Тағы да Ұлттық тест туралы

Тағы да Ұлттық тест туралы.

Ұлттық тестілеу жайлы әңгімеге неше айналып соқсақ та артық емес, олай болатыны әлі де ел болып жұрт болып көңіл көншитіндей нәтижеге жетіп жүрген жоқпыз. Ол жөнінде айтылып та, жазылып та жүр. Ұлттық тесттің бір жақсысы оның нәтижелерін күмәнсіз талдап айқын дәлелдеуге болады. Білім сапасының барлық көрсеткіштерінің деңгейі талассыз анықталады. Осыдан білім тұжырымдамасында айқындалған үш субъект –  ата – аналар, мұғалімдер және оқушылар қауымының қаншалықты еңбектеніп жүргені де дәлелденеді. Білім сапасы үшін осы үшеуі де бірдей жауапкершілікте болсын дейді кәзіргі тұжырымдама. Шындығында бұл да бір аса тың  жаңалық та  емес. Біздің «тұжырымдамамызды» данышпан Абай осыдан бір жарым ғасыр бұрын тұжырымдап тастаған. «Баланың жақсы болуы – жақсы ата – ана, жақсы ұстаз, жақсы құрбыдан болады» деп.
Ендеше бұл жерде  де бірінші кезек ата – аналардікі екені даусыз шығар. Ал енді ата – аналармен де неше жыл қат – қабат араласып, ұлттық тестке дайындауды ұйымдастырып жүріп байқағанымыз – олардың сексен пайызы бала оқыту жүйесіне «еті сенікі сүйегі менікі» дейтін бұрынғы көзқараспен қарайды, жасынан баланың оқуға жауапкершілігін қалыптастыру, мұғаліммен етене жақын жұмыс істеу, баланың алғашқы қадамынан бастап түпкі нәтижеге бағыттау жағы жетіспейді. Бұл жерде «бұрынғы көзқарас», «кәзіргі көзқарас» деген әңгімелерді бір сөзбен айқындасақ – бұрын бәріміз балаға «білім берумен» айналысып келдік, кәзір баланың «өздігінен білім алуын, өз білімін үздіксіз дамытуын  ұйымдасытырумен» айналысуға тиіспіз. Түсінген адамға бұл арада үлкен айырмашылық бар, және кәзір тиянақты білім қалыптастыру үшін ұзақ уақыт бойы үлкен жауапкершілікпен еңбектену қажет болады. Әрине ата – аналар кейбір мәселелерді түсінбей жатса оған алдымен біз кінәліміз, демек мектептің ата – анамен жүргізілетін жұмыстары осы жаңаша көзқарас пен жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталуы тиіс.  Ата – аналардың мектеппен байланысын, олардың талап – тілектерін мектеп қуана қабылдайды ғой. Өкінішке орай баланың қосымша сабаққа барғанынан көрі қой кезегін атқарып келгенін тәуір көретін ата – аналардың қатары көбейіп келеді. Ондай ата – аналармен талай айқастық та. Одан көбінесе нәтиже шықпай жатады, бір – ақ одан біздің де көп ештеңеміз бүлінбейді, балаға обал, алатынын ала алмай, жететін жеріне жете алмай қор болатын солар ғой. Ондай отбасында баланың оқу еңбегіне деген жауапкершілігі қалыптаспайды, әрине. Демек алдымен ата – ананың жауапкершілігі жоғары болуы керек. Кәзір біз оныншы сыныптарды жаппай тестілеуге дайындайық десек те дайындай алмаймыз, үйткені ата – аналар қолдамайды, олар әлі ерте деп есептейді. Шын нәтиже көргісі келген ата – ана баласын ұлттық тестке дайындауға әр уақытта «кеш қалдым» деп кірісуі керек. Бір сыныпта оқитын қабылеті мен мүмкіндігі бірдей балалардың әртүрлі нәтиже көрсетуі – отбасындағы тәрбие мен жауапкершыліктің әртүрлі болуынан. Ал енді паралелл сыныптардың әрқилы нәтиже көрсетуі мұғалімдердің әркелкі жұмыс істеуінен болады. «Жақсы сынып» әсіресе бастауыш кезеңінде қалыптасады. Бастауыш сыныптарда аса тианақтылықпен адал еңбек ететін жанқиар мұғалімдер бар, сондай мұғалімдерге тап келген блалардың бағы да болашағы да зор болатыны даусыз. Бірақ «бес саусақ бірдей емес» дегендей мұнда да жауапкершілігі төмендеу, білімі мен шеберлігі жетіңкіремейтін адамдар кезігеді, оны жаңағы айтқан сыныптардың әртүрлі деңгейде болуы даусыз дәлелдейді. Қалай оқытса да жаңағы екі мұғалімнің жалақысы сағаттың санына қарай төленеді, білімнің сапасына, түпкі нәтижеге қарай жалақыны өзгерту әзірше  мүмкін емес. Көп нәрсені ақша билеп тұрған кәзіргі нарықтық заманда білім саласында да  материалдық жолмен ықпал ету қажет – ақ, бірақ бұл мәселе біздің елімізде енді – енді қолға алынып келе жатыр. Мектепке алғашқы қадамынан бастап кей бала жылдам қабылдаса енді бір бала табиғатынан баяулау қабылдайды, мектеп жаңағы қабылетті баланың нәтижесін малданып көрсеткіш қуып кетіп, баяу оқушы мүлде назардан тыс қалып жатады, кейіннен онын нәтижесі де төмен болады. Дарынды баланың жоғарғы нәтижесін айтып мақтанған орынды шығар, ал төмен нәтиже көрсеткен баланың тағдыры үшін кім жауап беруі тиіс?  Соңғы кезде мұндай даулы мәселеде «дамыған елдердің» тәжірибесіне жүгіну әдетке айналды ғой, ендеше солардың талабымен салыстырып көрейік. Біз мектептің немесе сыныптың орташа балын ғана есепке аламыз, оларда одан басқа да көрсеткіштерге талап қойылады екен. Мысалы көптеген елдерде бақылау қорытындысы бойынша ең жоғарғы балл мен ең төменгі балдың  айырмашылығы жиырма пайыздан аспауы талап етіледі. Біздің мектептердің нәтижесін қарасаңыз ұлттық тесттен бір бала жүз бал алса екінші бір баланың отыз балл алуы ешкімді таңдандырмайды. Бұл жерде ең жоғарғы балл мен ең төменгі балдың айырмашылыға жетпіс пайыз болса да ол үшін ешкім жауап бермейді.

