Индер ауданы
Махамбет атындағы орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
жоғары санатты мұғалімі
Қайырлиева Ардақ Тулеуовна
Шеберлікті шыңдай түс
«Ұстаздық — ұлы іс» деп кемеңгер жазушымыз М. Әуезов айтқандай, бұған лайық болу — үлкен абырой, басты борышым деп есептеймін. Мұғалім — мамандық болса, ұстаздық қасиет- табиғат дарытқан құдірет екен. Бойыңа қуат, жүрегіңе жарық жігер беріп өрге сүйрейтін де, жаныңа азық, өміріңе өзек боп төрге сүйрейтін де — осы ұстаздық қасиет. Қазағымның, елім мен жерімнің және ана тілімнің мерейін өсіретін ұстаздық ұлағатты істе адал болу — абыройлы іс. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім болып істеп келе жатқаныма 20 жылдан асып барады. Қазіргі білім беру мен тәрбиелеудің мазмұны да, сипаты да кұрделене түсті. Жаңа XXI ғасырға сай өзгеше қабілет — қасиетке ие ұрпақ қалыптасып келеді. Осыған орай ұстаздықтың мәні жаңа сипаттарға ие болуда. Демек, ұстаздың білім мен өнердің жеке қиын саласына үйретуге өте мұқият бағыт ұстауы, білім — біліктің тармақтылығын жете үйретуді талап етуде. Осындай күрделі де қиын жауапкершілікті арқалаған мұғалім, біздер, өз пәніне қатысты үнемі білімін жетілдірумен, сабақ өткізу шеберлігін таңдаумен бірге педагогикалық — психологиялық өрісін өсіріп отыруға міндетті деп білемін. Өзімнің тәжірибеме сүйене отырып, жаңашыл ұстаз болмысын сомдар болсам, біріншіден, мұғалім — үздіксіз ізденуші. Кез — келген тосын сұраққа жауап беріп, кез — келген жағдаяттан шыға алатын білімдар жан. Ізденіс мен үшін әрқашан теориялық білімді кеңейтіп, методикалық әдіснамамды арттырудың тиімді жолы болмақ. Сол арқылы келешек ұрпақтың сапалы білім алуы қажеттілігін жадынан шығармай кәсіби мәдениеті жоғары, білікті маман атану. Соның бір дәлелі — мен биылғы жылы өз білімімді көтеріп, І ( ілгері) деңгей курстан өтіп, Кембридж бағдарламасын меңгеріп, жеті модуль бойынша сабақ өткізу әдіс — тәсілін үйреніп келдім. Кембридж бағдарламасын игертуге 3 ай бойы бізбен тынымсыз еңбек еткен тренеріміз Есбосынов Наурызбек Мурсалимұлына және Педагогикалық шеберлік орталығына айтар алғысымыз шексіз. Кембридж тәсіліне негізделген бағдарламадан көптеген деректер алдым. Бағдарламаның негізгі түйіні- білім беру мен оқытудағы мұғалімнің жеті модульге негізделген әдіс-тәсілдерді меңгеруі. Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер:
Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету.
Білім беру үшін бағалау және оқуды бағалау.
Білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану.
Талантты және дарынды балаларды оқыту.
Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес білім беру оқыту.
Білім берудегі басқару және көшбасшылық.
Осы курста біз аталған жеті модульдің сабақта қарастырылған идеялары мен байланысын қарастырдық. Сонымен бірге SMART, Lesson Study тәсілі, тәлімгерлікті жоспарлау, коучинг өткізу, іс-әрекеттегі зерттеудің айналымы, мектепті дамытуды жоспарлаудағы басымдықтарды анықтау қажеттігі, басқару мен мұғалім көшбасшылығы, мектепте оқытуды басқару мен кәсіби қоғамдастық туралы айтылды. Қысқасы, оқытудағы Кембридж университетінің теориялық негіздерінен мағлұмат ала отырып, І,ІІ,ІІІ деңгей бағдарламасының түйінді идеяларын ұғындық. Сонымен қатар қазіргі таңда білім беру саласындағы әлемдік білім кеңістігіне ұмтылуға байланысты мұғалім дайын білімді беруші емес, бағыттаушы екенін түсіндім.
Олай болса, Кембридж университетінің ұсынып отырған бағдарламасының мазмұны ұстаздарға осы тығырықтан шығып, мектептегі оқыту үрдісіне тың серпіліс жасауға айтарлықтай өз үлесін қосары сөзсіз. «Оқушының жеңісі-мұғалімнің жетістігі, ал мұғалімнің жетістігі-жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді қолдануында» дегендей, осы үйренген жаңа тәсілдерді еңбек жолымда пайдалану дұрыс болмақ.
Әрқашан өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірде өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаз болайық.!