Басы » Эссе » Ұстазды құрметтeу — бәріміздің борышымыз

Ұстазды құрметтeу — бәріміздің борышымыз

Ұстазды құрметтeу — бәріміздің борышымыз

 

Әр адам есі кіре бастағаннан дүниені танып-білуге, үйренуге талпынады. Бір қызығы, бұл дүниеден хабарсыз жаңа туған сәбиден есейе келе, әлемді аузына қаратқан дана да, ойшыл да шығады. Осынау ақыл толыстырып, білімін шыңдау сапарында ол бір адамға ерекше қарыздар екенін сезінеді. Ол — ұстаз.

Ислам дінінде ілім үйретуші ұстаздың орны жоғары бағаланған. Ілім үйрету ең сауапты әрі қадірлі іс болып есептелген. Қасиетті Құранда: «Айтшы, білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят) — делініп, көзі ашық, білімді адамның тұғыры қашанда биік тұратындығы айтылса, хадистерде де ілім үйретушіні әрдайым сыйлап, құрметтеу керектігі ескертілген.

Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде:

«Ілім үйреніңіздер, ілімге қажетті байыптылық пен байсалдылықты да қоса үйреніңіздер. Сіздерге ілім үйреткен кісіні құрметтеңіздер, сыйлаңыздар»

«Садақаның ең жақсысы — ілім үйреніп, оны басқаларға үйрету»

«Адам қайтыс болғанда, амал дәптері жабылады. Мына үш кісінің ғана сауабы жалғаса береді: артынан дұға жолдайтын игі ұрпақ қалдырған, ел игілігіне жарайтын дүние салдырған, артына ілім қалдырған адам» (Сүнән, Ибн Мажә), — деп, ілім үйретушінің сауабы екі дүниеде де тоқтаусыз екендігін білдіріп, ғалымдарды сыйлауға, ұстаздарға құрметпен қарауға шақырған.Анығында «ұстаз» деген кім? Ұстаз — шәкіртін өмірге баулушы, оған өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін егуші, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіруші, өзінің тәжірибесімен бөлісетін жанашыры әрі ақылшысы. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі қоғамды ертең алға сүйрейтін озық ойлы адам тәрбиелеуші, өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаушы.«Адамның адамшылығы жақсы ұстаз-дан» (Абай) демекші, тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым сондай бір ізетпен еске алған. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын — Аристотельді, Абылай хан — Төле биді, Шәкәрім — Абайды, Бердақ — Күнқожаны, Жамбыл — Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған.

Расында, ұстазға құрмет — шәкіртке сын.

Қорыта келгенде, әр мұсылманға ілім үйренуді парыз еткен Ислам дінінде ұстазға деген құрмет жоғары бағаланған. «Адамдардың ең жақсысы — басқаларға пайдасы тигені», — деген соңғы елші, ғаламның рақым нұры Мұхаммед пайғамбарымыздың да (с.ғ.с.) әлемге үйретуші ұстаз ретінде келгені тегін емес. Олай болса, ертеңгі өмірдің баянды да бақытты болуын қалаған әрбір адам ұстазға құрмет көрсетуді өзіне қастерлі борыш деп білуі тиіс.

№81 орта мектебінің педагог-психологы

Әуезханов  Әділбек Әуесханұлы

Қызылорда облысы,Арал ауданы

Қызылжар ауылы[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *