Басы » Tәрбие сағаттары » Жүйрік болсаң, озып көр

Жүйрік болсаң, озып көр

Қарағанды облысы,
Жезқазған қаласы,
«Қ.И.Сәтбаев атындағы  №7 мектеп- лицейі» КММ
Жоғарғы деңгейдегі бірінші санатты бастауыш сынып мұғалімі

Козыбаева Гульнур Жумабековна

«Жүйрік болсаң, озып көр» атты тәрбиелік іс- шараның әзірлемесі

          

Мақсаты: балалардың тіл туралы танымдық деңгейін көтеру, білімді, жан- жақты болуға үйрету, бірнеше тіл білуге, үйренуге деген қызығушылықтарын арттыру, ой- өрісін, ойлау қабілеттерін дамыту, шығармашылыққа, шапшандыққа баулу, балаларды озық ойлы оқушы болуға тәрбиелеу

Көрнекілік: интерактивті тақта, слайдтар, компьютер, үнтаспа, көрме материалдары, портфолиолар,банерлер,буклеттер.

Барысы

Мұғалім.

Қайырлы күн, құрметті көрермендер, қонақтар, сайыскерлер! 2013-2014 оқу жылын қорытындылау мақсатында өткелі отырған Біздің  сыныптың  бір жылдығы, «15 мамыр – Халықаралық Отбасы» күні  аясында «Ұлттық, адамгершілік және рухани құндылықтарды тәрбиелік шаралар арқылы насихаттаудағы сынып жетекшінің ролі» бағытында  ұйымдастырылып отырған «Жүйрік болсаң, озып көр» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!

«Біз бәріміз бір атаның- қазақ халқының ұрпағымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу: ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар: ол тәуелсіз Қазақстан»- деген болатын елбасымыз Н.Ә.Назарбаев. Олай болатын болса тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпақтарынан күтер үміті зор. Ол жас ұрпақ мына сіздерсіздер! Сіздер елбасымыздың, ата- аналарыңыздың, ұстаздарыныздың үмітін ақтайды деген сенім білдіре отырып сайысымызды бастайық. Бұл сайыста сіздер бойларыңызға, ойларыңызға қандай білім, ілім түйгендеріңізді байқатады.

Сайыста 3 тап сынға түседі. Әр топтың аты, ұраны болу шарт. Ойын 6 бөлімнен тұрады

І. Жедел жауап

ІІ.Тіл- өнер

ІІІ.Бәрін білгім келеді

ІV.Қызықты ұйқастар

V.Мықты болсаң, тауып көр

VІ. «Өлең- сөздің патшасы, сөз сарасы»

 

І топ: «Жас қыран»

Ұраны:

ІІ топ «Болашақ»

Ұраны:

ІІІ топ «Бірлік»

Ұраны: «Бірлікті бірді жығады, білімді мыңды жығады.»

Бұл топтардың ерекшелігі тек оқушылар емес, ата-аналар мен бірлеседі. Ол үшін ата- ана қолындағы қағаздың ішіндегі фигуралар бойынша жайғасады. (     -І топ,      -ІІ топ,     -ІІІ топқа жайғасасыздар)

Бұл ойында балалар өз білімін пайдаланып, санасының өскенін, сөз байлығының молдығын көрсетсе, ата- аналар баласына қаншалықты қамқор бола алатынын көрсетеді.

 

Қазылар орнықтырар әділдікті,

Кімдердің жауаптары кәміл шықты.

Білім мен тапқырлықтың жарысында

Жеңіске жетер дейміз нағыз мықты,- демекші, қазылар алқасын таныстырып өтейін.

  1. _________________________________________________________________

  2. _________________________________________________________________

  3. _________________________________________________________________

 

Ал, қанекей, келіңдер,

Біріңе-бірің еріңдер.

Біліміңізді тексеріп,

Ойынға қатысып көріңдер,- дей келе ойынға қатысушыларға сәттілік тілеймін.

 

Білім деген биік шың

Бақытқа сені жеткізер.

Білім деген ақылшың

Қиындықтан өткізер,- деп сайсымыздың алғашқы шарты «Жедел жауап» бөлімін бастаймыз.

