Басы » Технология » Оқушылардың білімін жан-жақты тексеруде ойын түрлерін дамыту

Оқушылардың білімін жан-жақты тексеруде ойын түрлерін дамыту

gulf           Жұбатова  Гулфайруз  Убайдуллаевна

№2   Қаратау   колледжінің  «Электргазбен   пісіруші»

мамандығының ІІ санатты өндірістік  оқу  шебері

Баяндама тақырыбы: Оқушылардың білімін жан-жақты тексеруде ойын түрлерін дамыту

 

Мақсаты – оқушылардың ойлау қабілетін дамыту, белсенділіктерін арттыру, ізденімпаздық пен шығармашылыққа баулу.

Міндеті – оқушылардың танымдық қызығушылықтарын ояту.

 

Қоғамдағы қазіргі кездегі қайта құрулар, экономиканы дамытудағы жаңа стратегиялық бағдарлар, қоғамның ашықтығы, оның жедел ақпараттануы мен қарқынды дамуы білім беруге қойылатын талаптарды түбегейлі өзгертті.

Əлемнің жетекші елдерінің көпшілігінің білім беру жүйесі білім берудің мақсатын, мазмұны мен технологияларын оның нəтижесіне қарап бағалайтын болады. Білім берудің қазіргі негізгі мақсаты білім алып, білік пен дағды-машыққа қол жеткізу ғана емес, солардың негізінде дербес, əлеуметтік жəне кəсіби біліктілікке – ақпаратты өзі іздеп табу, талдау жəне ұтымды пайдалану болып табылады.

Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі əлемде болып жатқан өзгерістермен онша үндеспей отыр. Еліміздегі педагогикалық қоғамдастықтың алдында білім берудің жаңа моделін құрудың, сынақтан өткізу мен енгізудің ауқымды міндеттері тұр, оның жүйесінің негізгі ұстанымдары «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында» көрсетілген.

Қазіргі қоғамдағы əлеуметтік-экономикалық өзгерістер мектеп оқушыларынан терең жəне орнықты білімді талап етеді. Осы орайда,оқушының жеке тұлғасын, рухани əлемін, ынтасы мен қабілетін дамыту бүгінгі күннің негізгі мəселелерінің бірі. Себебі: оқушылар өз бетімен ізденіп жұмыс істеуге, өз бетінше білімді тəжірибеде, өмірде пайдалануға дағдыланбаған. Сондықтан көп жағдайда оқушылардың өз күшіне сенімін арттыру,шығармашылық қабілетін дамыту үшін сабақ əр түрлі, жан-жақты болу керек.Оқу материалын түсіндіру кезінде оқушылардың сезіміне, эмоциясына ықпал ету арқылы ынта-ықыласын, танымдық қызығушылығын күшейту.

Сабақ сапасын арттыру – барлық мұғалімдерді толғандыратын маңызды мəселе. Бұл ретте білім деңгейінің төмендеу себептерінің бірі – күнделікті сабақты өткізудің стандарты, бір мəнді, шаблонды, көптеген мұғалімдердің сабақ үрдісін түгелдей дерлік жаулап алған дəстүрлі сабақтарды айтуға болады.

Күн сайын өтетін, тіпті тамаша көрнекіліктер арқылы болса да, жаңа сабақты түсіндіру, үй тапсырмасын сұрау жəне қорытындылау сияқты жаттанды кезеңдерден тұратын классикалық немесе дəстүрлі сабақ оқушыларды жалықтырады, білімге ынтасын төмендетері сөзсіз. Сондықтан, əр мұғалім өз жұмысында сабақты жандандырудың жаңа технологиясын іздестіру, бұған оқушыларды тарта білуі, олардың белсенді шығармашылық жұмыстарын ұйымдастыра білуі міндет. Бірақ, бұдан жаңа технологиялар дəстүрлі сабақтарды толық алмастыру керек деген ой тумауы керек. Олар дəстүрлі сабақтарды толықтырып жандандыра түсуі, оқушының білімге қызығуын арттыруы тиіс, сонда ғана оқу үрдісі, жетілдіріле түседі.

Оқу үрдісін жандандыру үшін оқушылардың білім сапалық деңгейін, ынтасын, белсенділігін арттыру үшін сабақ барысында жаңа педагогикалық технологияларды қолданып, ізденістер жүргізуде. Əдіс-тəсілдерді мұғалім ізденісі арқылы оқушы қабілетіне, қабылдау деңгейіне қарай іріктелініп,қолданылады да, тиімді, пайдалыларын жетілдіре түседі.

Оқу орындарында оқу-тəрбие үрдісінде кеңінен қолданылып жүрген, оқушыларды қызықтыратын қызықты сабақтар – дəстүрлі емес сабақтар.Қазір педагогика ғылымында дəстүрлі емес сабақтардың 70-тен астам түрлері белгілі. Мысалы: ойын-сабақ, викторина-сабақ, сабақ-байқау,конференция-сабақ, рецензия-сабақ, реферат немесе оқушылардың өзіндік шығармашылық жұмыстарын қорғау сабағы, т.б.

Дəстүрлі емес сабақтарды өтілу формасы мен мақсат-міндеттеріне қарай 3топқа бөлуге болады: ой қорыту сабағы, ойын сабағы, жарыс сабақтары (1,2-кесте).

Дəстүрлі емес сабақтардың негізгі мақсаты – оқушылардың ойлау қабілетін дамыту, белсенділіктерін арттыру, ізденімпаздық пен шығармашылыққа баулу. Дəстүрлі емес сабақтардың міндеті – оқушылардың танымдық қызығушылықтарын ояту.

Ойын сабақтары. Ойын сабақтары – дəстүрлі емес сабақтардың ең көп тараған түрлері. Ойын сабақтарының ерекшелігі – оқу-тəрбие үрдісінде оқушыларға таныс ойын элементтерін білім алуға пайдалану. Ойын -оқушылардың оқуға, еңбекке деген белсенділігін арттырудағы басты құрал.Ойын сабақтарына: саяхат, театр, тренинг, жұлдызды сағат, ғажайыптар алаңы, ойлан тап!, аукцион, жəне т.б. сабақтар жатады.

Жұлдызды сағатсабағы – қайталау-пысықтау сабақтарында, əрі білімді тексеру үшін, əрі білімді жүйелеу мақсатында өткізілетін дəстүрлі емес сабақтың көптеп тараған түрі. “Жұлдызды сағат” сабағы белгілі бір тақырыпқа арналады. Мұнда ойыншылардың саны алғашқыда 5-7 болады да, əр бөлім сайын ұпайы аз ойыншы ойыннан шығып отырады, ең соңында білімі терең, жеңімпаз ойыншы “Жұлдызды сағат” төрінен орын алып, келешек туралы өз ойын білдіреді.

“Жұлдызды сағат” сабағы оқушыларды ізденушілікке, шығармашылыққа баулиды, өйткені “Жұлдызды сағат” өтетін сабақтың тақырыбы оқушыларға алдын-ала тараудың басында 10-15 күн бұрын белгілі болады да, оқушылар берілген тақырыптар бойынша жан-жақты өз бетінше ізденіп, білімдерін толықтырады.

Театр сабағы – сабақтағы өтілетін материалдарды рөлдерге бөліп,кейіпкерлерді сомдауы. Мұнда оқушыларды рөлдерге өз қызығушылығымен,ынтасымен қатысуын қамтамасыз еткен жөн. Сонда ғана сабақ мақсатына жетіп, тəрбиелік мəні арта түседі.

Тренинг сабақ_ – белгілі бір тақырыпқа өткізілетін ойын сабақтарының бірі.

Тренинг сабақтың ерекшелігі – тренингке қатысып отырған оқушылар өз ойларын айтып, өз еркімен белсене қатысу керек.Тренинг сабақтар оқушылардың белсенділіктерін, танымдық қызығушылықтарын, шығармашылық қабілеттерінің дамуына өз үлесін қосады,арта түседі.

Саяхат сабағы – белгілі бір мақсатқа жету үшін, аялдамаларға тоқтап,көздеген жерге серуендеп бару негізіне құрылған сабақ.

Ойлан тап!” сабағы – білімді жүйелеу, қайталау жəне тексеру сабақтарында пайдаланған ұтымды. Сабақтың ерекшелігі – сабақта қызықты шытырманды мəселелер қарастырылып, шешуін табуда оқушылардан терең білімді талап етеді.

Аукцион сабақ_ – дəстүрлі емес сабақтардың негізгі түрлерінің бірі. Аукцион

сабақтары көбінесе қайталау-пысықтау сабақтарында пайдалану қолайлы.Аукцион сабағында əр түрлі заттар көрмеге қойылады, оқушылардың ол заттарды сатып алу үшін, ол заттардың қасиеттерін айтып, не артындағы тапсырмаларды, есептерді шығаруы керек.

Дəстүрлі емес сабақтарды өткізу мұғалім мен оқушылар тарапынан мынадай іс-қимылдарды талап етеді.

  1. Сабақтың алдын-ала өте ұқыпты дайындалуы: арнайы тапсырмалар беріледі, сабақ мақсаты, құрылымы, əр оқушының міндеті мен рөлі түсіндіріледі. Қажетті дидактикалық материалдар мен əр түрлі көрнекіліктер əзірленеді.
  2. Сынып жəне əр оқушы ерекшеліктеріне, білім деңгейлеріне сəйкес сабақтың жүру барысы тыңғылықты ойластырылады, нақты жоспарланады.
  3. Нашар үлгеретін жəне білімге немқұрайлық танытқан оқушылардың танымдық іс-əрекетін жандандыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Дəстүрлі емес сабақтардың өткізілуі де алуан түрлі, мұғалім қиялына шек болмайды, тек түпкі мақсат – сабақты жандандыру, оқушының білімге қызығушылығын арттыру еш өзгеріссіз сақталуы тиіс. Дəстүрлі емес сабақтар оқушыларды өз бетінше ізденулеріне, өз ойын еркін айта білуге үйретеді жəне белсенділіктерін, танымдық қызығушылықтарын, шығармашылық қабілеттерін қалыптастыруға өз үлесін қосады. Сонымен қатар, оқушылардың бойында ізгілік, адамгершілік қасиеттерінің қалыптасып, олардың жеке тұлға болып қалыптасуына өз үлесін қосады.

Дəстүрлі емес сабақтарды өткізу барысында оқушыларға берілетін тапсырмаларды, анықтамалық материалдарды немесе қажетті кеңес беруді, т.б.компьютер арқылы орындаған өте тиімді.

«Ойынсыз ақыл- ойдың қалыпты дамуы жоқ және олай болуы мүмкін емес. Ойын- дүниеге ашылған үлкен жарық терезе сияқты, сол арқылы баланың рухани байлығы мен жасампаз өмірімен ұштасып, айналасындағы дүние туралы түсінік алады. Ойын дегеніміз- ұшқын білуге құмарлық пен еліктеудің маздап жанар оты», — деген атақты педагог В. А. Сухомлинский.

 

 

Қолданылған əдебиеттер

 

  1. Ильина Т. Педагогика. – М, 1984.
  2. Мұқанов М.М. Жас жəне педагогикалық психология. – А, 1982. – 247 б.
  3. Педагогикалық жəне жас ерекшелігі психологиясы. /Ред. басқарған

А.Петровский. – А., Мектеп, 1987.

  1. Əбиев Ж., Бабаев С., Құдиярова А. Педагогика. – Алматы, 2004. – 437.
  2. Сабыров Т. Болашақ мұғалімдердің дидактикалық дайындығын жетілдіру. –

Алматы, 1999.

  1. Сабақ беру тиімділігін арттыру. /Құрастырған Сманов Б. – А., 1989.
  2. Ұстаздың шеберлікке жету жолдары. /Құрастырған Нұржанова Ж. – А., 1991.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *