Домбыраның шығутарихы мен жасалу жолдары

«Домбыраның  шығу тарихы мен  жасалу   жолдары»

Сабақтың мақсаты:

Білімділік мақсаты: Қазақ халқының музыкалық мұрасы – домбыраның шығу тарихы, түрлері, домбыраның құрылысы,жасалу жолдары  жөнінде мағлұмат беру.
Тәрбиелік мақсаты: домбыраның үні құпия, сиқырлы, әсем болса, оны бейнелеп, жасау соншалықты сан алуан шеберлік пен қажырлы еңбек етудің нәтижесі екенін ұғындыру арқылы оқушылардың ұлттық сана – сезімін оятып, қазақтың қара домбырасының асыл қасиетін қастерлей білуін ұғындыру.
Дамытушылық: Домбырамен күй үйрене отырып, шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Сабақтың түрі: Аралас сабақ
Сабақтың көрнекілігі: Домбыра, слайд арқылы сурет көрсету домбыра, кітаптар т.б.

 

Пән аралық байланысы: қазақ әдебиеті, тарих,музыка, сурет,математика.

Ұйымдастыру кезеңі:
Оқушылармен сәлемдесу, түгелдеу.

-Сәлеметсіздерме, балалар?

-Үйге тапсырмаға не берілді балалар дайынбыз ба? Өткен сабақтарға шолу жасап келу болатын яғни, динамикалық белгілерге қандай белгілер жатады? Альтерациялық белгілер қандай? Нота ұзақтығы?Барлығымыз дайынбыз ба? /белгілерді сұраймын/

-М.Әубәкіровтың күйі «Өрнек»

«Өрнек» күйінің І бөлімін  жеке-жеке ойнап үйренген болатынбыз, енді соны топ болып қосылып ойнап көрейік. Олай болса біз сабағымызды бастаймыз. /Оқушылармен бірге топ болып ойнаймыз/

-Енді, балалар осы күйдің орта буынын тартып үйренеміз.

-Ал енді ІІ жыл оқып жатқан 3 оқушы бар. Олардың үй тапсырмасын тексерейік. Екі оқушы Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін үйренген болатын, соны екеуі бірге ойнап үйренбекші. Алшын сен қандай күй ойнамақшысың?

-Дәулеткерейдің  «Қос алқа» күйін ойнап беремін  /күйді ойнатамын/

 

Жаңа сабақ:  «Домбыраның шығу тарихы мен жасалу жолдары»

Сонымен балалар, біз үй тапсырмасын орындап болдық ,енді «Домбыраның жасалу жолдары» деп аталатын жаңа сабағымызды бастаймыз. Домбыраның қалай жасалатынын білесіңдер ме балалар?  Бүгін біз домбыра туралы білімімізді толықтыратын боламыз.
-Дұрыс, балалар. Домбыра аспабының шығуы туралы аңыздар бар. Олай болса   «Домбыраның шығу тарихы» жайында зерттеу жұмысы тапсырылған болатын. /зерттеу жұмысын тыңдау/

Баяғы бір заманда  қазақ жеріне тұтқиылдан келіп жау шабады. Сол кезде елім деп еңіреп туған қазақтың жігіттері туған жерлерін қорғау үшін  жаумен шайқасады. Олардың ішінде кең иықты ұзын бойлы батыр бірден көзге түседі.Ол аянбай жаулармен айқасып жауларын қырып салады   өзі де әбден қалжырайды.

Ұзақ жол жүріп әбден қалжырап,қарны ашып  келе жатқан батыр, жолшыбай ағаштың көлеңкесіне демалуға аялдайды.

Сайдың ішіндегі саялы жерде жайғасып отырған соң, талдан бір жуандау бұтағын кесіп алып,  ойып аспап жасайды.  Оған жылқының қылын керіп байлайды да, дыбыс шығармақ болып тартып көреді.

Бірақ қолдан жасаған тым жұпыны аспаптан ешқандай үн шығатын емес, тым-тырыс, меңіреу күйінде қала береді. Батыр оны жанына тастай салады да, өзі қисайып жатып ұйықтап кетеді.Кенет ол бір дыбыстан оянып кетеді. Тыңдап қарасы   өзі жасаған аспаптан шығып жатқан дыбыс екен. Қолына алып қараған батыр аспаптың мойын тұсынан титтей ағаш тиекті көреді, оны әлдебіреу ішектің астынан келтіріп орнатып қойған екен. Сол кезде батыр: «Е, бұл шайтанның ісі болды ғой»,— деп ойлайды.  Бәлкім содан бері қалған сөз болса керек, халық арасында, жоғарғы тиекті «шайтан тиек» деп атайтын болған. Сөйтіп,домбыра деген аспабымыз осылай пайда болды деген де аңыз бар.

-Сендерге аңыз ұнады ма? Қазір біз  домбыра аспабының құрылысын есімізге түсірейік. Домбырадан кім көрсетеді шайтан тиек қай жерде тұрады екен?

-Бас, құлақ, шайтантиек, мойын, перне, шанақ, қақпақ, тиек, түйме, астыңғы ішек, үстіңгі ішек.

-Балалар сендер домбыраны қолға алған кезде қандай ойда боласыңдар? Осы аспап қалай жасалады екен, кім жасайды екен, оның түрлері бар ма, домбыраның шығу тарихы қандай деген сұрақтар келетін болар. Міне, бізде осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік. Сонымен алғашқы танысуды шағын ғана шеберханадан бастасақ.
1. Мынау домбыра жасайтын шеберхананың жалпы көрінісі
2. Шеберлердің ұлттық аспаптарды жасайтын құралдары (қарапайым тілмен айтқанда қару – жарағы:)
3. Шеберлер жұмыс үстінде  (слайд көрсетіледі)

-Балалар сендер видеодан не көрдіңдер?

-Бұл шеберханада не жасалып жатыр екен?

-Домбыра аспабы, ал олай болса осы домбыра аспабы жайында ізденіп зерттеу жұмысын жасап келген оқушыға сөз кезегін берейік

 

Домбыра — ерте заманнан бері халқымызбен бірге келе жатқан, оның рухани жан серігіне айналған музыкалық аспаптардың бірі. Негізінен, архиологтардың зерттеуі бойынша қазақтың қасиетті қара домбырасының 6000 жылдық тарихы бар.    Домбырамен  жалғыз күй емес, терме,ән орындауға да болады. Ол әр түрлі аспапта орындалуына байланысты қобыз, сыбызғы және домбыра күйлері деп аталады.

Домбыраның формасы Қазақстан аума­ғын­да әр өңір­лерде әр қалай болған. Мысалы, Батыс Қазақстандық үлгісі (12-16перне), Орталық және Шығыс Қазақстан үлгісі (12-16перне), Оңтүстік және Жетісу өңірінің шеберлері (7-9 перне) етіп жасаған.

Ал домбыра жасаудағы айтулы шеберлер жайлы сөз қозғағанда ең алғаш   — қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер. Қазақстанның халық әртісі (1944), өнертану ғылымының докторы (1943), профессор (1948), академик –Ахмет Жұба­новпен бірге эксперименталды көптеген ізденістер барысында домбыраға тәжірибе жасаған Эмануил Иосифович Романенко деген шеберден бастаймыз.

Эмануил Иосифович Романенко – 1903 жылы 25 майда дүниеге келген. Ол Қазақстандағы музыка аспаптарын жасаушы шебер. Алматы музыкалық драма театрының шеберханаларында қазақ музыкалық аспаптарының алғашқы үлгілерін жасады.

1942 жылдан қазақ мемлекеттік филормониясының шеберханаларына ауысып, қазақ академиясының халық аспаптары оркестрі үшін домбыра мен қобыздың түрлерін жасап шығарды. Ол дыбыс тербелісін физика, мате­матикалық тұрғыда өлшеп, перне санын 19-ға жеткізіп дамыттырған. Ол қазақтың ха­лық аспаптары оркестрі үшін домбыра мен қобыздың түрлері:  прима, альт, тенор, бас жасап шығарды. Ал, қазіргі таңда домбыра аспабын жасаушы шеберлер осы кезеңнің бағыты бойынша жасауда. Домбыра аспабын жасау үшін,оған қайың, қарағай, жөке, шырша, үйеңкі ағаштарын пайдаланған. Домбыраның шанағын бөлшек ағаштардан ойып жасаған Алғашқы кезде перне саны 5-7 дейін болса, кейін 9 – 19 дейін жеткен. Қазақстан жерінде домбыра пішіні әр түрлі болған. Мысалы: Оңтүстік пен батыс өлкелерінде сопақшаланып немесе дөңгеленіп келсе, ал орталық, солтүстік және шығыс өлкелерінде, көбіне домбыра шанағының бұрыштары үшкірленіп жасалынған. Домбыра жасауда қазіргі кезде Батыс Қазақстандық үлгісі таңдалып алынды.

-Ал балалар, қазір біз домбыра туралы не біледі екенбіз соған байланысты домбыраның суретін құрастыру арқылы сұрақтарға жауап береміз. (домбыраның суретін құрастырамыз)

  1. Домбыраның неше жылдық тарихы бар?
  2. Домбыраның қазіргі кездегі перне саны?

3.Домбыраның алғашқы кездегі перне саны қанша?

  1. Домбыраға алғаш тәжірибе жасаған кім? / Эмануил Иосифович Романенко/
  2. Домбыра қандай ағаштардан жасалады?/ қайың, қарағай, жөке, шырша, үйеңкі/
  3. Ахмет Жұбанов деген кім?

Қорытынды.

Сонымен қорыта келгенде «қолына домбыра ұстаған балаға имандылық пен дарындылықтың жылуы дарып, қатігездіктен аулақ болады»-деген нақыл сөз бар. Өйткені домбыра-үлкен рухани,адамгершілік мектебі,баға жетпес эстетикалық өмір оқулығы. Ұлттық дәстүр мен салт-сана тағылымын жас жеткіншек бойына дарытып,оның жан жүйесін оятуға өнерге деген ынтасын арттыруға қазақтың қасиетті де киелі домбырасының атқаратын рөлі ерекше. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра»- деп Қ.Мырзалиев атамыз  айтқандай қазақи ұлттық құндылықтарымызды қадірлей білейік.

Үйге  тапсырмаға  «Өрнек» күйін өз темпінде ойнап келу және домбыраның шығу тарихына байланысты тағы да басқа аңыздар іздеп келу.

Бағалау: Бүгінгі сабаққа жақсы ат салысқандарың үшін барлықтарыңа да жақсы деген баға қоямын. Көңіл қойып тыңдағандарыңыз үшін көп рахмет!

<h2>Ұқсас жазбалар</h2>

Leave a Comment