ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА БАЛАСЫ немесе МҰСТАФА ӨЗТҮРІК хақында…

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА БАЛАСЫ немесе МҰСТАФА ӨЗТҮРІК хақында…

 

Ғаламтордағы кездейсоқ кездескен мәлімет менің осы мақаланы жазуыма себеп болды. Қазақтың қара баласы дегенде жазғым келгені, Қазақтан шыққан тұнғыш таэквонданың хас шебері, жалпы мұсылман баласынан алғаш рет 6 дан қара белбеу иегері, киноактер, Қазақстанда, Түркияда, Германияда таэквонда мектебінің негізін салушы, Қазақстан Таэквонда Федерациясының іргетасын қалаған, жүрегі ҚАЗАҚ деп соққан, алаштың арыстандай ұлы – МҰСТАФА ӨЗТҮРІК еді.

Қазақтың зар заман жылдарында яғни 1930 жылдары тарихи Отанын тастап, Қытайға қоныс аударуға мәжбүр болған Мұстафа Өзтүріктің арғы ата-бабасы алғашқы кезде Қытайды паналап, кейін Гималай тауын асып өтіп, алдымен Үндістанда, сосын Пәкістанда, кейіннен барып Түркиядан тұрақ тапқан. 1954 жылы Түркияның Кайсере қаласына қарасты елді мекенде дүниеге келген Мұстафа, жастайынан өжет те қайсар, алғыр да шымыр болып ержеткен екен. Қабанбай батырдың тікелей ұрпағы болған батыр ағамыз Мұстафа, Түркиядағы мектепті бітірген соң, Тайвань халықаралық университетіне журналистика мамандығы бойынша оқуға түседі, ол оқуда жүріп, үздіксіз білім алумен қатар, шығыс жекпе-жегінің бірі таэквондоның қыр-сырын меңгеріп, атақты киноактер Брюсь Лимен бір залда жаттығады. Тайвань университетін бітірген тұста, 6-шы ДАН қара белбеуін де алып шыққан алғашқы қазақ, мұсылман баласы болады. Түркияға оралған соң, алдымен Стамбулда, сонан кейін Германияның Мюнхень қаласында Таэквонда мектептерін ашып, шәкірт тәрбиелеудің жолына түседі. Сол уақыттарда шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, өзіде әлемдік додаларға қатысып, биіктерді бағындырған.

Қай сәтте болмасын жүрегі “қазақ” деп соққан алып азаматтың ойында қалай да болмасын, қазақ жұртына бір пайдасын тигізу мақсаты тұрды. Ол өзі Түркияда тұрған уақытта спорттағы шеберлігін шыңдаумен қатар бірнеше фильмдерде басты ролдерді сомдайды. Қай елде, қай жерде жүрсе де қазақты танытуды, қазақты мақтаныш қылып көрсетуді мақсат тұтқан абзал азамат, Түркияның “Алатай” фильміне өзі сценарий жазып, онда қазақтың “Қамажайын” билетіп, “Қара жорғасын” ән қылып айтқызған.

Тек, 1990 жылы ғана құшағын кең жайған Отанына оралады. Батырды құшақ-құшақ гүлменен қарсы алған ел, оның аяғын жерге тигізбей, көкке көтерді. Туған елінің махаббатына бөленген нар тұлға, алғаш келгенде босқа келмей өзінің Түркиядағы шәкірттерін ерте келіп, Қазақстанның бұрыш-бұрыштарында шеберлігін көрсетіп, қара құрым халықпен жүзеседі. Ал, ол 1991 жылы алғаш Қазақстанда Таэквонда Федерациясы құрады және федерация басшылығына сол кездегі Мұстафа Өзтүріктің досы, суретші, таэквондашы – Бексеит Түлкиев тағайындалады. 1992 жылы Қазақстан алғаш рет тәуелсіз ел болып қатысқан Түркиядағы байрақты бәсекеде қазақ таэквондашылары 2 алтыннан алқа тағады. Бұл жолы ұлттық құраманы Мұстафа Өзтүрік бастап барған еді. Міне, осы жылдардан бастап көк туымызды көкке көтерген таеэвондашыларымыздың жеңісті жолы жалғасын тауып келеді. Осы Мұстафа салған сара жолменен 2008 жылы Бейжіңде өткен олимпиадада Отандасымыз Арман Шилманов жүлдегер болған еді. Ұлттық рухы бойында қайнаған батыр бабамыз, Қазақтан мен Түркия мемлекеті арасындағы ынтымақтастыққа да себепкер болған.

…1995 жылдың көктемінде Алматы аспанын  жалпы қазақ жұртын қара жамылтқан қаралы оқиға орын алды. Қазақ таэквонда мектебінің негізін қалаушы, нар тұлғалы, жүрегі елім, жерім деп соққан ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА БАЛАСЫ Мұстафа Өзтүрік өмірден өтті. Мұстафа Өзтүрік өлімінен саяси себеп іздегендер болды. Себебі мұзбалақ ер Мұстафа өмірінің соңғы сәттерінде саясатқа араласа бастаған. Дегенмен, бұл Алланың ісі деп, көңіл жұбатты көпшілік,

Өткен 2014 жылды Мұстафа Өзтүріктің туғанына 60 жыл толуына орай “МҰСТАФА ӨЗТҮРІК” жылы деп жарияланған екен. Осы жария болған жыл өз бағасын алды ма?, немесе Қазақтың қара баласын ардақтау, ұлықтау өз деңгейінде жүзеге асты ма? осы сұрақтар санаға ұялайды. Жыл қойнауынан Мұстафа Өзтүрік хақында атап көрсетуге тұрарлық қандай да бір республика деңгейіндегі шара бар ма? Неге бізге туған халқын қызғыштай қорғап, елім деп еңіреген ер ұланды ұлықтау қиынға соға ма? Осы жауапсыз, сұрақтарға кім жауап береді.?..Себебі .. Мұстафа Өзтүрік жайында кино немесе қысқаметражды деректі фильм түсірілсе құба құп болар еді деп ойлаймын. Тағы бір ұсыныс, Мұстафа Өзтүрік атындағы қор құрылып, өзі салып кеткен жолдағы таэквонданың жоғарғы мектебін ұйымдастырса және “Мұстафа Өзтүрік” атындағы жылсайынғы дәстүрлі халықаралық турнир ұйымдастырылса сауабы мол жұмыс болар еді….Себебі ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын деген халық даналығын ұмытпаған жөн….

 

Азиз Дүкенбайұлы,

Қармақшы аграрлы-техникалық колледжінің

өндірістік оқыту шебері, техника ғылымдарының магистрі.

Leave a Comment

Website Protected by Spam Master