Қостанай облысы
Арқалық қаласы
№10 орта мектебінің география пәні мұғалімі
Батырхан Карашинов
Тақырыбы: «ХХ ғасыр обасы»
Мақсаты:
А) Адамзат өміріне қауіп төндіріп отырған қатерлі ЖИТС дертінің алдын-алу, оның жұғу жолдарын одан сақтана, қорғана білу туралы түсіндіру.
Ә) Салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Б) Оқушыларды жаман әдеттен аулақ болуға, адамгершілікке, инабаттылыққа, елжандылыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі: слайд, бейне ролик, газет — журнал деректері, мақал-мәтелдер.
Барысы: Ұйымдастыру бөлімі: оқушылармен амандасу, түгендеу, сабаққа назар аударту.
Кіріспе сөз: Соңғы жылдары жер шары халықтарының назары ХХ ғасырдың обасы аталған ЖИТС дертіне аууда, қазірдің өзінде ондаған мың адамдардың өмірін жойған осы бір қатерлі ауру жайында жұмыр жердің түкпір-түкпірінде күн сайын хабар бермей отырған бірде-бір газет, журнал, теледидар немесе радио торабы жоқ. Бұл дерттің қара бұлты бүкіл жер шарын басып келеді. Сондықтан осы аурудың алғашқы және негізгі белгілері, одан сақтану жолдары, аурудың алдын-алу және емдеу тәсілдерін білгеніміз жөн. ЖИТС қоздырғышын немесе адамда иммунитет жетіспеушілікті туғызатын вирусты (ВИЧ-1) 1983 жылы француз ғалымы, вирусолог Л.Монтанье тапты. Ал 1984 жылы америкалық ғалым Р.Галло вирустың барлық қасиеттерін жан-жақты тексеріп жариялады. Сонымен, ЖИТС вирусы адам ағзасында қалай өмір сүреді?
Әлібек: Адам ағзасына енген ол қанның лимфоцит клеткаларының ішіне кіріп, клетканың генетикалық аппаратына жабысып тез көбейе бастайды. Осының әсерінен клетка жарылып өледі. Одан шыққан вирустар жаңа клеткаларға жабылып, өткен процестерді қайталайды. Лимфоцит клеткаларының осылай өле беруі салдарынан күндердің-күнінде ағзасында иммунитет жетіспеушілік пайда болады. Бұл жасырын кезең ондаған жылға дейін созылуы мүмкін. Айырықша еске салатын жай, осы жасырын кезең кезінде адам өзін аурумын деп есептемейді. Бірақ, ол өзімен қатынастағы адамдарға жұқпалы аурудың көзі ретінде ЖИТС-ті тарата береді.
Самғат: — Уа, жаратылыс!
Адамзатқа өмір берген құдіреттің қайнар көзі!
Сен естисің бе мені?
Сүт сәулелі мынау бір өмірдің бар қызығын көре алмай, арманда кетіп бара жатқан, жұмыртқадай жұмыр басты пенденің зарын тыңдашы бір сәт!
Өзімнен өзім сыр таптым,
Өле алмай жүрген сырқатпын.
Шіріген картоп сияқты,
Бұрышында қалған бір қаптың.
Бекен: -Мен жағдайы әжептәуір отбасында дүниеге келдім. Әп деп өсе бастағаннан ештеңеден таршылық көргенім жоқ. Басқа балалар ішпегенді іштім, кимегенді кидім. Бір сөзбен айтқанда, өте ерке болып өстім. Әке-шешем бар дегенімді жасады. Анда-санда әкем мен тентек болған кезде, айқайлап ұрса бастаса анам: «Ойбай,жалғыз балада нең бар?»-деп ара түсетін.
Әлпештеп алды анам алдымнан шығып,
Қасымнан кетпес қиғаш қадам шығып.
Ата-ана перуана боп перзенті үшін,
Күн кешер көрсетпе деп жаманшылық.
Ардақтап ата-анаңды сол секілді,
Қынжылтпай қызмет көрсет адамшылық.
Түседі еске кей кез бала кезім,
Бала кезім… кетуші ем дала кезіп.
Ақ қайынға шайқалған қараушы едім,
Қараушы еді мөлдіреген қара көзім.
— Иә, ата-анамның еркелеткені мені одан әрі құтырта түсті. Жетінші сыныпқа жеткенше екі-үш мектепке ауысып үлгердім. Неге дейсіз ғой. Тәртіпсіздігім үшін. Бір күні көрші подъезге жаңа отбасы көшіп келді. Олардың да мен секілді ұлы бар екен. Сонымен «іздегенге сұраған» дегендей, екеуміздің жұбымыз жазылмайтын болды. Оның менен айырмашылығы зиянды әрекеттерге құмар болды. Егерде білген болсам тіріде жолаймын ба?!
Әлібек: Таусылмақ дәм.
Бітпек өмір-өзенім.
Менің-дағы жетті кетер кезеңім.
Оны көптен тарқамаған қайғы мен
Жүрегімнің мұң көзінен сеземін.
«Өлермін» — деп күңірінем, күйзелем,
Мені есірткі найзасымен түйреген.
Өз әлімше арман-көлде жүзе алмай,
Қанатымнан жараланған күйде мен.
Самғат: -Соңғы кезде өмір-тірлік, табиғат, жаратылыс туралы көп ойланатын болдым.
О, жаратылыс! Жарық дүние! Кеш мені! Шынында да адам өмірі ғажап екен ғой. Бір-ақ өмір! Осы бір-ақ рет берілген өмірінде қартайғанша жүріп, о дүниеге аттансаң арманың бар ма? Бұған кім кінәлі? Балалық па, шалалық па, әлде еркелік пе? Қазір ғой ішім жидіп күйіп кетеді, өкініштің улы запыраны бүкіл денемді қалтыратады. Бәрі кеш енді. О, Жаратқан! Жұмыртқадай жұмыр жер мен төңкерілген тайқазандай көк аспан! Сендер естисіңдер ме, мына менің зарымды? Айтыңдаршы, құтқаратын күш бар ма, мына мендей бейбақты.
Бұл тірлікте не тындырдым, не көрдім,
Құрбанымын ЖИТС деген кеселдің.
Ақтамай-ақ кетіп барам арманың,
«Жалғыз бала» деп өсірген әкемнің.
Кім кінәлі, аялаған анам ба?
Бар қажетті даярлаған қоғам ба?
Тек қана өзім кінәлімін сол үшін
Улы дерттің құрбаны мен болам да.
Жас жеткіншек!
Өздеріңе өлер кезде айтып кету борышым,
Ауырсаңдар бұл кеселмен,
Дәрігер де бере алмайды қол ұшын.
Құтқаратын күш жоқ,онда әлсіз тірі өліксің,
Жат әдет пен зияндыларға жоламаңдар сол үшін!
Гаухар: ЖҚТБ-дан сақтану үшін не істеу керек? Жаман әдеттерден сақтану керек. Ол ойды да, бойды да өсірмейді. Қайта денсаулығыңды әлсіретіп, өмір жасыңды қысқартады. Ал, дені саудан, жаны саудан артық ештеңе жоқ. Байлық та, бақыт та сол емес пе?
Самғат: ВИЧ, қазақша АИТВ-адамдағы иммунитет тапшылығы вирусы, жұқтырғандар және ЖИТС–пен ауыратындар саны өте жылдам көбеюде. Тіпті бұл дерт балалар өміріне де балта шабуда.
Жанерке: Олардың арасында ауру жұқтырғандарды былай қойғанда ЖИТС-дан қайтыс болған ата-аналардың жетім қалған 15 жасқа дейінгі ұл-қыздарының саны 9 млн-ға жеткен.
Ақерке: ЖИТС ауруын тудыратын вирус-ВИЧ нәрестеге осы аурумен ауыратын ананың құрсағында жатқан кезінде немесе дүниеге келгеннен кейін қан арқылы,емізгенде жұғады.
Бекен: Кейде ЖИТС вирусын жұқтырған адамның қанынан ем ретінде сау балаға құйғанда да, бір рет қана қолданатын инені қайталап қолдану кезінде де жұғуы мүмкін.
Әлібек: Ғасыр дерті – ЖИТС өршіп тұр. Баспасөз бетіндегі соңғы мәліметтер бойынша Қазақстанда ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар саны 1159 болса, 30 адамның ЖИТС-ға ұшырағанын мәлімдеді. Оның негізгі ошағы Қарағанды, Теміртау, Алматы қалалары болып отыр. Жұмыр жерді мекендеген халықтың сонау, ерте заманнан бері айтылып, ғасырлар бойы сұрыпталып келген інжу-маржандай асыл да, даналы сөздері бар. Осынау ғибратты сөздер адамзат баласының денсаулығына зиянды әрекеттерді де жан-жақты қамтыған. Медицинада сөз құдіретінің шарапатына өлшеу жоқ. Азабын арқалатып діңкесіне тиген жаман әдеттен құтыла алмай, амалсыз көніп, медет, көмек тілеп алдына келген науқасқа дәрігердің тауып айтқан бір жылы сөзі тамаша қуат береді.
Гаухар: Иә, мақал-мәтелдер – ғасырлар бойы сұрыпталып, сұлуланып, салмақтанып, кемелденген сөз асылы, парасатты тәрбиеші, әділ сыншы, адал ақылшы ғана емес, сонымен бірге епті, есті емші де.
Карточкалар үлестіріледі (мақал-мәтелдердің екінші бір бөлігі жазылған).
Қорытынды:
ЖИТС адамзат алдында тұрған жаңа және қиын проблема ол тек медициналық қана емес, әлеуметтік проблема.
«Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар».
Елбасы жолдауынан
Ілмекауру ашық тәрбие сағат ЖИТС СПИД ХХ ғасыр обасы