Басы » Кембридж бағдарламасы » «Өзін-өзі тану» пәні сабағының рефлексивті есебі

«Өзін-өзі тану» пәні сабағының рефлексивті есебі

Атырау қаласы

Жұмыскер ауылы

№35 мектеп-гимназиясының

Өзін-өзі тану пәні  мұғалімі:

Қамиева Ардақ Бектемісқызы

         «Өзін-өзі тану» пәні  сабағының рефлексивті есебі

      Сабақ тақырыбы: «Іздегенде табылатын қасыңнан»

 8 «А» сыныбына  «Іздегенде табылатын қасыңнан » тақырыбында өткізген сабағымды сүйіспеншілік құндылығының мәнін ашу арқылы бес құндылыққа негіздеп сөйлеуге  бағыттадым. «Орманға ойша серуен»  тыныштық сәтін өткізгеннен кейін оқушылардың алған әсерлерін сұрадым. Оқушылар өздерін табиғат аясында болғандай, табиғаттың тыныштығын жүректерімен ұғынып, тіпті қыбырлаған жәндіктеріне дейін қиянат жасамауды түсінгендерін, рухани күш- қуат алғандарын жеткізді. Сабақтың тақырыбымен таныстырған соң  «5 Т» ережесін» еске түсірдім, оқушыларды құндылықтар бойынша 4 топқа бөліп, барлық құндылық сүйіспеншілік құндылығы арқылы өтетінін айта отырып ,«Ақиқат» тобы- ойдағы,сөздегі сүйіспеншілік, «Дұрыс әрекет» тобы-іс-әрекеттегі сүйіспеншілік, «Ішкі тыныштық» тобы- сезімдегі сүйіспеншілік «Қиянат жасамау» тобы- түсіністіктегі сүйіспеншілік тақырыбына орай жұмыстарын қорғайтынын алдын ала ескертіп өттім. Үйге берілген тапсырмаға «Екі дос» әңгімесін оқып келуге берілген. Мәтіннің мазмұнын ашу үшін сұрақтар қойылды:

— Әңгімеде қандай достық туралы айтылды?

— Екі достың да өз досы туралы ішкі ойлары қандай?

-Достардың қарым-қатынасынан қандай құндылықты көре алдыңдар?

-Адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі нені аңғартады?

-Сіздер өз достарыңызға осындай терең сезіммен қарай аласыздар ма?

Берілген сұрақтар арқылы сабақ құндылығын ашу көзделді.Оқушылар екі достың арасындағы қарым-қатынастан риясыз сүйіспеншіліктің нышанын көре алғандарын , оны олардың  бір-біріне деген шексіз ықыластарынан аңғаруға болатынын айтып жеткізді.Бұндай жағдай өз бастарына түссе,  осы екі дос тәрізді терең достыққа ұласатынын білдіріп жатты. Мұса Жәлелдің өлең жолдары сабақтың дәйексөзі ретінде қарастырылып, мағынасын оқушылардың өздеріне ашу тапсырылды.Оқушылар өз ойларын анық,айқын жеткізе алды.Дәйексөзді жаттап алу үшін үш рет қайталап айтқыздым. Дәптерлеріне жазылды. Олардың пікірлерімен келісе отырып, «Айыра біл алайда, Досың менен  қасыңды» деген жолдарға тоқталдым. «Досқа сын көзбен қарап, басыңа іс түскенде,тастап кетпейтініне сенімді болу өте маңызды»,- деп тұжырымдап өттім.

         Оқушыларға «Оқиғаларды әңгімелеуде» Сократпен әңгімені баяндап бердім.Сократ досы жайлы айтуға келген адамға қалай тоқтау салғанын баяндап, мәтінді талдауда ішкі мәніне терең үңілуге тырыстым. Оқушыларға қойылған сұрақ төмендегідей болды:

-Сократтың даналығын неде?

-Ол досын қиянаттан қалай құтқарып қалды?

-Сократтың бойынан қандай қасиетті аңғара алдық?

-Достықтың негізі- сүйіспеншілікте екені осы мәтінде терең қозғалған ба? Қалай дәлелдер едің?

-Егер саған біреу досың жайлы сыртынан сөз айтса, не істер едің?

Оқушылар бұл сұрақтарға  Сократтың бойындағы досына деген сүйіспеншіліктің молдығы әсер еткенін, бір ауыз сөз жаманат  айтқыздырмағанын  оның даналығымен байланыстырып жеткізді. «Саған да біреу келіп досың жайлы айтам десе, не істер едің ?» деген сұраққа бір оқушы «Мән бермес едім» десе, екіншісі «Оның себебін білер едім» деп, үшіншісі «Досымның ондай еместігін сендірер едім» деген әр түрлі пікірлер айтты.Оқушылардың жауабынан: «Даладағы адамның сөзіне сенгеннен гөрі өз досымызды көбірек танимыз,сондықтан  өзінен сұрауы әлдеқайда дұрыс болады» деген пікірді аңғардым.

Шығармашылық ,топтық жұмысқа әр топтың өз құндылықтарын ашып айтуға бағытталған жұмыстар ұсынылды. «Ақиқат» тобының тапсырмасы — мәтінмен таныса отырып, халқымызда достықты қалай бағалап,құрметтейтінін ақиқатпен жеткізу. «Дұрыс әрекет» тобына жағдаяттарға байланысты  «Сенің әрекеттерің» қандай болмақ деген тапсырма ұсынылса, «Ішкі тыныштық» тобы «Қандай елміз? Мемлекеттің көксеген мақсаты не?» тақырыбын қорғады, ал «Қиянат жасамау» тобы  өлеңнің жетпей тұрған жолдарын құрастырды.

Барлық топта жұмыстарын өз уақытында, тиянақты әрі толық орындай алды.Өткен сабаққа қарағанда топтық жұмыста оқушылардың ынтымақтаса,бірлесе әрекет жасап,  тапсырманың барысын да құндылыққа бағыттап сөйлете алғанын, ойларын нақты,сенімді жеткізе білгендерін байқадым.  «Ақиқат» тобы қазақ халқындағы достықты қалай бағалайтынын мәтіннен іздей отырып, жақсы тұжырымдап айтты.Бірақ мәтінді қысқаша мазмұндап жеткізуде ер балалардың ойы жеткіліксіз болды.Дандамид пен Әмизөктің достығын айтып жеткізуде шабыт жетіспеді. Мәтінді түсініп тұрса да, дұрыс айтып жеткізуге дайындалмағандары, уақыттың да тығыз болғаны көрінді.Себебі, бұл екі оқушы да алғыр, шапшаң емес, қабылдаулары баяу.

«Дұрыс әрекет» тобының мына сұрақтарға:

-Досың сенен қашқақтап, бойын аулақ ұстап жүр….

— Досың сенің жақсы көретін кітабыңды оқуға алған, үйінде кішкентай бөпесі жыртып тастапты….

-Досыңа бейтаныс біреулер ұрынуда….

— Досың сенің үшінші құрбыңмен дос болмауын  тек сенімен дос болуын өтінді…

-Досың кинотеатрға баруға уәде беріп, телефон соққан кезде басқа біреулермен кетіп қалған….

жауап беруінде барлық оқушылардың пікірі жеке-жеке тыңдалды. Олардың қиналған сұрақтары -досы өзінен қашқақтап жүргені, досының басқамен дос болмай, тек өзімен ғана дос болуға ұсыныс жасауы. Назерке деген оқушының жауабы:Егер досым менімен сөйлеспей қашқақтап жүрсе, неге былай жүргенінің себебін біліп,анықтап барып, менен қандай да бір қателік кеткен болса, кешірім сұрап, арадағы түсініспеушілікті ушықтырмауға тырысамын және досым тек өзімен ғана дос болуға ұсыныс жасаса, оның көзқарасын өзгертіп, достарың көп болғаны қандай жақсы, әрдайым қиындыққа тап болсаң, көмекке жүгінесің,досың көп болса,көңілді болады, ортаң толып жүреді»,-деп оның ойын жақсылыққа қарай бұрамын. Бұл жауап менің күткен жауабым болды. Өте риза болдым.

«Ішкі тыныштық» тобының мәтін бойынша қорғаған жұмыстары ұнады. Топтағы төрт оқушының да ойларын айтуда ішкі тыныштық құндылығы ашылды.

«Қиянат жасамау» тобы өлеңнің жетпей тұрған жолдарын құрастырып,мағыналы өлең жолдарын құрастырды. Оқушылардың өздері құраған өлеңдеріне риза болғандары жүздерінен көрініп тұрды.Өз жұмыстарына қуанды. Сергіту сәтінде «Достықтың түрлерін анықта» деп

(Бетпе–бет достық,қашықтықтағы достық,үндемейтін достық,міндетті достық,күндердің бірінде өлетін достық,күтімсіз достық) берілген достықтың түрлеріне анықтама оқып, оқушыларға жауабын анықтату.

«Мен достық ұғымын терең түсіндім….» деген ойларын стикерге жазып, «Достық ағашына»  жапсырып, сабақты оқушылардың өздері қорытындылады. «Жан досым» әнін айтып, балалардың достық сезімдеріне қозғау салуға жұмыстандым.Ән оқушыларға жақсы әсер етті,жүздеріне күлкі үйірді.

  Үй тапсырмасына  достық туралы үзінділерді оқып, ондағы ортақ ойларды табу. «Достықтың тамыры тереңде» тақырыбында эссе жазу ұсынылды.

Соңғы тыныштық сәтінде «Ақ түс» деп аталатын мәтінді оқу арқылы оқушылардың ойын жақсылыққа бағыттау, ақ ниетті, адал достықты сақтай білетін жандар болуға бейімдеу.

    Сабақта  кеткен кемшіліктер:

  • Тыныштық сәтінде кейбір оқушылардың терең беріліп тыңдай алмауы;
  • Топтық жұмысқа ұсынылған мәтінді баяндауда күмілжуі, анық, айқын айта алмауы.

Сабақта жеткен нәтижем:

  • Бес құндылыққа негізделген сабақтың өз деңгейінде өтуі,оқушылардың да құндылықты аша білуі;
  • Сыныптың түгел жұмысқа тартылуы, барлық оқушылардың ой-пікірінің тыңдалуы;
  • Топтық,шығармашылық тапсырманы орындауда ынтымақтасқан, бірлескен жұмыстың жүзеге асуы;
  • Оқушылардың уақытпен санасуы, белгіленген уақытта жұмыстарын аяқтау.
[bws_related_posts]

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *