Басы » Баяндамалар » Туған жер –алтын бесік

Туған жер –алтын бесік

  %d1%8dЖАБЖТ және экология орталығының қосымша білім беру педагогы Э.Қ.Қайыржанова

Аңдатпа

Бұл мақалада автордың  туған жерінің тарихы, тарихи ескерткіштерімен топонимикалары туралы айтылады

                                        

Туған жер –алтын бесік

     І. Кіріспе

 

Қазақ халқының тарихы сан ғасырды қамтиды. Халық тарихының тамыры тереңде жатыр.

«Шынайы тарихтың шөкімдей түйірі де қастер тұтар сондайлық сирек зат», деп    Т. Джефферсон айтқандай тарих деген халықтың өмірі, ата – баба ғұмыры жалпы айтқанда, халық айнасы. Өткенді білмей тұрып, келешекті болжау мүмкін емес. Тарих халық өмірінен сыр шертетін даналық кітабы. Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертең жоқ деген сөзді негізге ала отырып, ата – бабаларымыздың өткен өмірін, өлкеміздің тарихын, ру – тайпа, отбасы шежіресін оқу арқылы  рухани жан дүниемізді байытамыз. өлкеміздің тарихын білу- өнегелі ұрпақтың игі ісі.

Тарих – бір ғаламат алтын көпір,

Ұрпақты ұрпақтарға жалғайтұғын, — деп Жұбан ақын да жырлап өткен. Шынында да баба мен бала арасын жалғайтын, сабақтастыратын көпір – тарих.

Халқымыздың тарихы тек соғыстар мен жеңістердің, жеңілістердің, көтерілістің ғана тарихы емес, оның өзіндік ерекшелігі бар. Қазақтың жері қандай кең, бай, дархан болса, тарихы да кең байтақ, терең, тамырлы, қатпарлы. Әрбір өмірге келген жас нәресте «ана» деген сөзге тілі келгеннен кейін өз тарихын, тегін, шежіресін білуі керек.

Тарих қойнауындағы жер – су аттары сол жерді жайлаған, мекен еткен, елге еңбегі сіңген, тарихта аты қалған адам аттарымен аталып отырған.

Міне осылардың бәрін тілге тиек ете келе мен де өз туған өлкемнің өткен тарихы мен бүгінгісін сараптап, оның рухани, мәдени тарихын, осы өлкенің көркеюіне үлес қосқан, еңбекте жүріп шыңдалған ауылдас ата — әжелеріміздің еңбектерін кейінгі ұрпақтың есінде қалдыру үшін өз үлесімді қосқым келеді.

Бұндағы басты мақсат — өскелең ұрпаққа ел, туған өлке тарихын үғындыру. Әрбір тарихи атаулардың, елді-мекендердің аталу себептерін түсіндіру арқылы тарихын қастерлеуге, халқын сүюге, шыққан тегін білуге үйрету.

Жұмыс барысында тарихи түсініктердің мәнін ашу, ақсақалдардың аузынан аңыз әңгімелерді, шежірелерді жинап,тарихи жерлермен таныстырып, оларды күні бүгінде қайта жаңартып, жаңғыртып, жаңа ғасыр азаматтарының зерделеріне тоқыту, бүгінгі өмір мен өткен күнді сабақтастыру, ұмытпау сияқты жағдайларды міндет етіп алдық.

Зерттеудің маңыздылығы: Өлке тарихының қай қырына болмасын тереңірек көз жіберсең де  тұнған тарих халық өмірінен, өткенінен сыр шертеді. Өз еліңнің тарихын, шежіресін жатқа білу зор парыз.

 

 Туған ауылдың тарихи және мәдени ескерткіштері

Жоғарыда тарихын тарқатып өткен өз өлкеміздің тарихы мен мәдениетін танып білу үшін, ата — бабаларымыздан қалған ескерткіштер, естеліктер, өсиеттер мен үлгі өнегелерін санамызға сіңіріп, қабылдау мақсатымен, және де дарынды қасиетті — қабілетті ата әжелеріміздің ерлік істерін, қасиеттерін, өнерлерін кейінгі ұрпаққа насихаттау және өзіміз де тереңірек білу үшін, ауылымыздың өткені мен бүгінін салыстыра саралай отырып, болашағын бажайлай алу үшін тек мектеп мұрағаты емес біз оқушылар да өздеріміз ізденіп, ауылымыздың рухани мәдениеті мен тарихи ескерткіштерін іздеп тауып, олар туралы мәліметер жинап, жұмыстанып жүрміз. Бүгінгі адамдардың іс-әрекеті – кейінгі ұрпаққа тарих. Сондықтан да біз ауылымыздағы еңбек, өнер қайраткерлерімен кездесіп, қазір дүниеден өткен көнекөздеріміздің жақындарынан, ел аузындағы материалдарды жинақтадық.

Мысалы, ауылдың архитектуралық ескерткіштеріне келетін болсақ, ел аузында мынадай аңыздар бар:

Құлпытас. Қызылоба ауылының Құлпытас деген киелі жері бар. Сол жерде үлкен тас бар. Баяғыда бір адам сол тасты диірмен жасаймын деп арбасына тиеп алып бара жатып, артына қараса арбасы өртеніп жатқан көрінеді. Содан сол тасты адамдар орнына қойып киелі тас деп есептепті.

Алтыншаш әженің моласы. Баяғыда осы ауылда Алтыншаш деген әже тұрыпты.Ол адамның ұрпақтары қазір ауылда бар. Әже адамдарды емдеп, молдалық ұстанған екен. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда ол кішкене балаларды, сонымен қатар тамақ ауруларын емдеудің шебері болған екен. Өлерінің алдында балаларына мені ауыл мәйітіне емес, Көшім өзенінің бойына жақын жерге қойыңдар деп ақтық өтінішін айтыпты. Балалары оның өтінішін орындап, өздері  бірігіп, саман тас соғып, бейітін тұрғызған екен. Кеңес үкіметінің ыдырауы жылдарында ол бейіт құлап қалған. Күні кеше 1996 жылы ғана Меңдібай деген немересі моласын жаңартып, темірмен қоршаған. Моланы жаңартуға болмайды деген сөз бар ғой, келесі 1997 жылы наурыз айында Меңдібайдың өзі қайтыс болды дейді ауыл адамдары.  Сол әженің басына барып,тәу еткендер ауруларынан айығады деп ауыл адамдары сенеді.

Қуан ата мәйіті. Қызылоба  ауылына  9 шақырым жерде Төртқұлақ деген елдімекен бар. Бұл жерде Қуан деген арқалы адамның мәйіті бар. Ол кісінің шын есімі Қуанышәлі екен. Оны қазір ұрпақтарының бірі білсе, бірі біле бермейді. Ел аузында Қуан ата өте қасиетті адам болған, перінің бір қызы мен бір баласын ұстаған және оларға Жүсіп және Зылиха деп ат қойыпты деген аңыз бар. Ол перілерге өзінің бар жұмысын жасатып қойыпты дейді.1868 ж дүниеге келген ата 104 жас жасаған екен. Осы кісінің қасиетін мойындаған ауыл адамдары оған сеніп, алыс жолға шығарда басына тоқтамай өтпейді.

Қарамола. Қызылобадан аудан орталығына бара жатырған тас жолдың бойында Қарамола орны орналасқан. Бұл жерде оба – оба болып жатқан көптеген мәйіттердің орындарын кездестіруге болады. Онда ежелгі замандарда қасиетті адам жерленген дейді, бейітінің орны бар. Бірақ ол адамның аты-жөнін алдыңғы толқын өкілдері болмаса, қазіргі ұрпақтарының есінде жоқ. Ол әулиенің аруағы жолбарыс болған екен деп те ауыл адамдары аңыз айтады. Бұл жердің Қарамола аталу себебі, Ол жерді киелі деп есептегеннен кейін алыс сапарға шыққандар сол жерге ерте кезде түнеп жүрген. Ерте кезде қазіргі Оралды Теке дегені белгілі. Сонда мал айдап бара жатқан адамдар осы жерге түнеуді ұйғарыпты. Аруақты адамдар жатқан жер деп қауіпсіз санаса керек, сонда бір адамбұл жерде бүйе көп, шағып алады деп ат үстінен түспей құрығына сүйеніп ұйықтапты. Сонда жерде жатқан адамдарға ештеңе болмай, ат үстіндегі адамды бүйе құрық бойымен өрмелеп барып шағып өлтіріпті дейді. Содан бұл жерді Қарамола деп атаған екен. Кейін бертін келе Кеңес өкіметі кезінде ол жердің үстімен жол жүргізіпті.

Сонымен бірге енді өзімнің ауылдың көнекөздерінің ауызынан жинаған деректерім бойынша, ауылымыз бен оның айналасындағы шағын елді мекендердің бірен – саранының топонимикасына тоқталып өтсем де артық болмас:

Красногор атауының шығу тарихы: жоғарыда да айтып кеткеніміздей Қызылоба деген атау бізге Көшім өзенінің оң жағасындағы қыстақтың атына байланысты қойылған. Ол жердің топырағы қызыл түсті болғандықтан қыстақ солай аталып, кейін Кеңес Өкіметі кезінде біздің ауылымыздың аты орысшаланып, Красногор болып өзгертілген.

