ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУ – ОҚУШЫ ҮШІН ДЕ, ПЕДАГОГ ҮШІН СЫНАҚ АЛАҢЫ

ubtТ.Жүргенов атындағы
№123 орта мектептің мұғалімі
Дархан МЫРЗАМҰРАТҰЛЫ

ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУ –
ОҚУШЫ ҮШІН ДЕ, ПЕДАГОГ ҮШІН СЫНАҚ АЛАҢЫ

Егер балалар бірдемені түсінбейтін
болса, онда оқытушы оларды кінәлауға
тиісті емес, оларға түсіндіре алмай
отырған өзін кінәлауға тиіс. Ы.Алтынсарин
Қазіргі уақытта білім беру мекемелерінде оқу процесі басталып та кетті. Жаңа оқу жылында Білім және ғылым минстрлігінің стандартына сәйкес және биылғы жылдың әдістемелік нұсқаулығында көрсетілген оқу бағдарламаларымен қаруланған педагогтар өз жұмыстарына қызу кірісті.
Біздің аудан бойынша үстіміздегі жылы ұйымдастырылған ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына 427 мектеп бітірушінің 299-ы қатысты. ҰБТ қорытындысымен ауданның орташа көрсеткіші 74,8 балды құрады.
Аудан бойынша 4 бітіруші «Алтын белгі» атанса, 3 оқушы «Үздік аттестат» иеленді.
106 бітіруші грант арқылы жоғары оқу орындарына түсті.87 бітіруші мемлекеттік білім тапсырысы негізінде грантты иеленсе,7-і әскери оқу орындарының грантын,12-і облыс әкімінің грантын иеленді.
«Мәңгілік ел жастары-индустрияландыруға» Серпін-2050 бағдарламасы арқылы 27 бітіруші еліміздің солтүстік өңірлерінде өз білімдерін жалғастыруға жолдама алды.
Оқушылардың білім сапасының жоғары болуына ата-аналар қауымдастығы да мүдделі, олар 2015 жылы ҰБТ-ның қалай болатынын, балаларының жақсы балл жинап, таңдаған пәндеріне қарай мамандықтары бойынша жоғары оқу орнына түсіп грант иегері атануын қалайды.
Мектептерде ҰБТ-ға дайындық жұмыстарына байланысты бұйрық бекітіліп, жылдық жоспар жасалады. Бұған қосымша үлгермейтін оқушымен жеке жұмыс жоспары тағы жасалып, олар үшін сабақ беретін білікті, тәжірибелі педагог қызметкерлер сараланып, оқушылардың білімін көтеру үшін аянбай тер төгеді.
Сонымен қоса мектептерде 11 сыныптың түлектерінен аудандық білім бөлімі тарапынан әр айда төрт рет тест кітапшалары алынады. Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінен тест қорытындыларымен толығып, әр айдың соңында сабақ беретін пән мұғалімдері және ата-аналармен бірлесіп мектепішілік жиналыстарда қорытындыланып отырады.
«Мұғалімнің ұдайы жақсы оқитын балаларға ғана сүйсініп, ылғи соларды ғана оқытуы дұрыс емес,» – деп қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов айтқандай, расында біз көбіне сабақ беру процесінде жақсы оқитын оқушылармен ғана жұмыс жасап, қалған оқушылар назарымыздан тыс қалып жатады.
Негізінен кейбір сыныптарда оқушыларды үш деңгейге бөліп оқытуға болады.Себебі, әр оқушының қабілеті әртүрлі келеді біреуі алғыр, біреуі орта, біреуі баяу болады.
Бұл жағдайда сол сыныпқа сабақ беретін мұғалім өзінің пәні бойынша аз ұпай жинап отырған балалармен жұмыстар жасауы үшін арнайы оқушымен жүргізілетін жеке жұмыс жоспарын жасап, оларды үнемі өзінің бақылауында ұспап отыруы керек. Жеке жұмыс оқушыға өте тиімді болады. Себебі, бағдарлама бойынша тараулардағы тақырыптар оқушыға жеке түсіндіріледі.
