«Қазағымның жауынгер батырлары» тарих бетіне шолу

9-05Ақмола облысы
Көкшетау қаласы

Көкшетау қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» КММ

Гульжан Кабдыловна Карипжанова

Топ деңгейі:  жоғары

Сабақтың тақырыбы: «Қазағымның жауынгер батырлары» тарих бетіне шолу

Сабақтың мақсаты: Адамзат тарихындағы ең сұрапыл, қанды қырғын ошағына айналған екінші дүниежүзілік соғыс жайлы, онда ерлік көрсеткен қазақтың жауынгер батырлары туралы деректерді өскелең ұрпақтың санасына сіңіруі үшін соғыс жайлы өткен тақырыптарды қайталау және қорытындылау. Жастардың бойында жеңістің маңызын түсіндіру арқылы Отанға, халыққа деген сүйіспеншілік сезімін арттыру. Ерліктің мәнін ұғындыру.

Сабақтың түрі: танымдық сабақ

Көрнекілігі: интерактивті тақта, слайдтар.

Барысы:– Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, тыңдаушылар! Бүгінгі «Қазағымның жауынгер батырлары» атты танымдық сабағымыз Ұлы Отан соғысында құрбан болған аталарымыз бен әкелеріміздің, мәңгі жас болып, жадымызда сақталған жауынгерлер мен офицерлер рухына, бейбіт кезеңде дүниеден өткен ардагерлерге, бүгінде ортамызда жүрген Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне арналады. Сабағымызды бастамас бұрын келесі бейнебаянға назар аударыңыздар.

Бейнебаян (5мин)

Биылғы жылы Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 71 жыл толып отыр.

23 тамыз 1939 жылғы шабуыл жасаспау туралы Кеңес Одағымен жасаған келісімді бұзып, фашистік Германия 1941 жылы 22 маусымда соғыс жарияламастан Кеңестік Социалистік республикалар одағы аумағына басып кірді. Ұлы Отан соғысы осылай басталды.

Соғыстың сипаты – Германия тарапынан бұл соғыс агрессиялық, жаулап алушы, әділетсіз соғыс болды, ал Кеңес Одағы тарапынан әділетті өз жерін қорғаған, азаттық Отан соғысы болды. Германияның негізгі мақсаты Барбаросса жоспары бойынша Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын жою болды. Бұл соғыстың Кеңес Одағы үшін жеңіспен аяқталуы сол соғыста жан аямай күресіп ерен ерлік көрсеткен батырларымыздың арқасы еді. Ендеше мына бейнебаянға назар аударыңыздар.

Бейнебаян (2 мин)

Соғыстың алғашқы кезеңінде 14 атқыштар және атты әскер дивизиясы, 6 бригада құрылып, майданға жіберілді. Қазақстандық 36 – жеке атқыштар бригадасы 30 – дан астам ұлттан құрылды. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстаннан шақырылған жігіттерден 316 – атқыштар дивизиясы құрылып, оның командирі генерал Иван Васильевич Панфилов болды. Қазақстандықтардың жауынгерлік даңқы, әсіресе, Москва түбіндегі шайқаста шықты. Республикада жасақталған 316 – атқыштар дивизиясына Москваға апаратын негізгі өзекті жолдың бірі – Волоколамск тас жолын қорғау тапсырылды. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1075 ұлан атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. 28 танк жоюшылар («28 панфиловшы») тобы Дубосеково разъезінде жаудың 18 танкісін жойып жіберді. Ротаның саяси жетекшісі Василий Георгиевич Клочков «Россия кең – байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда Москва» ұранын көтерді. Оның бұл сөзі бүкіл майданға тарады. Кейіннен «28 панфиловшы» ерлігі аңызға айналды. Олар қасық қаны қалғанша шайқасты. Бәрі дерлік қаза тапты, бірақ жауды өткізбеді. 1941 жылы 17 қарашада оған 8-ші гвардиялық дивизия атағы беріліп, Қызыл Ту орденімен марапатталды. Москва облысының Бородино селосының түбінде неміс штабына басып кіріп, немістердің көзін жойған Төлеген Тоқтаровқа Кеңестер Одағының батыры атағы берілді.

Сталинградтың түбінде көптеген Қазақстандықтар ерліктің небір тамаша үлгісін көрсетті.

116-атқыштар дивизиясы, 565-атқыштар полкінің 7-ротасының жауынгерлері Сталинград көшелерінде ерлікпен шайқасты. Олардың ерлігі құрметіне Сталинградта «Қазақ» көшесі ашылды. 11 жауынгер 300 фашистке қарсы шайқасып, түгел қаза тапты. Ержүрек жауынгерлер қорғаған төбе «Шығыстың 11 батырының төбесі» деп аталады.