Айтпай аулының шығу тарихы (ауылдастардың әңгімесі бойынша): Қыстыгүні осы ауылға бір жолаушы келіп, бір үйдің терезесін қағыпты. Үй иесі шығып,кім екенін сұрапты. Әлгі адам айтпаймын деп жауап беріпті. Ойнап жүрген біреу болар деп топшылаған үй иесі айтпасаң — айтпа деп үйіне кіріп кетеді де есікті ашпай қояды. Таңертең тұрса түндегі жолаушы үсіп өліп қалыпты. Ол адамның есімі Айтпай екен. Содан осы жердің тұрғындары бұл жерді «Айтпай» деп атап кетіпті.

Төртқұлақ ауылының аталу себебі: Осы жер елді мекен бола бастағанда бұл жерде салынған алғашқы мәйіт төртқұлақты етіп саманнан салынған екен. Сол себептен ол елдімекенді «Төртқұлақ» деп атаған.

«Шайдолла» елді — мекенінің атауының шығу тарихы: Көп жылдар бұл өңірде еңбек еткен Ш. Карцев төл алудан аудандық, облыстық, республикалық жеңімпаз болған. 150 аналық қойдан 200 қозы алған. Сол кісінің еңбегіне Шайдолла елдімекені атын берген.

Жаңақала ауданы, Қамыссамар өңірінде дүниеге келген. Күйші-композитор, Құрманғазының шәкірті. Оның«Адай», «Байжұма», «Төремұрат», «Терісқақпай», т.б. күйлерін ел арасына таратқан. Ұстазының күйшілік  дәстүрін толық меңгерген Мәмен өз жанынан «Ақ шолпан», «Қайғылы қара», «Қаражан ханым», «Кербез Ақжелең», т.б күйлер шығарған. Қазақ даласындағы  ұлт азаттық қозғалысқа арналған «1916 жыл» күйінде ол халықтың ауыр жағдайын баяндайды. Терең ойлылық, жігерлілік, жеңіл де ойнақы әуен ырғақтары Мәмен күйлеріне тән ерекшелік. Мәмен атамыз 1931жылы ашаршылық кезінде қайтыс болған казіргі Жаңақала ауданына қарасты Пятимар ауылында жерленген. 2012 жылы сүйегін Қызылоба ауылынан 19 шақырым жерге жол жиегине кесене  тұрғызып өзіне сай құрметпен қайта жерледі.

Тұяқберді  Қажыгерейұлы Шәмелов 1951 жылы туылған, Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданының Саралжын   ауылында дүниеге келген. Қазақстан халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері  домбырашы, күйші.  2012 жылы 61 жасында 30 қыркүйек күні  Орал қаласында дүниеден озды. «Мың тұяқтың дүбірі – бір Тұяқтың саусағы» атанған күйші  Мамен атамыздың касына жерленді. Оның да басына улкен кесене тұрғызылды.

  ІІІ. Қорытынды

Сарғайса да тарихтың ақ парағы

Ол күндер мәңгі есте сақталады, — дегендей халық тарихын келешек жас ұрпақ еш уақытта ұмытпай, мәңгі жадында сақтайды. Ол өскелең ұрпақ үшін рухани азық, асыл мұра. өз тарихын, өткенін есте сақтау арқылы болашаққа еркін қанат қаға алады.

Адам – тарих! Адам кешкен жолын ұқ,

Неше ұрпақ күнтізбектен алындық.

Бүкіл жерді бүркеп ұстап зұлымдық,

Қанша тер мен қан ұрттады зұлымдық, — деп ақын жырлағандай момын халқымыз басынан сан ғасырлық қиындықтарды кешіп келген. Сондай қиындықтарға мойымай, батыр аталарымыз жер үшін, ұрпақ үшін күресе білген. Шүкір, солардың арқасында қазір ауылымыздың жағдайы жақсы. Жоғарыда атап өткендей ауылымызда көпті көрген, көненің көзі қарияларымыз бар. Ол өз өткендерінен, тарихынан болашақ ұрпақтарына сыр шертіп отырады. Олардың аузынан естіген жыр, аңыз — әңгімелерін, шежірелерін жас ұрпақ жадында мәңгі сақтап, өмірлік азықтарына айналдырып келеді.

Туған өлке тарихын, шыққан тегін, шежіресін білу — әрбір саналы жас ұрпақтың алдында тұрған игі істердің бірі.

[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *