« Ш.Уәлиханов атындағы Торғай орта мектебі » ММ
ҒЫЛЫМИ ЖОБА
Тақырыбы:« Торғайдың топжарғаны-Нұрхан ақын »
Дайындаған:
Мұрат Инабат
6-сынып оқушысы
Жетекшісі:
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Маликзадинова Райхан Маликзадиновна
І.Кіріспе.
« Торғайдың топтан озған дүлділі »
( Нұрхан ақынның өмір жолы )
Нұрхан Ахметбеков 1903 жылы қазіргі Қостанай облысындағы Жанкелдин ауданының Тосын құмында «Жаркешу » құмында кедей Майкөтұлы Ахметбектің отбасында дүниеге келген. «Жаркешу » өткелі арқылы Торғай уезінен өтсең « қаңтарда бойың жылынар » Тосын құмы басталады. Осы кешпе арқылы көктемде көш енділер мал қамымен Арқа жайлауына қарай өтсе, күзде ну сағалап Сыр бойына көшен. « Жаркешу » өткелінде 1186 жылы Ахметтің әкесі Байтұрсын Торғай губернаторы полковник Яковлевтің басын жарған –ды. «Оқ тиіп он үшінде , ой түсіріп » Ахаңның жүрегінде шер байланған қасиетті мекен . Қыр елі мен сырды байланыстырған шұрайлы қоныс Дәуітбай атаның мекені де. Нұрханның әкесі Ахметбек Майкөтұлы болса Дәуітбайдың Шеген бойының өмір бойы жылқышысы болған жалшы да, шешесі момын шаруа адамы Мырзағабылдың қызы Әбіш атты өнерлі жан болған. Әбіштің шешесі Ақмаңдай да жыр шығарғыш ақын болыпты. Әбіш шебер күйші, айтысқа түскен ақын да көрінеді. Әбіштің айтыста жеңген ақындары атақты Басықараұлы Қанапия да болған. Қанапия болса асқақ әнші, домбырашы, ақын, қазіргі Қостанай облысының Әулекөл өңірінде туып өскен. Торғай Әулиекөл тұрғындары қашаннан аралысып тұратын. Қанапия Тосында Әбіш атты суырып салма жас ақын бар деп естіп, сол қызбен айтыспақ болып Тосынға келеді. Қанапия ол кезде елуден асқан, Әбіш он тоғызға жаңа келген бойжеткен қыз екен. Әбіш пен Қанапияның айтысы ұзаққа созылады, халық ұйып құмарта тыңдайды. Сөз арасында Әбіш:
« Жолықты бағыланға кәрі қасқыр,
Кәрі итті жеңгелерім деді састыр.
Қоңына тісі батпай сол марқаның,
Айырылып қалып қойды қара басқыр», -деп айтады.
Қанапияның сөзден жаңылып, қартая бастағанын бетке айтады. Сонда Қанапия Әбішке қарсы сөз айтпай, жеңілгендігін мойындайды. Әбішке ақ батасын береді. Болашақ ақынға өнерпаздық нағашы жағынан келсе керек.
Арнайы молда ұстаған Шеген ауылының балаларымен бірге бала Нұрхан Кәтен Дамолданың алдын көреді. Дегенмен ұзақ оқуға мүмкіндік болмайды. Он жасында әкеден, он екі жасында шешеден айрылған тақыр жетім бала Нұрхан амалсыздан байдың малын бақты. Жасынан еті тірі, өнер мен білімге құмар болашақ ақын басына түскен ауыртпалық пен қиыншылыққа қарамастан ауыл мектебінде тиіп-қашып жүріп сабақ алып, хат таныды. Сол кездегі шілдехана, қызойнақ, айт пен тойға қатысып, шаршы топта ән салуға машықтанған ол «әнші Нұрхан», «күйші бала» атанды. Сол кездердегі «Зарқұм», «Сал-сал», «Көрғұлы», «Мұңлық-Зарлық» сияқты қиссаларды жаттап, оны күн-түні шеберлікпен жырлайтын жас жырауды билер мен бектер «ат жіберіп алдыратынын, артынан жұртына жаяу қалдыратынын» айтатын ақын.
Жасы жиырмаға толған жас дарынды халық та қадірлей бастаған болатын. Бұл кезде Торғайда Кеңес өкіметі орнап еді. Н. Ахметбеков Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында-ақ оның жұмысына қызу араласып, колхоздарды құру жұмыстарына атсалысты. Осы істерді ол іскер қолымен де, жүйрік тілімен де, асқақ өнерімен де жүзеге асырды. Кертартпалық істерді өлтіре шенеп, жалынды өлең-жырлар, өткір сатиралар жазып отырды. Осы жылдары ол селолық Кеңестің хатшысы, төрағасы, тағы басқа жауапты қызметтер атқарды. 1952 жылы ақын Торғай поселкелік Кеңесінің төрағасы болып сайланды.
Нұрхан шын мәніндегі тума талант иесі, үлкен өнер адамы және оның қамқоршысы әрі жанашыры еді. 1936-1946 жылдары Торғайдағы колхоз-совхоз театрының ұйымдастырушысы және оның директоры әрі режиссері де өзі болды. Осында Ормаш Есмұхамедов, Қауи Ғұбайдуллин, Назым, Әбдіхалық Нүрпейісов, Ахметқан Әбіқаев, Қазыбек Әбенов, қобызшы Қабидолла сияқты өнер адамдарын топтастырып, халыққа «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Еңлік-Кебек», «Ақан Сері – Ақтоқты», «Мазасыз мейман», «Жалбыр» тағы басқа күрделі спектакльдерді сахнаға шығарып, оның негізгі рөлдерінде өзі де ойнады. Ол кезде спектакль аяқталғанмен ойын бітпейтін. Іле-шала сахнаға әншілер шығатын. Қазыбек қыл қобызымен, Ормаш, Назым асқақ әнімен шықса, Нұрхан Құрманғазының, Динаның, Тәттімбеттің және өзі шығарған күйлерін тартатын. Нұрхан Ахметбеков ұзақ жылдар бойы өзінің туған даласы Аманкелді, Торғай аудандарын, жерлерін аралай жүріп ақындық өнерімен ел ішінде танылды. Сонымен қатар колхоз театрының жұмысына араласып, сауық-кеш үйірмелеріне басшылық етті. Олардың репертуарын толықтыруға жанын салды. «Колхоз, совхоз театрында жүріп Нұрхан 80-ге жуық күй орындады. Халық ақындарының Алматыда 1943, 1946 жылдары өткізілген айтысына қатысты. Осы айтыстарда Нұрхан Қазақстанның барлық жұртшылығына танылды. Ақындар айтысында алдыңғы қатардағы жүлдеге ие болып қайтты».
ІІ. Негізгі бөлім.
- « Жүректе – от, ал тілінде бал тұратын »
Нұрхан ақын атақты ақын Әбіқай Нұртазиннің ұстаздық мектебінен өткендігін мақтанышпен қайталайтын көрінеді. Нұрхан ақын «бата алған » Әбіқайдан қалған үлкен мұра « Тас мешін » дастаны бар.
Кедейлік кейістігін қаншама тартса да қайсар жігіт Нұрхан сол Жаркешу бойындағы жатақ күйінде қалып, бай жылқысын бағуға қайтып оралмайды. Жалшы, жігіттікте жүрген өз тұрғыластарына арнап сықақ өлеңдер арнап, малайды байлардың мал орнына санайтынын, байдың кедей халыққа жасап отырған қиянатын өз өлеңдеріне қосады. « Шанышқылы Нұрхан » өлеңдері аттың жалы, түйенің қомында ауылдан ауылға тарай бастайды. Әрине, қасында құйма құлақ тыңдаушысы болса ғана суырып салма жатқа айтқан Нұрхан өлеңі сақталып қалады. Көбі айтқаны айтқан жерінде қалады. Кездесу ортасына орай біреуді мақтады да, ескі салтпен қайсыбіреулерідің әжуалы қылықтарын даттайды. Шешендік өлеңдер жазуға жетелеген ауылдас ағайыны Шалбайұлы Құбаша сынды ақындар болғанын Нұрхан жиі айтып отыратын көрінеді.