Күн санап білімнің үстемдігі артып келе жатқан заманда білім сапасының көрсеткіші де соған сай өсіп отыруы тиіс, сонда біз тест қорытындысында орташа есеппен 90 да 90 деген нәтиже көрсетсек еңбегіміздің ақталғаны. Таратып айтқанда бұл бітірушілердің тоқсан пайызы тестік сынаққа қатысып орташа нәтиже бойынша тоқсан балға жету дегенді білдіреді. Осы межеге таясақ біз ұрпақ алдындағы парызымызды адал атқардық деп еркін тыныстар едік. Ондай нәтиже көрсетіп жүрген мектептеріміз бар, тіпті тұтас аудандар да бар. Солардың бізден қай жері артық, адам істегенді адам істейді деген бар ғой. Бұл жерде ұйымдастыру, талап қою, жауапкершілік қалыптастыру жағы жетіспейтін сияқты. Абай атамыз аударып жеткізген орыстың атақты мысалшысы И. Крыловтың әйгілі мысалындағы аққу, шортан, шаянның кебін киіп ата – аналар бір жаққа, мектеп екінші жаққа тартса оқушулар ұжымынан не сұрауға болады, олардың мүлдем бейбастақ кетері сөзсіз. Ұлттық тестке неғұрлым ерте дайындау жөнінде әңгіме қозғалып жүр, бірақ ата – аналардан жан жақтылы қолдау болмаса, мұғалімнен нақтылы жауапкершілік сұралмаса бұл іске аспайды. Оны былай қойғанда біз оныншы сыныптарды тестке дайындауға жұртшылықты жұмылдыра алмай жүргенімізді айттық. Он жыл бойы сынақсыз көшіру баланың бойында қажетінше жауапкершілік қалыптастырмайды. Өтірік баға мен көтерме бағаға еті үйренген баланы бір жылда жан – жақтылы дайындап шығу да мүмкін емес. Тестке дайындауда теориялық білімнен бөлек практикалық дайындық деген болады. Ол сынақ үстінде тест материялдарымен еркін жұмыс істей білу, қате жібермеу, уақытты дәл де тиімді пайдалана білу деген сөз. Баланың бойында, санасында тест материялдарымен жұмыс істеуде автоматизм қалыптасуы керек, ол бланк толтыруға көңілін алаңдатпасын, оған зейінін шоғырландырмасын, оның бәрі күнделікті қиындықсыз істелеттін машықты іс әрекет сияқты өздігінен атқарылып жатсын. Бұдан бөлек психологиялық дайындық деген бар. Ол – зейінін қажетті іске шоғырландыру, өз зейінін өзі басқара білуге, ырықты зейіннің басымдығына бейімделу, ырықсыз зейінді тежей білу дегенді білдіреді. Аса жауапты істің алдында баланың бойында сасқалақтық, үрей пайда болады, ақыл ойын жинақтай алмағандықтан көп қате жібереді. Қатаң бақылауда, басқа ортада жұмыс істеп сынақ тапсыру кімге де болса оңай емес. Ендеше баланың психологиялық жағынан дайын болуы да бірер жылда іске аса қоймайды, оған да ұзақ жылдар қажет. Сондықтан баланы тестік сынаққа неғұрлым ерте дайындауды заңдастырсақ ең алдымен жоғарыда айтылған үш субъектінің жауапкершілігін де басқа дағдыларын да бірнеше жылда сомдап қалыптастырар едік, бәріміздің ортақ мүддеміз – тестік сынақтан жоғары нәтижеге де қол жеткізер едік. Ұрпақ алдында арымыз таза болса екен, ағайын.

Т. Салқынбаев. Тана мырза орта мектебінің директоры.

 ҚР білім беру ісінің үздік қызметкері.

 

(23 мамыр, 2013ж. «Тарбағатай» газетінің 43-44 нөмірінде басылған)

 

Leave a Comment

Website Protected by Spam Master