«Менің бір сыныптасым бизнесмен болып кетті», — деді автобуста қасымда тұрған егде тартқан бір әйел жанындағы құрбысына. – «Коттедж үй салып алды, мінгені – лексус. Бұрын мектеп кезінде үшпен оқыған. (Сылқ-сылқ күлді). Сабақты менен көшіретін. «Дәптеріңді берші деп келіп тұрғанда, беретін едім ғой, есіңде ме?» дедім әлгінде. Бетіне айттым…».
Ойланып қалдым.
Көзі ашық, көкірегі ояу ата-аналар баласын әу бастан озат оқуға, өз күшімен оқуға түсуге тәрбиелейді. Болашаққа деген сенімді қадамды білімнен іздеу керектігін ұғындыруға тырысады. Осыған қарамастан, түптің түбінде кей жағдайда, мектепте үшпен оқығандар беспен оқығандардан озып, тіпті беспен оқығандарға мұрнын шүйіре қарайтын жағдайға жетеді.
Осы мәселеге орай, ой сабақтап көрейік.
Меніңше, үшпен оқитындардың мынадай түрлері бар:
- Талап ететін ата-ана болмағандықтан, оқымайтындар (әдетте үй ішімен үшпен оқиды, жастайынан тентектікке, ішкілікке т.б.әуес болады).
- Талпысыны болса да, басынан озат болмағандықтан, өзі туралы «Ол үшпен оқиды» деген стереотип қалыптастырып, кейін талпынып, талаптанса да, байқалмай, озаттардың көлеңкесінде қалып қоятындар.
- Оқуға қызығушылығы жоқтар. Бірақ олардың бойында ешкімде жоқ дарын болады-дағы, сол дарыны арқылы үшпен оқыса да, беделге ие болады. Мектептегі спорттық жарыстардың жұлдызы т.б.
- «Байдың баласы».
Әдетте үшпен оқитындардың көбі оқуға түсе алмай, ауылда қалып қойып, өмірін ауылда өткізіп, өзі сол өміріне қанағат етсе, кейбіреулер жоғарыда айтылған бизнесмен сияқты ерекше жетістікке жетіп, бұрынғы озаттарды қол астына, жұмысқа қабылдап жатады. Бұл қалай? Қандай психология?
Бұл сұраққа жауапты мектепте озат оқығандардың түрлері беретін сияқты. Олардың ішінде расымен білімге құштарлары да, тек күнделікті берілетін тапсырманы орындап келіп, бес алатындары да бар (Екінші түрінің білім қоры бос кеңістік секілді болады). Олар әу бастан озат, лидер болып үйреніп қалғандықтан, нарықтық заманның кей заңдылықтарын қабылдай алмай жатады. Ал үшпен бітіргендер жастайынан мақтау мен мадақтауға еттері үйренбегендіктен, керісінше, «Бұдан не шығар дейсің?», «Отыр, кезекті үшіңді қоямын!» сияқты сөздерді естіп өскендіктен, қандай жұмысты болса да, арланбай істей береді. Бәлкім бағанағы бизнесмен өзінің карьерасын әлдебір ғимаратта еден жуудан бастаған шығар? Ал озат адам қызыл дипломмен еден жуып жүруге өзін қимайды. Немесе үшпен бітірген адам құрылыста істеп жүріп, ғылыми институтта жұмыс істейтін озат адамнан екі есе көп жалақы алады.
Екіншіден, озат адам әлдебір ғылыми жұмыстың соңына түсіп алып, тұрмыстың жағдайын екінші орынға ысырып қоюы мүмкін. Ондай адамдар сирек болса да бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Ал үшпен оқыған адам бүгінгі күнмен, табыс табу мақсатымен ғана өмір сүреді.
Мәселені бір жақты қарамау қағидасына сүйене отырып, кейбір үшпен оқығандар қазірде әлемді билеп отырғанын да айтып өтейік. Мысалы, Альберт Эйнштейн, Билл Гейтстер мектепте үшпен оқыған. Себебі олар өздерін сабақтарды орындауға емес, бойларына біткен қабілеттерін дамытуға арнаған. Біздің қоғамда да ондай адамдар жоқ емес. Бірақ олар жоғарыда жіктелген үшпен оқитындардың үшіншісіне жататындықтан, олардың жетістікке жетуі заңды дүние ретінде қабылданып жатады.
Байқасақ, үшпен оқитындар мен озаттарға бөлу, сәйкесінше, сыныптағы өз орындарын белгілеу – тек қана мектепте бар нәрсе. Ал өмір баға беруге асықпайды. Мектеп пен оқу орнын бітіріп шыққаннан кейін басталатын, өзіңе ғана күш түсетін өмірде ондай баға жоқ. Үшпен оқитындар осы кезде, мектептегі бағалау мен төмендетуден, комплекстен арылып, өзін қоғамның бәрімен тең мүшесі ретінде көріп, өз-өзін қолға алуы мүмкін. Ұсақ мәселе ретінде көрінсе де, адамның өз-өзіне берер бағасы үлкен рөлге ие болатынын мойындаған абзал.
Бүгінгі заман – сананы тұрмыс билеген заман. Мектепте алған баға өмір қояр бағаның көрсеткіші бола алмайтынын ұмытпау керек.
Мейіргүл Оңғарова
Дереккөз: http://munara.kz