Нұрханға жастайынан жолдас болып, жыр әлеміне жетелеген сол кезең ел арасына есімдері кеңінен таралған Нұржан Наушабайұлы, Сейдахмет Бейсенұлы, Күдері Жолдыбайұлдары сияқты ақындардың ықпалы үлкен болған. Нұрхан туып, өскен Қорғанбек, Шеген ауылында жиендері Ыбырай Алтынсариннің беделі де ықпалы өскен –ді. Торғайда мектеп ашу жұмыстарымен Ы.Алтынсарин Қорғанбек ауылында жиі болып жүрген. Демек , ауыл баласы Нұрханның Ыбырай есімін жасынан жаттап өсуі анық. Ұлы ағартушы ұстаз шығармаларының, оның өнер, білімге үндеуі Нұрханға ой саларлықтай еді. Тоғыз жолдың тарабындай болған Тосын өңірінің Жаркешу өткелінде туып, ақынжанды ел ортасында өскен Нұрханның бастастары Қашқынбай Қазұлы мен Досымбайдың Әлиі шешен, сурып салма ақындар. Ақындықта балаң Нұрханның ұстаз тұтқаны Әбіқай Нұртазаұлы болады. Әлеуметтік құбылыстарды танып, рухани бағдар шамы хакім Абай шығармалары Нұрхан ақынды сыншылдыққа бағыттайды. Ахметхан Әбіқайұлымен өнерге тайталаса кірісіп, өмірден жұптасқан күйі өтті. Ахметхан – шешен,шежіре, асқақ әнші , Нұрхан – асқақ ақын, дәулескер күйші болған. Торғай өңірінде ақын, күйшілердің көп болуы Нұрханның өлеңдегі өнерінің тез жетіп, қалыптасуына үлкен ықпалын тигізеді. Нұрхан мен Ахметхан Әбіқай сынды жыр жампозының үздік мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізеді, өздері болса сөз ұстартуда шеберлігін ұстанады.
Бірде Тосынға арқаның атақты арқалы әншісі , композитор Қанапия келеді. Қанапия тойда отырғанда, сырттан жақсы әуен естілсе керек.
Бұл:
«Ауылым Жаркешуде – жар басында
Қорегім – ақ балықтың қармасында
Кісіге қараған күн не болады,
Басқа тағдыр жетімдік салмасын да !… »-
деп әндетіп отырған жалшы жас ақын Нұрхан екен.
Сол жылдың күзінде жалғыз сиырын қасқыр жеп кетіп, келістік үстінде, ақын мына өлеңін шығарыпты:
« Жоқшылықтың отына әмен күйем бе ?
Мінерге атым, артарға жоқ түйем.
Жалғыз сиыр жар астында жасырын,
Кез болыпты қасқыр деген жиенге…»
Абай- қазақтың ұлы ақыны, оны пір тұтпаған қазақ жоқ шығар… Нұрхан ақын да 1928 жылдары Абай өлеңдерімен танысу арқылы, ой- дүниесіне , ақындық өнерге деген көзқрасына үлкен өзгеріс жасайды. Ол өз өмірбаянында былай дейді:
« 1928 жылы Абайдың бападан шыққын өлеңдерін қолыма түсіріп, бұрынғы жаттаған өлеңдерімнен жерініп, мынау Абайдың жырын бір асқар тау сияқты көріп кетіп, өзім де Абайға еліктеп шығарғым келді ». міне, содан кейін ол жазған қысқа өлеңдерінің өзі маңызды да, тартымды, әр өлеңінің тақырыбы әр түрлі.
Нұрхан ақын халқымыздың батырларын сүйсіне жырлаған.мысалы: айта кетсек, Жәнібек тарханның 300 жылдық мерейтойында жиі айтылған мына өлең жолдарынан көруге болады:
« Кім озар Қошқарұлы Жәнібектен,
Шақшақтың немересі асыл тектен.
Қалмақты қонысынан қойдай қуып,
Халқы үшін қан майданда қанын төккен ».
Бұл өлең жолдарынан ақынның батыр бабасының ерлігін сүйсіне жырлағанын байқауға болады. Сонымен қтар, ақын батыр бабсының айтысат өзіне күш беретін рухтай сезініпті.
Нұрхан ақын өзінің үлкен ұлы Тұңғышбайды 1943 жылы майданға атандырып тұрып, былай жырлайды:
« Намысты жігіт дұшпанға,
Берер ме сүйген Отаным.
Асыраған атаның,
Ақ сүтін берген ананың
Ардақтаған ұлына,
Өсиеті сол болар.
Дауылдайын бұрқанып,
Дабылыңды қақ балам.
Ер қаруы- бес қару,
Еңсеңе берік тақ балам ».
Міне, бұл өлең шумақтарын ақын өз баласына өсиет ете отырып, барлық жастарға күш береді.
Қай ақын болса да, туған жерін жырлайды, туған жерді жырламаған ақын кем де -кем шығар. Сол сияқты Нұрхан ақын да өзінің туған жері жайлы көптеген жырлар жазады. Мысалы: « Торғайдан сәлем » атты өлеңінде:
« Қошалақ пен Тосынның,
Қоңыр бұйрат құмы бар.
Жапырағынан бал тамған,
Мұнар тартқан нұры бар »- деп, туғанжер табиғатының таңғажайып суретін жасайды. Бұл өлеңдерден ақынның батырлық пен туған жерге деген ыстық сезімін аңғаруға болады..
Ақын мына бір өлеңін ауылдық Советтің председателін сайлауға арнап жазған:
« Құтты бір сайлау қоныс бақ,
Жалпы әлеумет болсын жақ…
Құрысын байлар төкметі,
Жасасын кеңес үкіметі!
Құтты болсын сайлауым,
Шелдей қолда тұрсын бақ ».
Бұл өлеңде халықтың басына туған жақсылыққа қуанып, барша халықтың сол кездегі қуанышын суреттеген.
Торғай жерінің шаруашылығын , сол жолдағы қаншама еңбек сіңірген еңбекшілердің қиын күндерін ерекше бір теңеулермен суреттеген. Мысалға: мына өлеңді Еңбек Ері Фатхолла Кірмаңдаевқа:
« Колхоз- Колхоз болғалы,
Іргесін қалап қонғалы
Жылқыны бағып баптаған…
Малшы құтты құрықтан,
Құлын құтты ноқтадан,
Фатхолланы мадақтап,
Халқым бір сүйіп мақтаған » — деген өлең шумақтарын арнаған. Ақынның бұл өлеңдері әрі жыр, әрі толғау түрінде айтылып жүр.
« Кім бар деп бұл сөзімнен үміт табатын,
Сермедім, кең көсілтіп жыр қанатын.
Қолыма домбыра алып дүбір іздеп,
Атандым он үш жаста Нұрхан ақын…
Жас Торғай, кәрі Торғай топырағын,
Алпыс жас болғанымен асау биік,
Сонда да қайтара алмас басып иық.
Айтамын тағы да алғыс , азаматтар,
Алпыста қырау шалған басымды иіп ».
Ақын науқастанып жатып, өмірінің соңғы кезеңінде жазған мына өлең жолдарында ақынның барлық ішкі жан сыры, елге деген алғысы, әлі де болса алға қойған арман- мақсаттарының ішінде кетіп бара жатқандығы, өзін құрметтеп, той жасап жатқан еліне алғысы деп білеміз.
- Жырымен бір із қалған.
Нұрхан Ахметбековтың « Аманкелді », «арыл заман», « Албан, Жұпар ханым »,
« Жасауыл қырғыны », « есім сері », « Қарға », « Күләндәм » атты дастандары бар. Ақын дастандарының тақырыптары әр алуан. Ерлік, батырлық бодандықтан бостандыққа ұмтылған халық, махаббат жайлы.
Нұрхан Ахметбековтың « Аманкелді » дастанының бірінші кітабы 1951 жылы шығады. Ал екінші кітабы « Аманкелді » деген атпен 1962 жылы жарық көреді.
Жарлы ауылда туған және ата – анадан жастайынан жетім қалған Аманкелді Иманов – бұл дастанның негізгі кейіпкері болатын. Амакелді кедей халық пен байлардың арасындағы тартысты, байдың кедей халыққа жасаған қиянаттарын көріп өседі. Осы әділетсіздікті көрген жас баланың қиын — қыстау кезеңнен құтылудың жолын іздеп, бостандыққа ұмтылғандығы осы дастанда жырланады.
Ал, « Есім сері » дастанында Есім мен Қадишаның бір- біріне деген кіршіксіз махаббаты, олардың ғашықтықтан тартқан азабы және тасбауыр жандардан көрген қорлығы шынайы жырлаған. Нұрхан ақын , сонымен қатар , домбыраны да шебер тартқан. Нұрхан Ахметбеков « Июнь жарлығы », « Жеңіс » күйлерін шығарған.
Июнь жарлығы… 1916 жылы… Патша жарлығы.. Қаһарлы күндер… Бұл сөздердің барлығы бір- бірімен байланысып жатыр. Аянышты сезім, ауыр күнмен арпалысқан халықтың өмірі, жүрек дірілі, шабуыл дірілі, шабуыл дабылы, дала көтерілісін бастаған батырдың дүбірі, патшаның обыр- озбырлығы, осы күйде әшкереленген.
Ал, « Жеңіс» күйіне келсек, басында бұлттай тұнжырап басталып, бара – бара ерекше бір жігермен екпіндей соғады. Күйден жеңіс лебін, күннің шапағын, халықтың шексіз қуанышын сезінуге болады.
Сөз басында айтылғандай, Нұрханның тұңғыш ұлы ,баласының үлкені – Тұңғышбай болатын. Нұрханұлы Тұңғышбай майданнан оралып келе жатып, қатты ауырып, Қостанайдағы ауруханаға түседі. Ол кезде Нұрханның да денесінен жан кетіп, тілі күрмеліп, қатты ауыра бастаған екен. Нұрхан ұлының ауырғанын естіп, қатты қайғырып, мамыр айында ғана Қостанайға жетеді. Өкінішке орай, Нұрханұлы Тұңғышбай бұл кезде мәңгілікке көз жұмған еді. Тұңғышбаймен бірге жарық көрмей, көкірегінде сақталған жас өлеңдері де мәңгілікке көз жұмды.
Нұрхан ақын дүние салғаннан кейін, әке мұрасын жалғастырушы – екінші ұлы Мәлікзада болды. Нұрхан ұлы Мәлікзада 1929 жылы дүниеге келген. Нұрхан атамыздың ақындық шеберлігі осы Мәлікзаданың бойынан табылды. Нұрханұлы Мәлікзада да өмірден ерте кетті. Қазіргі таңда Нұрхан мұражайына барсақ, қабырғада тұрған қос суретке көзіміз түседі.
Суреттің бірі- Нұрхан, екіншісі- Мәлікзада. Ақын — әке. Ақын- бала. Олардың екеуі де қазір дүниеде жоқ, дүниеден ерте кеткен.
1924 жылы 21 жасар боз бала ақын шаруа жайымен Ырғызға барады. Осы жолы Нұрхан ақын Айғыз есімді Ырғыздың ақын қызымен айтысқа түседі. Сонда Айғыз:
« Жігітке әдептілік жарасады,
Намысқа әркімдер де әзілдейсің,
Әуелі жөн сұрасқан жарасады »- деп тебіренеді, бұған іркілместен Нұрхан ақын да:
« Жүреміз жастық шақтан жан алмай,
Төтеден айтқан сөзім, деме қалай.
Ішінде топты қыздың отырғанда,
Тиді ме, сізге « әзілім », абайламай » — деп жауап қайтарады.
Нұрхан Ахметбеков ұлы отан соғысы жылдарында да атақты жыр жампоздарымен сөз сайысына түседі. Мысалы: Нұрхан Солтүстік Қазақстан облысының ақыны Молдахмет Тырбиевпен айтысында өзін былай таныстырған екен:
« Сайраған Сарыарқаның бұлбүлымын,
Торғайдың топтан озған дүлділімін.
Атамыз Алатайлы, батыр Шақшақ,
Сом алтын Ақжарқынның кіші ұлымын.
Еділден атм Шақшақ есіп өткен ,
Жайықтың жалпақ суын кешіп өткен.»
Нұрхан 60 жылдық мерей тойынан кейін қыркүйекте Алматыға емделуге барады. Алматыда Нұрхан ақын ҒаббасЖұмабаевпен айтысады. Нұрхан:
Бұл күнде қу тіршілік қараң болды,
Аурумен қайран көңіл алаң болды.
Тіл шықпай , қол істемей, аяқ жүрмей,
Баяғы жақсы Нұрхан жаман болды.
Ғаббас :
Жаман болсаң іздер ме едік , сізде біз,
Кей кездерде бізден күтер үздіңіз.
Сондадағы сізді ажалға қимаймыз,
Адал көңіл, ақ ниетпен сыйлаймыз.
Бұл Нұрханның соңғы , қағазға жазу арқылы айтысқан айтысы болатын. Нұрхан ақын тағдыр тауқыметін көріп өскен, өмірдің қатаң сынақтарына мойымаған. Тағдырына тура қарап тайсалмаған ақын, туа біткен ақындығымен аты ерте шыққан.
« Қолыма домбыра алып , дүбір іздеп,
Атандым он үш жаста Нұрхан ақын »- деп өзі жырлағандай, өлең – сөздің киесі бала жасынан қонды. Ал, ақынның бұдан кейінгі өмірі әдебиет зерттеушілерінің кеңінен жазып жүргендей, өз заманымен, соның ұлы жаңалығы, өзгерістерімен өзектес өрбіді.
Нұрхан ақын өмірдің өзінен ойын алған оқиғаны мөлдірете, поэзия тіліне ауыстыра алатын арқалы ақын. Ол айтыс ақыны болумен қатар, сыршыл лирик, кең тынысты эпик ақын. Нұрхан туындыларын парақтай , зерделей үңілген оқырман бұл пікірімізге айқын көз жеткізеді. Мысалы: жоғарыда айтып кеткендей, ақынның « Қостанай », « Дабылыңды қақ балам », « Шашу » сияқты өлеңдері мен жыр жинақтарынан нағыз ақынға тән шабытты, суреткерлікті мойындайсыз.
« Ақындар әнге басайық,
Қиялдың кілтін ашайық.
Күмбір- күмбір домбыра,
Күй бармақтан қосайық.
Жас құлпыра жайнасын,
Жасы үлкендер жасарып,
Арқалы тойға келгенде
Жырдан шашу шашайық… » — деп шабыттана жырласа, ақынның атақты « Торғайдан сәлем » атты толғауларында тамаша теңеулер, метафора, эпитеттер тамаша суреттер ! … Ақұындық қуат деген осы болар, сірә!
Нұрхан ақынның толғаулары мен дастандары жырлаушыға ерекше бір шабыт бітіреді. Жергілікті термеші Сардан Әбікеев Нұрхан ақынның термелерін жырлап, Қазақстанның бірнеше қалаларынан жүлделі орынғаие болады, тек бұл жыршы ғана емес, сонымен қатар, осы ақынның шығармаларын орындаушылар аруақтанып, көсем сөзді көсілтіп, өршіп кетеді. 2003 жыл — Нұрхан ақынның ғасырлық мерей тойы өткізілген жыл. Бұл кезең жас буын, әсіресе, біздер үшін Нұрхан ақын шығармаларын үйренудің тағлымы мол кезеңі болса деп ойлаймын…
Кәмеш Жақсылықов:
« Білгенге Нұрекендей ақын бар ма?
Келіпті Бәйге бермей ақындарға.
Айтысып талай ақын Алматыда,
Бәрі де келмеп еді оған парға »- деп,
Жырлай келіп:
« Дастандар үсті- үстіне шығып еді,
« Жасауыл», « Есімдер », « ұры қарға »
Атақты « Аманкелді » поэмасын,
Оқиды ұрпақтырың мың жыл алда »- деген түйін жасайды.
Міне, туған елдің, ұлы Отанымызды жырлаған , өз заманының перзенті, ақиық ақын жырлары, мәңгілік мол мұрасы халқымен бірге жасай бермекші…
Ақын жырлары тәуелсіз мемлекетіміздің нұрлы ертеңі, жарқын келешегімен бірге ғасырлар асқарынан асып асқақтай түсері, әр жүрекке өз шуағын құя берері сөзсіз!…
Торғайда Нұрхан ақынның мұражай – үйі халыққа ақын шығармаларын насихаттау мақсатында елеулі жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, ауданымызда Нұрхан Ахметбеков атында Мәдениет үйі мен көшесі бар. Міне, қазақтың халық ақыны Нұрхан Ахметбековтың атындағы мұражай, көше немесе ескерткіш облыс орталығымыз Қостанайдан, Алматы және Астана қалаларынан ашылса артық болмас деп едік. Былтырғы жылы Астана қалласында ақын атына көше берілді.
Бірақ, Нұрхан өмірі мен жыры жайлы ой- пікір осымен аяқталмайды. Нұрхан өмірі, Нұрхан жыры, Нұрхан күйі жүз жыл, мың жыл жасай бермек. Нұрханның жер бетінде өмір сүруге қалдырған ұрпағы бар. Олар Нұрхан орнын жоғалтпайды. Нұрхан жыры, Нұрхан күйі ұрпақтан- ұрпаққа жалғаса береді.
Нұрхан ақынның соңғы сәттерін көзімен көрген Милісайлық қарт ана, қожа Кәкім қызы Күлпан апайдың айтқан сөзінен: « Кәкім аталармен құдалықтан да бұрын сыйласқан болатын. Қайтар алдындағы күні , әкем Кәкім үйінде, таң атқаннан домбыра тартып, өлең айтып отырған. Сол күннің ертеңіне Нұрхан ауырып құлап қалыпты дегенді естігенде, әкеміз ілулі тұрған домбыраны алып, ортасынан бөліп лақтырып жіберіпті. Мүмкін, осы қимас домбыраның әсерінен болар деген қазақтың ырымы бойынша жасаған шығар. Бұл да болса өзара жақсы сыйластықтың белгісі болған болу керек ».
10.09.2003 жыл. Милісай аулы
Күлпан апа, томай Мағзұмұлы Бейсеннің кемпірі, Нұрхан атаның Зәуреш немересі, Данияровтар келіні.
Түсініктер
ДАСТАНДАР
Албан –Жұпар ханым
«Албан-Жұпар ханым» — Шығыс аңыздарының негізінде 1941 жылы жазылған. Алғаш рет 1962 жылы Алматыда басылып шықты. Оқиғасы өте қызықты әрі көркем тілмен жазылған.
Қамарылзаман
Махбубым1 – ғашығым, сүйіктім деген мағынада.
Гунаһымды2 – күнәмді
Шыңға3 – қазық
Ғұсса4 – қайғы
Миллат5 – ұлт
Мұнасып6 – кездесу деген мағынада
Харакатын7 – бұл жерде тұрмысы деген мағынада
Қалғат8 – патшалық сый шапан
Муридтік9 – тақуалыққа шәкірттік
Намахрам10 – жөнсіз деген мағынада
Ғажам11 – Орта Азия
Хасым12 – орындалып деген мағынада
Қарға ұры
Қызықты әрі оқиғалы бұл дастанды зерттеушілер 1929 жылы («Қазақ әдебиетінің тарихы»), енді бірі 1940 жылы (Қ.Жармағамбетов) жазды дейді.
Қай жылдары жазылса да бұл дастан баспасөз бетіне шықпай тұрып-ақ қолжазба түрінде алғаш елден-елге тарап, жыршылар жатқа айтып, ерте мәлім болған шығарма. Қазіргі кезге дейін «Қарға ұрыны» жатқа айтып жүр. Белгілі ақын-жыраулар Ахметхан Әбіқаев, Күләндә Бөкешева, Жүсіпбек Салықов, Хайролла Есов, Қабижан Мырзақметов, Сардан Әбікеев, Мұхамедияр Есмағанбетов, Қуаныш Қазымбеков, Нағашыбай Алпысов тағы басқалар құлақ құрышын қандыра айтып насихаттады. 1940-1960 жылдары Аманкелді, Торғай аудандарының әр үйінде Нұрханның «Қарға ұры», «Есім сері», «Албан-Жұпар ханым» дастарының қолжазбалары болды. Ол әр бас қосуда ойын-тойда айтылды. Дастан алғаш рет 1958 жылы баспадан шықты.
Ал, осы дастандағы Қарға кім? Н.Ахметбеков шығармаларында екі Қарға бар. Бірі – «Жасауыл қырғынындағы» Үңгіт Қарға. «Қарға ұры» дастанындағы Қарғаны әлі ешкім дәл айтып бере алмаған еді. Бұған осы оқиғаны айтушы Мұрат та, «руым алшын сұрасаң атым Қарға» деп жазған автордың өзі де, ақынның шығармашылығын көп зерттеген ғалым, қаламгер С.Әсіпов те дәл жауап айтпаған еді.
Мұның анығын 2005 жылы қыркүйек айында Қармақшы ауданында әулие Марал ишанның 225 жылдық тойында Нәжімеден Ысқақов деген кісіден естідім. Бұл кісі 1934 жылы туған осы жердің ежелгі тұрғыны, кіші жүздің шөмекейі, оның ішінде бозғыл атасынан тарайды екен. Танысудан кейін Нәжімеден ақсақал менің Торғай жерінен екенімді білгеннен соң Нұрхан ақынды сұрады. Осыдан соң «Қарға ұры» дастаны туралы әңгіме туды, мен одан Қарғаның кім екендігі жөнінде дерек беруді сұрадым. Бұл кісі мынадай қызықты деректі оқиғаны маған айтып берді.
Нұрхан ақын Қарға туралы шебер тілмен өте тартымды дастан жазды. Ол дастанмен біз ертеден таныспыз. Біздің елге де бұл дастанды жыраулар жатқа айтып таратқан еді. Әрине ақын оқиғаны қоюлатып, кей жерін өз жанынан қосып көркемдегенімен Қарға өміріне ұмытпастай ескерткіш жасап кетті. Қарға өмірде болған адам, ХІХ ғасырда өмір сүрген. Руы Жетіру ішінде Табын. Туып өскен жері осы Қармақшы және оған шектес Кіші жүз ауылдары. Ұры болғаны да рас. Көбіне Сыр бойы, Жезқазған жерлерінде болып, мал алған. Әрине, ұры болған соң көпке зияны тимей тұрмайды ғой. Кіші жүз Шөмекейдің Қаратамыр атасынан таратын Бөжен деген кісі Қарғаны Қарсақбайдан Сыр бойына келе жатқан да жеке кездесіп атып өлтіріп кеткен. Бөжен кейін 1920 жылдар шамасында өз ажалынан өлген кісі. Қарғада да, Бөженде де ұрпақ болмаған.
Бөжен де ұры болған. Өлтіру себебі де осы ұрлық пен бәсекенің кесірінен екен. Бөженнің Қарғаны өлтіріп, оның атын алып келе жатқанын жолда жалғыз үй отырған бір жас әйел көрген. Бөжен аттан түспей, келіншектен сусын сұраған және бас алмастан көп ішкен. Аты-жөнін айтпастан шұғыл жүріп кеткен. Түсі суық, жүрісі суыт осы адамнан секем алған келіншек кейін мұны басқаларға айтып, оның Бөжен екені анықталған.
Кейін Табын Бұқарбай батырдың баласы Алданазар Қаратамыр руынан Қарғаның құнын сұрап, дауға отырған. Алайда қарсы дәугер Өмірзақ (Қаратамыр) «Кезінде біз жағымсыз істері үшін Бөженді елден қуған едік. Оны өздерін паналаттыңдар, ұрыны сақтаған өздерің»-деп құн бермей кетті.
— Мен бұл әңгімені 95 жасқа келген Жұмағали деген қарттан естідім-деді сөзін аяқтаған Нәжімеден ақсақал. Мұны Нәкеңнің жанында отырған басқа кісілер де растады.
Көптен бері анығы ашылмай жүрген әңгіменің түсінігін шешіп берген Нәжімеден ақсақалға алғыс айтып қолын алдым.
Сейіт Кенжеахметұлы,
Қармақшы ауданы 2005 жыл.
«Қарға ұры» дастанындағы адам, жер аттарына және кейбір сөздерге түсінік:
Қарт Мұрат — дастанда ақын:
«Қарт Мұрат шарт жүгініп бір тізесін, келтіріп кестесімен сөз жүйесін» дейді. Нұрқан ақын аталған дастанды осы кісінін әңгімесінен алып, жазған. «Шарт жүгініп бір тізесін» дейтіні Мұрат бір аяғы бүгілген ақсақ адам. Өзі қол өнер шебері. Етікші болған кісі. 1970 жылдары қайтыс болған.
Төлек Жәуке (1819-1904) – Арғын ішіндегі Төлек руынан шыққан атақты батыр. 1837-1847 жылдары Кенесары сарбаздарына қосылып, Қырғыз жерінде жеңіліс тапқан соң туған еліне, қазіргі Қостанай облысының Аманкелді ауданындағы Сары Торғай өзені бойында қайтыс болған. Осы жерде батырдың зираты бар және осында ескерткіш – белгі орнатылған. 1994 жыл Аманкелді ауданының тұрғындары батырдың туғанына 175 жыл толуын атап өтті.
Жәуке батыр есімі мен ерлігі Е. Бекмаханов зерттеулері мен І.Есенберлиннің «Қаһар» атты романында айтылған.
Алшын, Тарақты, Сіргелі, Ошақты, Абақ, Тарақ – ру аттары.
Дастанда: «Бұл сырды айтпай кеттім әлеуметке «Ат сауыры » деген атақ алмасын – деп » деген жолдағы «Ат сауыры » әйелдің беделін төмендететін сөз. Яғни әйел қалыңсыз, жасаусыз, бағасыз, жолсыз келді деген ұғымды білдіреді.
Жоғарыда беріліп отырған бұл дастан «Ұры Қарға», «Қарға» деген атпен 1958, 1972, 1990 жылдары әр баспадан басылып шықты. 1951 жылы «Екі дастан», «Үш дастан» деген атпен Үрімші (Қытай) баспасынан араб жазуымен де басылып тарады. Кітапқа 1990 жылы Алматы, «Жазушы» баспасынан шыққан нұсқасы берілді.
Күләндам
«Күләндам» дастаны 1932 жылы жазылған және 55 жыл бойы жарық көрмеген. Алғаш жазылған кезінде Қазақ әдебиетінің классиктері С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафиндер оқып шығып, өте жоғары баға берген. Бірақ ешқайда басылмай, ескерусіз қалған. Дастанды қаламгер Сапабек Әсіпов алғаш рет «Қазақ әдебиеті» газетінде ұсынып, жарияланды («Қазақ әдебиеті» 2 қазан 1987 ж.)
Дастандағы оқиға 1931-33 жылдардағы Қазақ даласындағы алапат аштықтың әкелген апаты туралы шыншылдықпен сүреттелген. Шығарманың «Күләндам» деп аталуы да қызықты, деректі жайды аңғартады. Ақын осы дастанды жазып болған соң, Торғай аудандық (қазіргі Жанкелдин аудандық) оқу бөлімінің меңгерушісі, 1937 жылы «Халық жауы» атанып ұсталып кеткен Мәлік Бөкешовтің үйіне барады. Оған жаңа дастан жазғанын және бұған Мәліктің бойжетіп келе жатқан Күләнда деген қызының атын қоюды сұрайды. Қыз әкесі ризалығын білдіреді. Сөйтіп дастан «Күләндам» деп аталады.
Сол Күләнда Бөкешова кейін айтулы ұстаз, әнші, домбырашы, термеші ретінде белгілі болды. Көп жылдар мектепте ұстаз болып «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі» атанды. 2004 жылы Астана қаласында қайтыс болды.
«Күләндам» дастандағы сөздер мен кісі аттарына түсініктер:
«Қара ой», «Бас ат», «Бозша көл» — жер, су аттары. Бурабай, Талтаңбай, Әжібай – бұлар сол кездегі Торғай аудандарының әпербақан надан басшылары. Шын аты-жөндері Бурабаев, Талтаңбаев, Әжібаев. Кезінде Б.Майлин осы адамдар туралы «Талтаңбайдың тәртібі» деген фельетон жазған. Әлгі адамдар Торғайда «Асыра сілтеу болмасын, Аша тұяқ қалмасын!» деп заң шығарып, халықты қан қақсатқан.
Есім сері
Дастан 1941 жылы жазылған. Ақын жинақтарының бірнеше кітаптарында қайта басылған. Алғаш рет ел арасына қолжазба күйінде белгілі болған. Дастан сол жинақтардан алып басылды. 2009 жылы осы дастанның жалғасын белгілі жырау Нағашыбай Алпысов айтып берді. Ол бұл сөздерді әкесі ауыз әдебиетінің үлкен жанашыры әрі жинаушысы Алпыс Байдалыұлының қолжазбаларының арасынан табылғанын айтты. Бұл дастан бұрынғы басылымдарында:
Әртүрлі арғы атамды айтады әркім,
Атамнан алты жаста жетім қалдым.
Көрісіп мен жыламай, кім жыласын
Қолында өсіп едім мынау шалдың…. – деп аяқталатын. Алпыс ақсақалдың жазбасында осы жол «Сұрасаң руымды Алтай арғын» деп басталып әрі қарай тағы да төрт ауыз (16 жол) өлеңмен жалғасады. Жаңадан табылған осы жолдарды дастанға қосып отырмыз.
Бұл дастандағы Есім мен Қадиша ақынның немесе оқиғаны жеткізуші адамның белгілі бір оқиға ізімен ай тылғанмен тарихи жер аттары мен өмірде болған белгілі кісілердің аттары айтылады. Біз ол адамдарға да түсінік бере кетуді жөн деп таптық.
Меңдіғара – Қыпшақтың белгілі биі.
Қазанбасы, Аман – қазіргі Әулиекөл ауданындағы жер аттары. Жергілікті ел Аманқарағайды «Аман» деп қысқаша атай береді.
Амансор – мұндай жер аты жоқ, мүмкін «Аласор» атын сәл өзгерткен болар.
Шекті, Талас, Байұлы, Қаракесек – Кіші жүз рулары.
Алмат – тарихи тұлға. Толық аты Алмат Тобабергенұлы (1804-1892) сардар, батыр, би. Ырғыздың белгілі азаматы.
Шора би – Шекті руының белгілі биі.
Әйет, Ор – Қостанай облысындағы жер, су аттары.
Шашамбай – Торғай дуанындағы Қыпшақтың байы әрі биі.
Мұқан правитель – шын аты Мұхамбет Жантөрин сұлтан, 1851-1869 жылдары Орынбор өлкесінің Шығыс бөлімін басқарған.
Қарсақбай, Қайдауыл, Қабырға, Торғай – Жезқазған, Торғай өлкесіндегі жер, су аттары.
Алтай – Орта жүздің белгілі руы.
Құлжабай – Арғынның ХІХ ғасырдағы белгілі биі.
Иманқұлұлы Әбдірахман – (1870-1931) Орта жүзге атағы кең жайылған әділетті кісі, шешен, болыс, жомарт, хажы. Қазіргі Жанкелдин ауданының Сарықопа бойында туып өсіп, 1928 жылы кәмпескеге ұшырап, Қостанай түрмесінде қайтыс болып, Қостанай қаласындағы Нариманов зиратына жерленген. Автордың айтуына қарағанда дастан осы кісінің айтуы бойынша, бірнеше жылдар өткеннен кейін жазылған.
Аманкелді
Осы дастанда ескере кететін бір ерекшк жай бар. Ол дастан оқиғасы барысында кездесіп отыратын Алаш және оның көсемдері жайлы айтылатын артық-ауыс сөздер мен пікірлер туралы. Бұл шығарма 1950 жылдарда, яғни коммунистік идеямен жазылғандықтан қазіргі көзқараспен сәйкес келе бермейтінін ескеруді сұраймыз.
«Аманкелді» — үш бөлімнен тұратын тарихи дастан. 1916 жылы халық батыры Аманкелдінің қолбасшылық, ерлік жолдарын, өр тұлғасын баяндайтын ұзақ жыр. Бірінші бөлімі 14 тараудан тұрады. 1950 жылы жазылған. Алғаш рет 1951 жылы «Аманкелді дастаны» деген атпен қазақтың көркем әдебиет баспасынан жарық көрді. Алғы сөзін жазған Қ. Аманжолов.
Екінші бөлімі 1962 жылы жоғарыда аталған баспадан басылып шықты. Үлкен 3 тараудан және бірнеше бөлімнен тұрады және Аманкелді батырдың өлімімен аяқталады. Кітаптің редакторы Т. Молдағалиев.
1990 жылы С. Әсіпов пен Ә.Бекбаевтің құрастыруымен «Жазушы» баспасынан «Аманкелді» деген атпен толық басылып шықты.
Дастандағы кісі аттары, жер атауларына және тарихи оқиғаларға түсініктер:
Иман Дулатұлы 1837 – 1847 жылдардағы Кенесары, Наурызбай бастаған ұлт-азаттық көтерілістің айбынды батырларының бірі, қыпшақ, бегімбет руынан, Аманкелдінің атасы.
Үдербай – Иман баласы, Аманкелдінің өз әкесі.
Бектепберген – Иман баласы, Аманкелдінің ағасы, ұста.
Ақирек, Атанбасы, Тегене – Қайдауыл – тағы басқалар Торғай даласындағы жер – су атаулары.
Наурызбай Қасымұлы (1822-1847 ) Кенесарының інісі, әйгілі батыр. 1847 жылы қырғыздар азаптан өлтірген.
Бегімбет – Қыпшақ тайпасының бір атасы. Аманкелдінің руы.
Денгене – дәстүр. Екі-үш жігіт бәстесіп бір қойды сойғызып жеп кетеді. Егер тұтас жеп кете алмаса, әлгі жігіттер әрқайсысы бір – бір қойдан төлеп кетеді.
Әбдіғапар Жанбосынұлы (1870-1919) белгілі ел ағасы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы және осы көтірілістің ханы болып сайланған. Совет өкіметі (хан) атанғаны үшін өзі және отбасы, үрім-бұтағы қуғынға түскен, жер аударылған. Өзін қызыл әскерлер сотсыз, тергеусіз далада атып өлтірген. 1990 жылдардан кейін ақталды. Амангелді ауданы 2000 жылы оның 120 жылдық тойын салтанатпен атап өтті.
Алмасов Омар – Алаш басшыларының бірі, Торғайдың әскери комиссары.
Әкімбек — Хәкімбек Төкеұлы (1882-1919) революционер, 1919 жылы ақтар Аманкелдіні өлтіргенде бірге шейіт болған 17 қызыл партизандардың бірі. Оның артында «Он жеті адам атылуға бұйрылдық, жүргеннен соң большевиктің жолында» деген ұзақ өлең қалған.
Колдыров – 1916 жылы көтерілісшілер үстіндегі мұғалімдік киім үлгісіне қарап солдат екен деп ат құйрығына байлап өлтірген.
Таран Лаврентий – революционер, 1919 жылы Торғайда өлтірілген. Қостанай қаласында ескерткіш және оның атында көше бар.
Эверсман М.М – Торғай облысының губернаторы, 1916 жылы көтерілісшілерді тоқтату ниетімен Торғай қаласына келген, бірақ еш нәтиже шығара алмай кейін қайтқан.
Торғай, Ырғыз, Батпаққара, Науырызым, Ұлытау-1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс сарбаздарының шоғырланған жерлері.
Қанапия Қайдосов (1895-1925) революционер, Торғайда совет өкіметін орнатуға белсене араласқан.
Төке – Арғынның атақты биі, ел басшысы (1820-1916) мерген руынан.
Әлихан Бөкейханов – (1866-1937) Алаш көсемі.
Орынбор – Торғай облысының орталығы.
Әліби Жанкелдин (1884-1953) қазақтың тұңғыш революционер-большевигі. 1916 жылы Торғайдағы көтерісті ұйымдастырушы, партия, совет қайраткері.
Токарев Николай революционер, Торғайда совет өкіметін орнатуға қатысқан қызыл жауынгер. Оны 1921 жылы Кейкі батыр өлтіріп кеткен. Дастанда Токарев Сергей деп көрсетілген.
Дуан— Торғай қаласын қазақтар осылай атаған.
Әбілхайыр хан — (1693-1752) қазақ ханы, қолбасшы. 1752 жылы Торғай қаласынан алпыс шақырым жерде, Қабырға өзенінің бойында Барақ батыр өлтірген. Осы жерде сонда өлген қазақ сарбаздарының қабірлері бар. Жергілікті халық оны осы күнге дейін «Әбілхайыр хан моласы» деп атайды.
Дастанда аттары аталған Сейіл Қабақов, Кәрбоз Қабақов, Қияқбай Үркімбаев, Әлжан Қарабаев, Әсемғазы, Әмірбек деген кісілер 1916 жыл көтерілісіне қатысқан және әртүрлі көзқараста болған адамдар. Сол сияқты ақынның қиялынан шыққан кейіпкерлер де бар.
Дутов А.И. –(1879-1921) – генерал – лейтенант, Орынбор казак-орыс әскерлерінің атаманы.
Рамазан – (1911-1941) Аманкелді батырдың баласы, жазушы, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан.
Шәріп – Аманкелді батырдың баласы (1916-1998).
Бауыржан Момышұлы (1910-1972) – Ұлы Отан соғысының аты аңыз айналған қаһарманы, жазушы.
Мәлік Ғабдуллин (1915-1973) Совет Одағының батыры, ғалым, жазушы.
Балым — Аманкелді батырдың екінші әйелі. Бірақ батыр онымен екі жылдай ғана отасқан. Көп жылдар бойы Балымның өмірі мен тағдыры белгісіз болып келді. Оның анығын Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында тұратын жақын туысы 80 жастағы зейнеткер Нұрыш Сейітұлы «Егемен Қазақстан» газетіндегі (14 қыркүйек 2004 жыл) «Батырдың зайыбы Балым туралы шындық» атты мақаласында толық жазды. Ол кісі былай дейді:
«Оқырман қауымға түсінікті болу үшін Балым апайдың бабалары туралы қысқа дерек келтірейін. Біздің атамыз Түркістанда жерленген Уәйіс батырдан бес бала болған: Шәуіпкел, Ақыл, Тілеуберген, Мақыл және Маңдай.
Олардың ұрпақтарынан осы әңгімеге қатыстыларын ғана айтайын. Тілеубергеннен Бегімбай мен Бірімжан (алдыңғысы менің әкемнің әкесі), Маңдайдан Бірәлі, Мақұлдан Байқожа, Сәдуақас, Жармағанбет туады. Жармағанбеттің үлкені Балым. Одан кейін Әбділда мен Забира, тағы екі-үш қыз бала болған.
Осы жерде бүгінге дейін жарияланбаған бір жағдай бар. Жармағанбеттің ағасы Сәдуақастың келіншегі көпке дейін бала көтермейді. Сөйтіп жүргенде Жармағанбеттің әйелі Төлеу есімді шешеміз екі қабат болады, ол кісінің айы жақындап босанар шақта Сәдуақас: «Келін, шырағым, ішіңдегі бала менікі. Біздің үйде босанатын боласың», — деп әмір етеді. Содан толғақ басталғанда, Сәкең үйінің оң жағына шымылдық құрғызып, шешеміз аман-есен Балым апамызды туады. Төлеу шешеміз Балымды үш жасқа дейін шымылдық ішінде емізіп кетіп жүрген. Сәкең Балымның есімін үш жүзге аты мәлім Ахмет ишанның өзіне қойдырады.
Балымды батырға қосуға Әбдіхалық Есіргенов деген жездеміз себепші болған. 1917 жылдың күзінде Аманкелді Әбдіхалыққа жолығып, өзінің көңілін жеткізген. Ал Әбекең өз атасы Бірімжанға қолқа салған. Бірекең Сәдуақасты көндіруге Аманкелдінің атасы Иман мен өз аталары Уәйістің достығын алға тартқан.
Бір соғыста Уәйіс пен Иман батырлар бірін-бірі қорғап, екеуі де аман шығыпты. Сонда Имекең: «Әй, Уәйіс, екеуіміз де өліп қала жаздап қайттық қой», — депті. Екеуі қылыштарын ауыстырып, жалаңаш денелеріне оның жүздерін өздеріне қаратып тұрып, құшақтасып дос болған екен.
Содан Сәдуақас ағасына келісімін береді. Сол, 1917 жылдың желтоқсан айында батыр жалғыз өзі Бірімжан атамыздың үйіне келеді. Бірекең өз туыстарынан Байқожаны, Сәдуақасты, Біраліні және Баржақсыны шақырып алады: «Ата, қыздың қалың малы өздеріңізге белгілі ғой. Ол қашаннан 40 қара. Балымның қалың малы 80 қара болсын. Осыған баталарыңызды сұраймын», — десе керек. Сонда Бірекең өз ауылының атынан былай депті: «Аманкелді, сен бердің, біз алдық, осылай деп есепте. Бірақ, біз Құдайдың бермегеннін сенен алмаймыз. 40 қараны атаң Иманға байладық. Қалған 40 қараның да бізге қажеті жоқ. Сол 40 қараға татитын жиырма қара берсең болады». Отырғандар осыған бәтуа жасасып, он бестен он алты жасқа қараған Балымды 1918 жылғы жаздың бас кезінде ұзатқан. Батыр төрт шұбар ат жеккен күймелі арбамен келген. Күйеу жолдастарының қатарында Тілеуберген Ержанов, Смайл Көпжасаров есімді жігіттер бастаған 8 адам болған. Батыр қару-жарақсыз, қазақы тәртіппен келіп түскен. Ұзату тойы үш күнге созылыпты, балуандар күш сынасып, ат бәйгесін өткізген. Ұзатқан қызды шығарып салуға ергендер ішінде менің шешем Әйкүл де бар.
Міне, мен білетін Балымның өз есімі мен туған әкесі туралы деректер осындай».
1919 жылы Аманкелді батыр қайтыс болғаннан кейін Шәріп Имановтың естелігі бойынша Балым туған қайнысы Есентайға тұрмысқа шыққан. Одан Рахым (1926 жылы туған), Рахымқұл (1928 жылы туған) атты екі ұлды өмірге әкелген. (Ш.Иманов «Жұлдыз №11. 1979 жыл»).
Балымның бұдан кейінгі өмірі ауыртпалықпен өтеді. Оны журналист Ж.Бейісұлы былай деп жазады: «1932 жылғы елді жайлаған ашаршылық тұсында Есентайдың отбасы таршылыққа ұшырап, жан сауғалап Өзбекстан жеріне өтіп кетеді. Бірақ ол жақтан да бастарына пана таба алмайды. 1933 жылғы аштық жандарына батқан Есентай мен Балым бірінен соң бірі Мақтаарал өңірінде өмірмен хош айтысады». («Егемен Қазақстан» газеті, «Аманкелді батырдың зайыбы», 17 қантар 2004 жыл).
Ескерту Дастанның «Балымның жоқтауы» бөлімінде:
«Бұлшығын кессең бық етпес,
Бекпатша қызыл нардай ең…
…Әділдікпен құрдас ең,
Ақиқатпен сырлас ең,
Жауыздықпен жаның қас
Жәбірлі жанмен мұңдас ең» — деген жолдар ақынның «Айрылысу амалсыз» деп аталатын Ақметқанды жоқтауында да бар. Жоқтау 1939 жылы жазылған («Дәл отыз бес жасында, тағдырдың көрдің пайдасын» дейді ақын. Ақметқан 1904 жылы туған. С.Кенжеахметұлы). «Аманкелді» дастаны ол кезде жазылмаған жоқтау өлең дастаннан ерте жазылғанмен, баспасөз бетінде жарық көрмеген. Нұрқан ақын батыр туралы жазған дастанында осы дайын жолдарды кіргізген.
Тағы бір ескере кететін жай «Балымның жоқтауында»:
«Көк бөрідей керістің
Көк азбандай тебістің»,- деген жолдар 1962 жылғы басылымында:
«Көкперіден керістің,
Көл азбандай тебістің»,- деп, 1990 жылғы басылымға:
«Көк пері деп керістің
Көл азбандай тебістің»,- деп мүлде қате басылған. Демек редакторлары жоғарыдағы сөздердің мағынасына түсінбеген.
Сол сияқты аталған екі басылымға да жоқтаудың «Әділдікпен құрдас ең» деген жолдар «Әкімдікпен құрдас ең» деп қате басылған.
Жасауыл қырғыны
Бұл дастан Кенесары мен Наурызбай сынды қаһармандардың әр заманның әр түрлі соққан зауалына орай бірде мақталып, бірде датталып теріс саясаттың кезінде, болған оқиға негізінде жазылған күрделі әрі көркем шығарма. Бұдан бұрын ХХ ғасырдың орта кезінде ақын Кенесары, Наурызбайдың ерліктері жайында көлемді дастан жазған болатын. Ал, 1949-50 жылдары аталған батырлар туралы Қазақстан ғылымында теріс пікір қалыптасқанда Нұрханға да қатаң айып тағылу жақындап қалған еді. Мұндай айыптан құтылу үшін ақын «Жасауыл қырғыны» атты дастанды жазуға мәжбүр болды. Бұл туралы филология ғылымының кандидаты, ақын Серікбай Оспанов мынадай деректерді келтіреді.
«Жасауыл қырғыны» қалай жазылды?
«Ақынға «Жасауыл қырғыны» дастаны үшін Абай атындағы республикалық сыйлық берілген. Осы «Жасауыл қырғыны» қалай жазылды?
Нұрхан Ахметбеков Кенесары, Наурызбай көтерілісін алғаш қолдап, оларды мақтап жазады. Онысы ел ауызына тарап кетеді.
«Правда» газеті 1950 жылы 26 желтоқсанда «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақала жариялап, ақын Қалижан Бекхожиннің «Батыр Науан» поэмасын, ғалым, сыншылар Қайым Мұхаметханов, Е.Ысмайылов, Е.Бекмахановтар Кенесары Қасымов қозғалысы тарихын жазғандары үшін «буржуазияшыл-ұлтшыл» атанып жатқан ауыр кезең. Белсенділер Нұрханға да ауыз сала бастайды. Нұрхан Алматыдан бірақ шығады. Ол кезде Қайнекей Жармағамбетовтың дүрілдеп тұрған шағы. ҚЛКЖО Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналының редакторы, ҚазПИ-дің доценті. Қайнекей: «Сотталғың келмесе, поэманы Кенесары, Наурызбайларды қанішер етіп көрсетіп қайта жаз» дейді.
Сөйтіп Нұрхан дастанды басынан-аяқ қайта жазып шығады. Қайнекей дереу «Әдебиет және искусство» (1951. №8. 21 б. Қазіргі «Жұлдыз») журналына бастырып, сөз болмасын деп оған тағы да мынадай анықтама береді: «Нұрхан Ахметбеков «Жасауыл қырғыны» атты поэманы 1932 жылы жазып, 1936 жылы қолжазбасын сол кездегі ССРО Ғылым Академиясы қазақстандық филиалының әдеби секторына өткізеді. 1939 жылы поэманың алғашқы вариантына бірсыпыра өзгерістер енгізеді. 1951 жылы поэманы қайта қарап шығып жариялауға ұсынады. Біз поэманың осы соңғы вариантын жариялап отырмыз. Редакциядан.»
Қайнекей мұнымен де қоймай, сол 1951 жылы Қазақстан К/б/П Орталық Комитетінің VІІІ пленумында Қазақстан К/б/П Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов «Республиканың партия ұйымдарында идеологиялық жұмыстың жайы және оны жақсарту шаралары туралы» баяндамасында да «Кенесарының қозғалысына баға берудегі идеялық күрес бұрын да болып келді. Кенесарыны және оның нөкерлерін жырлаған Нысанбайдың, Досқожаның және реакцияшыл хан сарайы ақындарының поэмаларынан басқа, Кенесарының және оның нөкерлерінің рақымсыздығын, айуандығын әшкерелейтін «Жасауыл қырған» (Журналда осылай жазылған – С.О.) деген поэма және басқалары халық арасында таралып жүрді» («Әдебиет және искусство» 1951 №10 5 б.) деп ендіріп жібереді.
Әйтпесе поэмаға берілген анықтамада көрсетілген 1932, 1936, 1939 жылдары, тіпті одан кейін де Нұрхан Ахметбековтың Кенесары, Наурызбайды жауыз етіп көрсетіп жазуы мүмкін емес еді. Өйткені халық ақындары (Нысанбай, т.б. – С.О.) жырларында да, мектеп оқушыларына арналған оқулықтарда да (9 сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығы. 1949), тарихта да, ел аузында да Кенесары халық батыры ретінде танылып, дәріптелетін. Тек қана Бекмаханов, Жұмалиев, Бекхожин, Мәметовалар ғана емес, Мұхтар Әуезов те («Хан Кене» 1928), Сәбит Мұқанов та («Балуан Шолақ» повесть 1942, «Жайлауда» поэма. «Қызыл Қазақстан» 1951. №22, 87 б.), Ғабит Мүсірепов те Кенесары Қасымовты ұлт-азаттық көтерілісінің батыры етіп көрсетсе, сол кездегі Қазақстан К/б/П Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтың өзі де Кенесары, Наурызбай көтерілісіне кезінде дұрыс көзқараста болған. Оны сол 1951 жылғы Қазақстан К/б/П Орталық Комитетнінің VІІІ пленумында жасаған баяндамасында «Мен 1944 жылы Аманкелді Имановтың қайтыс болуына 25 жыл толуына арналған «Социалистік Қазақстан» газетінде мақаламда елеулі саяси қате жібердім, -деп өзі де мойындаған. – Қазақ жауынгерлерін неміс-фашистерге қарсы күресуге шақыра отырып, мен оларды өздерінің даңқты бабаларына лайықты болуға шақырдым, сөйтіп, Сырымның, Исатайдың, Махамбеттің, Аманкелдінің есімдерімен қатар, Абылайдың, Кенесары мен Наурызбайдың аттарын да атадым…» («Әдебиет және искусство» 1951 №10, 12 б.)
Осы секілді Ғабит Мүсірепов те «… Сәрсен Аманжолов тағы басқалары біз жазған 10 класқа арналған әдебиет оқулығын Кенесары жөнінде дұрыс сынаған. Асқар Тоқмағанбетов пен Мариям Хакімжанова жолдастардың шығармаларын тексерген жерлерде Кенесарыны біз де дәріптеп қойыппыз». («Әдебиет және искусство», «Әдебиет майданын ұлтшылдықтан арылтайық» 1951. №9. 64 б.)
Кенес үкіметі тұсында бәрі бұрмаланып көрсетілгенінің бір айғағы осы емес пе?! Нұрханның «Жасауыл қырғыны» да осындай дүмпудің әсерімен өңін өзгертіп қайта туған. Бұл жайында Қайнекей Жармағамбетов Нұрханның батыр ағаларына күйе жаққысы келмегенін, тек амалы жоқтықтан жазғанын талай жеткізген.» (Серікбай Оспанов. Қолжазба).
Сөйтіп осы дастан арқылы Н. Ахметбеков бұрынғы «айыбынан» ақталып қана қойған жоқ, шын ақындық таланты анық көрініп Қазақ ССР Министрлер Советінің 1951 жылғы 28 желтоқсандағы қаулысымен оған республикалық Абай атындағы сыйлық берілді. Бұл туралы Н. Ахметбеков шығармашылығын зерттеуші, филология ғылымдарының кандидаты Сапабек Әсіпов «Республика көлемінде бұл жоғары әдеби сыйлықты халық ақындары арасынан бірінші болып алу абырой – құрметі Нұрханның ақындық беделін көтеріп, даңқын шығарды. СССР Мемлекеттік сыйлығына қазақ ақын-жазушылары арасынан алғаш ие болған Жамбыл десек, одан кейін республикалық әдеби сыйлық лауреаты құрметті атағын алған Нұрхан Ахметбековтың есімі аталатын болды.» (Н. Ахметбеков «Амангелді» (Дастандар) Алматы, «Жазушы» баспасы, 7-бет).
Дастандағы және түсініктемеде көрсетілген оқиғалар мен жер, кісі аттарына қосымша анықтамалар:
Қасым хан – батыр, хан. Абылайдың ұлы, Кенесарының әкесі.
Кенесары (1802-1847)-қазақтың соңғы ханы, Қасым хан ұлы, 1837-1847 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі, батыр.
Наурызбай Қасымұлы (1822-1847)-аты аңызға айналған айбынды батыр, Кенесарының інісі.
Байтабын—1844 жылы Наурызбайдың 95 жасауылымен бірге өлтірілген батыр. Оның қашып келіп өлген жері Торғай қаласының батыс жағында «Байтабын соры» деп аталады Байтабынның өлімі Кенесарыға қатты батқан.
Шәкір – Кенесары батырларының бірі, қыпшақ, Түйішке руынан. Қазіргі Қостанай облысының Жанкелдин ауданында «Шәкір тамы» деп аталатын қорым бар. Батыр осында жерленген.
Қитаба, Түйішке – Қыпшақ тайпасының рулар атауы.
Алтыбай Көбекұлы – Кіші жүз Жаппас руының бас көтерер, белді азаматы. Оны 1845 жылы Кенесары өлтірткен.
Жанғабыл Төлегенов – Кіші жүз Жаппас руының басшысы, Наурызбай жасауылдарын өлтіруді ұйымдастырған және оны іске асырған осы Жанғабыл.
Өске Торқаұлы (1788-1857) – ХІХ ғасырдағы есімі Ұлытау, Торғай даласына кең жайылған ақын. Руы Қыпшақ.
Балғожа Жаңбыршыұлы (т.ж.б. – 1860) – Қыпшақтың белгілі биі. Ұлы ұстаз Ы.Алтынсариннің атасы. Көтерілісшілерді қолдамағаны үшін Кенесары Балғожа ауылын шапқан. Ыбырай әкесі Алтынсары осы шапқында өлген соң атасы Балғожаның тәрбиесінде болған.
Ержан Саржанұлы – Кенесарының інісі, батыр. Кенесарының Ержан атты екі інісі болған. Бірі Ержан Қасымұлы, ол 1836 жылы Саржан Есенгелділерімен бірге Ташкент құсбегінің қолынан қаза тапқан.
Алшын – Кіші жүз руы.
Арғын, Қыпшақ — Орта жүз рулары.
Төлеген – жоғарыда аталған Жанғабыл батырдың әкесі.
Үңгіт Қарға – тарихта болған кісі, Наурызбай жасауылдарын өлтіруді ұйымдастырған адам. Үңгіт руының аты.
Жілгелді – Кіші жүз руларының бірі.
Хан Шыңғыс – Шыңғыс хан Темучин (1155-1227) монғол ханы, монғол империясын құрушы, әскер басы.
Ақсақ Темір – (1336-1405) — әмір, Орта Азияның атақты қолбасшысы.
[bws_related_posts]