Қиыр шығыста Жапониянияға қарсы соғысқа аттанған әскери бөлімдер арасында қазақстандық құрамалары да болды. Тынық мұхит флоты әскери-әуе күштерінің 12-шабылдаушы авиация дивизиясының звено командирі, көкшетаулық Михаил Янко 1945 жылғы тамыздың 10-ында Гастэллоның ерлігін қайталады.

Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алған жерлестеріміз:

БИГЕЛДИНОВ Талғат. (1922-2014). Ақмола облысының Ақмола ауданында туған. Жауға қарсы 305 дүркін ұшып шығып, сан рет батылдық пен тапқырлықтың үлгісін көрсеткен. Сол үшін батыр атағына екі мәрте ұсынылған қазақтың дара азаматы. 26.10.1944., 27.6.1945. 

ҒАБДУЛЛИН Мәлік (1915-1973). Көкшетау облысының Зеренді ауданында туған. Рота командирі. Майор. Атақты 8-ші гвардиялық дивизия сапында шайқасқан. Батыр атағына Мәскеу түбіндегі ерлігі үшін ұсынылған. 30.1.1943. 

ҚҰРМАНОВ Ақан (1918-1943).  Ақмола облысының Атбасар ауданында туған. Атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысып, өжеттігімен көзге түскен. Днепрден өту кезінде ерлікпен қаза тапқан. 15.1.1944. 

НҰРМАҒАМБЕТОВ Сағадат. (1924-2013)  Ақмола облысының Алексеев ауданында туған. Рота, батальон командирі болды. Солтүстік Кавказ, 4-Украина, 1-Белоруссия майдандарында шай­қасып, Пилица өзені маңында болған ұрыста асқан ерлік көрсеткен. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі болды. Армия генералы.27.2.1945.

Сонымен қатар, көзі тірісінде лайықты атағын ала алмаған жерлес батырымыз бар. Ол кім деп ойлайсыздар? Келесі бейнебаянға назар аударыңыздар.

Бейнебаян (2 мин)

Рейхстагқа ту тігілгенімен Чехословакия мен Австрия аумағындағы неміс әскерлерінің топтары қаруларын тастамады. Кеңестік танк бөлімдері 9 мамырда Праганы жаудан азат етіп, Ұлы Отан соғысы аяқталды. 9 мамыр Жеңіс күні болып жарияланды. Берлин операциясында көрсеткен асқан ерліктері үшін 26 қазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1945 жылғы 9 тамыз – одақтастық міндеттемелерге сәйкес КСРО соғыстың соңғы ошағы Жапонияға қарсы соғыс бастады.

1945 жылғы 2 қыркүйекте Жапония жеңілгендігі туралы шартқа қол қойды. Сөйтіп, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды.

Тақырыпқа байланысты жинақтаған білімдеріңізді ортаға салатын сәт келді. Ендігі кезекті «Тапқыр болсаң, тауып көр » тапқырлық ойынына береміз.

І. «Тапқыр болсаң, тауып көр » тапқырлық ойыны.

  1. Бұл кім? Ол туралы не білесіз? (Мәлік Ғабдуллин)
  2. Әнсұрақ: Бұл ән кім туралы? Ол кім? Әнді кім орындайды?
  3. «Россия кең – байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда Москва» ұранын көтерген саяси жетекшісі кім? (Василий Георгиевич Клочков)
  4. Бейнесұрақ: Бейнебаян кім туралы?
  5. Ребусты шешіңіз.(Мәншүк)
  6. Жасырын сөзді табыңыз: Б. Момышұлы “Соғыс қазақ халқының тарихын күрт өзгерткен, бұрылыс әкелген, миллиондаған отандастарымыздың арасында өшпес … , жазылмас … қалдырды” деп өз ойын айтқан. (із, жара)

 

ІІ. «Шын ба әлде өтірік пе» ойыны (интерактивті тақта).

 

ІІІ. «Артығын тап» ойыны.

  1. Мәншүк, Әлия, Хиуаз, Роза
  2. Сталинград, Киев, Ленинград, Мәскеу
  3. Нұрлыбаев, Қауымбаев, Ғабдуллин,Әбдібеков
  4. Сәбит, Мұхтар, Қабдеш, Жамбыл

Сабағымызды келесі бейнебаянмен қорытындылаймыз.

Бейнебаян (2 мин)

Бізге ең маңыздысы – кешегі Ұлы дала батырларының тіккен ерлік туын құлатпай, асқақ ұстаған осы заманғы қазақ батырларын жас ұрпақ қастер тұтсын, ардақтасын деген ізгі тілекті жүзеге асыру. Өйткені, қазақ қанынан жаралған жас ұрпақтың Отан үшін от кешкен аталары мен апаларының есімдерін әрдайым қастер тұтып жүргендері абзал! Осымен Ұлы жеңіс күніне арналған танымдық сабағымыз аяқталды. Көңіл қойып тыңдап, белсене атсалысқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз!

Сабақтың презентациясын жүктеңіз

<h2>Ұқсас жазбалар</h2>

Leave a Comment

Website Protected by Spam Master