КММ Мемлекеттік тілді оқытудағы оңтайлы технологиялар

Кажиахметова Гулия Рашатовна

Көкшетау қаласының «Тілдерді оқыту орталығы»

директордың орынбасары

 

КММ Мемлекеттік тілді оқытудағы оңтайлы технологиялар

 

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “2017 жылға дейін мемлекеттік тілді меңгергендердің саны 80%-дан төмен болмауы, ал 2020 жылға дейін 95%-дан төмен болмауы тиіс” – деген болатын. Осы орайда, Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өз міндетін белсене атқарып келеді деуге болады. Бұл – біздің жұмысымыздың ең басты мақсаты. 2012 жылы ашылғаннан бері орталық ұжымы айтарлықтай тың істерін жүзеге асырып келеді.

Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы барысында ересектерге мемлекеттік тілден сабақ беру қоғамдық тұрғыдан үлкен маңызға ие екені бәрімізге мәлім. Әсіресе, елімізді мекендеген өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруі бүгінгі күннің өзекті мәселесі екені белгілі. Бұл іс әлеуметтік сұранысқа негізделген мемлекеттік қажеттілікті нысана еткенде және бүгінгі оқыту жүйесіндегі берілетін білім нәтижеге берген жағдайда ғана алға басады. Ал білім нәтижесіне жетудің бірден-бір жолы оқыту процесінде педагогикалық технологияларды дұрыс пайдалану арқылы тыңдаушының жүрегіне жол таба білу. Соңғы кезде оқытудың әр түрлі педагогикалық технологиялары жасалып, ересектерді оқыту саласына енгізілді.

«Технология» дегеніміз – педагогикалық  мақсатқа қол жеткізу жолында қолданылатын барлық ілім амалдары мен әдіснамалық құралдарының жүйелі жиынтығы және жұмыс істеу реті. Жаңа технологияларды пайдалануда тіл үйренушілердің қазақ тілін үйренуге деген ынтасы, белсенділігі артып, білім сапасы жоғарылайды. Тыңдаушылардың мемлекеттік тілде сөйлеу, дұрыс сұрақ қойып, өз ойын сауатты толық жеткізу дағдылары қалыптасады.

Тілді үйрету технологиялары:

  • мемлекеттік тілді жеделдете оқыту;
  • мемлекеттік тілді мультимедиялық жүйемен оқыту;
  • мемлекеттік тілді деңгейлік жүйемен оқыту;
  • мемлекеттік тілді кәсіби-бағдарлы бағытта оқыту;
  • мемлекеттік тілді коммуникативті жүйеде оқыту.

Әрбір технология өздігінше ерекшеленеді және оны оқытушы сабақ жоспарында  түрлі әдістерді қолдану арқылы іске асырады.

Ж.Қараев «Оқытуды дербестендіру мен дифференциялау» (деңгейлеп оқыту ) әдісі. Деңгейлік оқытудың басты ерекшелігі-білім беру, дағды мен біліктілік қалыптастыру. Негізгі  ұстанымы –тілдік материалдарды әр деңгейде тұрмыстық, әлеуметтік, елтану, кәсіби,  лексикалық минимумдарды игеру және тілдік материалдар фонетикалық және коммуникативтік лексикалық минимумдар өлшемін енгізу. Деңгейлік тапсырма арқылы дамыта оқыту идеясы  жүзеге асырылады.

М.Жанпейсова «Модульдік оқыту технологиясы» Модульдік оқыту  технологиясының  бір ерекшелігі – оның білімді меңгертуге емес, тұлғаның  танымдық процестерді: яғни, жадының алуан түрлерін дамытуға, сондай-ақ  танымдық және шығармашылық қажеттіліктерін қанағаттандыруға; белсенді сөздік қорын дамытуға бағытталуы. Оқытуды ойын түрінде ұйымдастыру және әр түрлі белсенді формаларды (жұптық, топтық, пікірталастар) қолдану- оқытудың міндетті шарты болып табылады. Бұл модуль бойынша тыңдаушының жан-жақты білім, ақпарат алуына мүмкіндік туады, соған мұқтаж етеді және мақсатқа жетуге талпындырады.

Ж.Сманқұлова «Оқытудың интерактивті әдісі». Тыңдаушыны үнемі коммуникацияға кіріп отыруға мәжбүр етеді, интеллектуалды және шығармашылық потенциялын дамытуға әсер етеді.

Шаталов «Тірек сигналдары арқылы оқыту» технологиясы.  Технологияның ерекшелігі – берілетін ақпараттар жиынтығын бүтіндей әрі бірден беруге мүмкіндік туғызылады. Бұл әдіс уақытты үнемдеуге және грамматикалық немесе лексикалық тақырыптарды меңгертуде тиімді әдіс болып саналады.

Ақпараттық- коммуникативтік технологияны қолдану – қазіргі кезде ең тиімді оқытудың қайнар көзі. Бұл технология тыңдаушының белсенділігін, қызығушылығын арттырады, логикалық ойлауын жетілдіреді.

