Алматы облысы, Ақсу ауданы,
Абай атындағы орта мектебі,
мектепке дейінгі шағын орталығы
физика пәнінің мұғалімі
Жамауова Салтанат Амирбекқызы
Тақырыбы: Имандылық- қастерлі қасиет
Мақсаты: Оқушыларды адамгершілікке, имандылыққа, парасаттылыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі: нақыл сөздер, суреттеу, слайдтар.
Барысы:
1. Мұғалімнің кіріспе сөзі.
2. Бата ұғымының түп — төркініне түсінік.
3. Тілек айту.
4. Тыйым сөздер.
5. Қорытынды.
Мұғалім: Бүгінгі тәрбие сағатында имандылық, мұсылман діні, Аллаға құлшылық ететін жастар және басқа діни сөздер туралы айтылмақ. Қазір де бүкіл адамзат баласының басында болып жатқан қиындықтарды тек Ислам арқылы шешуге болады. Ислам – адам өмірін сақтаушы, денсаулықтың қорғаны, адамның өзін — өзі құртып, бітіруіне тосқауыл болатын ғажайып нәтижелер жиынтығы. Ислам мемлекеттерінде тұрмыс жағдайы төмен болса да, қылмыс деңгейі мен ажырасу саны ең аз, рухани бақыт көрсеткіші мен денсаулық деңгейі әжептәуір жоғары. Дамыған елдерден қанша төмен тұрса да жоғары деңгейдегі мораль мен тәртіп сақталған.
Ислам – қайрымдылық пен зұлымдықтың не екенін нақты түсіндіре алады, қалай дұрыс өмір сүру, қалай дұрыс тамақтану, қалай бала тәрбиелеу, әйелді қалай қастерлеу, қалай киіну, қоғамдық өмірдегі қатынас сияқты т. б. маңызды сұрақтарға жауап бере алады.
Яғни, Ислам – «басынан аяғына» дейін құрылымы жетілген нағыз керемет Дін.
Имандылық жарасады ұл — қызға,
Бұл тақырып толы екен мазмұнға.
Насихаттап имандылық бастауын,
Өнегелі тәлім берер ұл — қызға.
Ал, балалар, сынып сағатымызды біз бастайық,
Өлең оқып, ән айтудан қашпайық!
«Әдептілік әліппесін ардақтап,
Иманды бол деп ұран тастайық.
Біздің халқымыздың ауыз әдебиеті — өте бай мұра. Тоқсан ауыз сөздің айтар тобықтай түйінін бір — екі сөйлемге сыйғыза білген ата — бабамыз қандай дана еді! Ата — баба мұрасын жалғастыру — біздің ұрпақ алдындағы міндетіміз. Олай болса, сендердің бұл міндетті қалай орындап жүргендіктеріңді байқаймыз.
(Оқушылар әдептілік, имандылық жайлы мақал — мәтелдер айтады.)
1. Ұлың өссе, Ұяттымен ауылдас бол.
Қызың өссе, Қылықтымен ауылдас бол.
2. Бала тәрбиесі — бесіктен.
3. Өзек қуа ағады, Өзен судың саласы.
Алыстан сәлем береді, Әдепті елдің баласы.
4. Әдептілік, ар, ұят — адамдықтың белгісі.
5. «Сіз» деген әдеп, «Біз» деген көмек
6. Бар, барын жейді, Ұятсыз арын жейді.
7. Әдепті бала — арлы бала, Әдепсіз бала — сорлы бала.
8. Сыйға — сый, сыраға бал
9. Ұлың өссе, Ұлы үлгілімен ауылдас бол.
Қызың өссе, Қызы үлгілімен ауылдас бол.
10. Ұят жүрген жерде. Абырой төгілмейді.
Абырой бар жерде, Ар шапан сөгілмейді.
11. Әдепсіз бала Ауыздықсыз атпен тең.
Ақылды қария Жазып қойған хатпен тең
12. Ар қайда болса, Ұят сонда.
13. Әдептің не екенін, Әдепсіз адамды көргенде ұғарсың.
14. Аға әдепті болса, іні әдепті.
Апа әдепті болса, сіңлі әдепті.
Мұғалім: Халқымыз бала тәрбиесіне жалпы адам тәрбиесіне терең мән беріп, өзінін салт — дәстүрі мен әдет — ғұрпы арқылы мол өнеге бере білген.
Иман — арабша сенім деген ұғымды білдіреді. Дінге сенуге байланысты бұл ұғым халық арасында әдептіліктің, яғни адамгершіліктің мәнін беретін ұғыммен ұштасып, әлеуметтік әдептілікті көрсететін мәнге ие болды. Өмір заңдылықтарына айқын сеніммен қарап, адамгершілік рәсімдері мен уәждерін, міндеттері мен мақсаттарын бұлжытпай орындайтын ақ ниетті, адал жүректі, көпшіл адамды – иманды адам дейміз. Иманды адам – айналасындағыларға және бүкіл адамзатқа тек жақсылық ойлайды, оларға мейір — шапағатын төгіп, жанашырлық, қамқорлық жасауға әзір тұрады, әркімге әдеппен, ізетпен, инабаттылықпен қарайды. Сондықтан да иманды адамды бет бейнесінен танып, халық оны иман жүзді адам дейді.
«Тура биде туған жоқ, туысты биде иман жоқ» деп, халық иманды адамның әділетті, шыншыл болатынын уағыздайды. Халқымыздың қонақжайлылығы, кеңпейілдігі, көпшілдігі, дос көңілдігі — әлеуметтік имандылықтың белгісі. Имандылық дәстүрін қастерлей біліп, иманды адам болу — кісілік борыш. Иманы кәміл адам мейірімді болады. Мейірімділік – адам бойындағы қасиетті сезім. Ата мейірімі, әке мейірімі, ана мейірімі, отбасындағы адамдардың бір — біріне деген мейір — шапағат — әдептік әсем құбылыс, түйсікті баурап алатын түсінік, ұлағатты ұғым, адамгершіліктің асқар шыңы. Халқымыз ұрпағын мейірімділікке тәрбиелеп, қатыгездіктен қашып, қаталдықтан сақтандырып отырған. Еліміз ер азаматтарын мейірімді болса екен деген аттармен атап, жастарды үнемі мейірімділікке баураған. «Көпті жамандаған көмусіз қалады» деп халқымыз мейірлі болу — өз халқын сүю, бірлікшіл болу екенін уағыздайды. « Үлкен адамның сөзін тыңдай біл» деп өсиет айтқан ата – бабамыз мейірімділік негізі – сыйласым екенін дәл көрсетеді.
Ендігі кезек оқушыларға беріледі. Бата, тілек және батаның түрлеріне тоқталамыз.
1 оқушы:
Сабақты біз «Ақ бата» деп атадық,
Үлкендерден жүрейік деп бата алып.
Ақ батамыз бастайды екен ақ жолға,
Шалыс басып кетпесін деп шатасып.
Имандылық жарасады ұл — қызға,
Ал, батамыз бастайды екен шың — құзға.
Инабатты, ұмытпасқа ізетті,
Айналамыз біз адами жұлдызға.
2 оқушы:
«Бата» ұғымының түп — төркініне барлау жасар болсақ. Құранның 1 — сүресінің аты «Фатихадан» туындаған халықтың бата — тілек сөздері жеткіншек жас ұрпақты әдепті, сабырлы, зерделі, арлы болып өсуіне баулиды. Малды — басты, дәулетті, бақытты, кекшіл емес кешірімді болуын тілейді. Бата — қазақ арасында адамдардың бір — біріне деген ынта — ықыласының адал ниеті мен жақсы тілектерін білдіретін тәрбиелік мәні зор рәсім.
Мұғалім: Ал, дастархан батасы туралы айтсақ.
3 оқушы:
Дастарханың мол болсын, Абыройың зор болсын!
Дастарханың тоқ болсын, Уайым — қайғы жоқ болсын!
Берейін бата асыңа, Амандық берсін басыңа.
Бөденедей жорғалап, Қырғауылдай қорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа. Бар екен деп жасыма,
Жоқ екен деп жасыма. Еңбек етсең ерінбей,
Дәулет келер қасыңа. Көре алмаған дұшпанның
Жуа бітсін жолына. Бақытың жетсін төтелеп.
Дүние малды жетелеп. Аузыма түскен батаның,
Жатырмын бәрін төпелеп! Көтердім міне білекті
Ақтардым түгел тілекті, Мынау тұрған балаңыз,
Батыр болсын жүректі.
4 оқушы:
Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын
Қайда барсаң да жол болсын!
Ұлыс бақты болсын, Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін, Пәле — жала жерге енсін.
Мекен тұрақты болсын, Малға құрақты болсын,
Елге шуақты болсын, Өзен суатты болсын,
Ерлер қуатты болсын! Ұлы халқым тоқ болсын!
Көйлектері көк болсын! Қайғы — уайым жоқ болсын,
Қуаныштарың көп болсын!
Мұғалім: Енді кезекті тыйым сөздерге берейік. Аш адамға көмек беріңдер. Аурудан хал сұрандар. Қарызға батқан адамның қарызын өтеуге көмек беріңдер. Кездескенде кім бірінші болып сәлем берсе, сол адам тәңір алдында да, адам алдында да иманды адам. Иманның жақсысы — сабырлы және кеңпейілді болу. Тәңір әйелдермен сыпайы сөйлесуді бұйырады, себебі әйел — анаңыз, әжеңіз, қызыңыз. Тамақ салынған табақтың шетінен ғана алып жеу керек. Ортасына қол жүгіртпе, себебі береке ортада болады. Біреуге зиян келтірме, біреудің өзіңе залал келтіруіне жол берме. Мұның екеуі де исламда жоқ.
Тыйым сөздер. Адамгершілік тәрбиесіне қатысты әдіс — тәсілдер қатарына тыйым сөздерді де жатқызуға болады. Мұндай сөздер айналасындағы әр нәрсені қадірлеп, қастерлей білуге, қатыгездік пен көргенсіздіктен аулақ болуға, обал, сауатты білуге баулиды. Мысалы, «Нанды аяққа баспа», «Анаңа қатты сөйлеме», «Малды басқа ұрма»т.б.
Оқушылар: Осындай сөздердің бір тобы оқушыларды тәртіптілікке, сыпайылыққа, сақтыққа шақыра отырып, әр түрлі жаман әдеттен жиіркендіреді. Атап айтқанда, «Адамға қарап түкірме», «Кешке қарай көңіл сұрама», «Біреуге қару кеземе», «Пышақтың жүзін жалама», «Мойныңа белбеу салма»,«Күлді шашпа», «Ағынды суға кір жума», «Шашты аяқ астына тастама», «Құдыққа түкірме», сияқты тыйым сөздер тазалыққа, ұқыптылыққа, табиғатты қастерлеуге шақырады.
Мұғалім: Ұяттан безген мият
Мият деген қырыстың Естідім бір сор ісін:
Инабатты ұятты, Сыйланатын ұятты,
Сабыр ойлы ұятты, Абыройлы ұятты
Ұрсып, сөзбен езіпті — Ұяттан ол безіпті.
Имандылық — ізет,- деп, Иманды нық күзет,- деп,
Жағындырдың кәріге, Бағындырдың бәріне!
Әркімге бас идірдің: Әр күн күнде мың күйдірдің….
Мұжық болып оңбаймын! Ынжық, момын болмаймын!
Ұят, менен кет!- депті, Ұят одан шеттепті.
Қашып ұят жоламай, Безіпті дос бола алмай……
Ой, обал — ай! Обал — ай! Олақ боп ол ұялмай,
Салақ болып ұялмай Дөрекілік мінезбен,
Өрекпілік мінезбен Ақылынан таныпты,
Ақымақ боп қалыпты. Ұятсызда сабыр, ой,
Болмас ақыл, абырой.
Мұғалім: Имандылық – бала тәрбиесінің ең басты қайнар бұлағы. Сондықтан тәрбиені діннен бөлек алып қарауға әсте болмайды. Қаншалықты жақсы тәрбие көрсе де, дініне енжар, селқос қарайтын, имандылық негіздеріне аса мән бермейтін ұрпақ екі дүниеде де мұратқа толық жете алмайды.
Қазіргі жаһандану заманында қоғамымыздағы кейбір жастардың әдепсіз әдеттерге, мұсылманға жат қылықтарға бой алдыруы, батыстық мәдениетке еліктеп, әзәзіл әуендерге үйір болып, ақырында болашағынан үміт күттірген өскелең ұрпақтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық, рухани құндылықтарға қарсы келуінің басты себебі де, сөз жоқ, нақ осы имандылық тәрбиенің әлсіздігінен немесе жоқтығынан.
Жалпы бір ғасырдай уақыт бойы ажырап қалған төл дінімізге оралу, рухани құндылықтарды басты назарда ұстау қоғамда қордаланған талай түйіткілді мәселелердің шешімі болып табылады. Асыл дініміз туылған нәрестеден бастап, ер жеткенге дейін перзентке қандай тәрбие беру керектігін нақтылап берген.
Қасыңда жақсы көрген көршің болсын,
Көршіңіз жақсы болса — бейне төркін.
Ағайын, туған — туыс, жекжаттарың
Баршасы сау — саламат өсіп — өнсін!