Жоғарыда аталып өткен тест кітапшаларын тапсырып болғаннан кейін оқушы пән мұғалімдерімен бірге отырып, талдап ондағы күрделі сұрақтарды түсіндіріп, қызыл сиямен белгілеп, көрсетіп, талданды деп қолын қоюына болады. Мұны үйден бақылап отырған ата-аналарда көріп, құптар еді.
Тағы бір ескеретін мәселе пән мұғалімдері күнделікті сабақ жоспарларын дайындаған уақытта сол болатын тақырыпқа 25 тест сұрақтарын құрастырып, оны оқушыларға беріп, жіберілген қателермен жұмыс жасап, қорытындысын шығарып отырса, ол тақырыптағы кездесетін күрделі сұрақтарды біліп отыруына көмек болады.
Ата-аналар кейде үлгермей жатқан оқушыларды ақылы курстарға жеке мұғалімдерге (репетитор) дайындауға беріп жатады. Ондай жағдайда ата-аналар тәжірибелі, пән бойынша бағдарламаны толық білетін, ҰБТ-ға дайындауда оқушымен жеке жұмыс жасай алатын мұғалімдерді таңдағаны жөн.
Ал пән мұғалімі сол оқушыға өзі сабақ беретін болса, онда оқушының білім сапасын көтеруде жеке жұмыс жоспары арқылы жүргізгені дұрыс.
Себебі, оқушының функционалдық сауаттылығын арттыру мұғалім қауымының міндеттері болып отыр. Сол үшін мемлекет тарапынан оған қаржы бөлінген.
ҰБТ-ға дайындық барысында сынып жетекшінің атқаратын рөлі зор болып саналады. Ол ата-аналармен бірлесе отырып сабақтарға ену кестесін ұйымдастырып, оны үнемі өзі бақылап отырып,сабаққа немесе дайындыққа келмеген оқушыларды белгілеп, уақытында ата-аналарына хабарлап, байланыс жасап отыруы керек.
ҰБТ-ға дайындық жұмысын жүргізетін мұғалім үнемі ізденісте болғаны абзал. Себебі, жаңа буын оқулықтары өңделіп, толықтырылып шығып жатыр. Ондағы кейбір тақырыптар өзгертіліп, жаңа деректермен жазылып, оқулықтың мазмұны жаңартылады.
Оқулықтағы көрсетілген жаңа деректерді мұғалім дер кезінде сабақтарда оқушыларға баяндап отырғаны дұрыс.
Сонымен қоса сабақта жаңа әдіс-тәсілдерді қолдануы арқылы оқушылардың білімін көтеруге бар күш-жігерін салғаны жөн.
«Өзіңді қарапайым жылы лебізіңмен сыйлата білмесең, құр қаталдықтан түк те шықпайды» – деп А.П. Чехов атап өткендей, менің ойымша оқушыға қатты дауыс көтерудің өзі артық болады. Білім алу кезінде оқушы келеңсіз жағдайға душар болса, ол тек ұстаздан ғана көмек күтеді. Егер ұстазы оны түсініп, маңдайынан сыйпап қолдау көрсетсе, жақсы сөздер айтып, көңілін ауламаса, онда оқушының психологиясы күрт өзгеріп, оның өз ұстазына деген сенімі жоғалады.
Мұғалім оқушыға білім беруде, ең алдымен талап қойғаны дұрыс. Бірақ дайындық кезінде тест тапсырған уақытта кейбір балалар әртүрлі себептермен өз нұсқаларын ауыстырып алып жатады.
Сол уақытта мұғалім этикалық нормаларды сақтап, балаға жекімей, психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетіп отыруы керек. Оларды жігерлендіріп, болашаққа деген сенімділігін оятып, оқушыны баласындай бауырына тартып, жылы сөздермен көтермелегені құптарлық.
Нағыз мұғалім осындай қасиеттерімен ерекшеленеді, сыныптағы проблемаларды шешудің жолдарын қарастырады. Күнде ізденісте болмаған ұстаздың көштен қалыс қалатыны анық. Сондықтан Елбасымыз өз Жолдауында атап өткендей, «Өмір бойы білім алу – әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс».

<h2>Ұқсас жазбалар</h2>

Leave a Comment

Website Protected by Spam Master