Ең маңызды мәселе – уақыт! Бұл тек математика ғана емес, барлық пәндер үшін. Бірақ, әсіресе, математика, физика және химия пәндері ең уақытты қажет ететін пәндер екенін бәрі мойындайтын болар. Есептерді алдымен оқып-түсінуге (осы ең қиын кезең), кейін шығаруға уақыт кетеді.
Тапсырмалар кітапшасын ала салып, бірден жедел іске кірісуге әлден жаттығу керек. Шындығын айту керек – әсіресе ауыл баласы баяу, асықпай, бейқамдау қимылдайды. Мұны көріп те, ескертіп те келеміз.
Уақытты әлден «қатаң әскери» тәртіппен жоспарлау керек – есептің шартын оқып, логикалық ойлап үлгеруге, формулалармен есепті шығарып үлгеруге минуттап белгілеу керек. Жеңіл-қиын есептерге бөлінетін уақытты және оларды орындау ретін, жалпы есептерді «айналдыра» орындауды да қатаң сақтап үйрену керек. Соған күнделікті қайта-қайта жаттығу керек. Әлі де кеш емес.
Өте бір маңызды мәселе – арифметика! Ия, ия! Небір күрделі есептерді жап-жақсы шығарып келіп, ақыр-соңында болмашы арифметикалық есептеулерден қате жіберіледі! Бұл – өте көп кездесетін ең өкінішті жағдайдың бірі. Кейін білгенде кімнің де болса іші «күйіп» кетеді. Бұл қате неліктен жіберіледі? Асығыстық пен немқұрайдылықтан! Біздің балалардың есептің соңына келгенде, әлі бітпегенді біткенге қабылдап, «бітіруді» немқұрайды немесе менсінбей, шалажансар, апай-топай атқара салатын жаман әдеті бар. Ал әрбір есеп… арифметикамен аяқталады! Сондықтан, осы жерге аман-есен жеткенде «О, Арифметика деген патшаның алдына келдім!» деп қайта сақтықты күшейте, абайлап аяқтау қажет.
Өте бір «қиын» мәселе – таңба! Әрине, физика-математикаға дарынды балалар бұл қатені жібермейді, бірақ басқа көпшіліктің бұл ең көп сүрінетін тұсының бірі. Шамасы, мектепте осы мәселеге тиісті көңіл бөлінбейді-ау.
Қарапайым арифметикалық есептеулерде, алгебралық түрлендірулерде, теңдеулер мен теңсіздіктер шешуде, теріс дәрежелермен есептеулерде «минус» таңбасын көргеннен көзді ашыңқырап, өзіңді қайта тексеріп, әсіресе саналы түрде өту керек. «Саналы түрде» дейтінім – көпшілік есепті тек көзбен істейді, яғни үйреншікті дағдыларын жүріп өтеді. Сондықтан да, өздігінен шешім қабылдап, өздігінен орындайтын тұста шорқақтық жасайды.
Айрықша жағдайлар! Әрбір тақырыптың есептерінде өзіндік ерекше жағдайлар болады. Соларға айрықша көңіл бөлу керек. Бұл бір түйінді нүктелер. Күтпеген жерден пайда болып, талай оқушыны састырады. Соған дайын бол.
Формула жаттау! Бұл енді айтпаса да түсінікті. Бірақ… менің таңқалатыным, көп балалар осы кезге дейін, ҰБТ-ға бір-ақ ай қалды, формулаларды өте нашар біледі, дәптерден қарап пайдаланады! Дәптерді, калькуляторды, ешнәрсені алып кірмейтінін біле тұра осылай?!.
Бұл – есептерді өте аз шығарғандықтан. Формуланы тақпақ не өлең сияқты жаттай алмайсың. Тек есепті молынан шығару кезінде ғана баста қалып қояды. Әлі де есепке құлшынысты арттыру керек, тиімді еңбекті көбейту керек. Басқа амалы жоқ.
Физика есептерінің бір ең үлкен қиындығы – өмірдің түрлі салаларына беріледі. Сондықтан өмірден, техникадан түрлі термин сөздер қолданылады. Оларды түсіну үшін не өмірлік тәжірибе мол болуы, не… жан-жақты есептерді молынан шығарып, жаттығу қажет болады. Міне, есептер осылай тәрбиелейді.
Бір ескертетіні – физика есептерін шығару үшін математикалық білім жоғары болуы тиіс екенін бәрі біледі. Бірақ бұл шарт орындала бермейді. Физиканы игеру үшін математикаңды жөнде және оны физикаға тиімді қолдануды үйрен.
Міне, ҰБТ-ға тынбай дайындық үстіндегі мектеп бітіруші балаларға менің кішкентай кеңестерім мен аталық батам. Шаршамай-талмай, өмірлеріңдегі алғашқы үлкен де жауапты сынақтарыңнан сәтті де абыройлы өтіп, өмірден өз орындарыңды табыңдар, айналайындар.
Аға ұстаз Бақытжан Бүшібарұлы
Дереккөз: http://kushibaruly.kz
Фото : http://kerekinfo.kz