 

І бөлім: Жедел жауап

Бұл бөлімде әр топқа 6 сұрақтан қойылады. Әр дұрыс жауапқа 1 ұпай беріледі. Оқушы жауап бере алмаған жағдайда келесі ойыншы жауап беруге мүмкіндігі болады.

 

І топқа:

  1. Қазақстан астанасы қай қала? (Астана)

  2. Ел басқару саласындағы ең жоғарғы лауазым? (Президент)

  3. Кеңес Одағында алғаш ғарышқа ұшқан кім? (Юрий Гагарин)

  4. Қазақтың атақты күрес шебері (Қажымұқан Мұңайтпасұлы)

  5. 1- маусым қандай мереке? (Балаларды қорғау күні)

  6. ССРО- Германия соғысына  қатысқан шығыстың қос шынары ( Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова)

ІІ. топқа:

  1. Қазақтың ұлттық аспабында орындалатын шығарма (Күй)

  2. 2012 жылы Лондонда өткен олимпиаданың  ауыр атлетикадан чемпиондары (Илья Ильин, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Зулфия Чиншанло)

  3. Қазақстан Әнұранының авторлары кімдер? (Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев)

  4. Абайдың шын  аты кім? (Ибраһим)

  5. Қазақстан рәміздерін ата. (Ту, Елтаңба, Әнұран)

  6. Қазақ халқы өзінің тұңғыш Президентін қашан сайлады? (1991 жылы 1- желтоқсан)

IІІ. топқа:

  1. Алғаш ғарышқа ұшқан қазақ? (Тоқтар Әубәкіров, 1991 жылы)

  2. Қазақтың үш биін ата. (Төле, Қазыбек, Әйтеке)

  3. Қазақстанның атақты суретшісі (Әбілхан Қастеев)

  4. 6-шілде қандай мереке? (Астана күні)

  5. 2012 жылы Лондон олимпиадасының жеңіл атлетикадан чемпионы (Ольга Рыпакова)

  6. Қазақ даласында мектеп ашқан ұлы ағартушы кім? (Ыбырай  Алтынсарин)

 

ІІ бөлім: Тіл- өнер

Мақалдың жалғасын табу керек. Әрбір дұрыс жауап 2 ұпай беріледі.

І топқа:

  1. Ең тәтті де тіл,… (ең ащы да тіл)

  2. Оқу- білім бұлағы, … (білім- өмір шырағы)

  3. Өнер алды… (қызыл тіл)

  4. Атаға қарап….( ұл өсер), анаға қарап…(қыз өсер)

  5. Ананың көңілі балада…( баланың көңілі далада)

  6. Ата- ананың қадірін…(балалы болғанда білерсің)

ІІ топқа:

  1. Ашу-дұшпан, … (ақыл-дос)

  2. Тіл қылыштан … (да өткір)

  3. Отан … (оттан да ыстық)

  4. Атаның баласы болма…(адамның баласы бол)

  5. Жақсы сөз… (жарым ырыс)

  6. Баланың жақсысы қызық… (жаманы күйік)

                   ІІІ топқа:

  1. Шебердің қолы ортақ,… (шешеннің тілі ортақ)

  2. Отансыз адам- … (ормансыз бұлбұл)

  3. Ер жігіт елі үшін туады, … ( елі үшін өледі)

  4. Ұяда не көрсең … (ұшқанда соны ілерсің)

  5. Балалы үй- базар, … (баласыз үй -мазар)

  6. Қыз елдің көркі,… (гүл жердің көркі)

 

          ІІІ.Бәрін білгім келеді

          Бұл бөлімде екі ұяшық берілген: пәндер және тақырыптар. Ұяшықты таңдау әр топтың өз еркінде. Ойынды ұпайы төмен топ бастайды.

          4 пәннен 4 сұрақтан, барлығы 16 сұрақ әзірленген.  Пәндерді таңдау оқушының өз еркінде.

