Ақтан батыр ауылы
№190орта мектеп музыка пәні мұғалімі
Қалым Базаркүл Қасымқызы
Сабақтың тақырыбы: «Музыкалық көңіл күй», «Дыбыс әлеміне саяхат» модулінің сабақ жоспары.
Сабақтың мақсаты: балаларды «Музыкалық көңіл күй» өнеріне баулудың бірден-бір жолы – олардың бойларындағы қасиеттерін түсіну, сезіну қабілеттерін байқау, музыканы қабылдай білуге тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар: ЭО, CD диск, музыкалық аспап, суреттер, ноталар
Сабақ түрі: аралас сабақ
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен сәлемдесіп, сабағымызды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен бастаймыз.
ІІ. Өткен сабақты қайталау
Музыканы орындау ережесімен түсіндіремін.
– Ал, енді балалар, ән айту ережесін тыңдаймыз.
1-сурет. ЭО «Ән айтып үйренеміз» модулі
Әнді дұрыс айту үшін музыканы зейін қойып, тыңдау керек. Әнді бастар алдында, асықпай ішіңнен дем ал, сөздің ортасында дем алмау керек, әннің сөзіндегі дауысты және дауыссыз дыбыстарды анық, түсінікті етіп айт. Даусыңды әдемі әрі жеңіл шығаруға тырыс, әнді мұғалімнің қолының қимылына қарап, бірдей бастап бірдей аяқта. Ал енді, алдымыздағы ЭО-тың «Мен әнді әдемі айтамын» модулін ашып, «Біз көңілді ұланбыз» әнін тыңдаймыз. Тыңдамас бұрын, оқушыларға сұрақ қоямын.
– Балалар, біз бүгін әдеміміз бе? Музыка бізге қажет пе? Музыкасыз өмір сүре аламыз ба? Мүмкін музыканың да көңіл күйі бар шығар.
2-сурет. ЭО «Ән айтып үйренеміз» модулі
ІІІ. Жаңа сабақ
Музыканың көңіл күй модулін түсіндіремін.
3-сурет. ЭО «Музыкалық көңіл-күй» модулі
Ән тыңдау мәдениетіне бірінші күннен бастап, үлкен мән беріп қараймын. Ән тыңдағандағы сабақтың мақсаты, оқушылар көңілді қуанышты сезімде қалу керек. Балаларды әдемілікке, көңіл күйін көтеруге тырысамын. ЭО арқылы әнді тыңдатамын. Ал енді,
– Ән сендерге ұнады ма?
– Ән қаншалықты әсер етті? деген сұрақтармен жалғастырамын. Сабақ қызықты, көтеріңкі күйде өту үшін, мұғалімнің шеберлігі қажет. Дұрыс сұрақ қоя білу, іздену, ойлану, әр түрлі жағдайлар тудыру, нотамен ән айтқызу оқушылардың шығармашылық ой-өрістерін дамытады. Сабақты тағы да сұрақтар арқылы жалғастырамын.
– Әнді айтқан адамды кім деп атаймыз? (орындаушы)
– Орындалған әнді кім тыңдайды? (біз тыңдаймыз).
Ал, енді ЭО-тың «Тыңдаймыз» модулі бойынша Құрманғазы Сағырбайұлының «Сарыарқа» күйін тыңдамас бұрын, оқушыларға композитор, шебер күйші, Құрманғазы Сағырбайұлының өмірімен таныстыра отырып, суретін көрсетемін.
4-сурет. Құрманғазы Сарыбайұлы
Күйші Атырау жерінде дүниеге келген. Оның өнердегі алғашқы ұстазы – Ұзақ күйші. Ұлы күйшінің бүкіл өмірі әлеуметтік-әділетсіздік пен қанаушылыққа, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жолында өтті. Еркіндік іздеген халықтың өршіл ойын, аяулы арманын, жеңілмес образын суреттейтін «Сарыарқа» күйі осы кезеңде туды.
Оқушыларға жалпы күй мағынасын түсіндіремін. Күй – домбырада және басқа да халық аспаптарында орындалатын музыкалық шығарма. Біздің республикамызда мемелекеттік халық ұлт аспаптар оркестрі Құрманғазы есімімен аталатынын білеміз.
5-сурет. «Сарыарқа» ансамблі
«Тыңдаймыз» модулінен «Сарыарқа» күйі беріледі.
6-сурет. ЭО «Дыбыс әлеміне саяхат» модулі
Құрманғазы, Тәттімбет
Домбырамен сайраған
Жүрекке от жақсын деп,
Елге күйін арнаған
деп өлең жолдарын айтып беремін.
– Күйді тыңдай отырып, көз алдымызға нені елестетуге болады?
– Күй тыңдағанда қандай әсер алдыңдар?
– Күй бізге не айтты?
– Күйдің мінезі қандай?
– Қандай музыкалық аспаптың даусын естідіңдер?
Күй туралы оқушылар өз ойларын айтып береді. Ал, енді балалар, «Ән айтайық» модулін ашып, «Біз көңілді ұланбыз» әнін орындайық. Әнді орындамас бұрын, әуенді басынан аяғына дейін зейін қойып тыңдап аламыз. Әнді есімізде сақтау үшін, оны ішімізден бірнеше рет қайталап отырамыз. Ән айтқан кезде орындау мәдениетіне көңіл аудару керек.
Біз көңілді ұланбыз,
Ән шырқаймыз сайраңдап.
Бақыт елде туғанбыз,
Жаз гүліндей жайраңдап. – 2 рет
Бөбектерді қуантып,
Құрметтейді қарттарды.
Өнерге біз құмартып,
Біз сүйеміз бақтарды – 2 рет
Шынығамыз, ойнаймыз,
Жас ұрпақты сабақтап.
Жаз қызығын тойлаймыз,
Жақсы оқимыз сабақты – 2 рет.
Осы тыңдаған әнімізді оқушылармен талдаймыз. Ән мазмұнын ашамыз. Біз көңілді ұлан екенімізді, біздің еліміз бақытты, сол үшін қуанып, ән саламыз, қарттарды құрметтейміз, бөбектерді қуантамыз, сабақты жақсы оқимыз. Бәріміз өнерліміз, музыка сабағын жақсы көреміз, «Өнерлі бала өрге жүзер» дегендей, бүгінгі сабағымызды аяқтайық.
- Үйге тапсырма
Енді үй тапсырмасын алыңдар. Сұрақ арқылы тақырып беріледі, әр түрлі деңгейде орындап келесіңдер.
- Қоршаған ортамен байланысты музыка тыңдау.
- Оқушының еркі бойынша сурет салу.
- Тыңдаған әнге өлең шығарып келу.
- Өз ойынан шығарма жазып келу.