АЛАШ АРДАҚТЫСЫ – ЖАЛАУ МЫҢБАЙ

АЛАШ АРДАҚТЫСЫ – ЖАЛАУ МЫҢБАЙ

 

Жаңаөзен қаласы, Қазақстан

№ 9 орта мектептің

тарих пәнінің оқытушысы Венера Жолмухамбетова

 

Бүгін біз Алаш ардақтысы, қаламы қарымды журналист, публицист, қабырғалы қайраткер Жалау Мыңбайұлының өмірінің жарқын беттерін өздеріңізбен бірге бөліспекпіз.

Жалау Мыңбайұлы қаламынан жел ескен әрі тегеурінді, қайсар публицист. Жалауды публицистикаға алып келген сол тұстағы қоғамдық формацияның жай-күйі, өскен ортаның сұранымы, қажетсінуі, өз халқына деген қамқорлық, сүйіспеншілік, жан-жақты білім, ерекше дарын-қабілет публицистикаға иек арттырды. Ал, оны публицистикаға әкелген — сол кездегі саяси дүмпулер болды. Халыққа соны жеткізу мақсатында Жалау публицистика майданына қызу кірісіп кетті.

Мыңбайұлының қара танып, сауат ашуы Фортпен тығыз байланысты. Әжесі Жалауды сол қаладағы үш сыныптық орыс-қазақ мектепке алып барады, ол мектепте Жалау өзі қатарлас Нұрсұлтан Оңғалбаев, Төлесін Әлиев, Зұлқарнай Баймұрзаев, Нәдірбай Айтақов сынды жалынды жастармен бірге білім алады. Сол білім ордасының бір түлегі, тұңғыш Қызыл Ту орденінің иегері, 1919 жылы Мәскеуде өткен әскери шеруге қатысқан Қылыш Нәдірбаевтің ағасы Қалабай өз естелігінде Жалау, Нұрсұлтан, Төлесіндер туралы былай дейді: «Олардың біліміне, зерделілігіне жететін жан жоқ қой, олар сөйлесіп тұрып та қазақшаны орысшаға, орысшаны қазақшаға қолма-қол аударып айта беретін», — дейді. Осы сөздерден кейін мектеп қабырғасында жүріп олардың дүниетанымы қалыптасып, өмірге деген көзқарастары түзіле бастағанын аңғаруға болады.  Қазақ публицистикасында тұңғыш шыққан газеттердің бірі «Қазақ» болды. Алайда, сол кезеңдердегі қоғамның идеологиялық жауы саналған «Қазақ» та, оның шығарушылары яғни қазақтың қалың ортасынан қаулап шыққан бәйшешектей болған ұлы демократтар есімі де Кеңестер билеген жетпіс жыл бойғы дәуірде ұлт тарихнамасынан өшіріліп тасталды. Мұндай қарадүрсін қатігездік пен зорлық-зомбылықты «Қазақ» газеті былай тұрсын, кеңестік-коммунистік бағыттағы зиялылардың алдыңғы қатарлы ірі өкілдерінің бірі Жалау Мыңбаев пен «Ауыл тілі» газеті де көрудей-ақ көрді. Кеңес өкіметі кезіндегі баспасөз тарихын зерттеуге арналған еңбектерде ара-тұра «Ауыл тілі» газеті жайлы қысқаша болса да айтылғанымен, оның алғашқы редакторы және шығарушысының кім екендігі жөнінде тіс жарып айтылмады. Мәселен, Хайыржан Бекхожиннің 1981 жылы шыққан «Қазақ баспасөз тарихының очеркі» атты зерттеу монографиясында 1913 жылдан бергі газет-журналдардың тарихын жазып, олардың барлығының редакторларын көрсетіп, жалғыз «Ауыл тілі» газетінің редакторы көрсетілмейді. Ал, «Би-аға» атты Бейімбет Майлин жөніндегі естеліктер жинағында жазушы Ш.Қожахметов «Бейімбет» және «Ауыл тілі» деген мақаласында газеттің алғашқы редакторын Елтай Ерназаров болды дегенді айтады. Жалаудың Ахмет, Әлихан, Жаһаншах секілді жаңа да соны қырларының шоқжұлдыздай боп жарқырай көрінуі, оның қаламгерлік таланты мен қабілеті еді. Жалаудың журналистік кәсіпке деген қызығушылығы Адай уездік ревкомын басқарып тұрған кезінде басталды деуге негіз бар. Сол кезде өлкеде газет шығаруға талпыныстар жасалып, өмірге келген алғашқы баспасөз үндері қолжазба түрінде шығарыла бастады.
Ж.Мыңбаевтың өзі қаламы ұшталған журналист-тілші ретінде орталық органдары болған «Советская степь» және «Степная правда» басылымдарына өткір мақалалар жазып отырған. Ол мақалаларында өлкеде орын алып отырған өзекті мәселелер төңірегінде, өзі басшылық жасап отырған ревкомның сауатсыздықты жойып, елдің мәдени дәрежесін көтеру барысында нендей істерге ұйытқы болып жүргенін қамтыған.
1926 жылдың 27 шілдесінен бастап қазақ шаруаларының үні «Ауыл тілі» атты газетті ұйымдастырып, өмірге әкелуі үлкен қайраткерлік қажырлы іс. Осыған дейін шаруаларға арналған «Ауыл», «Кедей», «Кедей тілі» сынды басылымдар тек губерниялық орталықтарда ғана шығып тұрса, енді орталықтан Жалаудың қалың шаруаға арнап басылым шығаруы сол кезеңдегі басым көпшілігі қара шаруа болып табылатын елде дер кезінде ойластырылған және жұрт құптаған игі іс болды. Қазақтың атқамінер зиялы қауым өкілдерінің бірсыпырасы оны қуанышпен қарсы алды. Алаш шаруаларының газеті шығады дегеннен Жалаудың ең жақын, сыйлас, сырлас достарының бірі, Алаштың ардақты азаматы М.Дулатов Жалауға хат жолдап, онда тіліміздің тағдырына қатысты ойларын былай деп ортаға салады: «… Не амалың бар? Құдай басқа салған соң, көніп отырмыз. Кітаптарын да, газеттерінде маған көрсетпеген қорлығы жоқ. «Қазақыландыру» деген бір пәлесі шықты да көрген күнім бұрынғыдан да қараң болды. Бірдемені бұтып-шатып жазды да, міне, сені қазақыландырдық дейді. Жасаған-ай, о мұндай да қазақыландыру болады екен! Бұл мұңымды кімге шағамын!… Менің ойлап-ойлап тапқаным — Жалау жолдас сен болдың». Бұл хат «Қазақ тілінің мұңы» деген тақырыппен «Ауыл тілінің» алғашқы санында жарық көреді.
Мақаш Бектұрғанов өз сөзінде әңгімелескенде айтушы еді: 1918 жылы Әліби Жангелдин отряды келді осында. Ол кездегі уездің бастығы полковник Көбеев Оспанға келіпті. Шаруасын айтқан. Ленин тапсырмасымен Торғай майданына қару-жарақ жеткізу мақсатымен Фортқа тоқтағанын көліктен көмек керектігін айтқан. Көбеев қапелімде ештеңе дей алмапты. Жангелдин болса, неге үндемейсің? Елге азаматтық көмегіңді көрсетпейсің бе?-депті. «Менің соғысамын деген ойым жоқ, көмекті қалай беремін деп ойланып отырмын. Бұл жерден сіз көмек ала алмайсыз. Мұнда арбашы, шығыршы, балықшы адамдар, оларда көлік жоқ. Бозашыға барыңыз, сондағы басшы азаматтарға хат жазып беремін. Солар көмектесер және баратын кісі болса ере берсін, қарсылығым жоқ» депті.