 

    Қазақ тілі

10. Буын түрлерін ата( ашық,  тұйық, бітеу)

20. Қазақ тілінде неше септік бар? Қандай? (Атау, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес)

30. Сан есімдер құрамына қарай нешеге бөлінеді? Оларды атап бер. (Дара сан есім және күрделі сан есім)

40. Фонетика нені зерттейді. (Фонетика – тіл  дыбыстарын зерттейтін сала)

 

     Әдебиеттік оқу

10. Қазақ ауыз әдебиетінің түрлері (ертегілер, жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, аңыз-әңгімелер)

20. «Менің атым Қожа» повесінің авторы кім? (Бердібек Соқпақбаев)

30. Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

     Соқыр мылқау, танымас тірі жанды.

     Үсті- басы ақ қырау, түсі суық,

     Басқан жері сықырлап, келіп қалды.

     Бұл өлең қалай аталады және авторы кім? (Қыс. Абай)

40. Қазақ тіл білімінің, қазақ әліпбиінің негізін салушы, құрастырушы кім?      (Ахмет Байтұрсынов)

 

Математика

10.Төртті төртке қосып, төртке көбейткенде қанша шығады? (4+4*4=20)

               20. 0-ден бастап 9-ға дейінгі сандардың қосындысы нешеге тең? (0+1+2+3+4+5+6+7+8+9=45)

               30. Түлкі әрбір 6 секундта 4 рет секіреді. Ол 10 рет секіру үшін қанша секунд кетеді? (15 секунд кетеді) (6:4=1,5* 10=15)

               40. Әлияның жасы қазір 10-да. Оның шешесі Динаның жасы Әлиядан 4есе үлкен. Динаның жасы қаншаға толады? (40 жас)

 

Дүниетану

10. Қазақстанда неше облыс орталығы бар? (14)

20. Жердің нақты үлгісі (Глобус)

30. Көкжиектің неше тұсы бар? (төртеу: оңтүстік, солтүстік, шығыс, батыс)

40.Жер бетінің  қағазға кішірейтіліп салынған бейнесі (Карта)

 

Тақырыптар ұяшығы.  Тақырыптарды таңдау оқушының өз еркінде.

Төрт тақырып бойынша берілген ұяшықтағы сұрақтарға дұрыс жауап беру керек.

     «Қазақстан»

              10 ұпай. Қазақстан  Елтаңбасының түсі қандай? (алтын, көгілдір)

              20 ұпай. Қазақстанның ұлттық теңгесі қай жылы шықты? (1993)

              30 ұпай. Қазақстан халқының саны қанша? (16 млн. астам)

              40 ұпай. Қазақстанның  «Швейцариясы» қандай  аймақ? (Бурабай)

     «Грамматикалық ереже»

              10 ұпай. Адамдардың есімдері қандай әріппен жазылады? (бас әріп)

              20 ұпай. Көптік жалғауларын ата. ( -лар, -лер, -дар, -дер,- тар, -тер)

              30 ұпай. Заттың атын білдіретін сөз табы? (зат есім)

              40 ұпай. Қарама-қарсы мағынаны білдіретін сөздер (антоним)

  «Ұлы адамдар»

              10 ұпай. Ұлы жүздің биі (Төле би)

              20 ұпай. Қазақтың саяхатшысы, ғалымы. ( Шоқан)

              30 ұпай. «Қазақ» газетінің редакторы болған кім? (Ахмет Байтұрсынұлы)

              40 ұпай. Абылай ханның шын аты (Әбілмансұр)

  «Телехабарлар»

              10 ұпай. Тек қазақ тіліндегі телеарна («Қазақстан»)

              20 ұпай. Балалар ән- би байқауы. ( «Айгөлек»)

              30 ұпай. Жұлдыздар ән байқауы («Екі жұлдыз»)

              40 ұпай. «Қазақфильм» киностудиясы кімнің атында? (Шәкен Айманов)

 

ІV бөлім: Қызықты ұйқастар

 

Екі топтың әр мүшесі жылдамдықпен сөздердің ұйқасын тауып айтады.

