Сабақтың тақырыбы: Алтай тауының климаты, өзендері мен көлдері, табиғат зоналары
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Оқушылардың Алтайдың орографиялық сызбасын оқып-үйренуге, пайдалы қазбаларының таралу заңдылықтары, климат жағдайларының ерекшеліктері, өзендері, көлдері, қорықтары, табиғат ресурстары туралы білімдерін кеңейту.
Дамытушылық: Сұрақтарға жауап беру арқылы білім жинақтауына, әртүрлі тапсырмалардың көмегін пайдалана отырып, оқушылардың танымдық қабілетін дамыту, пәнге қызығушылығын ояту, өз ойын, пікірін дұрыс айта білуге үйрету.
Тәрбиелік: Оқушыларды бірлесіп жұмыс істеуге, бір-бірінің пікірін тыңдай білуге, табиғаттың сұлулығын аялауға тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: Оқулық, Қазақстанның физикалық картасы, атластар, кеспе қағаздары, сөзжұмбақ, интерактивті тақта.
Сабақтың түрі: ашық сабақ.
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, баяндау, картамен, ойын түрлерімен, тақтамен жұмыс.
Сабақтың барысы:
1. Ұйымдастыру. Оқушылармен амандасып, сабақта жоқ оқушыларды белгілеу. Оқушыларды топқа бөлу: 1-топ: Тұран тобы. 2-топ: Сарыарқа тобы. 3-топ: Орал тобы.
2. Үй тапсырмасын тексеру. А) Деңгейлік сұрақтар.
Жеңіл сұрақтар:
1.Алтай таулары Қазақстанның қай бөлігінде орналасқан?
2.Алтай тау жүйесінің ең биік нүктесі қалай аталады, қанша метр?
3.Алтай тауы жер бедері ерекшеліктеріне қарай қанша ауданға бөлінеді, оларды ата.
Күрделі сұрақтар:
1.Марқакөл қазаншұңқыры Алтай тауының қай ауданында орналасқан?
2.Кенді Алтайдың тау жоталарын ата.
3.Алтайдың қандай жотасы Сарыарқамен шектеседі?
Ә) Сөзжұмбақ «Алтай».
Б) Картамен жұмыс (кеспе қағаздарында көрсетілген объектілерді картадан көрсету).
1-топ: Алтай таулары, Марқакөл көлі, Өскемен қаласы, Үлкен Боқтыбай шыңы, Есіл өзені.
2-топ: Қалба жотасы, Ертіс өзені, Семей қаласы, Ақсораң шыңы, Қарқаралы тауы.
3-топ: Мұзтау шыңы, Зайсан көлі, Риддер қаласы, Солтүстік Қазақ жазығы, Көкшетау таулары.
3.Сергіту сәті.
Бәріміз бір топпыз,
Жалқаулыққа жоқпыз.
Аянбай еңбек етеміз,
Мұратымызға жетеміз.
Бір-бірімізге тірекпіз,
Бірге соққан жүрекпіз.
Аламыз білім жақсы ғып,
Тілейміз бәрімізге сәттілік!
4.Қызығушылықты ояту.
3 топқа мақал-мәтелдер беріледі, оқушылар мақалдардың мағынасына қарай бүгінгі өтілетін тақырыпты табуы тиіс.
1-топ: 1. Қаз келсе, жаз келер,
Қарға келсе қатқақ келер.
2.Қыстың көзі қырау.
3.Сәуір болса, күн күркірер,
Күн күркіресе, көп дүркірер.
4.Сықырлаған аязда сары қамысты сағала.
2-топ: 1. Тау кезеңсіз болмас,
Өлке өзенсіз болмас.
2.Көліне қарай қазы,
Көңіліне қарай сазы болады.
3.Өзен ақса – көл,
Дария ақса – сел.
4.Өзен жағалағанның өзегі талмас.
3-топ: 1. Тауына қарай тоғайы,
Шошқасына қарай торайы.
2.Қасқырдың ойлағаны – арамдық,
Қойдың ойлағаны – амандық.
3.Жалғыз ағаш – орман болмас.
4.Жігіттің екі сөйлегені – өлгені,
Еменнің иілгені – сынғаны.
5.Жаңа тақырыпты түсіндіру.
Климаты. Алтайдың Қазақстандық бөлігінің климаты қоңыржай континентті. Жазда тау іші салқындау, ал қыста, керісінше жылы. Оған инверсия әсер етеді. Жоғарылаған сайын температура төмендейді. Шілдеде аласа тау беткейлерінде 190, 220С болса, 1000 м биіктікте 160, 140С, 2500-2700 м биіктікте 70, 60С-тан аспайды. Өскеменде қыс айларының орташа температурасы – 150С. Жылдық жауын-шашын мөлшері тау бөктерінде 300-400 мм, тау ішінде 1000-1500 мм-ге дейін көбейеді. Тауда қыста қар көп жауады, кейде қар қалыңдығы 1-3 метрге дейін жетеді. Алтайда сел тасқындары, қар көшкіндері жиі болады.
Өзендері мен көлдері, мұздықтары. Алтайда өзен де, көл де көп. Олар басын таудағы қар суынан, мұздықтардан алады. Ең үлкені – Ертіс. Оған Күршім, Бұқтырма, Үлбі, Үбі, т.б. өзендер құяды. Ертіс бойында Өскемен, Бұқтырма, Шүлбі электр станциялары салынған. Олар бүкіл Шығыс Қазақстанға және республикаға электр қуатын береді. Шағын өзендер өте көп.
Алтай көлге де бай. Бұқтырма, Зайсан, Тұранғыкөл, Марқакөл,т.б. көлдердің ауданы 1 км2-ден асады. Көлдердің ең үлкені – Зайсан (ауданы 5510 км2), Марқакөл (ауданы 455 км2).
Қазақстандық Алтайда 328 мұздық бар. Олардың жалпы ауданы 89,6 км2. Мұздықтар негізінен 2600 м-ден жоғары тау биіктіктерінде жатады. Олар Қатын, Холзун, Иванов, Оңтүстік Алтай , Сарымсақты тау жоталарында көбірек сақталған.
Табиғат зоналары. Өсімдіктер мен жануарлар дүниесі. Алтай тауының табиғатына оның географиялық орны үлкен әсер етеді. Алтайдың оңтүстік-батысына ылғал аз, ал батыс бөлігіне молырақ түседі. Солтүстік батысының биік белдеулерін дала зонасы (1600-1800м), оңтүстік-батыстағы Зайсан қазаншұңқырына қараған жағын шөлейт зонасы (900-1100м) алып жатыр. Ол екеуінің шекарасы Бұқтырма өзенімен өтеді. Далалық тау беткейлерінен жоғары орманды таулар (2100-2300м), шалғынды альпілік белдеуі (2500-2600м) және биік шыңдағы мәңгі қар белдеуі (2600 м-ден жоғары) өтеді.
Орман алқаптарында май қарағай, бал қарағай, шырша, самырсын өседі. Тау жоталарындағы шалғында мал жайылады, омарта шаруашылығы дамыған. Тау етегі мен аласа таулар құнарлы қара топырақты келеді, онда дала зонасының өсімдіктері (боз, бетеге, т.б.), шөлейт зонада сортаң өсімдіктер өседі.
Алтай өлкесі аңға бай. Орманда бұғы-марал өсіретін шаруашылықтар бар. Тағы аңдардан аю, қабан, бұғы, таутеке, қар барысы тіршілік етеді. Бұлғын, қаракүзен, ақкіс сияқты терісі бағалы аңдар жиі ұшырасады. Құстардан саңырау құр, шіл, кекілік, тоқылдақ, ұлар кездеседі.
Шығыс Қазақстанның әдемі табиғаты мен сирек кездесетін аңдарын, өсімдіктерін қорғау мақсатында 1976 жылы Марқакөл қорығы ұйымдастырылды. Қорықта Алтайдың тау алды даласы, бал қарағайлы, шыршалы ормандары, әсем табиғаты қорғауға алынған.
Рахман қайнары – Оңтүстік Алтайдың кішкене тектоникалық ойпатында Арасан курорты жағасында теңіз деңгейінен 1750 м биіктікте орналасқан. Айналасын биік тау, орман қоршаған табиғаты өте көрікті жер.
Шығыс Қазақстан – еліміздегі ағаш даярлау, өңдеу орталығы. Орман оның басты байлығының бірі болып табылады. Бірақ кейінгі жылдары осы байлықты ысыраппен пайдалану, ағашты бақылаусыз кесу және өрттің жиі болуы орман алқаптарын азайтып барады.
6.Тақырыпты бекіту.
А)Тақырыптық кеспе қағаздарымен жұмыс.
1. Алтайдың өзіндік климатының қалыптасуына, жазда тау ішінің салқындауы мен қыста жылы болуына не әсер етеді? (инверсия)
2. Тауларда жоғарылаған сайын температура қалай өзгереді? (төмендейді)
3.Алтай тауларында жауын-шашын мөлшері қандай? (300-400, 1000-1500 мм)
4. Ертіс өзенінің салалары (Бұқтырма, Күршім, Үлбі, Үбі, т.б.)
5. Алтай көлдері шығу тегі бойынша қандай көлдер? (тектоникалық)
6.Алтай тауларындағы ең үлкен мұздық (Үлкен Берел мұздығы)
7. Алтайда таралған табиғат зоналары (шөлді, шөлейтті, ормандар, шалғындық белдем, альпілік белдем, мәңгі қар белдеуі)
8. Алтайдың орманды алқаптарының өсімдіктері (бал қарағай, май қарағай, шырша, самырсын)
9. Алтайға ғана тән жануарлар (бұғы-марал).
Ә) Географиялық диктант.
1-топ: 1. Алтай Зайсан ойпатынан басталып, Байкал көліне дейінгі аралықты алып жатыр. Оның оңтүстігінде Қара Ертіс өзені мен Зайсан көлі, батысы Қалба жотасы.
2. Жер бедерінің ерекшелігіне қарай Алтай 3 ауданға бөлінеді. Олар Кенді Алтай, Оңтүстік Алтай және Қалба жотасы.
2-топ: 3. Алтай пайдалы қазбаларға бай өлке. Кенді Алтайда қорғасын, мырыш, қалайы, вольфрамның мол қоры бар.
4. Алтайдың Қазақстандық бөлігінің климаты қоңыржай континентті. Шілдеде аласа тау беткейлерінде 190, 220С болса, 1000 м биіктікте 160, 140С, 2500-2700 м биіктікте 70, 60С-тан аспайды.
3-топ: 5. Алтай өлкесі аңға бай. Орманда бұғы-марал өсіретін шаруашылықтар бар. Шығыс Қазақстанның әдемі табиғаты мен сирек кездесетін аңдарын, өсімдіктерін қорғау мақсатында 1976 жылы Марқакөл қорығы ұйымдастырылды.
6. Рахман қайнары – Оңтүстік Алтайдың кішкене тектоникалық ойпатында Арасан курорты жағасында теңіз деңгейінен 1750 м биіктікте орналасқан.
Б) «Кім жылдам?» ойыны. Мұғалім сұрақтарды оқиды, оқушылар срақтарға жылдам жауап беруі тиіс.
1. Алтай тауының биік нүктесі (Мұзтау)
2. Алтай тауындағы ағынды көл (Зайсан)
3.Жауын-шашынның ең көп түсетін жері (Батыс Алтай)
4. Алтайдан қандай пайдалы қазбалар өндіріледі? (қорғасын, мырыш, қалайы, вольфрам, күміс, сынап).
5. Алтай тауының ең үлкен өзені (Ертіс)
6. Алтай өңірінен өндірілетін қазбаларды байытатын металлургиялық зауыттар қандай қалаларда салынған? (Өскемен, Риддер, Зырян қалаларында)
7. Тау ішінде жауын-шашын мөлшері қанша? (1000-1500 мм)
8. Алтай тауында қандай табиғат апаттары орын алады? (сел тасқындары, қар көшкіндері).
9. Ертіс өзенінің бойында орналасқан СЭС-ры (Өскемен, Бұқтырма, Шүлбі)
10. Алтай тауында қанша мұздық бар? (328)
11. Алтай тауында қандай құстар кездеседі? (саңырау құр, шіл, кекілік, тоқылдақ, ұлар).
12. Алтай өңірінің негізгі экологиялық мәселелері (зауыт қалдықтарымен ластану және орман алқабының азаюы).
7.Сергіту сәті. Ребус шешу.
8.Оқушыларды бағалау.
9.Үйге тапсырма. Алтай. Оқу. Алтай тауының пайдалы қазбалары мен ішкі суларын кескін картаға түсіру.