Интербелсенді әдіс. Интербелсенді деген сөз ағылшынның «іnter», «act» – өзара әрекет ету деген сөзінен шыққан. Интербелсенді әрекеттер дегеніміз өздігімен түсіну, таңдау, талдау, шешім қабылдау, жаңа мазмұн құрастыру, өз пікіріңді дәлелдей, қорғай білу, топтық жұмыс түрлеріне араласу. Осындай белсенді әдістер үйренушінің ойын дамыта түсіп, тіл үйренуіне үлкен жол ашады.

 

Дегенмен, әр оқытушы берілген тақырыпты өз шеберлігіне байланысты меңгертеді.  Ал, 2012 жылы мауысым айында ҚР Мәдениет Министрілігінің Тіл Комитеті тапсырысымен Ұлттық тестілеу орталығының әзірлеп ұсынылған Қазақ тілін оқытуға арналған ортақ типтік бағдарламасы бәрімізді әрине қуантты,  себебі онда тіл үйренушінің  қарым-қатынас құзіретін қалыптастыру мақсатымен сөйлеу әрекетінің барлық түріндегі типтік жағдаяттар қарастырылған және бұл әр сабағымызды жүйелі түрде ұйымдастыруға, оқыту мазмұнын нақтылауға  мүмкіндік берді. Бағдарламаға қоса деңгейлік оқулықтар да таратылған болатын. Осы орайда, сөзге тиек ететін жағдай, әрине оқытушылар сабақ жоспарын дайындау кезінде грамматикалық, лексикалық тақырыптардан ауытқымай өздерінің тиімді деген тапсырма түрлерін қосып отырды. Соның нәтижесінде бір-екі оқу жылының ішінде 3 деңгейге арналған 60 сабақтық (120 сағат) сабақ жоспарларын жетілдіріп шықтық.

 

         Сабақ жоспарларын дайындау кезінде ең бастысы лексикалық тақырыпқа байланысты мәтін мазмұнына қарай, тыңдаушының деңгейіне қарай тиімді болуы шарт. Сол мәтіннің ішінен меңгертіліп жатқан грамматикалық тақырыпты да түрлі тапсырмалар арқылы алып шығуға болады және жалпы сабақ барысында лексикалық грамматикалық тақырыптарды сөйлеу әрекетінің барлық түрлері арқылы меңгертсек, әрине, білім сапасы жоғарылайды, тыңдаушылардың мемлекеттік тілде сөйлеу, дұрыс сұрақ қойып, өз ойын сауатты толық жеткізу дағдылары қалыптасады.

 

Тапсырмалар топтамасы

1-тапсырма. Мәтінді оқыңыздар.

Жомарт

         Атымтай жомарт өзі есепсіз бай бола тұрып, күн сайын бір мезгіл үстіне ескі-құсқы киім киіп, отын кесіп, шөп тасып жұмыс қылады екен. Бір күні өзінің жақын, таныстары сұрады дейді:

– Жомарт, Құдай берген дәулетіңіз бар, ақша – тамақ, жалаңашқа – киім, үйсіздерге – үй болдыңыз, сөйтіп тұрып өз басыңызды кемшілікке салып, жете алмаған жарлыша отын кесіп, шөп тасығаныңыздың мағынасы не? – деп.

         Жомарт айтты дейді:

– Төрт түрлі себеп бар. Әуелгісі: әдемі ат, асыл киім, асқан дәулетті өнебойы әдет етсең, көңілге жел кіргізеді; сол желіккен көңілмен өзімнен терезесі төмен бейшаралардан жиреніп, көз салмай, кем кетікке жәрдем беруді ұмытармын деп қорқамын. Екіншісі: бар бола тұрып мен жұмыс қылсам, мұнын кемшілік емес екенін біліп, кейінгілер үлгі  алсын деймін. Үшіншісі: күн сайын өз бейнетіммен тапқан бір-екі пұлға нан сатып алып жесем де бойыма сол тамақ болып тарайды, еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі, сіңімділігі болады екен. Төртіншісі: Құдайтағаламның  берген дәулетін өзімсініп, тиісті орындарына жаратпай, көбісін өзім ішіп-жеп, өзім тұтынсам, мал берген иесіне күнәлі болармын деп қорқамын, – деді.

                                                                                           Ы. Алтынсарин

 

2-тапсырма. Мәтін бойынша төмендегі сұрақтарға жауап беріңіздер.

  1. Кейіпкер қандай адам?
  2. Жомарттығын қандай іс-әрекетінен байқадыңыздар?
  3. Кейіпкер іс-әрекеттерінің мағынасын қалай түсіндірді?
  4. Іс-әрекетінің бірінші себебі неде?
  5. Екінші себебі неде?
  6. Үшінші себебі неде?
  7. Төртінші себебі неде?
  8. Жомарттық дегенді сіз қалай түсінесіз?
  9. Кейіпкердің бойынан жомарттықтан басқа қандай қасиеттерді байқадыңыз?

 

3-тапсырма. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыз.

 

4-тапсырма. Жоғарыдағы айтылған адам бойындағы қасиеттер туралы қандай мақал-мәтелдер білесіздер?

Мысалы:

Еңбектің наны тәтті.

                            Кісіні кейде таршылық сынайды,

                            Кейде баршылық сынайды.

Келген дәулет, кеткен бейнет.

                            Бейнетің қатты болса,       

                            Татқаның тәтті болар.

Еңбек пен бақыт егіз.

                            Кедейлік кетсін десең, еңбек ет,

                            Молшылық жетсін десең, еңбек ет

Адамгершілікке арналған үш сауал бар:

Шөлге құдық қазған бір сауап,

Өзенге көпір салған бір сауап,

Жолға ағаш еккен бір сауап.

                            Өзін ғана ойлаған, жамандықтың белгісі.

                            Өзгені де ойлаған, адамдықтың белгісі.

Күнәдан қорыққан адам кісі ақысын жемейді.

 

5-тапсырма. Мақалдарды басқа қандай сөздермен алмастыра аласыздар?

Мысалы: Еңбектің наны тәтті – ол тер төгіп, еңбектеніп, қарны ашып жеген нанның дәмі тәтті болады, сүйсініп желінеді деген мағынаны білдіреді.

 

6-тапсырма. Мақалдарды толықтырыңыздар.

Мысалы: Келген дәулет, …………………………………..

…………………………………, татқаның тәтті болар.

 

7-тапсырма. Түймегүл жапырақтарын жинаңыздар, адамның жағымды мінезін, бір түймегүлге, жағымсыз мінезін екінші түймегүлге жазыңыз.

 

8-тапсырма. Адамның бойындағы жағымды және жағымсыз қасиеттерді екі бағанға жазыңыздар.

Жағымды қасиеттер Жағымсыз қасиеттер
жомарт сараң
кеңпейіл беймаза
шыдамды қызғаншақ
ақылды жалқау
еңбекқор надан
адал сұрқия

 

9-тапсырма. Мәтін бойынша сөздерді өзара байланыстырып сәйкестендіріңіз.

жұмыс тасып
үлгі беру
бойға кесіп
еңбекпен болады
киім киіп
шөп табылған
жәрдем қылу
отын алсын
сіңімділігі тарайды

 

10-тапсырма. Мәтін бойынша сөйлемдерді толықтырыңыздар.

         Әдемі ат, асыл киім, асқан дәулетті өнебойы әдет етсең, көңілге жел кіргізеді; сол желіккен көңілмен өзімнен терезесі төмен бейшаралардан жиреніп, көз салмай, …………………………………………………………….. деп қорқамын. Бар бола тұрып мен жұмыс қылсам, мұнын кемшілік емес екенін біліп, ………………………………… деймін. Күн сайын өз бейнетіммен тапқан бір-екі пұлға нан сатып алып жесем де бойыма сол тамақ болып тарайды, ……………………………………………………………. ……………..  болады екен. Құдайтағаламның берген дәулетін өзімсініп, тиісті орындарына жаратпай көбісін өзім ішіп-жеп, өзім тұтынсам, ………………………………………………….      деп қорқамын.

 

11-тапсырма. Сөйлемдерді айтылу ретімен нөмірлеңіз.

А Құдайтағаламның берген дәулетін өзімсініп, тиісті орындарына жаратпай, көбісін өзім ішіп-жеп, өзім тұтынсам, мал берген иесіне күнәлі болармын деп қорқамын.
Ә Әдемі ат, асыл киім, асқан дәулетті өнебойы әдет етсең, көңілге жел кіргізеді; сол желіккен көңілмен өзімнен терезесі төмен бейшаралардан жиреніп, көз салмай, кем кетікке жәрдем беруді ұмытармын деп қорқамын.
Б Бар бола тұрып мен жұмыс қылсам, мұнын кемшілік емес екенін біліп, кейінгілер үлгі  алсын деймін.
В Күн сайын өз бейнетіммен тапқан бір-екі пұлға нан сатып алып жесем де бойыма сол тамақ болып тарайды, еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі, сіңімділігі болады екен.

 

12-тапсырма. Әңгіме не туралы. Дұрыс жауаптың тұсына белгі қойыңыз.

1 Еңбек туралы
2 Жомарттық туралы
3 Байлық туралы
4 Адамгершілік туралы

 

13-тапсырма. Кейіпкер нақты неден қорқатынын айтыңыз.

   Кем кетікке жәрдем беруді ұмытармын деп қорқады.

  Мал берген иесіне күнәлі болармын деп қорқады.

 

14-тапсырма. Кесте бойынша өз ойыңызды жазыңыз.

15-тапсырма. Мәтінді рөлге бөліп оқыңыздар (автор, Атымтай, танысы).

 

Қарап отырсаңыздар, сабаққа таңдалған лексикалық тақырып бойынша мәтінге түрлі тапсырмалар ойластырылған. Бірақ, олардың барлығы әрине, топтың деңгейіне қарай қолданылады. Бұндай тапсырмалардың жүйелі түрде ұйымдастырылуы тіл үйренушілердің қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығын оянатыны анық.

Осындай нәтижелі сабақтарды ұйымдастыра отырып, мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілік артып, тіліміздің мәртебесі өсіп, абыройы арта берсін демекпін.

<h2>Ұқсас жазбалар</h2>

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Leave a Comment

Website Protected by Spam Master