І топқа

  1. Жизнь- өмір, уголь- (көмір)

  2. Число- сан, кровь- (қан)

  3. Молоко- сүт, жди- (күт)

  4. Человек- адам, шаг- (қадам)

       ІІ топқа

  1. Таможня- кеден, пол- (еден)

  2. Зуб-тіс, дело- (іс)

  3. Лето- жаз, гусь- (қаз)

  4. Игра-ойын, шея- (мойын)

       IІІ топқа

  1. Возьми-ал, мед- (бал)

  2. Рыба- балық, народ- (халық)

  3. Дверь- есік, колыбель- ( бесік)

  4. Город- қала, ребенок- (бала)

 

V бөлім: Мықты болсаң, тауып көр

Берілген жұмбақты шешіп, жауабын қазақ, орыс, ағылшын тіліне аудару керек. (1ұпай)

І топқа

Үй үстінде алтын тас,

Алайын десе табылмас.        (жұлдыз;  звезда; star [ста])

 

     Тұмсығымен қозғалар,

Артында аппақ із қалар.      (бор; мел; chalk [чок])

 

      Қабат-қабат қаттама,

Ақылың болса аттама.          (кітап; книга; book [бук])

ІІ топқа

Білімді мыңды жығады,

Білекті … жығады.                  ( бір; один; one [уан])

 

     Сырты тәтті, іші тәтті,

Ортасы сүйек қатты.             (алма; яблоко; apple [эйпл])

 

Өзі сөйлей білмейді,

Салған ізі сөйлейді.                                       (қалам; ручка; pen [пен])

 

IІІ топқа

     Бар ма, жоқ па, оны анық білмейсің,

Ол жоқ жерде өмір сүріп жүрмейсің          (ауа; воздух; air [эйа])

 

     Айдағаны … ешкі,

Ысқырығы жер жарады.                              (бес; пять; five [файф])

 

     Жылт-жылт етеді,

Жылғадан өтеді.                                            (су; вода; water [уата])

VІ. «Өлең- сөздің патшасы, сөз сарасы»

Әр топтың қатысушылары  өлең оқиды әр өлең бір ұпай болып есептеледі. Олар өлеңді мәнерлеп оқып беруі тиіс. Бұл кезеңде тілдің машықтығы, оқудың тазалығы бағаланады.

 

Осымен тәрбие сағатымыздың І кезеңі тамамдалды. Әділ қазылар шешімін шығарғанша іс- шарамыздың ІІ кезеңіне кезек берелік.

Би(вальс)

1-жүргізуші: Оқу елге керек пе,

                      Керексіз бе?

                      Болды дау…

                      Жар сап әлемге

                      Соғылды бір қоңырау.

                      Ол Ыбырай атаның

                     Қоңырауы болатын.

                     Жарық етті әлемді,

Қараңғы еді дала тым.

Жырын жаттап жатамыз

Жалықпастан қыс-жазы.

Ұлы Ыбырай атамыз-

Ұстаздардың ұстазы.

2-жүргізуші: Адам жүрегін дір еткізер осы бір мектеп өміріндегі алғашқы күннен бастап, сол ұядағы әрбір қызықты, жылылыққа толы нұрлы бала өміріміздің балғын шағын айқындайтын қоштасар сәтте келіп жетті. Осынау алтын ұяда теңдесі жоқ ана да, дана да, жаны шуақ та, нұрлы жүрегі Сарыарқаның самалына татитын ізгі жан барын бәріміз жүрегімізбен сеземіз. Ол ұстаз! Ендеше ұстазымызға бас иеміз.

 

З-жүргізуші:

Армысыздар, мұғалімдер, әз жандар,

Білім іздеп инемен құдық қазғандар.

Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді,

Өлең оқып, би билеп, ән де бүгін айтылар.

 

4-жүргізуші:

Біз биылғы оқу жылында бойымызға білімнің жарық сәулесін сыйлаған, адамгершілік пен ізгілікті, достық пен ұйымшылдыққа  баулыған ұстазымызбен қоштасқалы отырмыз.

 

1-жүргізуші: Мұғалім, ғазиз мұғалім-

Төгілген арай, шуағым.

Арманым қонса қолыңа,

Арқаң деп сенің ұғамын.

 

2-жүргізуші: Мұғалім, ғазиз мұғалім-

Сарқылмас мәңгі бұлағым.

Ұланың бүгін тойында

Арнайды саған бұл әнін.

Ән «Ұстазым»

 

З-жүргізуші:

Қасым Аманжолов ағамыз «Мектеп- кеме, білім-теңіз» деп тектен- текке айтпаған-ау, сірә. Егер адамның жүрегінде ізгілік, мейірімділік сәулесі болса, ол- мұғалімнің еңбегі. Сол нұрды әрбір жеткіншектерге жеткізіп, жүрегіне сіңіру үшін қаншама тер төгеді десеңші! Адамды тәрбиелеп, оны азамат атандырудың өзі бір үлкен күш емес пе?! Сондықтан ұстаздардың еңбегі-ұлы еңбек.

 

4-жүргізуші: Алғаш рет өзіңнен

Білім алды балалар.

Оқу сырын өзіңнен

Біліп алды балалар.

Жастың өсті санасы,

Елжірейді жүрегі.

Бастауышқа бар бала

Алғыс айтып жүреді.

(Сыныптың оқушыларын таныстырып өтейік)

 

1-жүргізуші: Білімімен үлгі болған сыныпқа,

Отырмайды ойланбастан тынып та.

Аида біздің өнегелі, өнерлі,

Арасында достарының беделді.

 

2-жүргізуші: Мынау менің сезгенім,

Ол- сыныптың данасы

Өзінің де өзгенің

Рүстем болар панасы.

 

З-жүргізуші: Сынып намысын ақтаған,

Жүрекке сыр жаттаған.

Амантай мектеп ұясын

Жан- тәнімен сақтаған.

 

4-жүргізуші: Мен дәрігер боламын,

Үлкеннің де, баланың.

Деп жүр біздің Тоқжан

«Өзім емдеп жазамын»

 

1-жүргізуші:  Бастауыштың түлегі,

Ел деп соққан жүрегі.

«МАИ қызметкері болам» деп

Айдарбек біздің жүреді.

 

2-жүргізуші: Қай кезде де ол анық,

Қайғырмайды өзі үшін.

Тамирис біздің қуанып

Қызарады біз үшін.

 

З-жүргізуші: Бойында алаулаған жалын,

Жақсылық толғандырып жанын.

Нұрбол біздің қайтпай үйге,

Ойлаумен жүреді сыныптың қамын.

4-жүргізуші: «Мен үлкейіп, толамын,

Сіздей ұстаз боламын»

Деп жүр біздің Гүлжанат

Үлгісі кіші баланың.

 

1-жүргізуші: Мен инженер боламын,

Жерден алтын табамын.

Деп жүр біздің Аблайхан

«Алтыннан мектеп саламын»

 

2-жүргізуші: Келеді сонау қашықтан,

Мектепке әр кез асыққан.

Гаухар біздің ақ көңіл,

Көңілі дария тасытқан.

 

З-жүргізуші: Ертеңгі күнін ойлайтын,

Бес алам деп қалмайтын.

Аршыл біздің Қарақат

Жалқаулыққа бармайтын.

 

4-жүргізуші:  Ал мен ақын боламын,

Сусылдаған қаламым.

Дейді біздің Олжас

«Таудан асқан талабым»

 

1-жүргізуші: Күні бойы тынбаған,

 Үлкендерді сыйлаған.

 Сабырлы біздің Мейрам

 Ұқыптылыққа бойлаған.

 

2-жүргізуші: Жыр оқып, тарихын ол танытқан,

Кітап оқып, білімін де дамытқан.

Жандос – сыныбымыздың озаты.

Білімін ол болаттай ғып қорытқан.

 

З-жүргізуші: Әдепті ол сақтайды,

Әділетті жақтайды.

Ерасылды біздің ұстаздар

«Тәртіпті» деп мақтайды.

4-жүргізуші:  Би билейді талмайды,

Әсем әнін арнайды.

Біздің нәзік Ділназды

Барлық бала тыңдайды

 

1-жүргізуші: Әзілді жаны сүйеді,

Армансыз ол күледі.

Рамазан біздің әрқашан

Жып- жинақы жүреді

 

2-жүргізуші: Сыйлап сәлем береді,

Үлкендерді көргенде.

Аяулымды сыныпта

Ізетті деп біледі.

 

З-жүргізуші: Тентек, бірақ ақылды,

Сыйлап жүрер жақынды.

Фархат біздің ұлдарды,

Тәртіпке әркез шақырды.

4-жүргізуші: Ұстазын жанындай жақсы көреді,

Қоштасуға қимай жұмсақ жүрегі.

