Роза Жамантаева,
Ақтерек орта мектебі тарих пәнінің жоғары санатты мұғалімі
КСРО халықтарын Қазақстанға депортациялау
(Қазақстан тарихы. 9 — сынып)
Сабақтың білімділік мақсаты: оқушыларға Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанға күштеп көшірілген халықтар туралы түсінік беру оның себеп салдарын талдау және қазіргі кездегі Қазақстан халқы қалыптасуының позитивті жақтарын түсіндіру.
дамытушылық мақсаты: тақырыпты меңгерте отырып елімізге соғыс кезінде күштеп көшірілген басқа ұлт өкілдерін қазақ халқының жанашырлықпен жылы қабылдап, көп көмек бергенін және бүгінгі күні көп ұлтты елімізде халықтар достығының тереңдігін мемлекетіміздің беріктігінің нығаюындағы ролін көрсету. Мәңгілік ел туралы білімдерін тереңдету.
тәрбиелік мақсаты: оқушы бойына өз еліне, Отанына деген сүйіспеншілік сезімін дарыта отырып өзге ұлт өкілдеріне сыйластықпен қарау, ұлтаралық, дінаралық төзімділікке тәрбиелеу.
түрі: ізденіс сабағы.
әдісі: баяндау, сұрақ-жауап, пікір алысу, топтастыру, топпен жұмыс.
пәнаралық байланыс: қазақ әдебиеті, дүниежүзі тарихы, география,
өлкетану.
көрнекілігі: соғыс кезінде көшірілген халықтардың әр түрлі суреттері, видеосюжеттер, соғыс ардагерлерінің суреттері, қазіргі кездегі Қазақстан халқы Ассамблеясынан түсірілген суреттерді интербелсенді тақта арқылы көрсету. 1941-1945 жж қамтитын дүниежүзінің және КСРО-ның картасы, слайдтар, Елбасы Жолдауларынан үзінді келтіру.
Сабақтың барысы:
- Ұйымдастыру кезеңі: оқушыларды түгендеп, назарын сабаққа
аудару. Сынып оқушыларын ізденген тақырыбы бойынша үш топқа бөлу.
1-топтың тапсырмасы: Ақтерек ауылынан соғысқа қатысқан және соғыс жылдары еңбек еткен тыл ардагерлері туралы, өлкеміздегі соғыс ахуал туралы мәлімет жинау.
2-топтың тапсырмасы: өлкемізге соғыс кезінде күштеп көшірілген ұлт өкілдері туралы мәлімет жинау.
3-топтың тапсырмасы: қазіргі кездегі еліміздегі басқа ұлт өкілдерінің өмірі және тыныс-тіршілігі туралы мәлімет жинау.
- Жаңа сабақ. 1-топ. Ауылымыздағы Ұлы Отан соғысына қатысқан
ардагерлер және майданда қаза тапқан жауынгерлер жайлы ізденіп, жинаған мәліметтерін ортаға салады. Сондай-ақ хабарсыз кеткен ауыл азаматтары мен олардың артында қалған туыстары жайлы жинаған мәліметтерін айтады.
2-топ. Соғыс жылдарындағы ұлтаралық қатынастар туралы, көшірілген халықтардың жағдайы туралы және олардың көңіл-күйі, бастарына түскен ауыртпалықтары мен қазақ халқының оларды қалай қарсы алып, қабылдағандары жайлы айтады. Мысалы, біздің Шамалған, Отар темір жол бекетінде қыстың аязында оларды қалай қарсы алып, үйді-үйге таратқандары, бір үзім нанды біздің аталарымыз бен апаларымыз оларға бөліп бергені туралы айтып береді.
3- топ. Қазіргі кездегі басқа ұлт өкілдерінің өмірінен, тыныс-тіршілігінен мағлұмат береді. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай мысалдар келтіре отырып компьютерден слайдтар көрсетеді.
Оқушылар өз тараптарынан жинаған мәліметтерін өмірмен байланыстыра отырып тақырыпты баяндайды.
Соғыс қарсаңында Қазақстанға 102 мың поляк айдап әкелінді, Еділ бойындағы Неміс автономиялық республикасын таратып, 360 мыңнан астам неміс Қазақстанға әкімшілік жолмен көшірілді. Қалмақтар, қарашайлар, ингуштар, шешендер , балқарлар, қырым татарлары, месхет түріктері соғыс кезінде күштеп Қазақстанға көшірілді. Олар әр қазақ отбасына бөліп берілді, қазақ халқының қамқорлығын көрді.
III Сабақты бекіту кезеңі:
- Халықтарды күштеп депортациялау неліктен жүзеге асырылды?
- Депортацияланған халықтардың сол кездегі жағдайы қандай болды?
- Қазақ халқының бойындағы мейірімділік, төзімділік, қонақжайлық қасиеттердің қазіргі күндегі көрінісі қандай?
IV Қорытынды:
Сабақты қорытындылау үшін әр топтан бір-бір оқушы сөйлейді.
Кеңес Одағын мекендеген халықтардың қай-қайсысы болсын Сталиндік зорлық-зомбылықтан , геноцид пен этноцидтен, саяси қуғын-сүргіннен аман қалған жоқ. Тұтас бір халықтар – сенімсіз де сатқын ұлттар қатарына жатқызылып, тарихи атамекенінен күштеп жер аударылды.
Депортация латынша deportatio- «қуғындау», «көшіру» деген мағынаны білдіреді. Халықтар депортациясын белгілі бір ұлт өкілдерінің белгілі бір іс- әрекеттеріне байланысты елден қуылуы деп түсіну қажет. Ал шетел тіліне енген сөздер сөздігінде «депортация» — қылмыстық және әкімшілік жаза ретінде мемлекеттен қуылу, көшіру, жер аудару деп көрсетілген.
1936 жылы Қазақ АКСР-не қоныс аударылғандардың жалпы саны
360 мың адамға жетті. Қазақстандағы «Кіші Қазан» науқаны кезінде босап қалған жерлерге корейлерді, финдер мен поляктарды орналастырғаннан кейін кезек немістерге де келді. Ұлы Отан соғысы жылдарында Кавказ халықтары және т.б. ұлт өкілдері Қазақстанға күштеп көшірілді.
1939 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 6,9 млн адам тұрса, соғыс аяқталған соң көшіп келген жөне депортацияланған халықтар есебінен бұл көрсеткіш шамамен 7,5 млн болды.
Жергілікті халықтың үлес салмағы 1939 жылмен салыстырғанда 38%-дан 30%-ға дейін кеміп кетті. Тіптен кейбір аймақтарда қазақтардың үлес салмағы 2 есеге азайды.
Соңында өзім осы күштеп көшірілген халықтардың қаншама қиындықпен осы күнге жетіп, біздің тәуелсіз елімізбен бірге жасасып, қазақ халқымен сіңісіп кеткені туралы, Қазақстан олардың Отанына айналғаны туралы айтып беремін. Елбасы сөзінен оқушыларға мысалдар айтамын.
V Оқушы білімін бағалау кезеңі
VI Үйге тапсырма
- 15 параграфты оқу.
- Эссе жазу «Ұлттар достығы», «Қазақстан – татулық мекені» , «Отан үшін отқа түс!…»