Сонымен Жангелдин отрядымен бірге Қызылов Ауған, мен, Мақаш Бектұрғанов, Жалау Мыңбаев бәріміз Бозашыға келіп тоқтадық. Сол жерде съезд болды. Жиналыс өтті. Маңғыстау жерінде Совет үкіметі еш қарсылықсыз орнады деп жоғары жаққа хабарланды. Қызыл ту бай ланып, революция комитеті құрылып, оның төрағасына Тобанияз Әлниязұлы сайлап кетіп еді. Содан отряд әрі кетті. Шалқарға барған соң бірталай кісіні кейін қайтарды. Біз отрядпен әрі кеттік.

Ә. Жангелдиннің мініп отырған арбасы болатын, ұстінде күймесі бар. Әліби қасында жас әйелі бар, екеуі темір пеш жағып, сол күймеде отыратын. Арбаны Жалау айдайтын еді. Бір жерге барғанда арба қарға батып, жүре алмай қалды. Әліби арбадан түсіп көмектесе бастайды, бірақ әйелі күймеден шықпайды. Оны Жалау көріп қалып, айқайлап, «Сен неғып отырсың, арбадан түспей, түс!» ақырып қалғанда келіншек секіріп түсіпті. Әліби Жалаудың батылдығына риза болыпты. Екеуі жақсы жолдас болды. Жалаудың Орталық Комитетке көтерілуіне де Жангелдиннің көмегі тиді деп Мақаш еске алып отыратын.

1981 жылы мен курортқа бардым. Қырғызстанға жолда «Алматы» қонақүйіне тоқтадым. Жатқан бөлмемде үлкен кісі жатыр екен, жасы 80-ге келіп қалған. Менің қайдан келгенімді білген соң, «Маңғыстаудан болсаң-адай боларсың, мен сенен бір-екі кісі сұрайың танырмысың» деді. Ол кісінің бірінші сұрағаны – Жалау Мыңбаев, екіншісі Төлесін Әлиев болды. Мен екеуін де білетінімді айттым. Өзін сұрағанымда орта жүзбін, оның тарақтысы-мын, аты-жөнім Қабдырахимов Тұрысбек, қазір Сарыағашта тұрамын деді. Сол ақсақал айтады: «Орынбордан Қызылордаға көшіп келгенде Жалау мені қасына ертіп, Өзбекстан мен Қазақстанның шекарасын белгілеуге алып шыққан. Москвадан, Өзбекстаннан адам шақырды. Сол шекараны бөлгенде Жалау Мыңбаев револьверін қолына алып жүріп, үлкен еңбекпен жақсы жерлерді Қазақстанға қаратып алды (астын сызған Н.Ж.). Сонда ешкім қарсылық жасамады. Жалау сондай батымды еді»

Қабдырахимов Тұрысбектен тағы бір естігенімді айтайын. Қызылордада 1925 жылы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болып Жалау сайланды, кім сайланды деп сұрағанға Иса Байзақов былай депті:

Байұлы он екі ата, біреуі – адай,
Адайда жақсы азамат болды талай,
Съезде жақсыларға қалау болды,
Қазақстан Үкіметінің басшысы,
Руы адай, Мыңбаев Жалау болды, деген Иса өзі ұнатқан адамға ғана өлең шығарады екен.

Голощекин бір жиналыста Жалауды бай баласы деп кінәлай сөйлепті. Сонда Жалау: мен сендерге кім екенімді айтып, ақталмай-ақ қояйын, мынау бір жолдасымның маған арнап шығарған өлеңі, соны оқып берейін депті. Оны шығарған Назарбек Раев Жалаумен бірге арба айдаған екен. Баутинге қоныстанып жатқан орыстар үй салады. Жаманадай Мұхамеджан деген кісі орыстарға тас кеседі екен. Қызылауылдан соны Жалау Назарбек екеуі Баутинге таситын көрінеді.

Ревкомда онда Назарбекпен рулас Қойсары Сарғожаев. Бір күні Назарбек Қойсарыға айтыпты, «Жалауға айт, мені Бозашыға жіберсің жеменей, жарыға болыс қылып»депті. Оны естіп Жалау күліпті, ол болыс бола ма деп. Назарбек болса Жалау таңертең съезге жүргелі жатыр дегенді естіп, мынадай өлең жазып жіберіпті:

Жалау! Әуелде екеуіміз де арбашы едік,
Арбаның крешінен олжалы едік
Жағаға жалғыз-жарым қайық келсе,
Салдырлап арбаларымыз қалмаушы едік.
Білмейтін бе едім мен сенің
Әкеңнің тезек тергенің
Шешеңнің өрмек кергенін,
Сен ревком болғанда,
Бола алмайтын мен болыс,
Мен өзіңнен кем бе едім…

Жалау өлеңді оқып, кұліпті. Ертеңіне Назарбекті Бозашыдағы жеменей, жарыға болыс қылып тағайындап кетіпті. «Сен бай баласысың» дегенге Жалаудың берген жауабы, осы өлең болыпты. Дос лебізі Жалауды жазықсыз айыптаудан алып қалыпты.

Тағы бірде «Алматы» қонақүйінің ресторанында тамақ ішіп отырсақ, екі жігі қасымызға келіп, өзара сөйлесіп отырды.Біреуінің аты Жалау екен. Мен одан

«Қызылорданың жігіті емессің бе» деп сұрадым. «Иә» деді ол. «1926-27 жылдың қайсысында туылып едің?» «1926 жылы» деді ол таңғала. «Білетінім – 1925-27 жылдары Қызылорадада Қазақстан Атқару Комитетінің терағасы маған нағашы болып келетін Мыңбаев Жалау деген кісі еді.Қазақтың әдетіне сай әке-шешең Жалаудай болсын деп ырым етіп қойды ма деп отырғаным ғой» Әлгі жігіт: «Тап солай, -деді. Мен дүниеге келгенде кіндігімді Жалаудың әйелі Күміс шешеміз кескен екен». Мен кіндік әкең бұл күнде жоқ, ал кіндік шешең қазір Алматьща тұрады. Мен қазір барып сәлемдескелі отырмын дедім. Жалау есімді жігіт менен қалмай, еріп барып, кіндік шешесі Күміспен табысты…»

Осы естеліктегі бірқатар жайларды басқа бір кісіден естіген түрінде Әбілқайыр «Жалау Мыңбаев» кітабының соңғы жағында келтіреді екен.

Кейіпкердің ел басқарған кезде тындырған істері жөніндегі деректер еліміздің архивтерінде аз болмаса керек-ті. Жоғарыда біз мақаласынан үзінді келтіріп отырған тарихшы ғалым Ф.Рысқалиеваның айтуынша «Қазақстанның екі жетекші архиві – ҚР Орталық мемлекеттік және ҚР президенті архивтерінің қорларында Ж.Мыңбаевқа қатысты дерек көздері жетерлік. Бар мәселе ол деректерді іздеп-табуда және дұрыс пайдаланып, жүйелеп-қорытуда болса керек»

Пайдаланылған әдебиеттер:

Leave a Comment

Website Protected by Spam Master