Нұрай біздің  ұстазына еркелеп,

Құшақтап кейде шығарып сап жүреді.

1-жүргізуші:  Өнер қуған жасынан,

Сөз асырмас басынан.

Намысқой біздің Ғибрат

Табылар дос қасыңнан.

2-жүргізуші: Білімді, алғыр, жан- жақты,

Қыздарымыз сымбатты.

Аружан біздің әрқашан

Досымыз болар қымбатты.

З-жүргізуші: Кішкентайы сыныптың,

Тентек емес жуас тым.

Алдияр біздің сыпайы,

Досқаадал шынайы.

 

4-жүргізуші: Қыздарымыз ұқыпты,

Сүйкімді әрі қылықты.

Наргиз біздің әрқашан

Таза ұстайды сыныпты.

1-жүргізуші: Математиканы ұнатады,

Кейде  қателесіп жатады.

Мақсат біздің әрқашан,

Күлдіріп те қуантады.

Би топтамасы

2-жүргізуші: Бастауыштан алдық біз білім нәрін,

                      Бар білімнің жинадық шырын- балын.

                      Бала деген ұстазға тартады екен,

                      Менің осы мектептен ұғынғаным

З-жүргізуші: Жүрегімде ұстаз берген сабағы ,

                     Өн бойыма тамырланып тарады.

                     Ұмытпаймын, салған жолын, ақылын

                     Мәңгі, мәңгі, мәңгі есімде қалады.

(оқушылар өлең жолдарын оқиды)

  1. Мұғалім- бұл адамның ардақты аты,

Білімді барбиікке шығар саты.

Ең алғаш басталады ос адамнан,

Сүйеді сондықтан да жақын- жаты…

  1. Ұстаз деген қасиетті адам бар,

Біле білсең, сенің екі анаң бар.

Бірі сенің туған анаң болса егер,

Екінші анаң ұстаз деген данаң бар.

Туған анаң болмаса ойнамас ең, күлмес ең,

Жарық дүние нұр сәулесін көрмес ең

Ұстаз ана болмаса сен өмірдің,

Мәні менен мағынасын білмес ең.

  1. Ұлы өмірге жетелеп,

Ашқан білім есігін.

Құрметтейік мәпелеп,

Ұстаздардың есімін.

Келешекке алтын бақ,

Қосар таудың үлесін.

Жасай берсін жарқылдап,

Ұстаз атты ұлы есім.

  1. Мол өнегең, ұрпаққамол дәрісің,

Қанаттандыр, қатайтып қолдан ұшыр.

Саған дегеналғыстың шегі де жоқ,

Әрбірінің азамат болғаны үшін.

 

  1. Басса бұрыс, жол сілтеп қате дейсің,

Әр балаға сен ана, әке дейсің.

Болашақтың көктеген жас шыбығын,

Бағбанындай аялап мәпелейсің.

  1. Білім алған өзіңнен,

Дәрігер, ұшқыш, не ғалым.

Саған ыстық сезіммен

Қарайды жұрт, мұғалім.

Мен де өзінді әрдайым

Қамқаршым деп ұғамын.

Күліп атқан таңдайын,

Жарқынсың сен, мұғалім.

  1. Байсалды мінезіңнен бір қалыпты,

Менің де көкейімде із қалыпты.

Ұстаттың қағаз, қалам қолыма өзің,

Ерінбей үйреттің де әр әріпті

 

  1. Қоссаңдар бірді екіге үш болады,

Деуші едің білімменен күш толады.

Алғыр бол, әдепті бол, сабырлы бол.

Ақылмен іс істесең іс болады.

Беруші ең бізге айтып өлең, тақпақ,

Таласып алушы едік біздер жаттап.

Өзіңіз баға қойған күнделікті

Жоғалтпай өмір бойы жүрем сақтап.

  1. Бастауышым-балбұлағым,

Алдым сенен балдың дәмін.

Әріп танып, білім алып,

Рахметімді жаудырамын.

 

  1. Өтті сенде қызық шағым,

Бастауышым- балбұлағым.

Қоштасар күн жетті міне,

Қимастықпен қол бұлғаймын.

 

  1. Ақылшым- асыл ұстазым,

Жолымды айқын нұсқадың.

Қасымакеліп қанша сен,

Қамқор боп қалам ұштадың.

4-жүргізуші: Мектеп деген- білім кені, жыр кені,

Мектеп деген- ғылымның ең үлкені.

Мектеп деген- тәрбиеші адамға,

Мектеп деген- даналардың мекені.

 

1-жүргізуші: Мектеп, мектеп-ашық жарқын көңілім,

Мектеп, мектеп-шаттық  толы өмірім.

Мектеп, мектеп-әнім болып төгілдің,

Мектеп, мектеп- жан анам болып көріндің.

2-жүргізуші: Құрметті ұстаздар, біз сіздердің оқытып жүрген барлық пәндерді ардақтаймыз, сөздеріңізді ынта қойып тыңдаймыз. Жан- жақты білім бергені үшін әрбір пән мұғаліміне алғысымыз шексіз.

 

З-жүргізуші: Арманым боп ансаған,

Мәңгілік қалдым мекендеп.

Өзіңе арнап жыр айтам,

Ардақтап сізді өтем деп.

 

Ұстаздарға арнау

  • Жұмыста ылғи қайсарлы,

Көрмейміз мұндай жайсаңды.

Ұжымның мықты ұстазы,                                             М

Нүрия апайды айтсаңшы.

 

  • Білімділік- тіршіліктің тірегі,

Манат апай тереңнен түсіндіреді.

Сөйлегенде мәдениетті тіліменен,                                Е

Барлық жанның елжіреген жүрегі.

 

  • Жаңыл, Үміт апайлар тәрбиелік оқытқан,

Санамызға қырын- сырын тоқытқан.

Ізгілік пен ізеттікке жетелеп,                                         К

Ақыл кенін болаттай ғып қорытқан.

 

  • Дина апай да  шебер-ақ,

Үйреткен әні жип- жинақ.

Шәкірттері молайып.

Жемісін ылғи берер- ақ.

  • Жазира,Сәуле апайлар орыс тілін танытқан,

Ойландырып ой- сананы дамытқан.

Баршаңызға тілеріміз жақсылық,

Арналады өлең атты шабыттан.

 

  • Бизнес тек математикадан тарайды,

Таусылмайтын кенге өзіңді балайды.

Талай шәкірт мақтан тұтар Гүлнұр апайды,                П

Өмірінің өзегі деп санайды.

БӘРІ: Мұғалім мектеп жүрегі, балалардың тірегі.

Ән «Мектебім»

4-жүргізуші: Жүзін жылы, құшағын кең,

Сізден түлеп ұшамын мен.

Сіздер берген білімменен,

Биіктерге шығамын мен.

Құттықтау сөз кезегін мектеп директоры ерең еңбегі медалінің иегері Нүрия апайға беріледі.

 

1-жүргізуші: Ата-ана десем алғыс алам халқымнан,

Ата-ана десем теңіз болам шалқыған.

Ата-ана десем ашылады қабағым,

Ата-ана десем әділдікті ұғамын

Бүлдіршіндерге жүрек жарды лебізін айту үшін ата-аналарға сөз береміз.

Ән «Анашым»

2-жүргізуші: Нұр жүзінен жылы шуақ төгілген

Шәкірттерін сүйген таза көңілден

Тағлым беріп жас ұрпаққа қашанда

Өз соқпағын тапқан мынау өмірден.

З-жүргізуші: Шәкірттердің тыңдап жауап сұраған

Жас санаға төгіп білім шуағын.

Хат танытып, жол сілтеген өмірге

Барша жанға құрметті жан- мұғалім.

Сынып жетекшімізді ортаға шақырамыз.

Мұғалім: Мұғаліммін, мұғалімді білемін,

Сан жыл өтсін ұмытпайтын түлегін.

Ойлылық пен парасатқа меңгеген,

Нұрға бөлеп шәкіртінің жүрегін.

 

Мұғаліммін, мұғалім боп қиналам,

Мұғалімдер- өмірдегі сыйлы адам.

Шәкіртінің білімі мен білігін-

Бар байлығы күнделікті жинаған.

Мұғаліммін, мұғалімдер қилы адам,

Бірін-бірі туысындай сыйлаған.

Балдырғаны таңдай білсе тура жол,

Бақыты сол өмір бойы қимаған.

Мұғаліммін, оқушымды түсінем,

Алғыс алдым үлкеннен де кішіден.

Әділдікті ту қып ұстап қашан да,

Ізгілікті байқатыңдар ісіңнен.

(оқушылар шығып тұрады)

Хормен: Берген білім, ерен күш,

              Ұстаздарға мың алғыс.

4-жүргізуші:Балалар, біз кітаптан нені үйрендік?

  1. оқушы: Оқуды, жазуды, есеп шығаруды, ән айтып, би билеуді.

  2. оқушы: Үлкенді сыйлауды, кішіге қамқор болуды.

  3. оқушы: Елімізге, жерімізге жақсылық жасауды үйрендік.

  4. оқушы: Әйтекенің жарып айтқан,

Қазыбектің қазып айтқан.

Төле бидің тауып айтқан,

Ұлағатты сөзінен өнеге үйрендік.

1-жүргізуші: Біз не сүйеміз?

1-оқушы: Отанды, ата-ананы, халқымызды, достарымызды, табиғатты.

2-жүргізуші: Біз нені ажырата білеміз?

2-оқушы: Жақсылық пен жамандықты,арамдық пен адалдықты, ақ пен қараны.

З-жүргізуші: Біз кім боламыз?

Бәрі: Адал азамат, оқымысты ғалым, елді, жерді сүйетін нағыз адам боламыз.

4-жүргізуші: Олай болса құрметті қонақтар, ата- аналар, ұстаздар  біздің қызықты сәттерімізден бейне слайд тамашалаңыздар.

1-жүргізуші:     Құрбыласпыз,

Тұрғыласпыз.

Барлығымыз бір сыныптаспыз.

Таланттымыз,

Талаптымыз.

Жақсы оқимыз сабақты біз.

2-жүргізуші:    Бастауышта оқыдық,

Ойға білім тоқыдық.

Болар бізден жалындар,

Ертеңгі ірі ғалымдар.

 З-жүргізуші:     Алдыңда ұзақ жолың бар,

Оқумен өсіп толыңдар.

Қиындыққа мойымай,

Аман- есен болыңдар.

 

4-жүргізуші: Бітіруші түлектер,

Жүктелер бар аманат.

Айтылды ізгі тілектер,

 Болмасын еш жаманат.

Хор: «Сыныптастар, құрдастар»

Бүгін міне бастауышпен қоштасамыз,

Ұстаздар-ау, жақсы істі қоштасаңыз.

Үлкен сынып балалармен достасамыз,

Сыныптастар, құрдастар.

Қайырмасы: Бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік,

                     Бәріміз де өмір жолын бастап едік.

                     Білімменен алға(2)

                     Ұмтылайық, ұмтылайық біз достар.

Білімменен көрсетелік біздер қызмет,

Білім берген ұстаздарға көп- көп рахмет.

Көрсетпесін өмір-өзен еш тауқымет,

Сыныптастар, құрдастар.

Қорытынды.

Білімнің мініп алып тұлпарына,

Қиналмай шықты білім шыңдарына.

Бүгінгі сайысымыз аяқталды,

Сөз кезегі қазылар алқасында.

Бүгінгі сайысымызды қорытындылап, жеңімпаз топты анықтау үшін қазылар алқасына сөз берелік.

              VІІ. Жұлдызды сәт

               І) Жеңімпаздарды марапаттау

               ІІ) Жыл қорытындысы бойынша оқушылар мен ата- аналарды марапаттау.

Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата-аналар! Осымен бүгінгі Біздің  сыныптың  бір жылдығы, «15 мамыр – Халықаралық Отбасы» күні  аясында «Ұлттық, адамгершілік және рухани құндылықтарды тәрбиелік шаралар арқылы насихаттаудағы сынып жетекшінің ролі» бағытында  ұйымдастырылып отырған «Жүйрік болсаң, озып көр» атты тәрбие сағатымыз өз мәресіне келіп жетті. Жарыс болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Жарыста жеңілсек те, өмірде оқуда жеңіске жете берулеріңе тілектеспін.

  [bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *