылыс жұмысын бастады.

«Райымбек» бекеті жағынан оң жақ аралық тоннель құрылыс  жұмыстары  басталды.

1992 жыл
№ 111 аралық желдетпе ұңғысын салу басталды.

1993 жыл

1 қаңтар – «Алмаатагипротранс» институтының метро бөлімі «ПСО Алматыметроқұрылыс» құрамына кіретін П.В. Пашковтың басшылығымен дербес фирма «Метрожобалау» болып бөлініп шықты.

1994 жыл

31 наурыз – Алматы қалалық аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті қаулысының негізінде «Алматыметрокұрылыс» ААҚ құрылды.

1996 жыл

Шілде – «Абай» бекетінің еңіс жолын салу жұмысы басталды. ТНУ-4 өткел кешені пайдаланылды.

2001 жыл

22 қараша –Сол аралық тоннельдің «Тұлпар» бекеті батыс кіре-берісімен біріктірілді. «Алатау» бекетінен «Тұлпар» бекетіне дейінгі ұзындығы 1130 метрлік тоннель 11 жыл қазылды.

2004 жыл

4 тамыз – «Жібек жолы» мен «Алмалы» екі бекетінің арасында сол аралық тоннель біріктірілді.

2005 жыл

19 ақпан – «Бетон унд Мониербау» австралиялық компанияның мамандарымен бірлесе отырып, «Жібек жолы» бекетінің сол жақ бекеттік тоннелін салу жұмысы бастады.

2006 жыл

1 қаңтар – «Тұлпар» бекетімен «Байқоңыр» бекетінің  сол аралық тоннель өткелі аяқталды. КПЩ-12 өткел кешені «Байқоңыр» бекетінің көлденең камерасының құрылысы бастады.

2007 жыл

ЖАТӘ әдісімен «Тұлпар» бекетінің сол жақ станциялық тоннелінің, «Алмалы» бекетінің сол жақ станциялық тоннелінің, «Жібек жолы» бекетінің оң жақ станциялық тоннелінің, «Байқоңыр» бекетінің сол жақ станциялық тоннелінің, «Алмалы» бекетінің орта станциялық тоннелінің құрылысы басталды, сондай-ақ «Байқоңыр» бекетінің еңіс жолы мен кіреберіс коридорының құрылысы басталды.

2008 жыл

16 қаңтар – «Алмалы» бекетінің орта станциялық тоннелінің негізгі құрылысы аяқталды.

2 наурыз – ЖАТӘ әдісімен «Абай» бекетінің оң жақ станциялық тоннелінің құрылысы басталды.

10 наурыз – ЖАТӘ әдісімен «Тұлпар» бекетінің оң жақ станциялық тоннелінің құрылысы басталды.

15 ақпан – «Абай» – «Байқоңыр» бекеттерінің оң жақ аралық тоннелі бөлшектелген камералармен қосылды. Камералар қосылған соң «Райымбек» бекетінен «Алатау» бекетіне дейінгі оң жақ аралық тоннельдің өткелі аяқталды.

25 шілде – «Абай» мен «Байқоңыр» бекеттерін қосудың соңғы қосылу жұмыстары жүргізілді. Бірінші кезектегі аралық тоннельдерің құрылысы аяқталды.

2011 жыл

1 желтоқсан – жалпы ұзындығы 8,6 км болатын метрополитеннің бірінші кезегі іске қосылды. Оның құрамына; “Райымбек батыр”, “Жібек жолы”, “Алмалы”, “Абай”, “Байқоңыр”, “Әуезов театры” және “Алатау” бекеттері кіреді.

2015 жыл

18 сәуір – метрополитеннің бірінші желісіндегі екінші кезектегі бірінші іске қосу кешенінің «Сайран» және «Мәскеу» бекеттері пайдалануға берілді. Метро тоннелінің ұзындығы 2,74 км-ге дейін созылды.

«Сайран» бекеті Абай даңғылының бойымен Брусиловский және Тілендиев көшелерінің арасында орналасқан.

«Мәскеу» бекеті Абай даңғылының бойымен Өтеген батыр көшесі мен Алтынсарин даңғылының арасында орналасқан.

Құрылыста түрлендіру мен сәйкестендіру архитектуралық тұрпаттың әр түрлі болуына себебін тигізді. Мектепаурухана, мәдени орталықтар, солардың қатарында Ленин атындағы сарай, «Қазақстан» қонақ үйі, Медеу спорттық кешені т.б. құрылыс нысандары салынды. Қалада демалыс орындарын құруға, қалалық көліктің дамуына көңіл бөлінді. 1981 жылдан бастап метрополитен жобасы бойынша жұмыстар жүргізілді. Алматы қаласын дамытудағы жаңа бас жоба 19982020 жылдар аралығын қамтиды. Басты мақсат экологиялық жағынан таза, қауіпсіз, әлеуметтік жағдайлары қолайлы орта құру. Негізгі архитектуралық-құрылыстық мақсат — Алматының «жасыл желекті қала» атын сақтау және одан әрі дамыту. Жоспар бойынша көп қабатты үйлер салу, өндіріс орындарын, қоғамдық көлік жүйесін дамыту, метрополитенді іске қосу көзделді.

1993 жылғы шешім бойынша қала атауы орыс тілінде Алма-Атадан Алматыға ауыстырылды.

1997 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үкімімен ел астанасы Алматыдан Астанаға ауыстырылды.

1998 жылдың 1-шілдесінде Алматы қаласының мәртебесі туралы жаңа заң қабылданды. Бұл заң бойынша Алматы ғылыми, мәдени, тарихи, қаржылық және өндірістік орталық болады.

Алматы қаласын халықаралық деңгейдегі қаржы орталығына айналдыру үшін атқарылатын жұмыс көп, ол бәсекелестікті күшейту, бәсекелестік орта қалыптастыру. Жекелеген компаниялардан, жеке тұлғалардан бағалы қағаздар нарығын дамытуға қаржы көздерін тарту, Алматы қаласының қаржы орталығы болуы үшін инфроқұрылымын дамыту және жаңарту, халықтың қаржымен жұмыс жасау жөніндегі мәдениетін арттыру, қолайлы инвестициялық жағдай жасауды жалғастыру, қор нарығына жаңа эмитенттер тарту, қор нарығын дамыту үшін мемлекеттік үстемелеуді жалғастыру, бағалы қағаздар нарығын дамыту, Қазақстанда іскерлік белсенділікті арттыру және т.б. ауқымды істерді жүзеге асыру. Бұл түйткілді мәселелер Қазақстан Республикасы Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігінің 2011-ші жылға дейін жасаған стратегиялық жоспарында кеңінен айтылып кеткен. Үлкен жобаны іске асыру жолында ең үлкен мәселелердің қатарына елде белең алған жемқорлықпен күресті күшейту, сот жүйесінің ашықтығын, тәуелсіздігін арттыру жұмыстарын кеңейту, сапалы мамандарды дайындау секілді түйткілді мәселелерді шешуіміз керек. Ұлттық қор нарығын дамыту біздің еліміз үшін ішкі қаржыландыру көздерін табудың үлкен балама шешімі болмақ.

2010 жыл нәтижесі бойынша Алматы бюджеті 5 млрд АҚШ долларынан асқан.

2005 ж. 1-қаңтардағы мәлімет бойынша, қала аумағында 1668 өнеркәсіптік кәсіпорын тіркелген. Олардың 168 — ірі және орта (қызметкер саны 50 адамнан асады), жалпы өндіріс көлеміндегі үлесі — 77,7%. Жалпы алғанда, қала бойынша ірі және орта кәсіпорындары өнім өндірісін 2004 жылы алдынғы жылға қарағанда 10,2% ұлғайтты.

2004 жылы қалада жалпы құны 169563,2 млн теңге өнеркәсіп өнімі өндірілген, бұл 2003 жылдың деңгейімен салыстырғанда 113,4% құрады, ал қаржылық емес сектор бойынша 168274,7 млн теңге – 113,4%.

Өнеркәсіп өнімдерінің жалпы қала бойынша өсуін өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары қамтамасыз етеді. Осы сала бойынша өндірілген өнімнің көлемі есеп беру кезеңіне 156311,8 млн теңгеге жетті, физикалық көлемінің индексі 116,6% құрады, ал өндірілген өнімнің жалпы салмағынан үлесі 92,2% құрады. Тау-кен өнеркәсібінің үлесі – 0,1%, ал электр қуатын өндіру мен үйлестіру, газ және су үлесі −7,7%.

Өңдеу өнеркәсібінде өнім үлесі ең көп салалар:

  • Азық-түлік өнеркәсібі – 38,0%;
  • Көлік жасау – 15,4%;
  • Целлюлозды-қағаздық өнеркәсіп және баспа ісі – 10,3%;
  • Кен өнеркәсібі – 10,3%;
  • Құрылыс заттарын өндіру – 7,6%

Жалпы қала бойынша өнімнің 63,7% азық-түлік саласына, целлюлозды-қағаздық өнеркәсіп пен баспа ісі, көлік жасау салаларына келеді.

2004 жылы өнеркәсіп орындарындағы жұмысшылардың саны 48750 адам болды. Орта айлық табыс 2003 жылмен салыстырғанда 19,9% өсіп, 36,1 мың теңгені құрады.

2004 жылы қаланың өнеркәсіп орындарында өндірістің дамуына, негізінен, жаңа құрал-жабдық, жаңа технологиялар алу үшін және өнімнің жаңа түрін өндіруге 15,0 млрд теңге инвестиция салынды.

2004 жылы полиграфиялық өнім, темірден, ағаштан және металлопластикадан жасалатын бұйымдар, сусындар өндіру, сүт өнімдері және т.б. бойынша 44 жаңа өндіріс енгізілді.

35 кәсіпорындарында жаңа технология бағыттары енгізілді және өнімнің жаңа идеялары меңгерілді. Осының барлығы 2004 жылы 2837 жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді.

Қандай да болмасын кәсіпорынның ішкі немесе халықаралық нарығында жетістігін қамтамасыз етудегі негізгі әдіс ИСО 9000 және т.б. сапасындағы менеджмент жүйесін енгізу болып табылады. Бүгінгі күні 54 өнеркәсіптік кәсіпорындар өндіру жүйелеріне сапа менеджменті жүйесін енгізді.

2004 жылғы тауар айналымы (қоғамдық тамақтандыруды санамағанда) 428,9 млрд теңгені құрады және 2003 жылға қарағанда 22,2% өсті.

Сауда кәсіпорындарының тауар айналымы жалпы тауар айналымының 34,4%-ын (130,9 млрд теңге) құрады. Осы кәсіпорындардың физикалық көлемінің индексі оның алдындағы жылмен салыстырғанда 7,2% өсті. Тауар айналымының көп бөлігі орта және шағын кәсіпорындардың үлесіне тиеді.

Жеке меншік кәсіпорындар арқылы сатылған тауар айналымы және киім, аралас, азық-түлік базарларындағы саудадан салық түрінде 419,9 млрд теңге (97,9%) алынды, заңды тұлға және шет ел мемлекеттері азаматтарының қызметінен — 8973,1 млн теңге (2,09%), мемлекеттік сауда кәсіпорындарынан — 47,2 млн теңге (0,01%) алынды.

Есеп беру кезеңінде қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарымен 6754,7 млн теңге көлемінде өнім өткізілген. Бұл салыстырмалы бағамен алғанда 25,0% артық, олардың көп бөлігі шағын және орта кәсіпорындармен қамтамасыз етіледі. Олардың үлесі тиісінше 45,6 және 44,5%.

Көтерме сауда айналымы 2004 жылы 522,7 млн теңгені құрады. Бұл қазіргі бағада 2003 жылмен салыстырғанда 23,3% артық. Шағын және орта кәсіпорындар үлесі тиісінше тауар айналымы сәйкесінше — 57,6 және 41,5%.

2005 жылдың 1-қаңтарына қарағандағы мәлімет бойынша, Алматы қаласында 5140 сауда, қоғамдық тамақтандыру және қамтамасыз ету кәсіпорындары бар:

  • Өнеркәсіп және азық-түлік тобы – 2922;
  • Қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындары – 1119;
  • Тұрмыстық қызмет көрсету – 1021;
  • Базарлар – 76.

Сауда, қоғамдық тамақтандыру мен қамтамасыз ету салаларында барлығы 69484 адам жұмыс істейді.

Алматы — республикадағы ең сәулетті қалалардың бірі. Қала архитектурасында ұлттық ерекшеліктің элементтері, қала аумағының табиғат сұлулығы және құрылыс саласындағы ғылым мен техниканың жетістіктері жүйелі түрде, жоғары талғампаздықпен үндестік тапқан. Алматыда әр ғимарат өзіндік ерекшеліктерімен, ұтымды инженерлік-архитектуралық шешімімен кезге түседі. Қаладағы Республикалық алаң кешені, Президент резиденциясы, Даңқ монументі, Республика сарайы, Қазақстан­ның ғылым академиясының және Ұлттық кітапхана ғимараттары, Қазақ драма театры, “Қазақстан“, “Отырар“, “Рахат-Палас”, “Анкара”, “Достық” қонақ үйлері, Студенттер сарайы, Спорт сарайы, Медеу спорт кешені, республикалық Орталық мұражай, т.б. көптеген мәдени, ғылыми және қала тұрғындарына арналып са­лынған ғимараттар бой көтерді.

Алматы ірі ғылым, мәдениет және білім орталығы. Алғашқы жоғары оқу орны Алматыда 1928 жылы ашылған Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты болды.

  • 1929 жылы Алматы зоотех- малдәрігерлік институты,
  • 1930 жылы Қа­зақ ауыл шаруашылығы институты,
  • 1931 жылы Қазақ медициналық институты, ал
  • 1934 жылы Қазақ мемлекеттік университеті ашылды. Бұл алғашқы ашылған жоғары оқу орындары қазақ интеллигенциясының жетілуіне зор ықпал жасады. Одан кейінгі жылдары Алматыда әр саладағы, әр бағыттағы ондаған жоғары оқу орындары ашылды. Кейбір институттардың ірі факультеттері жеке институт, универ­ситет және академия болып бөлек құрылды. Алматыда Қазақстан ҒА-сы құрылды (1946). Оның тұңғыш президенті болып академик Қ.Сәтпаев сайланды. Алматыда қазақ драма театры, орыс драма театры, балалар мен жасөспірімдер театры, опера және балет театры, ұйғыр және корей музыкалық театрлары, Қазақ мемлекеттік филармониясы, орталық кон­церт залы сияқты танымал мә­дени орталықтар бар.
  • 1990 жылдан Алматыда жыл сайын өткізілетін халықаралық “Азия даусы” музыка және ән фестивалі өнер мерекесіне айналдырылды.

 

 

«Атағы жер жаратын Алматы»  Алматы қаласы болашақта одан әрі көркейіп, үлкейері сөзсіз. Бұл қала  Орта Азиядағы, ТМД- дағы ең ірі мегаполистердің бірі болады. Қазірдің өзінде Алматы халық саны, аумағының үлкендігі жөнінен Қазақстанда бірінші орында тұр.  Және көлемі жыл сайын артып, еселене түсуде. Бұған көрініс  ретінде Алатау және  Наурызбай аудандарындағы жүріп  жатқан  құрылыс  жұмыстарын  айтуға  болады.

Болашақта  Алматы  экологиясы таза,  туризм саласы  дамыған , қала халқының  әлеуметтік – тұрмыстық жағдайы жақсы, білім  беру  саласы әлемдегі үздік көрсеткіштерге ие, тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы жоғары,  медицинасы жетілген миллионер қала ретінде көруге  болады.

Біздің қалада ең алдымен  туризмді дамытуға болады. Табиғаты  тамаша Жетісу өлкесін жарнамалай білсек  туристердің ағылары анық. Біз сол арқылы мемлекетке үлкен пайда келтіреміз. Ұлттық саябақтар, парктер, демалыс орындар санын көбейтіп, ондағы қызмет көрсету сапасын жетілдіруіміз қажет. Ұлттық нышандағы қонақ үйлер, қазақ халқының тарихын, салт – дәстүрін көрсететін мәдени орталықтар, зәуілім ғимараттар салу арқылы өзіміздің мәдениетімізді әлемге әйгілі етсек болады.

Алматы – жастардың қаласы. Осы жерде еліміздің ең үздік жоғары оқу орындары орналасқан. Олардың саны қазіргі таңда 40 – қа жуық.

Алматы алып шаһар болғандықтан мұнда экологиялық жағдайдың қалыпты болмауы заңды құбылыс. Әр үйден шыққан қоқыстың өзі табиғатқа үлкен зиян келтіреді. Шаһарда қоқыстарды соңғы қалдығына дейін өңдейтін заводтар салынса, көліктің барлық түрі экологияға зиянсыз, қалдық шығармай жүретін болса, қаланың көркін сақтай аламыз.

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. О. Таланова, К.Байпаков, Л.Еневеевна. Туған қалам Алматы. Алматы: «Эделвейс». 2004.
  2. К. Байпаков. Қала тарихы. Алматы.1977.
  3. Қазақстан тарихы І том. Алматы, «Атамұра». 1996.
  4. К. Байпаков, Т.Савельева, К. Чанг Средневековые города и поселения Жетысу. Алматы, 2002.
  5. А.М.Беленицкий, И.Б. Бентович, О.Г. Большаков. Средневековый город Азии. Ленинград, 1973.
  6. А.Маргулан, К.Акишев, А.Оразбаев, М.Қадырбаев. Древняя культура Центрального Казахстана. Алматы, 1998.
  7. История Алматы. Мәдени мұра. 2002
  8. «Вечерний Алматы» газет. 24 қыркүйек 2009.
  9. Интернет жүйесі. Proskurin.ucoz.kz Три столицы в лицах: Верный, Алма –Ата, Алматы.
  10. Интернет жүйесі. vernoe – almaty.kz 1000 – летний Алматы.
  11. Интернет жүйесі. https//ru.m.wikipedia. Алматы қаласы.
  12. <h2>Ұқсас жазбалар</h2>

Leave a Comment